Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды аудан, қала әкімдері, басқармалар бюджет қаржысын игерумен ғана емес, тың жобалар, инвестиция тарту мәселесімен жүйелі шұғылданулары қажеттігіне тоқталып, жаңа кәсіпорындар ашу қажеттігін айтқан болатын. Берілген тапсырма аясында Келес, Мақтаарал, Шардара, Сарыағаш және Жетісай аудандарының әкімдері көрші Өзбекстан Республикасына іссапармен аттанды.
Ондағы мақсат — тәжірибе алмасу, зауыттар мен фабрикалар ашу және инвестиция тарту болып табылады. Делегация құрамында Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Мадияр Әшірбаев және Келес ауданының бизнес өкілдері де бар.
— Өзбекстан Республикасының Сырдария облысында 190 гектар аумақта орналасқан «Пег Ченг» компаниясының зауыттарымен және мақта алаңымен таныстық. Сонымен қатар, тері илейтін зауыт пен әйелдерге арналған аяқ киім зауытының жұмысын көзден кешірдік. Кәсіпорын иелерімен тәжірибе алмасып, іскерлік қарым-қатынас жасауға уағдыластық. Сапар барысында мәрмәр тастан әр түрлі бұйымдар жасайтын зауыт пен сантехника бұйымдарын жасайтын кәсіпорындардың да жұмысын қарап шықтық. Көрші елдің кәсіпкерлерінен үйренеріміз көп. Алдағы уақытта осы секілді кәсіпорындарды ауданымыздан ашуға күш салатын боламыз, — деді Келес ауданының әкімі Жәнібек Есенұлы.
Түркістан облысынан шыққан делегация 300-ден астам кәсіпорынды аралауы жоспарланған. Сапар барысында келестік кәсіпкерлер көрші елдің әлеуетін, тәжірибесін пайдалану арқылы өңірімізде кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуді мақсат етіп отыр.
Айта кету керек, Келес ауданының халқы өте еңбекқор. Мәселен, еңбегімен халық алғысын арқалап жүрген Жайлау Өсеров 17 жасынан трактор айдап келеді. Мектепті үздік аяқтағаннан кейін аудандағы училищеде механик-тракторист мамандығын оқып алып совхозға жұмысқа орналасқан.
— Ең алғаш «ДТ-20» маркалы деген трактор айдадым, кейін «ДТ-24» деген трактор шықты. Қазір айдап жүрген тракторым тәуелсіздікпен төлдей құрдас. Бұл көлігімді 1990 жылдары үлкен ұлым сыйлаған. Содан бері, міне, 30 жылдан бері айдап келемін, — дейді Жайлау ата.
Тракторист атамыздың аяулы жары Оразкүл Өсерова да кезінде трактор айдаған. 55 жылдан бері отандасқан жарымен 7 перзент сүйіп отырған ата трактор айдауды ермек еткен. Қазір 40 сотық жерге жоңышқа егіп, үйдегі 30 шақты қойды өсіруде.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.