Бүгін Келес ауданы білім бөліміне қарасты 63 білім беру ұйымында «Мектебім, саған мың алғыс!» мектеп бітірушілер іс-шарасы ұйымдастырылды.
Мектеп бітірушілер іс-шарасы ата-аналар мен қамқоршылық кеңес мүшелерінің, ардагер ұстаздардың қатысуымен өтті. Жалпы, 2000-нан аса бітіруші түлек үлкен өмір жолына қадам басқалы отыр, оның ішінде 89 оқушы — “Алтын белгі” төсбелгісіне және 144 оқушы — “Үздік аттестатқа” үміткер.
11-сыныптар үшін мемлекеттік емтихан 28 мамыр — 11 маусым аралығында өтеді. Аттестаттарды салтанатты табыстау ағымдағы жылдың 12-15 маусым аралығына жоспарланған.
Сонымен қатар, 27-31 мамыр аралығында білім беру ұйымдарында “Жазғы мектеп” жұмыстары жүргізіледі. Еске салайық, облыстық білім басқармасының мәліметіне сүйенсек, биыл Түркістан облысында 45 мыңнан астам бала әлеуметтік жағдайына байланысты бюджет есебінен жазғы сауықтыру лагерьлерінде демалады. Жалпы жаз мезгілінде облыс бойынша 22 сауықтыру лагері (оның 7-і мемлекеттік, 15-і жекеменшік) қызмет көрсетеді. Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыруда арнайы дайындықтан өткен 14 444 педагог қызметкер жұмыс істейтін болады. Сонымен қатар, жоғары оқу орындары мен жастар орталықтарынан 95 волонтер, 80 облыстық колледж студенті практикаға тартылады. 20 мыңнан аса бала ата-аналар есебінен ақылы демалады. «Қазақстан Халқына» Қоры есебінен өңірдегі 2 лагерьде 3421 бала Түлкібас (2000 бала), Төлеби аудандарының (1421 бала) лагерлерінде демалады деп күтілуде, бұл 0,8% құрайды.
Сонымен бірге, мектеп жанында 5 күннен шатырлы және киіз үйлердің жұмысы Оқу-ағарту министрлігінің берген нұсқаулықтарының негізінде ұйымдастырлады. Оған 10 000 оқушы қамтылатын болады, қаржыландыру жергілікті бюджет есебінен төленеді.
Бүгінгі күні осы лагерьлердің жұмысын қызықты өткізу үшін «Үздік жаздық бағдарлама» байқауы жоспарлануда.
Таулы аймақтарда маусым айында күннің суықтығына байланысты шатырлы және этнолагерьлер жұмыстары шілде айында басталып, тамыз айының 23-іне аяқталады деп жоспарланды.
Бұған қоса, 350 мектепте 1 мезгілгі тамақпен ұйымдастырылатын мектеп жанындағы лагерьлер жұмыстарын жүргізеді.Түркістан облысы бойынша 1-5-ші сынып оқушыларының жалпы саны — 256 197. Облыс бойынша барлығы 1-10-шы сыныптарда 467 766 оқушы бар, оның ішінде 366 123 (78,1) оқушыны қамту жоспарлануда. Осы мақсатта барлығы 2 259 1 теңге қарастырылуда (оның ішінде бюджеттен — 1 826,9 миллион теңге, 12,5 миллион теңге — демеушілер тарапынан, 426,7 миллион теңге — ата-аналар есебінен).
Қала сыртындағы лагерьлердегі ауысымдар 1-5 маусым аралығында басталып, 5-10-шы сынып оқушылары қамтылады. Онда әлеуметтік жағдайына байланысты 35 482 бала — бюджет есебінен. Маусымдық лагерьлерде жолдама құны 59 594 мың теңгені құрайды, әр ауысымның ұзақтығы — 10 күн.
