
Келес ауданының Бірлесу ауылдық округі аумағын абаттандыру, тұрғындарға қолайлы жағдай жасау мақсатында сапалы инфрақұрылыммен қамту, ауыл шаруашылығы саласында тың технологияларды жүзеге асыру сынды шаралар атқарылуда. Сонымен қатар тұрғындар сұранысын қанағаттандыру басты мақсат болып тұр. Жергілікті тұрғындар көтерген мәселенің бірі — ауылдық округі аумағынан дәрігерлік емхана салу болатын. Бұл мәселені аудан басшысымен өткен кездесуде бірлесуліктер көтерген еді. Бүгінгі таңда 28 гвардия елді мекенінен фельдшерлік-акушерлік тірек құрылысын жүргізу үшін арнайы 0,50 гектар жер ажыратылып, толықтай құжаттандырылды. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Бірлесу ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде мәлімдеді.
— Қазіргі таңда «Абай Келес аудандық ауруханасы» МКК тарапынан 28 гвардия елді мекені аумағынан дәрігерлік емхана құрылысы үшін мемлекеттік актісі алынып, сәулет жоспарлау тапсырмасы дайындалды. Мәселе толық шешімін тапқанша өз бақылауымда болады. Сонымен қатар таяу күндері Бірлесу ауылдық округіндегі кезек күттірмейтін мәселе — ішкі каналдар мен қашыртқылар «Тұран Су» мекемесі тарапынан механикалық тазалаудан өткізілетін болады, — аудан әкімі.
Тұрғындармен кездесуге аудан әкімімен бірге аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, дербес бөлім басшылары, құрылымдық бөлімдер мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Тұрғындар көтерген мәселелерді шешу мақсатында арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі жұмыстар жүргізілмек.
Сонымен қатар осы күні Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Жүзімдік ауылдық округіне келіп, жергілікті тұрғындармен кездесті. Аудан басшысымен бірге кездесуге аудандық мәслихаттың төрағасы Нұржан Шаулиев, дербес бөлім басшылары мен мекеме басшылары және құқық қорғау органдарының өкілдері қатысты. Аудан әкімі алдымен өткен кездесуде көтерілген мәселелердің шешілу барысымен бөлісіп, алдағы жоспарларды атап өтті.
— Сіздерге осы кездесуге өз уақыттарыңызды бөліп келгендеріңізге алғыс айтамын. Жыл басында сіздермен есепті кездесу өткен болатын. Сол кезде маңызды мәселелер көтеріліп, түйіткілдерді шешу бойыша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Солардың бірі Жүзімдік елді мекеніне 149 орындық мәдениет үйі салу үшін жобалық-сметалық құжаттары қайта әзірленіп («корректировка» жұмыстары жүргізілді), мемлекеттік сараптаманың қорытындысы алынды. Құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізу үшін облыстық салалық басқармаға бюджеттік өтінім ұсынылды. Құрылыс жұмыстары 2024-2025 жылдары жүргізілетін болады, — деді аудан басшысы.
Сонымен қатар өткен кездесу барысында ауылдық округі аумағынан дәрігерлік амбулатория салу, инфрақұрылым жүйелерін жүргізу, жаңарту бағытында мәселелер көтерілген болатын. Жүзімдік елді мекеніне дәрігерлік амбулатория құрылысын жүргізу үшін 0,50 гектар жер телімі қарастырылып, мемлекеттік акт құжаттары рәсімделді. Қазіргі таңда «Абай» Келес аудандық ауруханасы тарапынан сәулет-жоспарлау тапсырмасы әзірленуде. Сонымен қатар Жүзімдік елді мекеннің ауыз суын теңгерімге өткізу бойынша Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан облыс бойынша бірыңғай су беру мемлекеттік коммуналдық кәсіпорыны құрылу үстінде. Ал Жүзімдік елді мекенінің ішкі көшелерін орта жөндеу бойынша қолданыстағы заң өзгеруіне байланысты сметалық құжаттар қайта дайындалып, ведомоствалық сараптамаға қайта ұсынылды. Ақсу елді мекенінде шағал жол төсеу жұмыстары ағымдағы жылдың жоспарына енгізілген. Жыл соңына дейін шағал жол төсеу жұмыстары жүргізілетін болады.
Іс-шарадағы қалған мәселелерді шешу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Кейбір мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыруға қосымша уақыт талап етіп отыр. Кездесу барысында тұрғындар елді мекендердің санитарлық-тазалығы, басталған инфрақұрылым жұмыстарын тездетіп аяқтау және әлеуметтік мәселелерді көтеріп, аудан басшысынан тиісті жауаптарын алды. Кездесу соңынан жеке мәселелері бойынша келген тұрғындары қабылдаған аудан әкімі олардың түйіткілдерін шешу бағытында қажетті шараларды қабылдап, орындалуын өз бақылауына алды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.