Түркістан облысы: Кентау қаласында Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Бүгін Кентау қаласында саналы ғұмырын халықтың ертеңі мен бүгініне арнаған қоғам қайраткері, қаза елін құру жолында аянбай еңбек еткен Сұлтанбек Қожановтың 130 жылдығы аталып өтті. Жиын ұлтын ұлықтаған ұлының ескерткішінде еске алу шарасынан басталып, Алаш арысының рухына тағзым етілді. Қаладағы Шәмші Қалдаяқов атындағы мәдениет сарайында «Сұлтанбек Қожанов және ұлттық мемлекет құру идеясы: тарихы мен бүгінгі тәжірибелері» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор, Сұлтанбектанушы Хазретәлі Тұрсұн жүргізіп отырды.

Ғылыми конференцияға мемлекеттік органдардың өкілдері, Қазақстан Республикасының қоғам қайраткерлері, отандық ғалымдар, жоғары оқу орындарының оқытушылары, мұрағаттары мен мұражайларының қызметкерлері, докторанттар мен жалпы білім беру мекемелерінің басшылары, зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ғылыми-тәжірибелік конференцияны Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов ашып, құттықтау сөз сөйледі. Сондай-ақ Сұлтанбектанушы, профессор Хазретәлі Тұрсұн, филология ғылымдарының кандидаты Нариман Нұрпейіс, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Сұлтанбек Қожановтың жиен немересі Гүлсара Қабланова, философия (Phd) ғылымдарының докторы Саян Шылмамбетов, оқытушы Алғабек Қабыл, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ докторанты Бағлан Жамелов баяндама жасап, ұлт жанашырының өмірі, тарихы жайында пікірлер айтылды. Конференцияда Сұлтанбек Қожановтың еңбек жолдары насихатталып, жан-жақты тың мағлұматтар айтылды.

Тарихи мағынаға толы маңызды конференцияда бірқатар елазаматтарын қала әкімі Жандос Тасов «С.Қожановқа 130 жыл» төсбелгісімен марапаттады.

Жиынның жалғасы тұғыры биік тұлғаның 130 жылдық мерейтойына арналған дастарқанға ұласты. Дастарқан басында Алаш арысының ағайын-туыстары мен жақындары, елағаларыда Сұлтанбек Қожанов жайында ой тербеп, әңгімелерімен бөлісті.

Иә, расында да, бүкіл саналы ғұмыры желдің өтінде, жардың шетінде өткен, есімі мен еңбегі өзі дәл болжағандай, республикамыздың тәуелсіздік алған кезеңде ғана еленіп-ескеріле бастаған Сұлтанбек Қожановтың туғанына 2024 жылдың қыркүйек айында 130 жыл толады.

Ол –Түркістан Республикасының оқу-ағарту саласын, жер, су мәселесін және ішкі істерін басқарған үш мәрте халық комиссары, Қазақ өлкелік партия комитетінің жауапты хатшысы болды. Ақын, аудармашы, публицист, педагог. Тіпті «Есептеу» атты құралының авторы.

Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы қыркүйек айында қазіргі Түркістан облысы Созақ ауданына қарасты Ақсүмбе елді мекенінде дүниеге келген. Түркістандағы 4 сыныптық орыс түзем бастауыш мектебін, 3 сыныптық қалалық мектепті, Ташкент мұғалімдер семинариясын тәмамдаған. Мәскеуде БК (б) П ОК Марксизм-ленинизм курсын бітірген.

Саяси қызметін Ташкент қаласында семинария оқушыларынан құралған «Кеңес» атты астыртын жастар ұйымын құрудан бастаған. 1917 жылы көктемде Ташкентте Мұстафа Шоқай, Қ.Қожықов, Қ.Болғанбаев, С.Ақаевпен бірге «Бірлік туы» газетін шығарды. Түркістан (Қоқан) автономиясына қызу қолдау танытып, оны кеңес өкіметінің әскер күшімен құлатуын жергілікті халықтың өзін-өзі билеу құқығын аяқасты ету деп бағалады. Өлкеде кеңестік билік тұсында орын алған ашаршылыққа қарсы күресте белсенділік танытты. Аштықпен күресетін орталық комиссияның мүшесі ретінде 1918 жылғы қарашадан бастап Түркістан, Созақ, Жаңақорған, Қызылқұм, Шиелі өңірлерінде ашыққан адамдарды тамақтандыратын арнайы орындар ашуды ұйымдастырды. 1919-1920 жылдары Сырдария уезі төрағасының орынбасары, Түркістан уездік-қалалық атқару кентінің, Сырдария облыстық революциялық кентінің төрағасы болды. 1920 жылдың соңына қарай Түркістан Республикасының Ішкі істер халық комиссары, 1921 жылы қазанда Халық ағарту халық комиссары болып тағайындалды.

Оқу-ағарту саласында білім беруді жергілікті халықтар тілінде жүргізу мәселесін көтеріп, оны жүзеге асыруды талап етті. Мәскеу, Петроград секілді ірі қалаларда жоғары оқу орындарында білім алып жатқан түркістан­дық жастарға материалдық көмек көрсетуде бірқатар іс-шараларды жүзеге асырды. Түркістанда баспасөздің және ұлттық театрдың өркендеуіне елеулі үлес қосты. «Ақ жол» газетін шығаруды ұйымдастырып, оның алғашқы редакторы болды. 1922 жылы Түркістан Республикасының Жер шаруашылығы халық комиссары болып тағайындалысымен, ауыл ахуалына ерекше көңіл бөліп, өлкедегі жер-су реформасына тек таптық қана емес, сонымен бірге ұлттық сипат беру бағытын да ұстанды. 1922-1924 жылдары Түркістан КП кентінің хатшысы, атқару кенті төрағасының орынбасары, РК (б) П ОК Орта Азия бюросының мүшесі болды. Орталық Азиядағы ұлттық-аумақтық межелеу кезінде айрықша танылды. 1924 жылы қарашада РК (б) П Қазақ обкомының екінші хатшысы қызметіне жіберілді.

Қожановтың тікелей ұсынысымен Кеңестердің І съезі қазақ халқы тарихи атауын (патшалық тұсынан бұрмаланып қалыптасқан «киргиз» деген атты төл атауына – «қазаққа» түзетіп) қайтарып, астаналық қала атын Қызылорда деп өзгертті. 1925 жылы қарашада БК (б) П орталық кентіне шақырылып, ұлт республикалары бойынша жауапты нұсқаушы лауазымымен Кавказға, 1928 жылы Ташкентке, Орта Азия Бюросына қызметке жіберілді. Мұнда ол үгіт-насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, хатшы болды. Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы ҒА-ның (ВАСХНИЛ) Ташкент бөлімшесін ұйымдастырды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригациялық политехника институтын (САХИПИ) құрып, алғашқы директоры болды, сонымен қатар 1929-1931 жылдары Орта Азия мақта кентінің директоры қызметін атқарды. 1931-1932 жылдары БК (б) П ОК аппаратында істеді. Қожанов негізгі міндеттерін қоғамдық, ғылыми-шығармашылық жұмыстармен ұштастырып отырды.

Мектепке арналған «Есептану құралы» атты оқулығы, «Түркістанның Советтік Автономиясының он жылдығына» атты орыс тіліндегі зерттеуі  жеке кітап болып шыққан.Сұлтанбек  1937 жылы 16 шілдеде Ташкент қаласында тұтқындалып, саяси қуғын-сүргін құрбаны болды. 1957 жылы ақталды.

Міне, 44 жасқа жетер-жетпес ғұмыр кешкен қазақ халқының асыл да, батыл, қажымас, ер тұлға, дара тұлғалардың бірі Сұлтанбек Қожанов еді.

Ал жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты Бейбіт Қойшыбаев: «Түркістан Республикасы басшыларының бірі Сұлтанбек Қожанов 1924 жылғы Советтік Орта Азияны ұлттық тұрғыда жіктеп, мемлекеттік-территориялық аймақтарға межелеу науқанында өзіндік көзқарасымен ерекшеленіп, айрықша танылды. Ол жіктеліп-межеленіп жатқан ұлттық республикалардағы ежелден қоян-қолтық өмір сүріп келе жатқан халықтардың тұтастығын, олардың ертеден-ақ тарихи жағдайларға орай қалыптасқан экономикалық байланысының бұзылмауына зор мән берді. Советтік Республикалар Одағын құрайтын құрылтайшы мемлекеттер қатарына Ортаазиялық Федерация құрып барып енуді, жеке дербес республикаларға бөлінуді содан кейін, Орта Азия Федерациясы құрамында әр ұлттық бірлік тыныс-тіршілігін теңестіріп алғаннан кейін ғана жүзеге асыруды ұсынды. Қазақ елінің астанасы Ташкент болуын жақтаған топтың басында тұрды. Жеке тәжік мемлекеттік бірлігінің құрылуына, қарақалпақ автономиялық облысын Қазақстан құрамына қосуға ықпал етті. Алайда Орта Азия республикаларын жаңаша жіктеп, ұлттық-аумақтық межелерге бөлу және Ташкенттің қандай әкімшілік бағынысқа қарайтындығы Мәскеу ұсынған үлгімен жасалды…

…Түркістан өлкесінің 1920 жылы біртұтас мемлекеттік бірлікке ұйысуға ұмтылуынан шошынған В.И. Ленин құпия түрде серіктеріне өлкені «Өзбекия, Түркмения, Қазақия»  аумақтарына бөліп тастауды тапсырған еді. Сол тапсырманы орындауды реті ол қайтыс болғаннан кейін туып, РК(б)П Орталық Комитетінің Ұйымдастыру бюросы 1924 жылғы 31 қаңтарда Түркістан Республикасын жекелеген ұлттық-мемлекеттік құрылымдарға жіктеу жайында шешім қабылдады да,  соған байланысты Ташкентте арнайы мәжіліс шақыруды ОК хатшысы Я.Э. Рудзутакқа тапсырды. Айдан астам уақыт мұқият әзірленуден кейін, Түркістан Компартиясының Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті, РК(б)П Орталық Комитетінің Орта Азия бюросы (Средазбюро), Түркатком Төралқасы мүшелері мен мүшелікке кандидаттары және Ташкенттегі басқа да жауапты қызметкерлер қатысқан алғашқы мәжіліс 1924 жылғы 10 наурызда өтті.

Күн тәртібіне Түркістанды ұлттық-территориялық тұрғыда межелеу мәселесі шығарылды. Біріккен жиында ТКП ОК хатшысы Абдулло Рахимбаев   баяндама жасады. Ол Ферғана басмашыларының негізінен жойылғанын хабарлап, соған байланысты, өлкедегі саяси ахуалдың түрақталғанын айтты. Сосын, кей аймақтардағы аралас тұрып жатқан түрлі халық тұрғындары арасында қилы егестер бой көрсетіп қалатынына, өзара шағым жасап, талаптар қоюлары салдарынан, әрәдік ұлтаралық түсініспеушіліктер орын алып отырғанына тоқталды. Солардан туындатып, ұлттар араларында көрініп қалатын араздықтарды жоюдың жолы: «Орта Азия құрамында біртекті үкіметі бар ұлт республикаларын ұйымдастыру» болмағын айтты. «Егер біз, Түркістан халықтарының мәдениет тұрғысынан дамуы үшін, Түркреспубликада Кеңес өкіметінің нығаюын қаласақ… Кеңес өкіметін күшейтуге апарар   жалғыз жол – Орта Азияны ұлттық белгілеріне қарай жіктеу», – деді. Сөйтіп, кеңес өкіметінің бекем орнығуын баяндамашы үлкен шанырақты жеке-жеке отауларға бөлумен байланыстырды. Әр ұлт өз алдына отау тігіп бөлініп шықса – Түркістан халықтары мәдениет тұрғысынан дамиды… Орта Азияны ұлттық сипатпен жіктеп, дербес отаулар тігу арқылы ыдырату – кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жол…

Осындай жарқын келешек ұлт қайраткерлерінің ұлттық сезімін тез қайрады. Олар қара шаңырақ іспетті мемлекеттік құрылымды бөлшектеп, ұлттық отау тігу жолына түсті. Мәселенің РК(б)П ұрандарының алдамшылығында, шын пиғылының басқалығында жатқанын аңдамады. Революцияшыл пролетариат диктатурасы идеясының біртіндеп орыс билігіне теңгеріліп алғаны ойларына да келмеді. Большевизм көсемі В.И. Ленин 3-ші Коммунистік интернационалдың екінші конгресінде: «Орыс коммунистерінің бұрынғы патшалыққа тиесілі отарлардағы – Түркістан және басқалар секілді артта қалған елдердегі – практикалық жұмысы біздің алдымызға мынандай мәселе қойды: коммунистік тактика мен саясатты капитализмге дейінгі жағдайда қалай қолдану керек… Бұл елдерде өнеркәсіп пролетариаты жоқтың қасы. Осыған қарамастан, біз ол жақта да өзімізге басшы рөлін алдық және алуға тиіспіз де», – деген-ді.

Ал ұлт қайраткерлері «кеңес өкіметін күшейтуге апарар жалғыз жолды» таңдау артында не жатқанын парықтамады. Кеңес өкіметін қара шаңырақты сақтай отырып та күшейтуге боларын, әрі оның ұлттар мүддесіне көбірек жауап беруі ықтималдығын ойламады. Межелену салдарынан – Түркістан Республикасы тарайды, демек, қарашаңырақ жойылады. Жойылатын қарашаңырақ орнына Ленин айтқан «орыс коммунистерінің жетекшілік рөлі» бірінші орынға шығады. Дербестеніп, бірінен бірі оқшауланған ұлттық құрылымдарды оңашалап, жеке-жеке «пролетарлық рухта» тәрбиелеу мәселесі  оңайлайды. Ал жетекшілік рөлді өз мойындарына алған орыс коммунистері, қырға дендеп кірген империялық сауда капиталының айналымына халқы тығыз ілесулі болса да, Орынбор, Омбы іспетті орыс пролетариаты ошақтарының «капитализмге дейінгі қатынастар үстем, артта қалған елдің» құрамында қалуын қаламайды. Сонау астарлы саясатқа шебер жетекшілер, сондай-ақ, Ташкент тағдырын да өздерінше шешеді…

Баяндамашы «ұлттық мәдениетті дамыту» жайындағы алдамшы үмітті алға тартты. Большевиктер мәдениетті екіге бөлетін, сөйтіп, «ұлтшылдық уымен уландыруға тырысатын   буржуазиялық мәдениет» емес, «өзінің мазмұны жағынан социалистік болған пролетар мәдениеті» үшін күресетін-ді. Ал бұл – жеке-дара отау тіккен ұлттық республикаларда өркендейтін ұлт мәдениеттерінің бағытын большевиктер қатаң бақылауда ұстап, отаулардың бірін-бірі өзара байытуына жол бермей, «мазмұны жағынан пролетарлық, формасы жағынан ұлттық мәдениет» болатын «жалпы адам баласының мәдениетін» орнықтыруды ғана құптайды деген сөз. Яғни большевизм ұлттарды жалпыадамзаттық ұмтылыс жолына түсіреді. Сөйтіп, ұлттық тамырдың үзілуіне апаратын жаңа тұрпатты рухани тіршілікті қалыптастыруға бет алады. Әйтсе де мұндай болашаққа ешкім ой жүгірте қоймады, көпшілік көңіліне баяндамашының өлкедегі әр ұлыс өкілінің ұлтшылдық түйсігін қанағаттандыратын пайымдары жақты. Көздерін большевизм ашқан қайраткерлердің кеудесінде ешқандай күдікке орын қалған жоқ. Кеңеске қатысушылар тезірек ұлттық тұрғыда межеленуді қолдады.

Дегенмен, жиналысқа қатысушылардың бәрінің бірдей санасы уақытша ұлттық шаттыққа масайып, көздері қарыға қоймаған-ды. Ұлтын шын сүйгендер тар ұлттық мүддені күйттеумен шектелмейтін. Жиынның белсенді қатысушылары арасында – орталықтың межеленуді ұсынуы астарынан байырғы «бөлшектеп билеу» саясаты нәрлендірген жаңа коммунистік тәсілді аңдағандар, бір өңірде аралас-құралас мекендеп келе жатқан ұлттардың келешегін тереңірек ойлағанда, ұлттық дербестенудің залалдылығын түйсінгендер болды. Жарыссөз кезінде баяндамадағы ұсынысқа балама пікірді Түркатком Төрағасының орынбасары, Түркістан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, РК(б)П ОК Ортаазиялық бюросының мүшесі Сұлтанбек Қожанов ұсынды. Ол өлкені ұлттық белгісіне қарай бөлшектеп жібермей, оларды алдымен экономикалық негізде, содан соң Орта Азия Федерациясына біріктіру, сосын, экономикалық та, саяси-әкімшілік те тұрғыда қалыптасқан қуатты құрылым ретінде, Республикалар Одағына – КСРО-ға  кіру бағытын ұстанды.

Оның бұл көзқарасын кеңестік тарихи әдебиеттің пантүркілік (түркішілдік) қателік ретінде бағалағаны мәлім. Мәселен, біздің академиялық «Қазақ ССР тарихы» көптомдығы сол жиыннан: «С. Ходжанов пантүркистік қателерді қайталап, «түрік тайпалары бірыңғай түркі тілдес халықты құрайды», оны «жасанды түрде айыруға болмайды» дегенді жөнсіз дәлелдеуге тырысты», – деген хабар береді. Алайда бұл – тарихи оқиғаларды түсіндіруде кеңестік идеология салдарынан жиі қолданылатын, әдеттегі большевизм бұрмалаушылықтарының бір парасы еді. Іс жүзінде С. Қожанов жалпы түркішілдікті емес, қазақ мүддесін күйттеді. Және оны жеке-дара бөлмей, бүткіл өлке халқының өмірімен тығыз байланыста қарап, сол жиында да, одан кейін де – межелеу жөніндегі территориялық комиссия мәжілістерінде, 1924 жылғы 14 қыркүйектегі ТКП Орталық Комитеті, ТКП Орталық Бақылау Комитеті және ТКП Тексеру комиссиясының біріккен Пленумында да жанын сала қорғады. Оның позициясы қазіргі идеологиялық шарттылықтан құтылған кездің көзқарасы түгіл, тіпті сол кезгі ашық партия саясаты тұрғысынан да дұрыс болатын» — дейді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin