Түркістан облысы: Кентауды экологиялық аймаққа енгізу бойынша қоғамдық тыңдау өткізілді

Кентау қаласына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков жұмыс сапарымен келіп, қала тұрғындарымен алқалы жиын өткізді. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен қала әкімі Жандос Тасов, қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, ардагерлер, қала тұрғындары қатысты.

Кездесуді облыс әкімінің орынбасары жүргізіп отырды. Күн тәртібінде Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы тыңдалды. Алдымен сөз алған ҚР Парламент депутаты аталған мәселе бойынша жұмыстардың қолға алына бастағанына 10 жылға жуық уақыт болғанын атап өтті.

– Алғаш рет жергілікті депутаттар осы мәселені көтерді. Кейін облыстық және республикалық деңгейге шықты. 10 жыл бұрын бүгінгі сенатор Әли Әбдікәрімұлы Парламентте Кентау қаласын экологиялық аймаққа ендіру қажеттін айтып, осындағы жергілікті халықтың жанайқайын Үкіметке жеткізген болатын. Содан бері мәселе өзектілігін жойған жоқ. Соңғы жылдары Кентаудың жағдайын күн тәртібіне қайта алып шықтық. Үкіметке жағдайды түсіндіріп, 100 мыңға жуық халықты толғандырған жайт екендігіне көз жеткіздік. Содан қаншама жылдан бері тоқтап тұрған сең қозғалып, назар аударылды. Бүгінде әрбір министрлік пен комитет тарапынан жұмыстар жүргізіліп жатыр. Арада түсінбеушіліктер мен сұрақтар да туындауда. Сондықтан осыған қатысты сала мамандары бірігіп, мәселені Кентау қаласында халықпен бірге қарайық деп ұйғардық, – деді.

ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық саясат департаменті директорының міндетін атқарушы Наталья Дәулетиярова баяндама жасады. Кентау қаласының толықтай экологиялық аймаққа енуі бойынша ашық порталға енгізілгені, министрліктер тарапынан қолдаулар тауып жатқаны жайында атап өтіп, бірқатар ұсынысын жолдады. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің өкілі көтеріліп жатқан мәселенің әлі де толық шешілмегенін, заңдылықтарға өзгерістер енгізу қажеттігін баяндады. Депутат Ұласбек Сәдібеков ҚР Қаржы министрлігі департаменті бастығының орынбасары Айдос Сәрсенбаевқа республикалық деңгейде қаржы мәселесін шешу жайын жеделдетуді министрге хабарлауды ұсынды. Сондай-ақ мәселені шешу жолында көптеген іс атқарылғанын айтып, әлі де жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Ал Бәйдібек ауданы дәл осындай қарқында жұмыс жүргізу қажеттігін, ол өңірдің де мәселесін шешу үшін атсалысатынын хабарлады. Дегенмен қажетті құжаттарды әзірлеп, жұмысты жүйелендіру жағымен жергілікті әкімдік күш салу керектігін айтты. Ал қала әкімі Кентау қаласы мен оған қарасты елді мекендер экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа енгізілген жағдайда тұрғындардың көп жылдары көтерген мәселесі оң шешімін тауып, халықтың табысы артып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы біршама жақсатынын тілге тиек етті.

Сөз соңында облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев бұл мәселелер облыс әкімінің назарында екенін атап өтті. Қаланың экологиялық аймаққа енуіне әкімдік тарапынан қандай да бір қолдаулар қажет болса, жұмыс жүргізуге әзір екенін айтып, жиынды аяқтады.

Орайы келгенде айта өтейік, Кентау қаласында қоғамдық көліктерді жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен орындалуда. Қаладағы жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын «Тұлпар-2030» серіктестігі «Түркістан» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының сүйемелдеуімен және тікелей қолдауымен автобус паркін жаңарту бойынша лизингтік қаржыландыру бағдарламасын жүзеге асырды.

Бағдарлама бойынша жолаушылар тасымалдаушы мекемеге жаңа 16 «Газель-NEXT» маркалы автокөлігі мен 2 дана «ПАЗ-Vector» және 2 «Пазик» автобустары сатып алынды. 16 орындық жаңа көліктер қаладағы бағыттардың кесте санын толықтырып, жолаушыларды тасымалдауды бастап кетті.

Атап айтсақ, №1, №3, №4, №6, №7 және «Кентау-Құсшы ата» -«Саяжай» бағыттары жаңа автобуспен қамтылды. Ал 2 «ПАЗ-Vector» және 2 «Пазик» автобустары №1, №4, №10 бағыттарында қызмет көрсетіп келеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin