Түркістан облысы: Келес ауданының Бозай ауылында ортақ жайылым жер аумағы 10 050 гектарға ұлғайды

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесіп жатыр. Белгіленген кестеге сәйкес Бозай ауылдық округіне барған аудан басшысы жергілікті тұрғындардың сұрағына жауап берді.

— Жыл басында өздеріңізбен кездесіп, маңызды мәселелер көтерілген болатын. Атап айтсам, Бозай ауылдық округі Бозай-Тентексай елді мекендерін табиғи газбен қамту мәселесі бойынша Сарыағаш ауданына қарасты Әлімтау ауылдық округінен автоматтандырылған газ тарату стансасы (АГТС) құрылысы жоспарлаған болатын, бірақ бүгінгі күнде АГТС құрылысы үшін үлкен қаржы талап етіліп отыр, сол себепті Шардара ауданынан Жамбыл және Бозай ауылдық округтеріне газ магистралін тарту жоспары да қосымша қаралып жатыр. Бозай елді мекенін ашық спорт алаңшасын салуға жер телімі белгіленіп, мемлекеттік актісі алынған. Өткен жолы келгенде көріп, танысып көз жеткіздім, онда ауыл жастары бірігіп, жабық спорт алаңын салып жатыр екен. Ашық спорт алаңшасының іс-құжаттары дайын, аудан бойынша кезегімен істеп отырмыз. Ал Тентексай елді мекеніндегі №58 Ы.Алтынсарин мектебіне қосалқы ғимарат құрылысын жүргізу ауданда салынатын алты мектептің бірі болып жоспарға енгізілген. Бұл бойынша жұмыстар жүргізіліп, менің бақылауымда тұр, — деген аудан басшысы көтерілген мәселелерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде екенін атап өтті.

Тұрғындарды алаңдатқан мәселелердің бірі жайылым жер болатын. Бозай ауылдық округі бойынша жайылым жерлерді мақсатына сай пайдаланбай жатқан жерлерді ауданының арнайы жер қорына қайтару бағытында нақты шаралар атқарылып, бүгінгі күнде округ бойынша ортақ жайылым аумағы 10 050 гектарға ұлғайтылды. Қосымша меморандуммен 250,0 мың гектарға келісімшарттар түзілген.

Бұдан бөлек Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев аудан орталығынан шалғайда орналасқан Жамбыл ауылдық округінде болып, ондағы атқарылып жатқан жұмыстарды бағамдады. Тұрғындар көтерген мәселелердің шешілу бағытындағы жұмыстар көзден кешіріп, алдағы жоспарларды пысықтады. Аудан басшысының жамбылдықтармен өткен кездесуінде көтерілген маңызды мәселелердің бірі — Жамбыл ауылдық округінің Бекбота және Ащыкөл ауылдарын жалғайтын 9,7 шақырымдық аудандық маңызы бар автожолға жөндеу жұмыстарын жүргізу болатын.

Бүгінгі таңда тұрғындар сұранысы қанағаттандырылып, аталған жол құрылысы аяқталды. Салынған жолдың сапасын бақылау мақсатында аудан әкімі Жәнібек Есенұлы арнайы барып, жол белгілері мен сызықтарын тездетіп аяқтау қажет екенін айтты. Сонымен қатар Бекбота ауылындағы №61 Абай атындағы мектеп ғимаратына барып, жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша қажетті шараларды атқаруға тапсырма берді.

Сонымен қатар аудан әкімінің Жамбыл ауылдық округіне жасаған сапары жергілікті тұрғындармен кездесумен жалғасты. Кездесу барысында аудан әкімі тиісті бөлім, мекеме басшыларымен бірге сұрақтарға жауап берді. Сондай-ақ, орындалуы тиіс мәселелерді бақылауға алып, жұмыс жүргізу үшін тиісті мамандарға тапсырмалар берді. Жергілікті тұрғындар көтерген мәселелерге жауап берген Жәнібек Есенұлы бюджеттің мүмкіндігіне қарай, кезең-кезеңімен шешілетінін тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиын соңында азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, арыз шағымдарын тыңдай келе, өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастырды.

Тағы бір атап өтер жайт, Келес ауданының Бірлік ауылдық округіндегі 4 елді мекенге газ тарту бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі таңда елді мекендердің ішкі жүйелерінің құжаттары әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан қайта қорытынды алынды. Жеткізуші магистрал газ құбыры «Абай» АГРС-тен тартылатын болып шешілді. Жеткізуші магистрал құбырының мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған соң, құрылыс жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы бөлдіру ұсынылады. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлік ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығын іске асыру аясында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев ауылдық елді мекендерге барып, жергілікті тұрғындармен кездесуде. Бірлік ауылдық округінде өткен кездесуде аудан басшысы алдымен өткен есептік кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталып, олардың шешілуі деңгейін баяндады.

— Жергілікті тұрғындар көтерген мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі Үшағаш ауылына 150 орындық бастауыш мектеп құрылысын салу мәселесі. Бүгінгі таңда жобалық сметалық құжаттары қайта әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға қорытынды алуға өткізілді. Қорытынды алынған соң, облыстық салалық басқармаға құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттік өтінім ұсынылатын болады. Сонымен қатар Қосөткел, Ащысай, Мәдениет, Құрөзек елді мекендерінің тұрғындарын салалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында «Кешенді блок модуль» орнату жұмыстары атқарылуда, — деді аудан әкімі Жәнібек Есенұлы.

Аудан әкімі кездесу барысында Бірлік ауылдық округі аумағындағы елді мекендерді дамыту бағытындағы шараларға кеңінен тоқталып өтті. Кездесу соңынан жеке мәселелер бойынша келген тұрғындарды қабылдады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.