Түркістан облысы: Келес ауданында индустриялы аймақ құрылды

Индустраилды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Келес ауданында индустриялды аймақты құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданды. Құрылған индустриалды аймақ өндірісті өркендетуге айрықша серпін бермек. Жергілікті атқарушы орган жаңадан құрылған индустриалды орталыққа қажетті инфрақұрылымдарды жеткізіп, инвесторлардың жұмысын айтарлықтай жеңілдететін болады.

Келес ауданында құрылған индустриалды аймақ республикалық маңызы бар А-15 автомобиль жолының бойында орналасуы, алдағы уақытта жоспарланған айналма жолға жақындығы, «Б.Қонысбаев» кеден бекетіне, көршілес аудандарға (Шардара, Мақтаарал және Жетісай) және жұмыс күшін тарту үшін елді мекендерге жақындығымен инвесторларға тиімді болмақ.

Бүгінде индустриалды аймақ инвестициялық жобаларды іске асыруға, отандық және шетелдік инвесторларды орта және шағын бизнесті дамытуға барынша ықпал ететіні мәлім. Бұл жобаның мақсаты өнеркәсіп саласындағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, жаңа жұмыс орындарын ашу және бюджетке түсетін салық түсімдерін арттыру болып табылады.

Назар аударар жайт, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының кәсіпорындар ашу, индустриялық аймақтарды көбейту бойынша тапсырмасы аясында облыстағы аудан және қалалардың мүмкіндіктері зерделенуде. Мәселен, жуырда Жетісай ауданында да «Жетісай» индустриалды аймағын» ашу ұсынысы жан-жақты қаралды. Бұл туралы «Turkistan» Индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Жетісай ауданына жұмыс сапары барысында талқыланды.

Аудан басшысы Серік Мамытов индустриалды аймақ ашу – өнеркәсіп саласы дамыған аудан үшін маңызды шешім екенін атап өтіп, жалпы аумағы 50 га жерде ашу мүмкіндік бар екенін жеткізді. Индустриалды аймақ ашылған жағдайда, Жетісай ауданындағы өнімдер шығаратын өндіріс орындары бір аумаққа орналастырып, компания тарапынан көрсетілетін қызметтерге жүгіне алады. Атап айтқанда, дайын ғимарат сатып алуға немесе бос жерлерді жалға алып, толықтай жүргізілген инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Бұл мәселе бойынша алдағы уақытта қаржылық-экономикалық тиімділігі анықталып, облысқа ұсынылатын болады. Жетісай ауданы егістік бойынша, оның ішінде жеңіл және мақта өнеркәсібі, дәнді дақылдар өсіруде алдыңғы орында тұр. Жалпы, кәсіпкерлік саласында Жетісайдың 70%-ы агроөнеркәсіп болып табылады.

Айта кетейік, Түркістан облысында бүгінде 9 индустриалды аймақ бар. Жалпы индустриалды аймақтың аумағы 538 гектарды құрайды. Онда құны 44,4 миллиард теңгені құрайтын 63 жоба жүзеге асқан. 3092 жұмыс орны бар. Олардың қатарында «Grand Miks», «Асыл Бастау.KZ», «Көрік ШҚ», «CG Food Central Asia», «Kaztor LTD» сынды бірқатар кәсіпорындар бар. Аймақта құрылыс жабдықтарын өндіруге басымдық берілген. Атап айтсақ, бетон, темір бетон, кірпіш, торлар, трансформаторлық жабдыққа арналған жинақтауыштар мен ас тұзы, дайын тағам өндірісі, ауыз су және шырын, жиһаз және жиһаз жабдықтары, тігін, мақта талшықтарын қайта өңдеу және т.б. кәсіптер кеңінен дамыған. Асфальтті бетон жасау, металл бөлшектер мен бұйымдар өндірісі, мобильді жылжымалы контейнерлер өндіру, тігін, жиһаз өндіру, металл торлары мен құрылыс блоктарын жасау, темір есік өндірісі, тауарлық бетон шығару цехы, темір бетон бұйымдары және басқа да өнімдер өндіріліп, Түркістан және басқа да өңірлерге тасымалдануда. Мұнда кәсіпкерлер үшін инфрақұрылым жұмыстары индустриалды аймаққа дейін тартылады. Яғни, ауыз су, газ, электр және жарықтандыру желісі, жол, жер жұмыстары мен қоршау жүргізіледі.

Бүгінде индустриалды аймақтар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек аудандарында орналасқан. Жетісай ауданынанда да агроиндустриалды аймақ қалыптасып, Түркістан өнімдерінің саны артады деп күтілуде.

Жаһандану заманы ғылымның, технологияның дамуымен тығыз байланысты болса, оны өндіріспен, яғни өнеркәсіптік өндіріспен байланыстыру индустриялық-инновациялық дамуға жол ашады. Бұл – ел экономикасын көтерудің даңғыл жолы. Қазақстанның осы даму бағытын таңдап, бәсекеге қабілетті ел болуға қадам басқанына біраз жыл болды. Соның бір нәтижесі ретінде барлық өңірлерде индустриалды аймақтардың құрылып, жүзеге асырылғанын айтуға болады. 

Бүгінде Түркістан облысының бірқатар аудан-қалаларында арнайы индустриялық аймақтардың әрқайсысы әртүрлі деңгейде жұмыс істеуде. Олардың жұмысын барынша жандандыру өте маңызды. Осы мақсатта, нақтырақ айтқанда, Түркістан облысындағы индустриалды аймақтардағы проблемалық мәселелерді шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылатынын мәлімдеген облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында өңірдегі индустриалды аймақтар бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Ондағы жұмыстардың бәсеңдеуін айтқан облыс басшысы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасамаған әкімдерді сынға алды. Көш соңында қалғандарға нақты тапсырмалар жүктеп, бұл бағыттағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды.

Өкінішке қарай, аймақтағы бірқатар өндіріс алаңдары тоқтап тұр. Олардың арасында қажетті инфрақұрылым толық дайын емесі де бар. Атап айтқанда, жолдар толық бітпеген, сумен, кәріз және газбен жабдықтау жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Қоршаулар ұрланған не қирап қалған. Қайта жөндеуді қажет етеді. Байланыс желілері толық жүргізілмеген.

– Кей индустриалды аймақтардың қауіпсіздігі қамтамасыз етілмегендіктен, бірталай шығын келтірілген. Нысандардың инфрақұрылым жабдықтары ұрланып, жұмыстар тоқтап тұр. Осы кемшіліктердің барлығы қалпына келтірілуі тиіс. Жоспар құрып, жаңа жобалар ұсыныңыздар. Индустриалды аймақтардағы проблемаларды шешу мақсатында арнайы жұмысшы тобы құрылсын. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынсын. Облыстық басқармалар аудан, қала әкімдерімен басқарушы компаниялар арасында тиісті деңгейде үйлестіру жұмыстары жүргізілуі тиіс! – деген болатын облыс әкімі.

– Инвестициялық климатты жақсарту мақсатында өңірімізде өндірістік ғимараттар салу бойынша жұмыстар атқарылуда. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің қолдауымен өндіріс саласын дамытуда жеңілдетілген 1 пайыздық қаржыландыру жоспарлануда. Облыс тарапынан 5,4 миллиард теңгеге ӘКК арқылы өтінім жіберілді. Алайда қаржыландыру тәртібі әлі бекітілмеген. Осы жылдың мамыр айында қаржыландыру тәртібі бекітілуі күтілуде. Қаржыландырған жағдайда СПК тарапынан құрылыс жұмыстары басталады, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы.

Түркістан индустриалды аймағының аумағынан жалпы алаңы 5,6 гектарды құрайтын өнеркәсіптік ғимараттар салу жоспарлануда. Сонымен қатар Түркістан қаласы әуежайы тас жолының бойында жалпы аумағы 30 га болатын, әр өнеркәсіптік саябақтың аумағы 2 376 шаршы метрді құрайтын 40 өнеркәсіптік ғимарат құру жоспарлануда.

Ал Түркістан қаласында 2023-2025 жылдары 169 жаңа жұмыс орнын құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарлануда. Жобалар темірбетон бұйымдары, темір және ағаштан есік жасау, асфальтты бетон өндіруге бағытталуда. Жоба құны 3 млрд. теңгені құрайды.

Рухани астананың халықаралық «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» жолының бойында орналасуы, қалыптасқан әуе және темір жол қатынастарының болуы өнеркәсіпті өркендетуге мол мүмкіндік береді. Осы ерекшеліктер ескеріліп, облыс орталығында Арнайы экономикалық аймақ құрылып, инфрақұрылым жүйелері тартылған болатын.

Қазіргі таңда Түркістан индустриалды аймағында 1330 жұмыс орнын құрайтын 27 жоба орналасқан. Жалпы құны – 13,01 млрд. теңге. Оның ішінде жалпы сомасы 8,564 млрд. теңгені құрайтын 19 жоба іске қосу актісін алған. Айта кетейік, 2022 жылы жоспарлы көрсеткіштің орындалуы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында 54 жұмыс орнын құрайтын 3 жоба іске қосылды.

Қазіргі таңда өнеркәсіп саласындағы инвестициялық жобаларды инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін қолданыстағы индустриалды аймақ 350 гектарға дейін ұлғайтылып, инфрақұрылымы жасақталуда. Инвестициялық жобаларды жүзеге асыру барысында қажетті қаражатқа қол жеткізуге «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында да сүйемелдеу жұмыстары ұйымдастырылған.

Бүгінде облыс орталығында өнеркәсіпті дамыту бойынша инвесторлар тарту шаралары қарқын алған. Инвесторларға қызмет көрсетуші компаниялар «Бизнеске арналған үкімет» орталығында «Бір терезе» қағидатымен шоғырландырылған. Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан көрсетілетін қызметтер «Халықтық кеңсе» мен «109» орталығы арқылы ұйымдастырылып, жүйеленген.

Бұдан бөлек Түркістан облысының Сауран ауданында да таяуда индустриалды аймақ ашу мәселесі талқыланды. «Turkistan» индустриалды аймақтарды басқарушы компаниясының» Бас директоры Қанат Ұзақбайұлы Сауран ауданы әкімдігінің өкілдерімен аталған мәселе бойынша кездесу өткізді.

Сауран ауданы әкімінің орынбасары Ербол Жанғазиев жалпы аумағы 30 гектар жерге индустриалды аймақ ашып, жергілікті кәсіпорындарды тиімді ұсыныспен көбейту мәселесін айтып өтті.

Сонымен қатар, жиналыс барысында жаңа аймақты құруда бірқатар мәселелерге назар аудару қажеттігі назарға алынды. Атап айтқанда, логистика, орналасу жері, инфрақұрылым, қолжетімді тариф ұсыну — кәсіпорындарды тартуда маңызды екені айтылып, осы мәселелер егжей-тегжейлі қарастырылу қажеттігі ескерілді. Сонымен қатар, онда жету жолы, басымдық берілетін салаларды тарту жағдайы да қаралатын болады. Мұнда жалпы қайта өңдеу, жиһаз, былғарыдан заттар жасау, тамақ өнеркәсібі, қолөнер заттары, ауыл шаруашылығы, көкөніс сақтау секілді өнеркәсіп салаларына басымдық берілмек.

Аталған мәселе бойынша алдағы күнде арнайы концепция жасалып, облыс әкімдігіне ұсынылатын болады.

Облыс басшысы Дархан Сатыбалды индустриалды аймақтардың жағдайын жиында айтып қана қоймастан, қалыптасқан жағдайды өз көзімен көру үшін аудандарға да шығуда. Жуырда болған Ордабасы ауданы тұрғындарымен кездесуінде аймақта жұмыс орындарын көбейту, кәсіпорындар ашу, индустриалды аймақты дамыту жұмыстарына басымдық берілетінін айтты. Сонымен бірге инфрақұрылымды жақсарту да күн тәртібінен түспейтінін атап өтті.

Иә, Тәуелсіздік алғаннан кейін алғашқы кезеңде Қазақстан жаппай индустрияландыруға бағыт алды. Негізгі даму бағыты өңдеу өнеркәсібі болды, кейін ол елімізде өнеркәсіптің өсуінің негізгі драйверіне айналды. Индустрияландыру жылдары мыңдаған жаңа заманауи жоғары технологиялық өндірістер құрылды, олар жаңа өнімдердің жүздеген түрлерінің шығарылуын қамтамасыз етіп, мыңдаған жұмыс орындарының құрылуына ықпалын тигізді.

Индустрияландырудың алғашқы бесжылдығы (2010-2014) бағдарламасы аясында мемлекет өнеркәсіптік ауыл шаруашылығы мен қызмет көрсету секторын қоса алғанда, экономиканың барлық негізгі секторларын таргеттеді. Бұл кезде бағдарламаның мақсаты әлемдегі дағдарысты жағдайларға қарамастан, экономиканың тұрақтылығын қамтамасыз ету болды.

ҮИИД МБ (2010-2014) кәсіпкерлікті және ШОБ дамыту, өнеркәсіп инфрақұрылымы, жұмыспен қамту, қолайлы инвестициялық ахуал жасау тәрізді мемлекетті дамытудың жалпы жүйелік бағыттарының басым бөлігі енді. Бұл бағдарламада шикізаттық сеткорды, инфрақұрылымды дамытуды қоса алғанда, өнеркәсіптің барлық салалары қамтылды, осылайша, басымдықтарының кең ауқымы нақтыланды.

Сонымен қатар, бірінші бесжылдық аясында экономиканы әртараптандыру процесін іске қосу үшін маңызды базалық алғышартар қолға алынды — «Индустриялық-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау туралы», «2010 – 2014 жылдарға арналған инвестициялар тарту, арнайы экономимкалық аймақтарды дамыту және ҚР-да экспортты ынталандыру бойынша бағдарлама» және «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігі туралы» ҚР Заңы тәрізді заңдар қабылданды. Сонымен қатар, 50-ден астам заңға түзетулер енгізілді.

Бұл жылдары көптеген инфрақұрылымдық мәселелер шешілді: 4 мың шақырымға жуық автомобиль жолдары салынып, реконструкцияланды («Батыс Еуропа – Батыс Қытай», Орталық-Оңтүстік және Орталық-Шығыс 2 транзитттік дәлізі), 1700 шақырымға жуық теміржол салынды (Өзен–Түрікменстанмен мемлекеттік шекара, Жетіген–Қорғас, Бейнеу-Жезқазған, Арқалық-Шұбаркөл), 13 арнайы экономикалық аймақ пен 23 индустриялық аймақ жұмыс істей бастады.

Бизнесті қолдау үшін «Өнімділік — 2020», «Инвестор — 2020», «Бизнестің жол картасы — 2020» бағдарламалары қабылданды. Ондаған жаңа қолдау құралдары әзірленіп, іске қосылды: жеңілдікті несиелер және лизинг, инновациялық, экспорттық гранттар, сервистік қолдау және т.б. Бүгінде жеке кәсіпкерлерге 100-ге жуық қолдау құралдары қолжетімді.

Екінші бесжылдық (2015-2019) сыртқы экономикалық шоктарға аса төзімді және қазақстандық экономика үшін “қауіпсіздік төсемі” болу әлеуеті бар сектор ретінде нақты өңдеу өнеркәсібіне бағдарланды.  Бұл бесжылдық аясында өңдеу өнеркәсібінің 14 басымдықты секторы айқындалды, қолдау құралдары соларға бағытталды.

Бағдарламаны іске асыру Қазақстан экономикасы үшін бірқатар оң қорытындылар әкелді.

Өңдеу өнеркәсібіндегі экспортталатын тауарлар номенклатурасы 21%-ға артты. Аккумуляторлар, темірден немесе қоспасыз болаттан жасалған жазық илем, қоспасыз алюминийден жасалған сым тәрізді жаңа экспорттық тауарлар пайда болды.

2010-2018 жылдары өңдеу өнеркәсібінің дамуы үшін негіз жасалды. Мәселен, 7,9 трлн теңге сомасына 1250 жобаны іске асыру және Global-2000/ТҰК тізімінен 29 инвесторды тарту  нәтижесінде жаңа өсу көздері пайда болды. 35 кәсіпорынды жаңғырту, экономиканың жаңа бағыттары мен экспорттық және инновациялық әлеуеті жоғары жаңа тауарлардың пайда болуы арқылы тиімді базалық индустрия құрылды.

