Түркістан облысы: Келес ауданында тропикалық жемістерді жерсіндірген, гипстен бұйым жасау кәсібін меңгерген, тігіншілікпен 12 адамды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер тұрады

Келес ауданындағы «Нұржан» шаруа қожалығының төрағасы Нұржан Умаров жылыжайда тропикалық жемістерді жерсіндіруді қолға алды. Ол шет мемлекеттерге жасаған сапары барысында сол аймақтағы өсімдіктердің тұқымын алып, өз жылыжайында сынақтан өткізуді әдетке айналдырғанын тілге тиек етті.

– 2006 жылдан бері жылыжай шаруашылығымен айналысып келемін. Бүгінде 5,6 гектар аумақтағы жылыжай кешенінде 60-қа жуық азамат еңбектенеді. Жыл он екі ай елімізге көкөніс өнімдерін жеткізумен қатар, жылы аймақтарда өсетін кокос, лимон, киви, маракуйя және папайя сынды өнімдерді өсіруді тәжірибеден өткізудеміз. Өткен жылы какос тұқымын қара құнарлы топыраққа отырғыздық. Биыл тұқым бүршік жарып, өсті. Сондай-ақ лимон ағаштары да жеміске кірді. Алдағы уақытта өнімімізді ашық алқапта сынауды жоспарлап отырмыз, – дейді шаруа.

Айта кетейік, «Нұржан» шаруа қожалығы – Келес ауданында жылыжаймен айналысатын ірі кешендердің бірі. Кешеннің ерекшелігі — озық технологияны қолдана отырып, тұрғындарды көкөніс және түрлі көшеттермен қамтамасыз ету. Шаруа өткен жылы «Келес» атауымен жаңа көкөністі саудаға шығарды. Сонымен қатар шаруа қожалықтың жылыжайға арналған пленка, қысқыш (зажим), пресс жіп шығарумен айналысатын кәсіпорны да өз жұмысын қарқынды жүргізуде.

Түрлі кәдесыйлар мен ақша жинауға арналған теңге жәшіктерін жасайды

Ал Келес аудандық білім бөліміне қарасты №20 Т.Бердияров атындағы жалпы білім беретін мектептің 5-сынып оқушысы Нұрсырым Ұлық мүсін жасау өнерімен бірнеше жылдан бері айналысады. Мүсін жасауды 9 жасынан үйренген жас шебер қазіргі таңда бұл саланы кәсіпке айналдырып отыр.

Ол түрлі кәдесыйлар мен ақша жинауға арналған теңге жәшіктерін жасайды. Сондай-ақ той-томалақтарға түрлі кәдесый жасап, бұйымдарға тапсырыс қабылдап жатыр. Бұл өнер түрін ол тик-ток желісінен үйренген. Одан әрі білімін ғаламтор арқылы жетілдіріп, аз уақыттың ішінде бұл отбасылық кәсіпке айналып үлгерді.

– Теңге жәшігі секілді дүниелерді тұтынушылар сұранысымен тойларға «тойбастар» ретінде, бесік той, құдалық тойларға шуылдаққа тапсырыспен шығарып жатырмыз. Мектепте еңбек пәнінің болғанын асыға күтемін. Болашақта осы саланы тереңірек меңгеруге бар күш жігерімді саламын, – дейді жас шебер.

Айта кету керек, оқуда озат баланы еңбекке баулып отырған ата-анасы оған барынша қолдау көрсетіп отыр. Олар мұндай жетістікке жетудің бір себебі, балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыра білу керектігінде деп есептейді.

Тігінші 12 адамды жұмыспен қамтып отыр

Келес ауданы, Ақтөбе ауылдық округінің тұрғыны Гүлзат Тағайбекқызы тігіншілікті кәсіп көзіне айналдырып, бір айда 40 млн. теңгенің тапсырысын қабылдаған. Жолдасы екеуі – Ғ.Мұратбаев атындағы №40 мектебінің мұғалімі. Бүгінде 5 бала тәрбиелеп отырған ол жеке қызығушылығының арқасында тігін цехын ашып, қосымша кәсібін дөңгелетуде.