Облыста жазғы маусымда барлық мектептерде спорттық командалар жасақталып, спорттық ойындар мен жарыстар, спартакиадалар, үйірме жұмыстары ұйымдастырылып, жасөспірімдердің Отанына, туған еліне деген сүйіспеншілігін оятып, патриоттық тәрбие беру мақсатында тарихи орындар – Түркістан, Отырар, Сайрам, Бәйдібек аудан-қалалары мен ондағы мұражайларға бару және туристік шерулер мен саяхаттар ұйымдастырып, оған 41 000 оқушы барады деп жоспарлануда.
Жоғарыда аталған іс-шаралар барысында мониторинг жасап, жұмыстарды бақылауға алу мақсатында барлық құқық қорғау мен құзырлы сала өкілдерінен облыста жұмыс штабы құрылды.
«Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі» — деген Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев бітіруші түлектерді құттықтады.
«Бүгін мектеп түлектері үшін ең маңызды күн. Келес ауданында 2 мыңнан аса мектеп түлегі үлкен өмірге қанат қақты. Соның ішінде 89 түлек – «Алтын белгі» иегері, 144 оқушы оқу озаты атануға үміткер. Барша жас түлектерді еліміздің білікті де білімді маманы атануларыңызға тілектеспін.
Келес ауданында биыл 3 білім ошағы «Жайлы мектеп» пилоттық жобасы аясында пайдалануға беріледі. Тағы екі мектептің құрылысы аталған бағдарлама шеңберінде басталады. Сонымен қатар халық санының артуына байланысты Жиделі және Көгерту ауылдарында жаңа білім нысандары ел игілігіне табысталмақ. Бұл жобалардың мақсаты — жас ұрпақ тәрбиесіне, білім беру ісіне айрықша назар аударылып, Сіздердің сапалы да заманауи білім алып, үлкен азамат болуларыңыз үшін барынша жағдай жасау болып табылады.
Осы орайда егемен еліміздің айбынын асқақтатар, үкілі үмітін ақтар жалынды жастардың қатары көбейе берсін дегім келеді. Күннен күнге көркейіп өсіп келе жатқан еліміз сияқты сендер де кең байтақ Отанымыздың түкпір-түкпірінде, алыс жақын шет елдерде де еліміздің атын жақсы баянды істеріңмен, терең білімдеріңмен шығара беріңдер.
Құрметті түлектер! Өмірлеріңіздің жаңа парағын ашқалы тұрсыздар. Білім көкжиегін кеңейтуге мүмкіндік көп. Қай мамандықты таңдасаңыз да, сол мамандықтың білгір маманы болып шығуға тырысыңыздар. Табандылық – арман мен мақсатыңа апарар алғашқы қадамың. Оқушының жетістігі – ұстаздың абыройы, еңбегінің нәтижесі. Сондықтан құрметті түлектер, жарқын болашақтың кілті Сіздердің қолдарыңызда. Үлкен өмірге басқан қадамдарыңызға сәттілік тілеймін! Ақ жол болсын!» — деді ізгі тілегін білдірген аудан басшысы.
Айта өтер тағы бір жайт, бүгін Келес ауданының №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде түлектер кездесуі өтті. Кездесуге білім ордасын 1974 жылы бітірген түлектер қатысты. 50 жылдық мектеп бітіру кешін мектеп қабырғасынан бастады. 50 жылдық түлектерге мектеп оқушылары концерт ұйымдастырып өткізді. Түлектер арасында елімізге еңбегі сіңген азаматтар көп дейді мектеп директоры.
— Қазіргі таңда зейнеткер атанып отырған отырған түлектердің ішіндегі Ерланқызы Салтанат медицина ғылымының докторы профессор, Әбдісаттар Әліп журналист, ақын ,аудармашы болып жұмыс атқарған. Бауыржан Шертаев «Бауыржан Момышұлының Батыр шапағаты»медалімен марапатталған. Кездесу кешінде түлектер өздерінің математика және әдебиет пәні мұғалімдеріне Қазақстан Республикасының Парламент Депутаты Темір Қырықбаевтың атынан «Алғыс хат» табыстады. Кездесудің өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні зор, — дейді Гүлжамал Былхиева.
Айта кету керек, №25 С.Сейфуллин атындағы жалпы орта білім беретін мектебінде бүгінгі күні 800-ден аса оқушы білім алады.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.