Түркістан облысы: Келес ауданында балық шаруашылығын дамытатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі

Келес ауданындағы кәсіпкерлер балық шаруашылығымен айналысуды жоспарлап, арнайы жер телімдерін беруді сұрап отыр. Осы бағытта Келес ауданының басшысы Жәнібек Ағыбаев өңірдегі өзен арналарын жағалай аралап, балық шаруашылығына қолайлы аймақтарды көріп шықты. Жамбыл және Бозай ауылдық округтерін жағалай өтетін Сырдария өзенінің қолайлы тұстарын анықтап, арнайы картаға белгіленді.

– Балық шаруашылығы — кәсіптің табысты көздерінің бірі. Аталған шаруашылықты дамытуға мемлекеттік қолдаулар да болады. Бүгінде балық асырап, көбейтемін дегендер халық тығыз орналасқан аймақтағы Келес өзенінің ескі арнасының орнын сұрап келуде. Міне, аралау барысында Сырдария өзенінің бойынан талапқа сай келетін аймақтар анықталып отыр. Кәсіп бастап, балық бағамын дегендерге осы аймақтардан жер беруге дайынбыз, – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, бүгінде Келес ауданында балық шарушылығымен айналысатын 10-нан аса тіркелген кәсіпкер бар. Олардың саны жыл сайын артып келеді. Шаруалардың арасында балықты өсірумен қатар қайта өңдеуді де қолға алғандары бар.

Назар аударарлығы, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, өңірде «Балық шаруашылығын дамытудың өңірлік бағдарламасы» бекітілген болатын. Жоспарға сай, биыл өңірде I тоқсанның қорытындысы бойынша 2559 тонна өндірілді. Бүгінде балық шаруашылығымен айналысушыларға мемлекет тарапынан тиісті жеңілдіктер мен субсидиялар беріліп отыр.

Мәселен, аудандағы Ақтөбе ауылдық округіне қарасты М.Горький елді мекенінде орналасқан шаруа қожалығы 2016 жылдан бері жұмыс істейді. Бүгінде қожалықта балық өсіру және балық етін өндіру қызметтері жүзеге асып жатыр. Жоба құны — 100 миллион теңге.

— Балық шаруашылығымен жеті жылдан бері шұғылданамыз. Инвестициялық жоба аясында балықты қайта өңдеу, кептіру жұмыстарын қолға алдық. Одан бөлек, бүгінде 19 гектар жерімізде 13 тоғанды көл бар. Мұнда балықтың сазан, ақ амур және тағы да басқа түрлері бар. Осы шаруашылық үшін мемлекеттен үлкен көмек алдым. Конкурстан тысқары мемлекеттік қолдау шарасы аясында қожалыққа 76,2 гектар жер учаскесі берілді. Одан бөлек, қайта өңдеу цехын салу үшін 8 миллион 800 мың теңге төмен пайызды несие алдым. Биыл 515 миллион теңгеге үлкен жобамды ұсындым. Бүгінде ол — қаралу үстінде. Мақұлданып жатса, өңірдегі тоғанды дамытуға әрі қарай өз үлесімді қосып, 28 көлге жеткізу жоспары тұр. Ол іске асып жатса, жылына 400 тоннаға дейін балық өндіруге мүмкіндік бар, — дейді шаруа қожалығының басшысы Райс Тастанов.

Кәсіпкердің мәліметінше, жоба толық іске қосылса, тағы 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Қазіргі таңда цехта 6 адам жұмыс істейді. Шаруашылық басшысы өз сөзінде Қазақстандағы тоғанды көлді қолға алып, дамытуға ұсыныс білдірді. Бүгінде жаңа кәсіпті игерген шаруаларға мемлекет тарапынан қолдау бар. Сонымен қатар аудандағы қожалықтарда балыққа берілетін жемнің 30 пайызы мемлекет тарапынан субсидияланады. Қазіргі таңда Келес ауданында 4 ірі шаруашылық балық шаруашылығымен айналысады.

Бүгінде облыста жоспарға сәйкес, жаңадан 28 тоғанды балық шаруашылығы, оның ішінде 4 кәсіпкер үйіргелік аулада ашылып, жұмыстар жалғасып жатыр. Атап айтсақ, Бәйдібек ауданы – 3, Түлкібас ауданы – 5, Кентау қаласы – 2, Сауран ауданы – 3, Сайрам ауданы – 3, Ордабасы ауданы – 3, Жетісай ауданы – 1, Қазығұрт ауданы – 1, Төлеби ауданы – 1, Шардара ауданы – 6. Сонымен қатар балық шаруашылығымен айналысатын 14 кәсіпкер «Түркістан ӘКК» акционерлік қоғамы арқылы 5,4 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алу бойынша құжаттарын өткізген. Оның ішінде 4 шаруашылыққа 1,6 миллиард теңге несие беру қарастырылып жатыр.

Жалпы, облыста қуаттылығы жылына 15 мың тоннаға жететін 7 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді. Атап өтсек, Шардара ауданы – «Хамит» АӨК, ЖК «Жалғасбаев», «Шардара балық – 1» ЖШС, «Саодат» ЖШС, «Бәйтерек БММ» ЖШС, Сайрам ауданы – «Көмеш балық» ЖШС, Түлкібас ауданы – «First Fish Company» ЖШС.

Жалпы, Қазақстандағы балық шаруашылығы мен оның қазіргі жағдайы, даму перспективалары туралы айтсақ, балық шаруашылығы — экономикалық өсудің және халықты жұмыспен қамтудың негізі ретінде экономикадағы маңызды салалардың бірі. Сарапшылардың пікірінше, балық шаруашылығының одан әрі дамуының үлкен әлеуеті бар. Осыған байланысты Үкімет балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының индикаторларына қол жеткізуге күш салып жатыр. Балық шаруашылығындағы негізгі қызмет – балық аулау және балық өсіру. Бүгінгі таңда 1600-ден астам су айдыны 1200 субъектіге бекітілген, онда 12 мыңнан астам адам балық аулаумен айналысады.

Табиғи су қоймаларында жыл сайын шамамен 40-45 мың тонна балық ауланады және бұл көрсеткіш жыл сайын өсуде.

Негізгі балық аулау Атырау, Алматы, Шығыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында жүргізіледі. Онда ірі балық шаруашылығы су айдындары бар: Каспий теңізі, Балқаш, Зайсан көлдері, Арал теңізі және басқалары.

Балықты өндеумен 72 кәсіпорын айналысады, оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне экспорттау құқығын алды. Қалғаны ішкі нарыққа, жақын және алыс шетелдерге бағдарланған.

Келешекте табиғи су айдындарының табиғи ресурстарын сақтау және орнықты пайдаланумен қатар, балық шаруашылығының үдемелі дамуын қамтамасыз ету көзделген.

Мұнда біз балық аулаудан балық өсіруге біртіндеп қайта бағдарлау бойынша әлемдік тәжірибеге сүйенеміз.

2030 жылға қарай жылына 270 мың тоннаға дейін балық өсіру жоспарлануда және осы негізде балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту, сондай-ақ импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарлануда.

Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау шаралары енгізіліп, кеңейтілуде. Бірінші кезекте — субсидиялау. Қабылданған шаралардың арқасында бизнес субъектілерінің іскерлік белсенділігінің артуы байқалады. Мәселен, 2020 жылмен салыстырғанда балық өсіру шаруашылықтарының саны 2 есеге артып, 2022 жылы 380-ге жетті. Өсірілген балық көлемі де соңғы 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін өсті.

Жалпы алғанда, мыңнан астам жаңа шаруа қожалықтарын құру жоспарлануда. Олардың 47-сі ірі, инвестициялардың жалпы көлемі шамамен 150 млрд теңгені құрайды.

Саладағы мемлекеттік қолдау туралы да тілге тиек ете кетейік. Саланы табысты дамытудың маңызды факторы – бизнесті субсидиялау және салықтық жеңілдіктер түрінде бастапқы кезеңде қолдау. Бүгінгі таңда балық өсірудің бірқатар бағытын субсидиялау көзделген:

Атап айтқанда , бұл субсидиялар:

— балық шаруашылығы саласындағы техника мен жабдықтарды сатып алуға инвестициялық салымдар кезінде 25% өтеуге, оның ішінде 2022 жылғы маусымда тоған балық шаруашылығына, балықты қайта өңдеуге және балықтарға жем-шөп өндіруге арналған техника мен жабдықтарды сатып алу кезінде қосымша енгізілген субсидиялар;

— балық тағамдарын сатып алу кезіндегі шығындардың 30% өтеуге;

— балық өсіру – биологиялық негіздемелері, балық отырғызу материалын, дәрілік препараттарды сатып алу құнының 50%-на дейін өтеуге, балықтардың жөндеу-аналық табындарын сатып алуға және ұстауға арналған шығындар.

Сондай-ақ аквамәдениет субъектілері үшін 70% мөлшерінде арнайы салық режимі көзделген.

Қазіргі уақытта «Балық шаруашылығын дамыту мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі №208 қаулысымен бекітілген балық шаруашылығын дамытудың 2021 – 2030 жылдарға арналған бағдарламасы іске асырылуда.

Жалпы 2021-2030 жылдары болжамды есептеулер бойынша Бағдарламаны іске асыруға 541,3 миллиард теңге, оның ішінде мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен 200,7 миллиард теңге және бюджеттен тыс қаражат есебінен 340,5 миллиард теңге қажет болады.

Бұл ретте, балық шаруашылығын субсидиялауға 2021 жылдан 2023 жылға дейін 5,6 миллиард теңге бөлінді.
Мәселен, 2023 жылдың өткен кезеңінде балық шаруашылығы субъектілері 600 миллион теңгеден астам сомаға субсидия алды.

Қазіргі уақытта ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасының балық ресурстарын сақтау, өсімін молайту және орнықты пайдалану, мемлекеттік қолдаудың жаңа шараларын енгізу, сондай-ақ ғылыми және кадрлық қамтамасыз етуді күшейту жөніндегі шараларды көздеу бөлігінде өзгерістер пысықталуда.

Бағдарлама іс-шараларының практикалық іске асырылуы Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бақылауында тұр.

Біздегі балық шаруашылығы экономиканың даму жолында ерек­ше рөл атқарып қана қоймай, тұрғылықты халықты жұмыспен қам­тып отыр. Бүгінгі күні екі мың­ға тарта су қоймасында мыңның үстінде әлеуметтік нысан бар. Онда он бес мыңға жуық адам балық аулаумен айналы­сады. Әр өңір­дегі табиғи су­ қоймаларынан жыл са­йын шамамен 40-45 мың тон­на балық алынып, 72 кәсіпорын өңдеу жұ­мыстарын іске асырады. Ба­лық өнімдері Еуроодаққа экс­портталып, ішкі нарық пен көр­шілес елдерді қамтып отыр. Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарасты Балық шаруашылық комитеті 2030 жыл­ға қарай жылына 270 мың тонна­ға дейін балық өсіруді, іш­кі тұтынуды 134 мың тоннаға дейін ұлғайтуды және импорт көле­мін 45 мың тоннадан 25 мың тон­наға дейін азайту қажеттілігі жос­парда екендігін айтқан. Өткен жыл­ғы Үкімет отырысын­да Эко­логия және табиғи ресурс­тар вице-министрі Әлия Шала­бе­кова мемлекет тарапынан қол­дау шаралары кеңейіп, балық шар­уа­шылығын дамыту үшін қолай­лы жағдайлар жасалған соң, кә­сіп­­кер­лердің балық өсіруге деген қызығушылығы жыл са­йын артып келеді деді. 2020 жыл­мен салыстырғанда балық өсіру шаруа­­шылықтарының саны 2 есе артып, 380-ге жеткен. Ал өсірілген балық көлемі соңғы 5 жылда жылына 3 мың тоннадан 15 мың тоннаға дейін көбейген.

БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруа­шылығы ұйымының мәлі­ме­­тіне қарағанда, акваөсіру саласы ақуыз өнімдерін өндіруде дүние жүзінде ең қарқынды дамып жатқан өндіріс. Онда өсірі­ле­тін балықтың әлемдік көле­мі 60 жыл бұрын небәрі 1 млн тоннаны құраса, бүгінде бұл көрсеткіш 82 млн тоннадан асып түскен. Тіпті, соңғы 25 жылдың өзінде аква­өсі­ру көлемі 67 млн тоннаға жеткен. Ше­телдік тәжірибеге сүйене отырып осы бағыт бізде де жүзеге асы­рылмақшы.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin