Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Кентаудағы жылуэнерго орталығына барып, құрылыс барысын қадағалады. Құрылыс басында мердігерлердің есептерін тыңдап, тиісті тапсырмалар берді.
Одан кейін жылуэнерго орталығында жиналыс өткізіліп, атқарылған жұмыстар мен кемшіліктер, алдағы жоспарлар талқыланды. Жиынға Түркістан облысының прокуроры Мұрат Тілеубердиев, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы Болат Қалмырзаев, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев, Түркістан облысының экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев және өзге де жауапты департаменттер мен басқарма басшылары қатысты.
Облыс әкімі жауапты мердігерге жұмысты ширату, кестеге сай жүргізу жөнінде тапсырма берді. Олқылықтарды ашық айтып, түзетуді тапсырды. Жылу мәселесі аса өзекті екеніне тоқталып, жұмысты жауапкершілікпен атқаруды міндеттеді.
– Біз тұрақты түрде жиналып, Кентаудағы жылуэнерго орталығын жөндеу барысын қадағалап отырмыз. Келісімшарт бар, онда бәрі көрсетілген. Сіздер сол келісімге сай жұмыс жүргізіп, міндеттеріңізді уақтылы және сапалы орындауларыңыз керек. Қаржыландырудан мәселе бар ма? Жоқ. Тапсырыс беруші, әкімшілік, құқық қорғау, тексеруші органдардан да еш кедергі жоқ. Бәрі — өз қолдарыңызда. Жұмысты ширатыңыздар. Білікті мамандар мен жұмысшыларды көбейтіп, қазандықтардың құрылысын өз мерзімінде аяқтаңыздар, – деді Дархан Сатыбалды.
Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов пен жауапты мердігер компания басшысы атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.
Кентаудағы жылуэнерго орталығында жыл басынан бері «ЭМ-холдинг» ЖШС «Қазандықтарды реконструкциялау» жобасы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізуде. Бекітілген кестеге сәйкес №8, №11 қазандықтар бойынша жұмыстардың аяқталуы биылғы 30 тамызға, №9, №10 қазандықтар қыркүйектің екінші онкүндігіне, ал №7, №12 қазандықтардың құрылысын аяқтау 30 қарашаға жоспарланған. Сондай-ақ №5 және №6 қазандықтарда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Қазандықтарда жылу-механикалық бөлік бойынша №8, №11 қазандықтарда жұмыс 95 пайызға аяқталды. Кейбір ескертулерді жою бойынша жұмыстар жүргізілуде.
Өзге де қазандықтардағы жұмыстар мен кемшіліктер сараланып, мердігер мен жауапты басшыларға жұмысты жандандыру жөнінде тапсырмалар берілді. Осыған байланысты, өндірістік жұмыс кестесінің мерзімдерін сақтау үшін жұмысшылар санын көбейту және қосымша бригаданы жұмылдыру жөнінде міндеттер жүктелді.
Тапсырыс беруші тарапынан бақылау және уақтылы ден қою мақсатында штаб құрылған. Штабтың кеңесінде жұмыс кестесінен артта қалу, сапа бойынша ескертулер анықталады және тәуекелдер туралы алдын ала ескертіледі. Тапсырыс беруші тарапынан жабдықтар мен материалдарды жеткізу жөніндегі мердігерлік ұйым шарттарының орындалуына бақылау жүргізілуде. Қарағанды және Теміртау қалаларындағы жабдықтарды дайындаушы зауыттардың жұмыс барысымен танысу үшін Кентау қаласындағы ТКШ бөлімінің басшысы және ЖЭО-5 директоры іссапарға жіберілді. Ресей Федерациясының өндіруші зауыттарымен де жабдықты өндіру және жеткізу мерзімдері бойынша тиісті келіссөздер тұрақты жүргізіліп жатыр.
