Түркістан облысы: Келес ауданының Ұшқын ауылындағы шекараның бейтарап аймағындағы каналдар тазаланып жатыр

Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен жыл басында кездескен болатын. Сол кездесуде тұрғындар Өзбекстан Республикасынан бастау алатын В-15 және В-24 ағын су каналдары мен шекараның бейтарап аймағын механикалық тазалаудан өткізу мәселесі көтерілген болатын. Бүгінгі таңға қажетті қаржы қарастырылып, бұл каналдар тазалану үстінде. Тұрғындар көтерген мәселелер бойынша арнайы іс-шара жоспары істеліп, жүйелі шаралар атқарылып жатыр.

Аудан әкімі Жәнібек Есенұлы бекітілген кестеге сәйкес Ұшқын ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті. Алдымен кездесу барысында өткен жиында көтерілген түйіткілдердің шешім жолына тоқталған аудан басшысы алдағы міндеттерге тоқталып өтті.

— Тұрғындар көтерген мәселелерді шешу — біздің басты міндетіміз. Сіздер қозғаған мәселенің бірі Ұшқын елді мекеніндегі ауыз су алаңшасын жаңарту болатын. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстары жүргізілді. Тиісті қаржысын бөлдіруге жергілікті бюджетке ұсыныс берілген. Сонымен қатар, Достық елді мекеніндегі ауыз су ұңғымасының насосын ауыстыру бойынша, қазіргі таңда қаржы қарастырылып, мемлекеттік сатып алу жүргізіліп, жеңімпаз анықталды. Алдағы аптада ауыз су ұңғымасының насосы ауыстырылатын болады. Ал Достық және Қоралас елді мекендеріне табиғи газ тарту бойынша көтерген мәселе бойынша жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, қаржы қарастыруға ұсыныс берілді. Бүгінгі таңда республикалық бюджеттік комиссияда қаралуда, — деді аудан әкімі.

Иә, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды көктемгі дала жұмыстарын тиімді ұйымдастыру және шаруаларды ағын сумен қамту бағытында тиісті мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеген. Соның ішінде, облыс басшысы «Тұран су» мекемесі мен аудан, қала әкімдіктеріне шаруааралық каналдарды механикалық тазалау жұмыстарына қажетті техникаларды жұмылдырып, маңызды істі бірлесе атқаруды жіті тапсырған еді. Осыған орай, Келес ауданында су арналарын тазалау жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. «Облыс басшысының бастамасы, аудан әкімінің нақты тапсырмасымен Келес ауданындағы ағын су жүйелеріне зерделеу жүргізе келе механикалық тазалауды қажет ететін аумақты тазалау жұмыстары басталды. «ҚазСуШар» РМК мекемесі өз теңгеріміндегі В-15, В-24 және Аққойлы каналдарының 12 шақырымын тазалауды бастап кетті. Жоспарлы жұмыстар жалғасатын болады», — дейді аудандық су шаруашылығы мекемесінің директоры Жасұлан Қылышбаев. Жалпы, Келес ауданында коммуналдық меншіктегі ұзындығы 157 шақырымды құрайтын каналдар механикалық тазалаудан өткізіледі. Бұл жұмыстар су беру маусымында өз тиімділігін көрсетіп, егістікке баратын ағын су шығынын азайтуға мол септігін тигізбек. Айта кетейік, бүгінде Келес ауданы бойынша жалпы 148 канал, 144 қашыртқы бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

Негізі биыл Келес ауданы аумағында жалпы жалпы ұзындығы 270,3 шақырымды құрайтын 75 канал мен қашыртқыларды ағымдағы жөндеу және механикалық тазалау жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық сметалық құжаттары әзірленіп, Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасына ұсынылды. Сонымен қатар, аудан аумағында орналасқан жалпы ұзындығы 127,9 шақырымды құрайтын 10 каналды күрделі жөндеуден өткізу мақсатында қажетті шаралар атқарылу үстінде.

Ағын су жүйесін дамыту бойынша 2019 жылы аудан бойынша нақты 39 канал және қашыртқының 120 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары атқарылған болса, 2020 жылы 19 канал және қашыртқының 91,9 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалау жұмыстары жүргізілген. Ал өткен жылы 32 канал және қашыртқының 101,2 шақырым аумағы ағымдағы жөндеуден және механикалық тазалаудан өтті.

Жалпы, Келес ауданы бойынша 26 314 гектар суармалы жер бар. Оның 2 922 гектары Солтүстік Ташкент Каналы арқылы суландырылса, ВТК каналы арқылы – 1 020 гектары ағын су ішеді. Сонымен қатар, Ащынау Алпамыс батыр каналы арқылы – 921 гектар, Шошым каналы арқылы – 1 170 гектар, Аққойлы каналынан – 816 гектар, Ошақты каналы арқылы – 10 066 гектар жерлер ағын сумен қамтылады. Аудан бойынша ұзындығы 657,6 шақырымды құрайтын 148 дана канал және ұзындығы 393,6 шақырым болатын 144 дана қашыртқылар бар. Барлық су жүйелерінің ұзындығы 1051,2 шақырымды құрайды.

Айта өтейік, ауданның су қоры жер беті мен жер асты суларынан тұрады. Келес ауданы аумағындағы су жүйелерінің жалпы саны 147 дана, ұзындығы 641,3 шақырым, су қорғау белдеуі 834,75 га, қашыртқылар 144 бірлік, ұзындығы 393,6 шақырым, су қорғау белдеуі 593,6 га. Ағын су жүйелері арқылы аудандағы суармалы жерлер ағын сумен қамтамасыз етіледі. Келес ауданы арқылы Келес және Құркелес өзендері ағып өтеді.

Келес өзені ұзындығы — 241 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 55 шақырымы өтеді. Қаржантаудың батыс беткейімен Қазығұрт тауынан бастау алады да, Шардара су бөгеніне келіп құяды. Келес өзеніне 10 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны 6, бөгеттердің жалпы саны 6. Келес өзені арқылы 30 мың гектар егістік жер суландырылады.

Құркелес өзені ұзындығы — 95 шақырым, оның ішінде аудан аумағынан 83 шақырымы өтеді. Сарыағаш ауданы Құркелес ауылдық округі аумағынан бастау алады да, Тегісшіл ауылдық округі, Келес ауданы аумағынан Біртілек, Ошақты, және Бірлік ауылдық округтерін қиып өтіп Сырдария өзеніне құяды. Құркелес өзеніне 8 шақты су тармақтары құяды. Өзенге іргелес орналасқан ауылдық округтерінің саны — 5. Құркелес өзені арқылы 18 мың гектар егістік жер суландырылады.

Егін шаруашылығы Келес және Құркелес өзендері аңғарларында және өзендер арасындағы жазықты суайырықта жақсы дамыған. Сондай-ақ аудан аумағында Шошым, Ошақты, Бесабдал, Оймауыт, Боз су, Ащысай сияқты ірі каналдар және Ақылбексай су қоймасы бар. Осы каналдар арқылы егістік жерлер сумен қамтылады.

 

Кездесуге аудан әкімімен қатар аудандық мәслихаттың депутаттары, аудан әкімі аппаратының бөлімше басшылары, дербес және құрылымдық бөлімдердің басшылары қатысты. Тұрғындар бұл жолғы кездесуде каналдарды механикалық тазалау, көпірлерді реттеу, әлеуметтік ғимараттарды жөндеуден өткізу бағытында өз сұрақтарын жолдады. Көтерілген мәселелер бойынша арнайы хаттамалық тапсырма түзіліп, орындалуы бақылауға қойылды.

Сонымен қатар аудан басшысы Келес ауданының Алпамыс батыр ауылдық округінде де болды. Ауыл аумағында жалпы 33,85 шақырым автомобиль жолдары бар. Облыстық маңызы бар – 5,9 шақырым, ішкі көшелер 27,95 шақырымды құрайды. Биыл Қауыншы елді мекеніндегі Т.Тәжібаев көшесіне – 1200 метр асфальт төсеу үшін мемлекеттік сатып алу порталында конкурсқа қойылған. Қажымұқан, Мұсабек батыр, Мұғалімдер көшелеріне шағал тас төсеу жоспарлануда. Ал Ақжол елді мекенінің ішкі көшелерін орта жөндеуден өткізу үшін мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, облыстық тиісті басқармаға қаржы қарастыру үшін ұсыныс берілді. Жоспарлы жұмыстар биыл жүзеге аспақ. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Алпамыс батыр ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуінде атап өтті.

— Бүгін Алпамыс батыр ауылдық округіне өздеріңізбен жүздесіп, маңызды мәселелерді бірге талқылау үшін арнайы келіп отырмыз. Ағымдағы жылдың 2 наурыз күні Сіздермен есептік кездесу өткізген болатынмын. Сол кездесуде маңызды 6 мәселесі көтерілген. Сол мәселелерді шешу бойынша арнайы іс-шара жоспары жасалып, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап өтсем, жергілікті тұрғындардың сұранысы негізінде Ақжол елді мекені М.Әуезов көшесінің бойынан спорт алаңшасының құрылысы жүргізілді, ағымдағы жылдың маусым айында пайдалануға берілу жоспарлануда. Сонымен қатар, Ақжол елді мекені Абай көшесіне ағымдағы жылдың мамыр айында жалпы ұзындығы 1,4 шақырым асфальт төсеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді. Ал аталған көшедегі гүлзарға қосымша орындықтар орнатылды және гүлзарларға қосымша қоршау орнатылатын болады, — деді Жәнібек Есенұлы.

Кездесу барысында ауылдық амбулатория, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы саласындағы несиелендіру, заңсыз салынған нысандар, ағын су сынды мәселелер көтерілді. Тұрғындар сұрағына жауап берген аудан басшысы келесі жылы ауылда дәрігерлік амбулатория құрылысы жүргізілетінін, ондағы коммуникация жүйелері толығымен жаңартылатынын атап өтті. Сонымен бірге салынатын инфрақұрылым жүйелерінің сапасы қатаң бақылауда болатынын жеткізді.

Ал Келес ауданының Қошқарата ауылдық округінде биыл 300 орындық білім ошағы пайдалануға беріледі. Бесқұбыр елді мекеніндегі С.Сейфуллин орта мектебіне қосымша салынып жатқан асхана, спорт зал және оқу корпусының құрылысы өткен жылы бастау алған. Құрылыс жұмыстары «Қаратау ЛТД» ЖШС тарапынан жүргізілуде. Сонымен қатар, Бесқұбыр елді мекеніндегі өзекті мәселелерді шешу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, Спорт алаңшасының құрылысын кестеге сәйкес аяқтау бойынша келісілген схемалары сызылып, ауданның тиісті бөлімі эскиздерін сызуда. Спорт алаңшасына баратын жолға асфальт салу, маңын абаттандыру бойынша ауданның тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне ұсыныс беріліп, жұмыстар жүргізілуде. Бесқұбыр елді мекеніндегі емхана құрылысы бойынша қазіргі таңда 1 Мамыр жалпы орта мектебінің ескі ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, емхана қызметкерлері сол ғимаратқа көшірілді. Әкімшілік ғимаратының құрылысының келісілген схемасы сызылып, ауданның тиісті бөліміне ұсыныс берілді. Қазіргі таңда сәулет-жоспарлау әзірлеу мақсатында эскиздері сызылуда. Үлкен стадион құрылысына эскизды жоба жасау бойынша келісілген схемасы сызылып, ауданның құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөліміне ұсыныс берілді. Бұл туралы Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев Қошқарата ауылдық округінің тұрғындарымен өткен кездесуінде мәлімдеді.

— Қошқарата ауылдық округі ауданымыздағы даму перспективасы жақсы қалыптасқан ірі өңірлердің бірі болып табылады. Өткен кездесуде өздеріңіз тараптан көтерілген мәселелер жөнінде іс-шара жоспары бекітіліп, жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бәйтерек елді мекеніндегі Жеңіс және М.Алтыбаев көшелерінің орта жөндеу жұмыстары қатаң бақылауға алынып (5,5 км) «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында жұмыстар жүргізіліп, ағымдағы жылы іске асырылатын болады. Бәйтерек елді мекеніндегі медициналық пункт құырылысы бойынша жері анықталып, ауыл әкімінің шешімі шығарылды. Газ, жарық, су мекемелерінен техникалық шарт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жамбыл-2 елді мекенінде медициналық пункт құрылысы бойынша жері анықталып, ауыл әкімінің шешімі шығарылды. Газ, свет, су мекемелерінен техникалық шарт алу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Мәдениет үйінің құрылысын мердігер «Векстрой» ЖШС-і жүргізуде. Ағымдағы жылдың шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, ауылдық округінің 9 ауылы биыл толық табиғи газбен қамтылады, — деді аудан әкімі.

Кездесу барысында тұрғындар инфрақұрылым жүйелері, жайылым жер, несиелендіру жөнінде өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, тиісті жауаптарын алды. Жеке мәселелер бойынша келген тұрғындарды қабылдап, олардың түйіткілдерін шешу бағытында тапсырмалар берді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.