Түркістан облысындағы Келес ауданының шарулары ерте көктемде еккен өнімдерін жинап жатыр. Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Бозай және Жамбыл ауылдық округтерінде 500 гектарға жуық ерте пісетін қарбыз өнімдері егіліп, бүгінгі таңда диқандар алғашқы өнімдерін сатылымға шығаруда.
– Қарбыз өнімін бірнеше жылдан бері егіп, пайдасын көріп келеміз. Биыл қарбыздың бірнеше түрін егіп, 1 гектар алқаптан 40-45 тонна өнім алудамыз. Еккен өнімімізге сұраныс жоғары. Себебі Сырдария өзенінің жағалауындағы құмды топыраққа өскен қарбыздың дәмі тіл үйіреді, – дейді «Жамбыл» өндірістік кооперативінің төрағасы Маханбет Қасымбеков.
Аталған кооперативте 20 отбасы бірігіп, бақша өнімін егіп, өндірген өнімдерін Ресейге экспорттауда. Сонымен бірге Астана, Алматы, Шымкент сынды ірі қалаларға сатуда. Айта кетейік, биыл Келес ауданында жалпы бақша дақылы 1864 гектарға егілсе, оның ішінде 682 гектарына қауын, ал 1182 гектар аумаққа қарбыз егілді.
Сонымен қатар Түркістан облысындағы Шардара ауданының диқандары мен кәсіпкерлері де қарбыздың биылғы алғашқы түсімін жинап, нарыққа шығарды.
Қазіргі таңға дейін аудан диқандары 1130 тонна бақша өнімін Қазақстан аумағынан бөлек Ресей, Моңғолия және өзге де ТМД елдерінің нарығына экспортқа жіберді. Оның ішінде ішкі нарыққа 7570 тонна өнім шығарылды.
Сондай-ақ өз еліміздің өзге өңірлеріне аталмыш бақша өнімін экспорттау қарқынды жалғасуда.
Бүгінде тұтынушылар мен кәсіпкерлер қарбызды егістік алқабының басынан бір келісін 50-55 теңге аралығында сатып алуда. Диқандар алдағы уақытта экспорт көлемі арта түсетінін айтады. Шардара ауданында қарбыз қоры мол.
Айта кетейік, биыл ауданда 9227 гектарға жуық бақша алқабы егіліп, одан 240 мың тоннадан астам өнім жинау күтіліп отыр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.