Түркістан облысы: Келес ауданында жалпы құны 450,0 миллион теңгені құрайтын 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өңдіру цехының құрылысын басталады

Түркістан облысының Келес ауданында 2022-2025 жылдары жалпы құны 44,3 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба іске асырып, 1 175 адамға жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарланған. Солардың бірі – «Нұрболат» өндірістік кооперативі. Мұнда жалпы жоба құны 3,0 миллиард теңгені құрайтын «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы жүргізілу үстінде. Аталған медициналық орталықтар Абай ауылының екі аумағында, Біртілек, Ошақты және Ұшқын ауылдық округтерінде бой көтермек.

Бүгінде Абай ауылы Қонаев көшесінің бойындағы «Азия Мед» медициналық орталығының құрылысы аяқталып, іске қосылды. Сонымен қатар аудан орталығында 5 блоктан тұратын орталық аурухананың құрылысы қарқын алған. Жоба толық іске асырылған соң 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Келес ауданында өнеркәсіпті дамыту мақсатында бірқатар жобалар қолға алынған. Атап айтқанда, «Эмир-Дэмир» ЖШС Біртілек ауылдық округі аумағынан жалпы құны 300,0 миллион теңгені құрайтын 30 гектар инновациялық жылыжай кешенінің құрылысын жүргізуді жоспарлап отыр. Аталған жоба шеңберінде 75 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Жобаның іске асу мерзімі 2024-2025 жылдарға енгізіліп отыр.

«Умитай» шаруа қожалығы Қошқарата ауылдық округінде жалпы құны 450,0 миллион теңгені құрайтын 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өңдіру цехының құрылысын бастамақ.

Ал «Ағайындылар» деп аталатын кәсіпкерлер Абай ауылы аумағынан жалпы құны 200,0 миллион теңгені құрайтын қонақ үй кешенін салу бастамасын көтерді. Жобаны 2024 жылы іске қосып, 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтуды көздеп отыр.

Жалпы, 133 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп отырған Келес ауданында 54,4 мың адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздық деңгейі 5,1 және бос жүрген жастар саны 3,9 пайызды құрайды екен. Өткен жылы ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 107,5 млрд. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 119,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланыпты.

Мәселен, былтыр өнеркәсіп саласында 5,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 5,9 млрд. теңгеге жеткізілмек. Сонымен қатар, биыл 2022 жылы негізгі капиталға тартылған 17,7 млрд. теңге инвестиция көлемін көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындау бойынша нақты іс-шаралар атқарылмақ.

Былтыр Келес ауданында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 22,4 мың шаршы метрді құраса, бөлшек сауда, шағын және орта бизнес саласында өткізілген тауар көлемі 7,5 млрд. теңгеге жеткен. Осы ретте қазір аудан аумағында 10 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарының жұмыс істеп тұрғанын атап өту қажет. Оған қоса, биыл бастау алған «Ауыл — аманаты» пилоттық жобасына Келестегі 4 ауылдық округ енгізіліп, Қошқаратадағы 70-тен астам азамат өсімдік шаруашылығын, Ошақтыдағы 120 азамат мал бордақылау ісін, жүзге жуық ақтөбелік сүт өнімдерін өндіру мен балық шаруашылығын және Біртілектегі 120 тұрғын жылыжай кешенін салу, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отыр. Демек, бұл алдағы уақытта аудандағы кәсіпкерлік саласының қарқыны арта түседі деген сөз.

Одан бөлек, индустриалды аймақ құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Ол нысан республикалық маңызы бар «А15» автомобиль жолына, алдағы уақытта салынатын айналма жолға, «Б.Қонысбаев» кеден бекеті мен көршілес жатқан Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарына жақын орналастырылады.

Бұл ретте Келес ауданы бойынша биыл 15 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылатынын да айта кеткен ләзім.

Тағы бір мәселе ауызсуға қатысты. Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 57-сі ауыз сумен қамтылған. 7 елді мекенге су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып танылса, қазір 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр. Биыл тағы бір елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталса, 3 елді мекенге су тартудың сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалаушы мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қалған 10 елді мекен жерінің астындағы су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сонымен қатар, сапалы электр қуатымен қамтылмаған 20 елді мекеннің 8-інде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, 8 елді мекенді электр қуатымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Аудандағы 50 елді мекен табиғи газ жүйелерімен қамтылса, 7-еуі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып танылған. Бұл тұрғыда 13 елді мекенге «көгілдір отын» беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен.

Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1172,3 шақырымды құраса, оның 65,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда. Жыл соңына дейін 60,7 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл көрсеткіш 70,9 пайызға жеткізілмек. Одан бөлек, облыстық салалық басқармаларға ауданға қажетті 7 мектептің құрылысына қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілген. 

Сонымен қатар, өткен жылы 1-4-сынып оқушыларына арналған «Нұрбала» және «Абай Дарын» жекеменшік мектептер ашылған. Оған қоса ауданда облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2021, 2022 жылдары екі мектептің құрылысы басталып, бүгінгі таңда әрі қарай жалғасып жатыр. Жалпы, Келес ауданында 3 ауысыммен білім беретін мектеп жоқ.

Өткен жылдың қорытындысымен аудандағы аз қамтылған 2328 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, оның ішінде 909 адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2023 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік көмек 1314 отбасыға беріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға азайыпты. Сонымен қатар, «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасымен былтыр 4909 адам жұмыспен қамтылса, биыл бұл көрсеткіш 7936-ға жеткізіледі. 2023 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 2513 жұмыссыз азамат бағдарламаға тартылған. Сондай-ақ, белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасы аясында былтырдан бері аудандағы «Қазыналы қария — тең қоғам» орталығы 400-ден астам зейнеткер мен 85 мүгедектігі бар азаматқа 14 қызмет түрін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта бұл орталық шалғайда тұратын зейнеткерлерге қызмет көрсету үшін тасымалдау жұмыстарын да ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал, «Даму» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ғимараты жартылай стационарлық үлгідегі психоневрологиялық потологиясы бар және тірек-қозғалысы аппараты бұзылған мүгедектігі бар 60-тан астам балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.