Индустрияландыру арқылы өңдеу өнеркәсібіне 7,5 трлн. теңге тартылды

ИИД МБ екі бесжылдығы іске асырылған жылдары өңдеу өнеркәсібіне 7,5 трлн теңге тартылды (ИИД МБ-1 кезеңінде – 3 трлн теңге, ИИД МБ-2 кезеңінде – 4,5 трлн теңге).

Өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға 4,5 трлн теңге сомасындағы инвестициялар жоспары орындалғанын атап өткен жөн.

Жалпы, Қазақстанда өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар ағымының оң динамикасы байқалып отыр. 2018 жылы Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары негізгі капиталға тартқан инветсициялар көлемі 1 242 млрд теңгені құрады, бұл 2010 жылғы деңгейден үш есе артық (413 млрд теңге).

2010-2018 жылдары инвестициялардың ең көп көлемі металлургия өнеркәсібінен — барлық кезеңдегі инвестициялардың жиынтық көлемінен 34,6%, кокос және мұнай өңдеу өнімдері өндірісінен – 23,9%, басқа да бейметалл минерал өнімдерден – 9,5%, химия өнімдерінен – 8,5%, азық-түлік өнімдерінен — 7,7% келіп түсті.

Ел өңірлері бойынша өңдеу өнеркәсібіне инвестицияларды бөлу өнеркәсіп кәсіпорындарының салалық арналуы мен географиялық шоғырлануына байланысты болады. Негізгі капиталға инвестициялардың ең көп мөлшері өңдеу өнеркәсібінің базалық салаларының ірі кәсіпорындары (металлургия және мұнай өңдеу) орналасқан өңірлерде салынады — бұл Павлодар, Қарағанды, Түркістан, Атырау облыстары.

Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының 2015 — 2019 жылдарға арналған екінші бесжылдығы

Бүгінде 201-2019 жылдарға арналған Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. ИИД МБ іске асыру 2015 жылы басталды, ол индустрияландырудың бірінші бесжылдығының қисынды жалғасына әрі елдің экономикалық саясатының бір бөлігіне айналды. Бағдарламаның негізгі мақсаты — өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін ынталандыру, еңбек өнімділігін арттыру және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайту.

ИИД МБ 2019 жылға дейін өңдеу өнеркәсібіндегі төрт нысаналы индикаторды қарастырады: өңдеу өнеркәсібі өнімдері экспортының құндық көлемінің өсуін, еңбек өнімділігінің нақты өсімін, негізгі капиталға инвестициялар көлемінің артуын және оның энергиялық сыйымдылығының төмендеуін.

Бұл жылдар ішінде жаңа мемлекеттік бағдарламалар, қолдау шаралары, дәлме-дәл инвестициялық саясат және өнеркәсіптің технологиялық қайта жарақтандырылуы пайда болды, олар елдің үшінші жаңғыру жолынан тиімді өтуіне ықпал етуге арналған. Адам ресурсына басымдық берілді: жаппай кәсіпкерлік және тиімді жұмыспен қамту дегеніміз — жүз мыңдаған жаңа жұмыс орындары мен бәсекеге қабілетті ұлт.

2015 жылдан бастап инвестициялар көлемі 5 трлн теңгеге жуықтайтын Индустрияландыру картасының 500-ден аса жаңа индустриялық жобалары енгізілді. Бұл жобаларды іске қосу нәтижесінде 80 мыңнан аса тұрақты жұмыс орны құрылды.

Жобалар АӨК және ауыл шаруашылығы (156), құрылыс материалдарының өндірісі (152), машинажасау (59), тау-кен металлургия кешені (41), химия (31), жеңіл өнеркәсіп (22), мұнай өңдеу (21), энергетика (15), фармацевтика (6) және тағы басқа салаларда іске асырылды.

Индустрияландырудың екінші бесжылдығының аса маңызды жобалары:

  • «KAZ Minerals Bozshakol» ЖШС Бозшакөл ТБК салу;
  • «Ақтөбе рельс арқалық зауыты» ЖШС рельс арқалық зауытын салу;
  • «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Атырау МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту;
  • «АМСТ» ЖШС Ақтау халықаралық теңіз сауда портын кеңейту;
  • «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС Шымкент МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту  (1-ші кезең);
  • «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС Ақтоғай ТБК салу;
  • «Павлодар мұнайхимия зауыты» ЖШС Павлодар МХЗ жаңғырту;
  • «Petro Kazakhstan Oil Products» ЖШС Шымкент МӨЗ реконструкциясы және оны жаңғырту  (2-ші кезең);
  • өнімділігі жылына 2 млн тонна кенді құрайтын тау-кен байыту кешенін салу, «БТК» ЖШС;
  • теміржолға арналған дөңгелектерді шығару кешені, «Проммашкомплект» ЖШС.

2015 жылдан бастап 2019 жылдың қараша айына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 42,9 трлн. теңгені құрады

Тау кен металлургиясы кешені ЖІӨ-нің 6,7%-ға жуығын, өнеркәсіптік өндірістің 23,3% құрайды.  Екінші бесжылдық жылдары металлургияда өндірістің шығару көлемі 2,2 есе артты (2014 жылы 2,1 трлн теңгеден 2018 жылы 4,6 трлн теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 4 трлн теңге).

Машина жасауда индустрияландырудың екінші бесжылдығын іске асыру кезеңінде өнім көлемі 1,2 есе өсті (2014 жылғы 902,5 млрд теңгеден 2018 жылғы 1 090 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 1 033 млрд теңге).

Химия өнеркәсібі де жеткілікті дамуда. Салада өндіріс көлемі 1,7 есе артты (2014 жылы 230,3 млрд теңгеден 2018 жылғы 401,1 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 386,4 млрд теңге).

Фармацевтика индустриясында өнім өндіру көлемі екі еселенді (2014 жылғы 38 млрд теңгеден 2019 жылғы 79 млрд теңгеге дейін, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша – 75 млрд теңге).

Жеңіл өнеркәсіп тауарларының өндірісі 1,6 есеге артты (2014 жылғы 63,2 млрд теңгеден 2019 жылғы 99,4 млрд теңгеге дейін, 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша – 87,5 млрд теңге).

Құрылыс материалдарының өндірісі 1,3 есеге артты (2014 жылғы 452,1 млрд теңгеден 2019 жылғы 563,7 млрд теңгеге дейін, 2019 жылғы 10 айдың қорытындысы бойынша – 475,3 млрд теңге).

Индустрияландыру жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі шығарылатын өнімнің номенклатурасын кеңейту

Индустрияландыру жылдары (2010 жылдан 2019 жыл аралығында) Қазақстанда бұрын шығарылмаған 500 жаңа өнім түрі игерілді: жүк және жолаушылар вагондары, электровоздар, жүк, жеңіл автомобильдер және автобустар, трансформаторлар, рентген аппаратура, жарықдиодты  шамдар, титан құймалар мен слябтар, дәрі-дәрмектер және т.б.

Металлургияда айтарлықтай ілгерілеу байқалды: базалық металдардың (мыс, мырыш, қорғасын т.б.), жартылай өнімдерді (қаңылтақ, дайындама және т.б. басқалары), шала дайын өнімдерді (илем өнімдерін) өндіруден бастап дайын бұйымдарды (болат құбырларды, металл конструкцияларды, рельстерді, сымдар) шығаруға көшуге дейін.

Химия өнеркәсібінде индустрияландыру жылдары 54 жоба іске асырылды, 4 мыңнан аса жұмыс орны құрылды. Маңызды жобалар саланың дамуына едәуір үлес қосып, бұрын өндірілмеген өнімдердің ассортиментін кеңейтті: каустикалық сода, натрий гипохлориті, жуу құралдары, лак бояу материалдарының, жарылғыш құралдардың, агрохимия құралдарының және т.б.  (Павлодар облысында «Каустик» АҚ, Жамбыл облысында «Қазфосфат» ЖШС, Маңғыстау облысында «КазАзот» ЖШС және Жамбыл облысында «Talas Investment Company» ЖШС).

Сонымен қатар құрылыс материалдарын өндіру бойынша жалпы сомасы 458,8 млрд теңге болатын 302 жаңа өндіріс пайдалануға берілді, 20,3 мыңнан аса жұмыс орны құрылды.

Қазақстанда өндірілмеген жаңа құрылыс материалдары өнімдерін шығару жолға қойылды: металл жабытқыштар («Таукел» ЖШС), ПВХ жасалған терезелер мен есіктер профильдері  («Funke Kunststoffe» ЖШС), энергия үнемдейтін шыныпакеттер («Казстройстекло» ЖШС),  полимерлік-композитті материалдардан жасалған санитарлық-техникалық бұйымдар («Тенуса» ЖШС), шыныталшықты композитті профильдер (Kompozit Profil), керамогранит өндіріс жаңартылды (ОҚО-да «Зерде Керамик» ЖШС).

Отандық кәсіпорындар индустриялық бағдарламаларды іске асырған жылдары 163 млрд АҚШ доллары сомасына өңдеу өнеркәсібі өнімдерін экспорттады

Тауарлар бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі ең көп экспорт көлемі 3 сала тобына тиесілі — металлургияға, кокос өндірісіне, мұнай өңдеу өнімдеріне және химия өнеркәсібі өнімдеріне. Одан соң азық-түлік өнімдері мен сусындар, сондай-ақ машина жасау өнімдері бар.

Индустрияландыру жылдары сомасы $1 млн-нан асатын 70 тауар бойынша шикізаттық емес экспорттың жаңа салалары қалыптасып, өндірісі арттырылды. Мәселен, 2010 жылы сыртқы нарықтарға аккумуляторлар жеткізу жүргізілимесе, 2018 жылы олардың экспорты құндық мәнінде $60,1 млн құрады.

Бүгінде еліміз ферроқорытпалардың, сары фосфордың, ұнның, мақта майының жекелеген түрлерін жеткізу бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі.

2019 жылдың 9 айында еліміздің өңделген өнімдері экспорты $11 430,3 млн құрағанын айта кеткен жөн.

Қазіргі кезде 13 АЭА пен 23 Индустриялық аймақ құрылып, жұмыс істеуде

Бүгінде қажетті өнеркәсіптік инфрақұрылымды дамыту арқылы өңдеу өнеркәсібін жүйелі қолдау жалғасуда — 13 арнайы экономикалық аймақ құрылды, оның 3-уінің толық инфрақұрылымдық әзірлігі бар.

13 АЭА-тан төртеуі 2017-2019 жылдары құрылған («Қорғас» ХШЫО, «Астана-Технополис», «Түркістан» және «Қызылжар»).

13 АЭА-тан 11-і өңірлерде құрылды. Қазіргі кезде министрлік әкімдіктердің Қостанай, Ақтөбе және Байқоңыр қалаларында қосымша 3 жаңа АЭА құру туралы ұсыныстарын қарастыруда.

Еліміздің 9 өңірінде 23 индустриялық аймақ құрылды.

Арнайы экономикалық аймақ аудандарында олар жұмыс істеген уақыттан бері (2002-2019 жылдар аралығында) 185 жоба іске қосылды, оның 46-сы — шетелдік қатысумен. Бұл жобаларды іске асыру нәтижесінде 15,6 мың жұмыс орны құрылды, бюджетке салық түсімдері 167 млрд теңгені құрады.

Индустриялық аймақтарда 142 өндіріс іске қосылды, инвестициялар көлемі — шамамен 213,8 млрд теңге. 8,5 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Индустриялық аймақтар инфрақұрылымына 58,9 млрд теңге салынды. Осылайша, салынған 1 бюджеттік теңгеге 3,6 теңге инвестиция тартылды.

Барлық АЭА инфрақұрылымын салуға бюджет шығындары 340,8 млрд теңгені құрады, бұл ретте тартылған инвестициялар көлемі  976,9 млрд теңгеге жуықты құрады. Яғни, АЭА инфрақұрылымына салынған 1 бюджеттік теңге 2,9 теңге жеке инвестиция тартуға мүмкіндік берді. 

Жұмыс істеп тұрған АЭА-дан тиімдісі ретінде «ПАВЛОДАР» АЭа атап өтуге болады, онда дайын өнімнің жоғары шегімен алюминий өндіріс дамуда. Жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар арасында кооперациялық байланыстар сәтті іске асырылуда.

Бүгінде 1 бюджеттік теңгеге АЭА 14,2 теңгеден астам инвестиция салды.

Сонымен қатар «ОҢТҮСТІК» АЭА мысал ретінде келтіруге болады, онда 1 бюджеттік теңгеге 3,5 теңге инвестиция тартылды. Тоқыма кластері қалыптасты, онда ШОБ кәсіпорындары шоғырланған. АЭА өз бетінше, мемлекеттің қолдауынсыз жұмыс істейді.

Негізгі нысаналы индикаторлар бойынша индустрияландыру саясаты жүзеге асырылған жылдары (2010-2018 жж.) оң нәтижелерге қол жеткізілді

Индустрияландыру жылдары өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 3 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге дейін жетті (3,5 есе). Ең көп өсу металлургия өнеркәсібінде  (1,1 трлн теңгеден 4,6 трлн теңгеге дейін), азық-түлік өнімдері өндірісінде (630 млрд теңгеден 1,5 трлн теңгеде дейін)  машина жасауда (281 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін) байқалды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі жалпы қосылған құн бұл жылдары 2 трлн теңгеден 7 трлн теңгеге дейін өсті. Металлургия өнеркәсібінде (768,5 млрд теңгеден 2,7 трлн теңгеге дейін), мұнай өңдеуде (121,87 млрд теңгеден 1,1 трлн теңгеге дейін) және азық-түлік өнімдерін өндіруде (341,3 млрд теңгеден 954,2 млрд теңгеге дейін) ең көп өсім байқалды.

Индустрияландыру жылдары өңдеу өнеркәсібінен түскен салықтар 2,9 есе өсті (салықтар өсімі +844 млрд теңгені құрады). Осы кезеңде көлік және қоймалау секторларынан салықтар 3,1 есе өсті, сауда және HoReCa 1,2 есе, ауыл шаруашылығы 2,2 есе өсті.

Өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына инвестициялар 3 есе өсті (2010 жылы 413,1 млрд теңгеден 2018 жылы 1 241,9 млрд теғгеге дейін).

2010 жылдан 2018 жыл аралығында өңдеу өнеркәсібіне $32,8 млрд көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылды, бұл жалпы инвестициялар көлеміндегі барлық тартылған инвестициялардың 15,8%-ы.

2010 жылдан 2018 жыл аралығында өңдеу өнеркәсібіндегі өнім экспортының көлемі $154 млрд құрады.

2018 жылы еліміздің 8 өңірінде тамақ өнімдерін, құрылыс материалдарын, химия және жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру, металлургия, машина жасау, мұнай өңдеу бойынша 19 жұмыс істеп тұрған кәсіпорын жалпы сомасы 736 млрд теңгеден астам қаржыға жаңартылды және кеңейтілді. Олардың қататында Шымкент МӨЗ, «Кислород АЗОК», «KBS Engineering» ЖШС, «Astana Ceramic» ЖШС, «ВЕРФ-строй» ЖШС, «Хлебзавод №7» ЖШС, «Maker» ЖШС және т.б. бар.

Индустрия 4.0 енгізу

Министрлік өнеркәсіпті цифрландыру және 4.0 индустриясы технологияларын енгізу аясында екі бағытта жұмыстар жүргізуде: «Модельді цифрлық фабрикалар» және тау-кен металлургиямы кешенінің жүйе құрушы компаниялары жобасын жүзеге асыру.

«Модельді цифрлық фабрикалар» бағыты бойынша іріктелген кәсіпорындар инвестиция көлемі 13,61 млрд теңге болатын 51 жобаны іске асыруға бастамашы болды, оның ішінде 2018-2019  жылдары инвестиция көлемі 2,8 млрд теңге болатын 12 жоба аяқталды.

Мәселен, «Химфарм» АҚ (Шымкент қ.) 6 жобаны іске асыруда, «Евразиан Фудс» АҚ (Қарағанды облысы) өндірісті Индустрия 4.0-ге көшіру бойынша 7 жобаға бастамашы болды, «Алтыналмас» АҚ (Қарағанды облысы) «Цифрлық кеніш» жобасы аясында 15 шағын жобаны жүзеге асырып жатыр.

«Балтекстиль» ЖШС бизнес-процестер реинжинирингі, деректер базасын цифрландыру, кәсіпорын ресурстарын басқару жүйесін енгізу (ERP), шығарылатын өнім сапасын бақылау жүйесі, персоналды оқыту және біліктілігін арттыру жүйесі тәрізді инновациялық технологияларды қолданады.

Тау-кен металлургиясы кешенін цифрландыру аясында 53 жоба іске асырылуда, 2019 жылғы 15 қарашадағы жағдай бойынша 22 жоба пайдалануға берілді.

«АрселорМитал Теміртау» АҚ 3 жобаны іске асыруға бастама білдірді. Биыл Coal Tracking System жүйесі арқылы көмірді шахтадан тұтынушыға дейін қадағалау және есепке алу жобасы аяқталды, әсері — көмірдің ысырап болуы азайды.

«Қазақмыс» корпорациясы» ЖШС 4 жобаны іске асыруда. 2019 жылы мамыр айында компания «67 шахтада персоналды және көлікті позициялау жүйесі» жобасы аясында телекоммуникациялық инфрақұрылымды пайдалануға берді. Жоба нақты уақыт режимінде барлық технологиялық процестерді көрсетеді, бұл тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттырып, жабдықтардың тоқтап қалуын болдырмауға мүмкіндік берді.

«Варваринское» АҚ кәсіпорны 2021 жылға дейін 6 жобаны іске асырды. 2018 жылы алтын шығару және кен байыту фабрикасында екі жобаны іске асыруды: MDC (Manufacturing Data Collection) деректерді сақтауға арналған бағдарламалық қамтуды жаңартуды және барлық циклдің жұмысы туралы шұғыл есеп жасауға арналған PDA (Production data Acquisition) бағдарламасын енгізуді аяқтады.

«RG Gold» АҚ 3 жобаны жүзеге асыруда. Бұл кен орнының өндірістік алаңында баламалы цифрлық технологиялық радиобайланыс жүйесін жаңғырту, оны енгізуден кәсіпорындағы технологиялық процесті қамтамасыз ету үшін диспетчерлік байланыспен өндірістік алаңның кез келген жерінде қамтумен сапалы дыбыстық радиобайланысты ұйымдастыру тиімділігі күтіледі. Кен орындарын 3D-модельдеу және тау-кен жұмыстары жоспарлау, геологиялық барлауды автоматтандыру үшін кешенді шешімді енгізу. 

«Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС 2018 жылы кен байыту фабрикасын Индустрии 4.0 элементтерімен жаңғырту жүргізді, бұл мырыш концентратын шығару үшін мыс-мырыш кенін терең өңдеу бойынша өндірісті жолға қоюға мүмкіндік берді.

«Богатырь Көмір» ЖШС диспетчерлендіру бойынша жобаны 2020 жылы аяқтауды көздеп отыр, бұл тау-кен көлігі кешені жабдықтарының жұмыс істеу тиімділігі мен сенімділігін, көмір сапасын, жұмыстардың қауіпсіздігін, еңбек өнімділігін арттыруға және пайдалану шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді.

2020-2025 жылдарға арналған индустрияландыру бағдарламасынан не күтіледі?

Жаңа мемлекеттік бағдарламаның мақсаты – ішкі және сыртқы нарықтардағы өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету.

Бұл мақсатқа қол жеткізу үшін келесі міндеттер қойылды:

  • ішкі және сыртқы нарықтарда сұранысқа ие өңделген тауарлар номенклатурасын кеңейту және өндіріс көлемін арттыру;
  • базалық өндірістерді дамытуды ынталандыру және стратегиялық жобаларды іске асыру арқылы өнеркәсіптік қуаттылықтарды ұлғайту;
  • өңдеу өнеркәсібінің салаларының технологиялық дамуын және цифрландырылуын қамтамасыз ету.

ИИД МБ екі бесжылдығының тәжірибесін ескере отырып, елімізде индустрияландырудың одан әрі дамуына ықпал ететін жаңа тәсілдер әзірленгенін айта кеткен жөн.

Бірінші кезекте, ішкі нарықты сапалы өніммен қанықтыруға және экспортқа шығуға бағдарланған өңдеу секторының тиімді кәсіпорындарына баса назар аударылады. Сонымен қатар мемлекеттік қолдаудың бөлек-бөлек құралдарынан бизнестің қарсы міндеттемелері мен жауапкершілігінің есесіне дамуды кешенді ынталандыру жүйесіне көшу де маңызды болады. Бұдан басқа, салалық қағидаттан нақты басымдыққа ие тауарларды анықтауға көшуді, сондай-ақ құнын құруда ғаламдық тізбекті проактивті құрастыруға назар аударуды ескеру қажет.

Бұл міндеттерді іске асыру келесі нысаналы индикаторларға қол жеткізуге мүмкіндік береді:

  • еңбек өнімділігінің 1,6 есе нақты өсуіне (11,8 млн теңгеден 19,2 млн теңгеге дейін немесе $35,3 мыңнан $55,9 мыңға дейін);
  • өңдеу өнеркәсібіндегі экспорт көлемінің 1,9 есе өсуіне ($15,8 млрд-тан $29,5 млрд дейін);
  • негізгі капиталға инвестициялардың 1,6 есе нақты өсуіне (1 247,2 млрд теңгеден 2 041,6 млрд теңгеге дейін немесе $3,6 млрд-тан $5,9 млрд-қа дейін);
  • Экономикалық күрделілік индексінің арттыруға.

