Түркістан облысы: Келес ауданында каналдар механикалық тазалаудан өткізіліп жатыр

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Сондай-ақ, «Тұран су» мекемесі мен аудан-қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды, механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдыруды тапсырды. Осы тапсырма аясында Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге аспақ. Бұл ретте «Тұран су» ШЖҚ МКК арнайы техникалары тоқтаусыз жұмыс атқаруы көзделген.

«Бүгінде Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе, механикалық тазалауды қатты қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. Сонымен қатар, «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасады», — дейді аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев.

Келес ауданында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 157 шақырымды құрайтын каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі. Бұл жұмыстар су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізеді.

Айта кетейік, Келес ауданы бойынша жалпы 148 канал, ұзындығы 393,6 шақырымды құрайтын 144 қашыртқы орналасқан. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

Жалпы, Келес ауданының су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.

      Келес өзенінің ұзындығы — 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 6, бөгеттердің жалпы саны — 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.

      Құркелес өзенінің ұзындығы — 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп, Сырдария өзеніне құяды. Құркелес өзеніне 8 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.

      Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.

Еске салайық, биыл Келес ауданы аумағында жалпы жалпы ұзындығы 270,3 шақырымды құрайтын 75 канал мен қашыртқыларды ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды.

Басқарма тарапынан облыстық бюджеттік комиссияға бюджеттік ұсыныс дайындалып жатыр. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 127,9 шақырымды құрайтын 10 каналды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қажетті шаралар атқарылу үстінде.

Ағын су жүйесін дамыту бойынша 2019 жылы аудан бойынша нақты 39 канал және қашыртқының 120 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары атқарылған болса, 2020 жылы 19 канал және қашыртқының 91,9 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Ал өткен жылы 32 канал және қашыртқының 101,2 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалаудан өтті.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 26 314 гектар суармалы жер бар. Оның 2 922 гектары Солтүстік Ташкент Каналы арқылы суландырылса, ВТК каналы арқылы – 1 020 гектары ағын су ішеді. Сонымен қатар, Ащынау Алпамыс батыр каналы арқылы – 921 гектар, Шошым каналы арқылы – 1 170 гектар, Аққойлы каналынан – 816 гектар, Ошақты каналы арқылы – 10 066 гектар жерлер ағын сумен қамтылады. Аудан бойынша ұзындығы 657,6 шақырымды құрайтын 148 дана канал және ұзындығы 393,6 шақырым болатын 144 дана қашыртқылар бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.