Бүгін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Келес ауданынан арнайы барды. Іссапар барысында Біртілек ауылдық округіндегі 300 орындық мектептің құрылыс жұмыстарымен танысты. Өңір басшысы білім нысанын салу барысында сапаға баса назар аударуды атап өтті.
Отандық компаниялардың құрылыс материалдарының бағасын көтеріп жібергенін айтқан мердігерлер қосымша қаражаттың қажеттігін жеткізді. Облыс басшысы кішігірім мектеп үшін бекітілген қаражаттың жеткілікті екеніне тоқталып, құрылыс жұмыстарын кестеге сәйкес аяқтауды тапсырды.
«Жайлы мектеп» ұлттық пилоттық жобасы аясындағы құрылысты «Samruk-Kazyna» АҚ тапсырысымен «Шымкент Автоматика» ЖШС жүргізіп жатыр. Жалпы жер көлемі 2,3 гектарды алып жатыр. Өткен жылы басталған білім ошағы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны 2,6 миллиард теңгені құрайды. Құрылыс алаңында 69 адам, 5 техника жұмыс істеп тұр.
Атап өтерлік мәселе, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Түркістан облысында 2023-2025 жылдары 63 жаңа мектеп бой көтереді. Келешекте онда 49 мың бала білім алады. Салынып жатқан мектептердің саны әр өңірдің қажеттілігін әрі демографиялық ахуалын ескере отырып анықталған. Сондықтан «Жайлы мектеп» жобасы – өңірімізде мектеп тапшылығын шешуге берілген үлкен мүмкіндік.
Мемлекет басшысының бастамасы негізінде қолға алынған заманауи, жайлы мектептердің салынуы өңірдегі үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептер проблемалары шешілмек. Жуырда ғана облыс әкімі Дархан Сатыбалды аталған жоба аясындағы жұмыстарды саралау үшін жауапты мердігерлер мен жобаны үйлестіруші «Самұрық-Қазына» қоры өкілдерінің басын қосты. Мәжілісте ұлттық жобаны өңірде асырудың өзекті мәселелері жан-жақты талқыланды.
Әкім төрағалығымен өткен мәжілісте пилоттық жобаның іске асыру барысы қаралды. Өңір басшысы жауаптыларға жұмысты ширатуды тапсырды. Жұмысшы санын арттырып, құрылыс кестесін екі ауысымда жүргізуді міндеттеді. Облыс әкімі жаңа мектептердің құрылысына құрылыс материалдарын, жабдықтар мен жиһаздарды сатып алу ісіне барынша отандық өндірушілерді тарту қажеттігін айтты. Алайда құрылыс материалдарының бағасын шарықтатпауды қатаң ескертті. «Жайлы мектептерді» білікті ұстаздармен қамту аса маңызды. Бұл ретте тараптардың қатысуымен апта сайын жиналыс өткізу жоспарланды.
Пилоттық жобаның өңірде жүзеге асуын Түркістан облысының әкімі жеке бақылауына алған. Бекітілген кестеге сай 29 оқу ұясы биыл қолданысқа берілмек, олардың 19-ы есіктерін қыркүйектің бірінде айқара ашпақ. Жобаны жүзеге асырудың екінші кезеңінде, яғни 2025 жылы тағы 34 мектеп халық игілігіне тапсырылады. Бүгінгі таңда мектептердің іргесі қаланып, 11 мектептің бірінші қабаты көтерілген. Тағы 9 мектептің екінші және үшінші қабаттары көтерілген.
– Президент жүктеген тапсырманы орындау үшін жұмыла жұмыс істеген дұрыс. Осы жобаны жүзеге асыру бойынша арнайы штаб құрылып, жоспар бекітілген. Енді осы жұмыстарды сапалы жүзеге асыру керек. Білім ұяларының құрылысын уақтылы әрі талапқа сай етіп аяқтау бағытында жұмыс істеу қажет. Отандық құрылыс материалдарын пайдаланып, өз өндірушілерімізге қолдау көрсетілетін болды. Алайда әлеуметтік маңызы бар құрылыстан аса пайда табуды көздемеуге шақырамын. Бағаны шарықтатпау керек. Бұл жобаның жүзеге асуы – сіз бен бізге сын. Кәсіби мамандар жасақтауды тездетіңіздер. Ең бастысы, құрылыс мерзімінің бұзылуына ешқандай жол беруге болмайды. Осыны ұмытпайық. Сапаның ақсамауын да қадағалаңыздар, – деп атап көрсетті Дархан Сатыбалды.
Құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылатын оқу нысандары заманауи құралдармен жабдықталады. Оқу кабинеттері, санитариялық тораптары және спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылған. Оған қоса, жоғары деңгейдегі қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етілмек. Мектептердің құрылыс материалдары сыртқы және ішкі көрінісі, сәулеттік жобасы бойынша да барлық мердігерге біріңғай нұсқа берілген.
Нақтылай айтсақ, Келес ауданында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 2023-2025 жылдары 5 мектеп салу жоспарланса, былтыр 3 мектептің құрылыс жұмыстары басталды. Абай ауылы мен Ғани Мұратбаев елді мекенінде 600 орындық, ал Біртілекте 300 орындық мектептің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарлануда. Бұл жөнінде Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев 28 ақпанда өткен брифингте баяндаған болатын.
— Ауданда білім саласында 63 мемлекеттік және 3 жекеменшік мектеп бар. Қашықтықтан қатынайтын оқушыларды тасымалдауға 2023 жылы облыстық білім басқармасынан 4 үлкен және 8 шағын автобус беріліп, аудандағы 2 400 оқушыны тасымалдауда. Сонымен қатар, жаңа оқу жылынан бастап жалпы 13 577 оқушы бір реттік ыстық тамақпен қамтылса, оның 12 853-і 1-4 сыныптағы оқушылар, — деді аудан басшысы.
Аудан экономикасының негізгі күші – ауыл шаруашылығы саласы. Өңірде жалпы 26 мың гектар суармалы егіс алқаптары орналасқан. Алдыңғы қатарлы озық технологияны қолдана отырып, жылына 2-3 өнім алу бойынша биыл 320 шаруа қожалық жалпы 1 655 гектар алқапқа егіс егілген. Сондай-ақ, 2023 жылы 246,8 гектар жерге тамшылатып суару әдісі орнатылған. Сонымен қатар, ауданда «Ауыл аманаты» жобасымен 252 жобаға 1,4 млрд. теңге несие берілген.
Инфрақұрылым саласында тұрғындардың 84,2 пайызы ауыз сумен қамтылған. Сапалы электр желісіне ауданның 77,1 пайызы қол жеткізіп отыр. Ал табиғи газ 83 елді мекеннің 59-да бар.
Еске салсақ. Екі жыл ішінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында елімізде 369 мектеп салынады. Бұл туралы оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеген еді.
Министрлік ұлттық жобаны жүзеге асыру арқылы мектеп тапшылығын, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесін шешуді жоспарлап отыр.
«2024-2025 жылдары 740 мың оқушы орнына арналған 369 мектепті, оның ішінде биыл 217 мектепті (2025 жылы – 152) қолданысқа беру көзделген. Мектептер құрылысы бірыңғай стандарт бойынша жүзеге асырылып жатыр. Бұл ретте 163 мектеп (44%) ауылдық жерлерде салынады», — деді Бейсембаев Үкімет отырысында.
Ұлттық жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 2,3 триллион теңге бөлу көзделген. Былтыр «Самұрық-Қазына Констракшнге» 500 миллиард теңге аударылған. Биыл – 976,3 миллиард теңге, 2025 жыл – 909,4 миллиард теңге бағытталмақ.
Бейсембаевтың айтуынша, министрлік заманауи, эргономикалық және қауіпсіз білім беру кеңістігін құру үшін қажетті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеп, жаңа форматтағы мектептерді салуға қойылатын талаптарды бекітті.
Атап айтқанда:
* мектептерді жобалаудың нақты үлгілік тапсырмалары әзірленіп, бекітілді;
* эргономиканың талаптарына, сондай-ақ білім беру процесін ұйымдастыру кезінде оқушылар мен мұғалімдердің қажеттіліктеріне жауап беретін технологиялық жабдықтар мен жиһаздардың толық тізбесі бекітілді;
* бастауыш және жоғары сынып оқушылары үшін оқу кабинеттері, санитарлық тораптар, спорт залдары бар жеке блоктар қарастырылды;
* қазіргі заманғы техникалық құралдарды енгізу есебінен қауіпсіздік шаралары арттырылды. Жедел басқару орталығына шығатын цифрлық бейнебақылау, дабыл түймесі және дыбыстық хабарлау, есіктер мен блоктарды автоматты түрде бұғаттау, лицензияланған күзетпен қамтамасыз ету, күзет қызметкерлеріне қойылатын біліктілік талаптары күшейтілді;
* ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта құру қарастырылды;
* мектептерді заманауи пәндік кабинеттермен жабдықтау талабы енгізілді;
* оқушыларға ыңғайлы болу үшін оқу құралдары мен киімдерді сақтауға арналған жеке шкафтар, қосымша гардероб қарастырылды.
Сондай-ақ, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасы аясында пайдалануға берілетін мектептерді алдағы 3 жылда, яғни, 2025-2027 ұстап тұруға қажетті қаржы көлемі облыстық білім басқармасы тарапынан есептелуде. Бұл бағыттағы қаржыларға да министрлік қолдау білдіретін болады.
Тиісті есептеулер министрлікке ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында ұсынылуы тиіс, бұл бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Сонымен қатар, білім басқармасы тарапынан аталған мектептерде ашылатын жаңа штат бірліктері мен оқушылар қозғалысы есептелді.
2024 жылы пайдалануға берілетін 29 мектептің 21-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 800 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 223.
Тарқата айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 5200 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 4 мектеп, 3000 оқушы орын;
Жетісай – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Шардара – 1 мектеп, 1200 оқушы орын;
Бәйдібек – 1 мектеп, 300 оқушы орын;
Келес – 3 мектеп, 1500 оқушы орын;
Сайрам – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Отырар – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Төлеби – 3 мектеп, 1800 оқушы орын.
2025 жылы пайдалануға берілетін 34 мектептің 22-і жаңа мектеп ретінде ашылатын болады, жалпы қуаттылығы – 17 700 орындық. Қосымша қажетті педагог кадрлар құрамы – 2 558.
Дәлірек айтсақ:
Түркістан – 3 мектеп, 3000 оқушы орын;
Арыс – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Сарыағаш – 1 мектеп, 1500 оқушы орын;
Жетісай – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Кентау – 2 мектеп, 2400 оқушы орын;
Қазығұрт – 1 мектеп, 600 оқушы орын;
Келес – 2 мектеп, 600 оқушы орын;
Сайрам – 2 мектеп, 1200 оқушы орын;
Мақтаарал – 2 мектеп, 1800 оқушы орын;
Ордабасы – 4 мектеп, 3900 оқушы орын;
Түлкібас – 2 мектеп, 900 оқушы орын.
Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» Ұлттық пилоттық жобасына енген мектептердің директоры бос тұрған лауазымдарына директор тағайындау кезіңде «Білім берудегі 1000 көшбасшы» кадр резервіне енген педагогтарды тағайындауға басымдық берілетін болады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.