Естеріңізде болса, биыл наурыз айында ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов Түркістан облысына жұмыс сапары аясында Кентау қаласындағы жылу орталығы мен трансформатор зауытының жұмысымен танысқан болатын. 1934 жылы салынған Кентау ЖЭО – қала тұрғындарын орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін стратегиялық нысан. Мұндағы жабдықтың тозу деңгейі 87%-ды құрайды. Аталған нысанда соңғы рет күрделі жөндеу 10 жылдан астам уақыт бұрын жүргізілген.
Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Кентау тұрғындарын және әлеуметтік нысандарды сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында «Кентау қ. ЖЭО «№7,8,9,10,11,12 қазандықтарын күрделі жөндеу» жобасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Бұған дейін демеушілер есебінен ұзындығы 4,7 шақырымды құрайтын жылу магистралі, төрт қазандық жөнделді. Биылғы сәуір айында қалған екі қазандықты жөндеу жұмыстары басталады, аяқталу мерзімі – 2025 жылдың соңы.
«ЖЭО-дағы электр энергиясының генерациясы орталықтың өз қажеттіліктерін өтеуге де жетпейді, ал тариф күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік бермейді. Осыған байланысты Энергетика, Қаржы министрліктеріне жылумен қамту қызметтерін сапалы ұсыну және алдағы жылыту маусымының тұрақты өтуін қамтамасыз ету мақсатында жөндеу жұмыстарын қаржыландыру нұсқаларын қарастыруды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Премьер-Министр Кентау трансформатор зауытының өндірістік цехында болды. Бұл – 700-ден астам адамды жұмыспен қамтып отырған Кентау қаласындағы негізгі ірі әрі қала құраушы кәсіпорын. Зауытта жалпы мақсаттағы және электрлендірілген теміржол көлігі үшін күштік трансформаторлар, сондай-ақ трансформаторлық қосалқы стансалар шығарылады. Кәсіпорынның қуаттылығы жылына 20 мың өнім бірлігін құрайды, бұл ретте өнімнің 30%-ы экспортқа шығарылады.
Кәсіпорында Олжас Бектенов шығарылатын өнімдердің техникалық сипаттамалары мен конструкциясын жетілдіру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстармен, зауыттың өндірістік қуатын кеңейту шараларымен танысты. Нәтижесінде, Үкімет басшысы отандық электр жабдықтарын өндіруші үшін қосымша өндірістік жүктеменің маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар кәсіпорын өндірісті кеңейту және ұлғайту, технологиялық операцияларды жаңғырту және цифрландыру бойынша қарсы міндеттемелерді қабылдауы тиіс.
Мұнда Үкімет басшысына өңдеу өнеркәсібін дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру барысы туралы баяндалды. Қазіргі таңда 2024-2027 жылдарға арналған инвестициялық жобалар пулы әзірленді. Жалпы құны 2,2 триллион теңгені құрайтын 145 жобаны іске асыру 17,7 мың жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде биыл 116,8 миллиард теңгеге 44 жоба іске асырылатын болады.
Орайы келгенде тілге тиек етер тағы бір ақпарат, биыл Кентауда 50-ге жуық көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Түркістан облысына қарасты Кентау қаласында 374 шақырымды құрайтын 416 көше бар. Қазіргі уақытта қаладағы қанағаттанарлық деңгейдегі жолдардың ұзындығы 81 пайызды құрайды. Жол жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр.
Биыл 14,5 шақырымды құрайтын 24 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізу жоспарланып отыр. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары басталып, асфальт жабындысы төселуде. Бұдан бөлек, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында Кентау қаласына қарасты Қарнақ, Байылдыр ауылдарында ұзындығы 14,6 шақырымды құрайтын 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстарын жүргізіледі. Нәтижесінде, жыл соңына дейін қанағаттанарлық жолдардың үлесі 87,3 пайызға жетеді деп күтіліп отыр.
Аталған жұмыстардың сапасы қала әкімі Жандос Тасовтың жіті бақылауында тұр. Қала басшысы құрылысы жүріп жатқан аймақтарды аралап, жұмыс барысын тексерді. Құрылысқа жауапты тұлғаларға жұмыс барысы назарда екенін ескертіп, сапасы мен мерзіміне аса мән беруді тапсырды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.