Түркістан облысы: Кентау қаласына ағымдағы жылдың 9 айында 39,1 миллиард теңге инвестиция тартылды

Бұл жөнінде бүгін Түркістан өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуы хақында сөз қозғаған шаһар басшысы Жандос Тасов мәлімдеді.

Бүгінгі таңда Қартау тәжі саналатын Кентау қаласында 99 мыңнан астам халық тұрады. Бұл дегеніңіз облыс халқының 4,7%-ын құрайды. Әкімнің баяндамасынан аңғарғанымыз, ағымдағы жылдың 9 айында Кентау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуында тұрақты өсім байқалды. Негізгі көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі ағымдағы жылдың 9 айында 55,7 миллиард теңгені немесе 113,0%-ды құрап отыр. Жалпы өнімнің ішінде 58,6%-ы өнеркәсіп саласы болса, 17,4%-ы — ауыл шаруашылығы, 14,1%-ы — сауда саласының үлесінде.

Өнеркәсіп саласында 32,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген екен, оның ішінде 28,2 миллиард теңгесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі.

Өнеркәсіпте өндірілген өнім көлемі 3 жылда 40%-ға өсіп, бүгінде облыстың өнеркәсіп өнім көлемі бойынша қала төртінші орынға жайғасқан (2021 жылдың 9 айында — 22,6 миллиард теңге).

Ағымдағы жылдың 9 айында қалаға 39,1 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өсім 168,4%-ды құрап, 17,0 миллиард теңгеге артқан. Тартылған инвестицияның 90,0%-ы жеке инвестиция болса, өткен жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артыпты.

2023-2024 жылдарға шаһар бойынша 41,9 миллиард теңгеге 11 инвестициялық жобаны іске асырып, 1022 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Анықтама үшін нақтылай кетейік:

Оның 5-еуі — өңдеу өнеркәсібі, 5-еуі — ауыл шаруашылығы, 1-еуі — туризм бағытындағы іске асатын жобалар. Саусақ бүгіп, санап отырыңыз.

1 — ЖК “Халтаев” (Өңдеу өнеркәсібі). Жоба құны — 81 миллион теңге.

2 — ЖК “Кентау аспап құралдары” (Өңдеу өнеркәсібі). Жоба құны- 400 миллион теңге.

3 — “КазойлЭнерджи” ЖШС (Өңдеу өнеркәсібі). Жоба құны — 27 миллиард теңге.

4 — “Ceylan Metal Group” ЖШС (Өңдеу өнеркәсібі). Жоба құны — 1 миллиард теңге.

5 — “ГРК Металинвест” ЖШС (Өңдеу өнеркәсібі). Жоба құны — 11,6 миллиард теңге

6 — «BNK agro» ЖШС (Ауыл шаруашылығы). Жоба құны – 1,2 миллиард теңге.

7 — “Абдашим” шаруа қожалығы (Ауыл шаруашылығы). Жоба құны — 110 миллион теңге.

8 — “Абдуғаппаров” шаруа қожалығы (Ауыл шаруашылығы). Жоба құны — 27,6 миллион теңге.

9 — “Еңбек” шаруа қожалығы (Ауыл шаруашылығы). Жоба құны — 160 миллион теңге.

10 — «Тажитдин ата» шаруа қожалығы (Ауыл шаруашылығы). Жоба құны – 72,6 миллион теңге.

11 — ЖК “Анетов” (Туризм жобасы). Жоба құны — 300 миллион теңге.

«Жыл басынан 3,3 миллиард теңгеге 6 жоба іске қосылып, 250 жұмыс орны ашылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Қытай Халық Республикасымен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және кәсіпкерлік саласын дамыту мақсатында 10-18 қазан күндері аралығында іс-сапар ұйымдастырылды. Нәтижесінде Қытай мемлекетінің кәсіпорындары мен Кентау қаласының кәсіпкерлері арасында меморандумдар түзіліп, 840 миллион теңгеге келісімшарттарға қол қойылды» — дейді Жандос Тасов.

Қалада ірі жобалармен қатар шағын және орта кәсіпкерлік дамып келеді екен. Бүгінде жұмыс істеп тұрған шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны өткен жылмен салыстырғанда 14,0%-ға артып, 6803 бірлікті құрапты. Олар қала экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Жыл басынан шағын кәсіпкерлік субъектілері тарапынан 18,2 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, қызметтер көрсетілген.

Шаһар басшысының айтуынша, ал ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан 9,7 миллиард теңгенің өнімі өндірілген. Нақты көлем индексі 100,4 %-ды құрады. «Биыл 9 айда егін шаруашылығында 5,7 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 2,5 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бүгінгі таңда егілген егіндер толығымен жиналды» — дейді ол.

Анықтама үшін тарата айтсақ, 250 гектар — күздік бидай, 180 гектар — майлы дақылдар, 775 гектар — мал азықтық дақылдар, 745 гектар — көкөніс, 60 гектар картоп егілген. 3 агроқұрылымда қосымша 80 гектарға тамшылатып суғару әдісі ендіріліп, тапсырма 100%-ға орындалды. Жоспар 80 гектар болып бекітілген екен.

Ауыл шаруашылығы өнімінің 3,8 миллиард теңгесі мал шаруашылығында өндірілген. Анықтама ретінде тарқатып айтсақ, ет – 823,3 тонна, сүт — 8165,3 тонна, жұмыртқа 1008,1 мың дана өндірілген.