Енді әр аудандағы индустриалды аймақтардың бүгінгі жағдайына жеке-жеке тоқталайық, Созақ ауданындағы индустриалды аймақта «Қазатомөнеркәсіп» ҰК» АҚ өндірісі үшін тұзды қаптайтын арнайы ыдыстар және болат бөшкелер жасайтын цехтар салынған. Мұндағы жұмыс ырғағын қалыпты десе болады. Ал, бәйдібектіктер өздерінің индустриалды аймағын қаншалықты тиімді пайдаланып жатыр дегенге келсек, мүдіріп қаламыз. Мүдіріп қалатынымыз, мұндағы жұмыс көңіл қанағаттандырмайды. Осыдан бес жыл бұрын іргесі қаланған аймақ құрылғалы бері жарытып жұмыс істемеген. Яғни қақпасын қара құлып күзетіп тұр. Бұл аймақты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін кезінде облыстық бюджеттен 343 миллион теңге бөлінген екен. Аталған қаржыға бір шақырым жол салынып, 8,5 шақырым электр желісі тартылып, 1,76 шақырым су құбыры жүргізілген. Қосымша 1,76 шақырым кәріз желісі тартылып, тоғыз трансформатор орнатылған. Аймаққа суды «Жыланды» өзенінен тарту жоспарланған. Алайда, ол жерде зерттеу жұмыстарын жүргізгендер судың мөлшері тым аз екеніне көз жеткізеді. Содан кейін олар тікелей аймақтың аумағында ұңғыма қазуды ұйғарады. Бірақ, оған қосымша 22 миллион теңге қаражат керек болыпты.
Басқа аудандардағы ахуал да мәз емес. Сайып келгенде, бәріне жаңаша серпін керек. Осыны ескерген басқарушы компания біршама жұмыстарды қолға алып отыр. Биыл бұл аймақтардан 972 жаңа жұмыс орнын ашу арқылы 74,4 млрд. теңгеге сегіз инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Атап айтсақ, «QazSteel Industries» ЖШС-нің 40 млрд. теңгені құрайтын жобалары жүзеге асса, қосымша 320 жұмыс орны ашылмақ. Ал, «KAZKRAHMAL» ЖШС 31,2 млрд. теңгеге 500 жұмыс орнын, «KazTravertin» ЖШС 800 млн. теңгеге 28 жұмыс орнын, «Рамирта» ЖШС 800 млн. теңгеге 44 жұмыс орнын, «ARIN Construction» ЖШС 800 млн. теңгеге 30 жұмыс орнын, «Бекжанов» ЖК 400 млн. теңгеге 20 жұмыс орнын ашуды жоспарлап отырғанын да айта кетейік. Жобаның екінші кезеңі бойынша «EL-KZ 2020» ЖШС 300 млн. теңгеге 10 жұмыс орнын, «Кентау Аспан Құралдар цихи» АЖ 109 млн. теңгеге 20 жұмыс орнын ашпақ. Алдағы уақытта жергілікті шикізаттардан құрылыс материалдарын шығаруға басымдық берілмек. «Түркістан» индустриалды аймағында қуаттылығы 35 МВт болатын «KEGOС» трансформаторлық қосалқы стансасы салынуда. Ол іске қосылғанда мұндағы электр энергиясының бағасы біршама арзандайды деп болжануда.

Келес, Қазығұрт, Ордабасы, Сайрам аудандарында агроөнеркәсіптік аймақтар құруды жоспарлап отырғанын айтқан компания басшылары негізгі күшті жылыжайлар салуға бағыттап отырғандарын айтады. Бүгінде «Түркістан» индустриалды аймағында 28 жоба жүзеге асырылуда. Оның ішінде 19 кәсіпорын жұмыс істеуде. Сондай-ақ, биыл тағы 13 жоба іске қосылғалы отыр. Атап айтсақ, кеңсе жиһаздарын өндіретін – «Grand Miks» ЖШС 800 млн. теңге салып, 35 жұмыс орнын, темір-бетон бұйымдарын шығаратын «GOKTURK» ЖШС 250 млн. теңге салып, 19 жұмыс орнын, «Ali Construction Group» ЖШС (890 млн. теңге, 29 жұмыс орны); «ТЕХТРОНИК-СТРОЙ» ЖШС (500 млн. теңге, 20 жұмыс орны); болат есіктер өндірісі – «Гулзада» АЖ (100 млн. теңге, 20 жұмыс орны); газдалған бетон блоктарын шығаратын – «Евроблок Продакшн» ЖШС 113,8 млн. теңге салып, 20 жұмыс орнын ашуды көздеп отыр.
Сондай-ақ, алдағы уақытта Кентаудағы индустриалды аймақта бірнеше жоба жүзеге асырылады.

Басқарушы компания Түлкібас, Шардара және Бәйдібек аудандарындағы қаңырап тұрған индустриалды аймақтардың жұмысын тез арада жандандырмаса болмайтынын айтады. Мұнда инженерлік инфрақұрылымды қалпына келтірсе, оған өздерінің түрлі өндіріс орындарын ашқысы келетіндер табылады.

 Т.ЕСЕНБАЙҰЛЫ.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.