Кентаудағы Хантағы ауылына қарасты «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы маңайында экологиялық мәдениетті қалыптастыру мақсатында кезекті тазалық шарасы ұйымдастырылды.
Тазалық барысында экобелсенділер аймақтағы күл-қоқысты жинап, арық-атыздың жағалауларын тазалады.
Жалпы, сенбілікке «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары, Түркістан облыстық мәслихатына Кентау қаласынан сайланған депутат Қалыйма Жантөреева бастап келсе, Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов жергілікті атқарушы және өкілді органдардың қызметкерлері, мекемелер мен ұйымдардың ұжымдары, қалалық мәслихат депутаттары, жергілікті жанашыр азаматтары мен қала жастары атсалысты.
Қазыналы Қаратаудың етегін алып жатқан табиғи қорық – еліміздің жауһары саналады. Қазақстанда сирек кездесетін өсімдіктердің алуан түрі осы аймаққа ғана тән. Эндемикалық өсімдіктер жамылғысының көптігі бұл аймақты ботаникалық ғылым үшін қызықты әрі ерекше өлке деп белгілейді.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясы апта сайын, тұрақты түрде «Таза бейсенбі» шарасын жүргізіп келеді. Партия белсенділері бастаған игі шараны жергілікті тұрғындар қолдап, тазалық жұмыстарына белсене кірісті.
Ал Түркістанда қала әкімінің бекіткен кестесіне сәйкес өткен кезекті сенбілікке 800-ге жуық белсенді азамат қатысып, 10 техника жұмылдырылды. Қаладағы Ораз Жандосов, Әліби Жангелдин, Бейімбет Майлин, М.Тынышқұлов көшелері мен Балтакөл тас жолы қоқыстар мен қураған шөптерден тазартылды. Тәуелсіздіктің 10 жылдығы көшесіндегі ретсіз жарнамалар түзетіліп, кәсіпкерлік нысандардың қасбетін ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық шарасына атсалысқан табиғат жанашырларының айтуынша, әрбір жеке тұлға тазалықты өз ауласынан бастауы қажет. Үйден шыққан қоқысты арнайы орындарға тастап, қоршаған ортаны қорғау мен абаттандыруға үлес қосуы тиіс.
Айта кетейік, биылғы жылдың сәуір айында Мемлекет басшысының бастамасымен республикалық «Таза Қазақстан» бағдарламасы басталған болатын. Осыған байланысты облыс орталығында апта сайын жүйелі түрде тазалық жұмыстары жүргізіліп келеді.
Иә, елімізде экологиялық мәдениетті қалыптастыру аясында «Таза Қазақстан» шаралары өткізіліп келеді. Осы мақсатта Мақта шаруашылығы тарихы музейінің қызметкерлері Мақтаарал ауданының зейнеткері, ұстаз Жанаркүл Шағырбаеваның үйіне барды. Сенбілік ұйымдастырып, ауласын тазалады. Сонымен қатар абаттандыру жұмыстарын жүргізді.
Негізгі мақсаты – ардагерлерді құрметтеп, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету. Жалпы сенбілік шаралары қоршаған ортаны таза ұстауға, экологиялық тазалықты сақтауға, тұрғындардың туған жерге деген сүйіспеншілігін оятуға шақырады.
Айта кетейік, Мақта шаруашылығы тарихының музейі еліміздегі бірегей әрі қызықты музейлердің бірі. Оның географиялық орналасу жері, құрылу тарихы мен біржақты тақырыптық бағыттылығы басқа музейлерден ерекше етіп жасалған. Ең көне музейлердің қатарына жататын музей ғимараты 1930 жылы тұқым шаруашылығы зертханасы ретінде салынған.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.