– Өз ауылымыздың әлеуетін көтеріп, экономикасын дамыту мақсатында тігін цехын ашуды жоспарлап, бүгінде ойымызды іске асырдық. Жұмысқа 12 жергілікті азаматты қабылдадық. Кәсібімізді «ABDET – KZ» ЖШС-не тіркеп, мемлекеттік портал арқылы тапсырыс қабылдаудамыз. Негізгі өніміміз – перде тауарлары. Ағымдағы жылдың қыркүйек айында «Қазақстанда жасалған өнім» сертификатына ие болдық, – дейді ол.

Кәсіпкер бұл істі бастамас бұрын зерделеу жұмыстарын жүргізген. Нарықты зерттеген. Түркістан облысы мен Шымкент қалалары аумағында дәл осы кәсіппен айналысатындар болғанымен, отандық өнім өндіруші ретінде мемлекеттік порталға тіркелгендері аз екен. Кәсіпкер ана алдағы уақытта жұмыскер санын көбейтіп, арнайы жұмыс киімдерін, қолғап, шұлық және матрас өндіруді жоспарлап отыр.

Айта өтейік, 133 мыңнан астам тұрғын өмір сүріп отырған Келес ауданында 54,4 мың адам жұмыспен қамтылған болса, жұмыссыздық деңгейі 5,1 және бос жүрген жастар саны 3,9 пайызды құрайды екен. Өткен жылы ауданда өндірілген аумақтық жалпы өнім көлемі 107,5 млрд. теңгені құраса, биыл бұл көрсеткішті 119,3 млрд. теңгеге жеткізу жоспарланыпты. Сонымен қатар, алдағы уақытта аудан аумағында ауқымды жобалар жүзеге асырылмақ.

Аудан әкімі Жәнібек Ағыбаевтың айтуынша, былтыр өнеркәсіп саласында 5,3 млрд. теңгенің өнімі өндірілсе, биыл бұл көрсеткіш 5,9 млрд. теңгеге жеткізілмек. Сонымен қатар, биыл 2022 жылы негізгі капиталға тартылған 17,7 млрд. теңге инвестиция көлемін көтеру бойынша талдау жұмыстары жүргізіліп, орындау бойынша нақты іс-шаралар атқарылмақ. Жәнібек Есенұлының сөзіне сүйенсек, былтыр Келес ауданында пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы алаңы 22,4 мың шаршы метрді құраса, бөлшек сауда, шағын және орта бизнес саласында өткізілген тауар көлемі 7,5 млрд. теңгеге жеткен. Осы ретте қазір аудан аумағында 10 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандарының жұмыс істеп тұрғанын атап өту қажет. Оған қоса, биыл бастау алған «Ауыл — аманаты» пилоттық жобасына Келестегі 4 ауылдық округ енгізіліп, Қошқаратадағы 70-тен астам азамат өсімдік шаруашылығын, Ошақтыдағы 120 азамат мал бордақылау ісін, жүзге жуық ақтөбелік сүт өнімдерін өндіру мен балық шаруашылығын және Біртілектегі 120 тұрғын жылыжай кешенін салу, жеміс-жидек, көкөніс өнімдерін өндіру, қайта өңдеу бағыттарын дамытуды көздеп отыр. Демек, бұл алдағы уақытта аудандағы кәсіпкерлік саласының қарқыны арта түседі деген сөз.

Сонымен қатар, 2025 жылға дейін ауданда жалпы құны 44,3 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 1175 жаңа жұмыс орны ашылғалы тұр. Атап айтсақ, «Азия Мед» медициналық орталығының ғимараттары, орталық аурухана, инновациялық жылыжай кешені, 1000 басқа арналған мал бордақылау алаңы және ет өнімдерін өңдіру цехы, қонақүй кешені, минералды су өнімдерін өндіретін зауыт, ет өңдеу және шұжық өнімдерін өндіру зауыты, сағатына 20 мВт электр қуатын күн сәулесінен өндіретін электрстанса және 51 гектар жерге жылыжай кешені салынатын болады. Одан бөлек, индустриалды аймақ құру мақсатында Ақтөбе ауылдық округі аумағынан 300 гектар жер учаскесі бөлініп, аудан әкімдігінің қаулысы қабылданған. Ол нысан республикалық маңызы бар «А15» автомобиль жолына, алдағы уақытта салынатын айналма жолға, «Б.Қонысбаев» кеден бекеті мен көршілес жатқан Шардара, Мақтаарал және Жетісай аудандарына жақын орналастырылады.