Орайы келгенде айта өтейік, Кентау қаласында тамшылатып суару машиналарын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастады. Жаңбырлатып суару машиналарын жасау ісін қолға алған «BNK Group LTD» ЖШС-нің бұл жобасының құны – 1,2 миллиард теңге. 2023 жылы құрылған кәсіпорын жылына 400 дана техника шығаруға қауқарлы. Мұнда 50 адам жұмыспен қамтылған. Бұрын шетелден әкелінетін жаңбырлатып суару машиналары енді Кентауда шығарылады. Кәсіпорын басшысының айтуынша, мұнда жаңбырлатып суару машиналарымен қатар су сорғыш насостары да шығарылмақ. Сондай-ақ тракторларға сервистік қызмет көрсетеді. Алдағы уақытта жоба толық жүзеге асқаннан кейін жұмысшылар саны 100-ге жетеді деп күтілуде. Айта кетейік, бұл машиналар ағын суды 40 пайызға дейін үнемдейді әрі өнімділікті арттырады.

«Өздеріңізге белгілі, Президентіміз ауылдарды дамытуға ерекше назар аударуды тапсырған болатын. Сол мақсатта биыл республика бойынша «Ауыл аманаты» жобасы іске қосылды. Жобаның мақсаты ауыл халқының табысын арттыру, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Кентау қаласынан бұл жобаға 2 ауыл еніп отыр — Қарнақ, Хантағы ауылдары. Бүгінгі таңда 579,2 миллион теңгені құрайтын 122 азаматтың жобасы дайындалып, «Ырыс» МҚҰ-на ұсынылған. Соның 80 жобасы (478,2 миллион теңге) қаржыландырылды» — дейді Жандос Тасов.

Оның ішінінде мал шаруашылығы бағытында — 65 жоба (құны — 332,1 миллион теңге), балық шаруашылығы бойынша — 1 жоба (құны — 6,8 миллион теңге), өсімдік шаруашылығы бойынша — 2 жоба (құны — 13,1 миллион теңге), құс шаруашылығы саласында — 5 жоба (құны — 26,5 миллион теңге), ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтері — 1 жоба (құны — 27,6 миллион теңге), өз кәсібін ашуға — 6 жоба (құны — 25,7 миллион теңге) қаржыландырылған екен.  

Аталмыш бағдарлама аясында атаулы әлеуметтік көмек алушыларға қолдау көрсету қаралған. Әлеуметтік көмек алушылар бойынша 5 жоба ұсынылып, 26,6 миллион теңгеге толық қаржыландырылыпты.

Осы тұста «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде тіршілігін қыз-қыз қайната бастаған бірер шаруа қожалықтары жайлы айта өтсек. Мәселен, Хантағы ауылында орналасқан «Салы Алпамыс» шаруа қожалығы. Аталған шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналысуды қолға алған. Құны 8,4 миллион теңге болатын жоба 2023 жылы іске қосылды. Жоба қуаттылығы – 35 бас. Мұнда жергілікті тұрғындар жұмыспен қамтылған. Кәсіпкер жеңілдетілген несие қаржысына жылқы сатып алған.

Ал «Тажитдин Ата ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативі құс етін өндіру жобасын бастаған. Қазірдің өзінде тұтынушылары бар. Сонымен бірге балық шаруашылығы да дамуда. Жалпы, Кентауда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 80-нен астам жоба қаржыландырылған.

Жалпы, өңірдегі ауыл-аймақ тұрғындарының негізгі күнкөріс көзі ауыл шаруашылығы болғандықтан, мемлекет тарапынан шаруашылықпен айналысуға үлкен қолдау көрсетілуде. Соның бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы. Бұл пилоттық жобаны жүзеге асыруға өңірдегі 16 ауданнан 64 ауылдық округ анықталып, 75 кооператив құрылды. Жобаны қаржыландыруға республикалық бюджеттен 19,8 миллиард теңге қаржы бөлінді. Бұл жоба арқылы ауыл шаруашылығын ғана емес, әр түрлі бағыттағы орта және кіші кәсіпкерлікті дөңгелетуге мүмкіндік көп. Мемлекет жоба аясында жаңа өнеркәсіп орындарын ашып, жергілікті тұрғындардың табысын арттыруды көздеп отыр.

Айта кетейік, жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыру, жұмыссыздық және атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту. Өзін-өзі қамтушыларды заңдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

«Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 21,4 миллиард теңгені құрайтын 4089 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде, уәкілетті органмен 3766 жоба қаралып, жалпы сомасы 18,1 миллиард теңгені құрайтын 3026 жоба мақұлданды. Қазіргі таңда 13,9 миллиард теңге құрайтын 2350 жоба қаржыландырылды. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3220 жоба қаржыландырылып, 3400-ге жуық жаңа жұмыс орыны ашылады деп күтіліп отыр.

Тағы бір атап өтер жайт, Сауран ауданы аумағынан жалпы көлемі 75 552 гектар жерді Кентау қаласына қосу жолымен Кентау қаласы шекарасын 128 319 гектарға өзгерту жұмыстары жүргізілді. Биыл бекітілген жоспарға сәйкес, қала аумағынан жайылымдық жерді мемлекетке қайтару міндеті қойылған. Жыл басынан бері 6,2 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды.

Өз кезегінде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Кентау қаласының өзіндік кірістері жылма-жыл артып келе жатқандығын да атап өтті. Мәселен, 2023 жылға өзіндік кірістер жоспары 3,1 миллиард теңгені құрап, 2022 жылдың нақты түсімімен салыстырғанда 800,0 миллион теңгеге ұлғайған екен. Бұл ретте анықтама ретінде айта кетейік, кәсіпкерлік және жеке тұрғын үй нысандарына түгендеу жұмыстарын жүргізу, жаңа салық төлеушілерді тіркеу, мүлікті қайта бағалау есебінен бюджет түсімдері артып отыр. Кірістердің ұлғаюы қаланың әрі қарай дамуына және де өзекті мәселелерді шешуде септігін тигізуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin