Түркістан облысы: Келес ауданында қырыққабат пісіп, шалғам көкөнісі сатылымға шығарылды

Келес ауданының Ұшқын ауыл округіндегі «А. ЖІГЕР-Т» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі биыл 100 гектарға қырыққабат, 40 гектарға баклажан, 20 гектарға балғар бұрышын еккен. Сәуір айының алғашқы аптасында қырыққабаттан алғашқы өнімін ала бастады.

Аталған кооператив өткен жылы облыс бойынша бір жерден екі-үш өнім алуда «Алтын күз-2022» байқауының жеңімпазы атанған. Кооперативке 700 адамның жер үлес пайы біріктіріліп, 403 гектар жерді тиімді игеріп отыр. Кооператив төрағасы Берік Салиев: «Биыл жобамен қырыққабаттан 400 мың тонна өнім аламыз» — деп отыр.

Аталған кооператив екінші өнім ретінде қызанақ, балғар бұрышы мен баклажан ексе, үшінші өнімге күздік қырыққабат отырғызады. Бір айта кетерлігі, кооперативтің егістік алқабы тамшылатып суару әдісімен суарылса, тыңайтқышқа биогумус пайдаланады.

Сонымен қатар Келес ауданының Жүзімдік ауылдық округіндегі «Серік» шаруа қожалығы бір жерден үш өнім алып отыр. Атап айтқанда, қожалық биыл картоп, шалғам, қызылша ексе, үшінші өнім ретінде күздік қырыққабат отырғызады. Қожалық бүгін алғашқы өнім ретінде 25 соттық жерге орналасқан шалғам көкөнісін жұлып бастады. Шалғам өткен жылы желтоқсан айында отырғызылған. Қожалық «екінші өнімге картоп пен қызылша аламыз» деп отыр. Ал үшінші өнімге күздік қырыққабат егуді жоспарлап қойыпты.

Айта кетейік, Келес ауданы — ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорттық әлеуеті жоғары шекаралық аумақ. Аудан тұрғындарының басты тіршілік көзі – ауыл шаруашылығы саласы. Өткен жылы ауыл шаруашылығы саласындағы өндірілген өнім көлемі — 70,4 миллиард теңгені құраған. Егін шаруашылығы бойынша егіс көлемі 26,3 мың гектарды құрап, тиісті кезеңмен салыстырғанда 1,8 мың гектарға артқан болса, көкөніс, картоп және бақша дақылдарынан жалпы 535,6 мың тоннаға өсіп, шаруалар мол өнім алуға қол жеткізген. Ауданда алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 рет өнім алу бойынша 325 жоба немесе 1 502 гектарды құрайтын егістік алқаптарға егін егіліп, 89,3 мың тонна бақша және көкөніс өнімдері өндірілген.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.