Түркістан облысы: Келес ауданында құс шаруашылығын қолға алған Саматтың 500 балапаны бар

Бүгінде кез келген кәсіпкерлікпен айналысуға ниетті азаматтарды мемлекет қаржылай қолдауға дайын. Жеңілдетілген пайызбен несие, қайтарымсыз грант алып, жұмыс істеп жатқандар көп. Соның бірі Келес ауданының Ошақты ауылдық округіндегі Самат Үсенбайұлы осыдан екі ай бұрын мемлекеттен 1 миллион 380 мың теңге қайтарымсыз грант алып, құс өнімдерін өндірумен айналысып жатыр.

— Мал және егін шаруашылығы жақсы дамыған Келес ауданында бүгінде құс шаруашылығымен айналысуды мақсат етіп отырмыз. Осы мақсатта мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, кәсібімді бастап кеттім. Шымкент қаласындағы құс шарушалығымен айналысатын кәсіпкерлермен келісімге келіп отырмын. Бүгінгі таңда қорған істеуге арнайы сымды қоршауларын және 200 дана шөже алдырттым. Алдағы он күнде тағы 300 дана шөже ауылға жеткізіледі, — дейді Самат Үсенбайұлы.

Кәсіпкердің айтуынша, шөжелер 3 айда жұмыртқалай бастайды екен. Бір жарым жыл бойы жұмыртқасын алып, сосын етті бағытта қолданбақ. Жұмыртқаларын сату үшін ауыл аумағындағы дүкендермен келісімге келіпті.

Ал Келес ауданының тұрғыны Нұржамал Асқарқызының өз сүйікті ісін кәсіпке айналдырғанына бір ай болды. Аз уақытта оның тағамдарына сұраныс қалыптасты. Ол жастайынан түрлі тәттілер пісіруге әуес екен. Келін болып түскеніне 6 жыл толған жеке кәсіпкер маусым айының онына мемлекеттен қайтарымсыз қаржы алған. Алған қаржысына кондитерлік өнімдерді өндіруге арналған қажетті саймандарын сатып алып, кәсібін дөңгелетіп отыр.

— Бұл бастамам өміріме үлкен өзгеріс алып келді. Өзім қызығатын хоббиымды дамытып, пайда табудамын. Пісірген өнімдерімді ауылдағы дүкендерге сатамын. Одан бөлек тапсырыс бойынша да тұрғындарға қызмет көрсетемін. Бір күнде орташа 4-5 торт жасап, самса, пирогтар пісіремін, — дейді жеке кәсіпкер.

Бүгінде Келес өңірінде кәсіппен айналысып, оны отбасылық бизнеске айналдырғандар саны жыл сайын арту үстінде. Нұржамал Асқарқызы да мемлекеттен қайтарымсыз грант алып, табысын еселеп отыр. Кәсіпке бейімделу – бүгінгі заман талабы. Ауыл тұрғындарының бұл бағыттағы қозғалысы көз қуантады.

Әлбетте, бұл ретте аудан әкімдігінің еңбегі зор деп білеміз. Үнемі халықтың әл-ауқатын жақсартуға күш салып келеді. Мәселен, бүгін Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев азаматтарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдауға алдын ала жазылған жиырмаға жуық азамат кірді. Олардың басым бөлігі жер, мектеп, инфрақұрылым жүйелері төңірегінде мәселе көтерді.

Солардың бірі Біртілек ауылдық округінің тұрғыны қорғанындағы электр бағанасын көшеге шығару мәселесін көтерді. Өз кезегінде аудан басшысы тұрғынның түйіткілін шешу үшін жауапты мамандарға зерделеу жұмыстарын жүргізіп, қажетті шараларды атқаруды тапсырды. Сонымен қатар аудан тұрғындарының бірі салынған жолдың жолдың сапасы бойынша өз пікірін білдірді. Бұл мәселе бойынша Ұлттық сапа орталығы арқылы зерделеу жұмыстары атқарылатын болады.

Жеке қабылдау қорытындысымен аудан әкімі тұрғындар тарапынан айтылған әр мәселе бойынша салалық орынбасарлары мен тиісті бөлім басшыларына тапсырмалар жүктеп, мәселелерді басты назарда ұстауды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You