Биыл 15 мың гектар жер ортақ жайылымға қайтарылды.

Келес ауданындағы 83 елді мекеннің 57-сі ауыз сумен қамтылған. 7 елді мекенге су тарту экономикалық жағынан тиімсіз болып танылса, қазір 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр. Биыл тағы бір елді мекенді таза ауыз сумен қамту үшін құрылыс жұмыстары басталса, 3 елді мекенге су тартудың сәулет жоспарлау тапсырмасы әзірленіп, жобалаушы мекемені анықтауға мемлекеттік сатып алу конкурсы жүргізілуде. Қалған 10 елді мекен жерінің астындағы су қорын зерттеу бойынша облыстық басқармаға ұсыныс берілген. Сонымен қатар, сапалы электр қуатымен қамтылмаған 20 елді мекеннің 8-інде құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатса, 8 елді мекенді электр қуатымен қамту мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Аудандағы 50 елді мекен табиғи газ жүйелерімен қамтылса, 7-еуі экономикалық тұрғыдан тиімсіз болып танылған. Бұл тұрғыда 13 елді мекенге «көгілдір отын» беру бойынша тиісті жұмыстар атқарылып жатыр.

Аудан аумағындағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 1172,3 шақырымды құраса, оның 65,7 пайызы қанағаттанарлық жағдайда екен. Жыл соңына дейін 60,7 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, бұл көрсеткіш 70,9 пайызға жеткізілмек. Одан бөлек, облыстық салалық басқармаларға ауданға қажетті 7 мектептің құрылысына қаржы қарастыру жөнінде ұсыныс берілген. 

Сонымен қатар, өткен жылы 1-4-сынып оқушыларына арналған «Нұрбала» және «Абай Дарын» жекеменшік мектептер ашылған. Оған қоса ауданда облыстық құрылыс басқармасының тапсырысымен 2021, 2022 жылдары екі мектептің құрылысы басталып, бүгінгі таңда әрі қарай жалғасып жатыр. Жалпы, Келес ауданында 3 ауысыммен білім беретін мектеп жоқ.

Өткен жылдың қорытындысымен аудандағы аз қамтылған 2328 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек төленіп, оның ішінде 909 адам жұмыспен қамтылған. Ал, 2023 жылдың бірінші тоқсанында әлеуметтік көмек 1314 отбасыға беріліп, 2022 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6 пайызға азайыпты. Сонымен қатар, «Ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасымен былтыр 4909 адам жұмыспен қамтылса, биыл бұл көрсеткіш 7936-ға жеткізіледі. 2023 жылдың алғашқы тоқсанының өзінде 2513 жұмыссыз азамат бағдарламаға тартылған. Сондай-ақ, белсенді ұзақ өмір сүру бағдарламасы аясында былтырдан бері аудандағы «Қазыналы қария — тең қоғам» орталығы 400-ден астам зейнеткер мен 85 мүгедектігі бар азаматқа 14 қызмет түрін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта бұл орталық шалғайда тұратын зейнеткерлерге қызмет көрсету үшін тасымалдау жұмыстарын да ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Ал, «Даму» мүгедектер қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ғимараты жартылай стационарлық үлгідегі психоневрологиялық потологиясы бар және тірек-қозғалысы аппараты бұзылған мүгедектігі бар 60-тан астам балаға әлеуметтік қызмет көрсетіп жатыр. 

Сонымен, биыл Келес ауданында қосымша 2,5 мың жаңа шағын және орта бизнес субъектісі тіркелді. Сонымен қатар, шағын және орта бизнес субъектілерінің саны соңғы 3 жылда 31,6 пайызға өсіп, олармен өндірілген өнім көлемі 32,6 млрд. теңгені құрады.

Аудан бюджетінің өзіндік кірістері артып келеді.

Соңғы 3 жылда бюджеттің өзіндік кірістері 1,5 есе немесе 1,4 млрд. теңгеге ұлғайды. Ағымдағы жарты жылдықтың қорытындысымен бюджеттің өзіндік кірістері 1,6 млрд. теңгеге орындалып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 22 пайызға немесе 0,5 млрд. теңгеге ұлғайған. Бұл түсімдер ауданның әрі қарай дамуына өз септігін тигізері анық.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin