Түркістан облысы: Кентау қаласында ерекше балаларға білім беруге арналған дамыту орталығы ашылды

Кентау қаласында «Эко Атамекен» қоғамдық бірлестігі базасында «Дара бала» дамыту орталығы ашылды. Салтанатты шараға қала әкімі Жандос Тасов, облыстық маслихат депутаты Инара Намазбаева, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұратша Төнтеков қатысты.

«Бала – еліміздің болашағы. Олардың жақсы өмір сүріп, азамат болып қалыптасуы үшін әрбіріміз жауаптымыз. Өмірге бірдей болып келгенімен, әрбірінің өзіне тән ерекшеліктері болады. Бұндай орталықтар ерекше балаларды жан-жақты дамуына көмегін, септігін тигізеді деп ойлаймын. Ары қарайда қолдау тауып, балаларымызға қажетті нысандар ашылатынына сенімдімін» — деді қала басшысы.

Қала әкімі қонақтармен бірге жаңа дамыту орталығының лентасын қиып, нысанды аралап, тынысып шықты. Қазірдің өзінде балаларын орталыққа әкелуге ниетті ата-аналар жазылып үлгерген.

Ерекше және жан-жақты көзқарасты талап ететін орталықтың сыйымдылығы 70 балаға арналған. Орталықта психолог, логопед, дефектолог, невропатолог, сенсорлы интеграция, АФК, арт терапия мамандары жұмыс істейді. Орталық қажетті тифлотехникамен, арнайы жиһазбен, сондай-ақ балалармен жұмыс істеуге арналған дамытушы және әдістемелік материалдармен жабдықталған. Мұнда оларға қажетті барлық жағдай жасалған. Орталық балалардың білім алуына, ақыл-ойын дамытуына және шығармашылықпен айналысуына мүмкіндіктер жасайды.

Атап өту керек, бүгінде еліміздегі мектептердің 86 пайыздан астамында инклюзивті білім алу мүмкіндіктері қарастырылған. Бұл туралы БҰҰ-ның Женевадағы Мүгедектердің құқықтары туралы Конвенцияда ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан мәлімдеген-ді.

Ол өз сөзінде инклюзивті оқыту — білім саласын дамытудың негізгі құрылымы ретінде танылғанын атап өтті. Қазақстан Үкіметі ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқытудың қолжетімділігін қамтамасыз ету және білім сапасын арттыру бойынша кешенді жұмыстар жүргізуде.
«Инклюзивті білім беруді дамыту жөнінде стратегиялар мен бағдарламалар әзірленді. Алдағы уақытта педагогтер үшін оқыту семинарлары мен тренингтер ұйымдастырылып, мектептер мен оқу орындарының бастамалары қолдау табады. Арнайы білім беру ұйымдарының желісі 68 бірлікке ұлғайды. Мектептер базасында инклюзияны қолдаудың 708 кабинеті, 22 ресурстық консультативтік орталық ашылды. Оқу мекемелеріне 2,5 мыңға жуық педагог-ассистент, 9,7 мың арнайы педагог, 12 мыңнан астам педагог-психолог және әлеуметтік педагогтер жұмысқа қабылданды. 600-ден астам арнайы оқу бағдарламалары әзірленді. Кедергісіз және инклюзивті ортаны қалыптастыру үшін оқу орындарында инклюзивті білім берудің үздіксіз жүйесінің ұлттық моделі енгізілетін болады», — дейді Еділ Оспан.

Қазіргі таңда Қазақстанда ерекше білім беру қажеттіліктері бар 200 мыңнан астам бала бар. Олар үшін арнайы білім беру ұйымдарының желісі құрылған. Атап айтқанда, 44 арнайы балабақша, 99 арнайы мектеп, 99 ПМПК, 212 ППТК, 10 аутизм орталығы және 13 оңалту орталығы бар. Ал қалған балалар инклюзия жағдайында жалпы білім беретін мектептерде оқиды. 2023 жылы қарашада Оқу-ағарту министрлігінің жанынан білім берудің барлық деңгейлерінде жалпы саясатты іске асыру мақсатында Арнайы және инклюзивті білім беру департаменті құрылды.

Бұл мәселені бүкіл әлем елдері кешенді шаралар арқылы шешіп жатыр. Дегенмен мұның негізгі шешімі инклюзивті қоғамды қалыптастыру екені белгілі. Яғни жынысына, жасына, этникалық тегіне, мәртебесіне, физикалық немесе психикалық жағдайына қарамастан, әрбір адам өзін қабылданған, түсінілген және толыққанды мүшесі сезінетін қоғамға айналу. Ал мұндай қоғамды дамытудың алғашқы қадамы – инклюзивті білім беру.

Ерекше білім беруге қажеттілігі бар балаларға мүмкіндігі шектеулі балалар жатады, оның ішінде есту қабілеті, көру қабілеті, тірек-қимыл аппараты осал, дамуы тежелген балалар кіреді. Қазіргі уақытта мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдау мақсатында мектептерде инклюзивті білім беру қолға алынып, мектептерде логопед, дефектолог штаттары ашылып, мектептерде консилиум құрылып, ресурстық орталықтар ашылып жатыр.
Инклюзивті білім берудің негізі мақсаты, барлық бала ерекшелігіне қарамастан сапалы, қолжетімді білім алуына жағдай жасау. Сол себепті де қазіргі уақытта мектептерде инклюзивті сыныптар ашылып, мүмкіндігі шектеулі балаларды мектепке тарту қарастырылуда. Қазіргі таңда ерекше балаларды тек мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытатын мектептерде ғана емес, қарапайым мектептерде білім алуға жағдай жасалып жатыр. Ол үшін инклюзивті сыныптар дайын­далып, әлеуметтік орта, кеңістік қалыптастыру, арнайы бағдарлама қалыптастыру қажет.
Мүмкіндігі шектеулі баланың кәдімгі жалпы білім беру мектептерінде білім алу барысында, инклюзивті сыныпта оқымайтын балалармен достық қатынасты қалыптастыруға ықпал ету, олар да өздері сияқты бала ретінде көзқарас қалыптастыруымыз керек. 

Мүмкіндігі шектеулі балаларға өздері сияқты ерекше балалардың жетістіктерін дәріптеп отыруымыз қажет. Сыныптығы балалардың өзара тығыз қарым-қатынаста болуын қадағалауға тиіспіз. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балаларды оқытуда сол балаларды мұғалімнің, мектептің қабылдауы, ерекше балалар қатысқан сыныптан тыс іс-шаралар ұйымдастыру, оқу-тәрбие үрдісіне ата-аналарды белсенді тарту, тығыз байланыста болу маңызды.

Қазақстан Республикасының Білім және ғылымды дамытудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес, 2025 жылға қарай мектептердің, балабақшалардың 100%-ы және колледждер мен жоғары оқу орындарының 70%-ы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасауға тиіс.
Инклюзивті білім берудің 8 принципі бар. Атап айтқанда, адамның құндылығы оның қабілеттері мен жетістіктеріне байланысты емес; әр адам сезінуге және ойлауға қабілетті; әркімнің сөйлесуге және оны тыңдауға құқығы бар; барлық адам бір-біріне мұқтаж; білім шынайы қарым-қатынастар аясында ғана жүзеге асуы мүмкін; барлық адам өз құрдастарының қолдауы мен дос­тығын қажет етеді; барлық оқушы үшін жетістікке жету – оның орындай алатын әрекеті және жан-жақтылық адам өмірінің аясын кеңейтеді.

Елімізде инклюзивті білім беру қалай жүзеге асырылады? Инклюзия қоғамның гуманистік көзқарасына айналуы керек. Заң жүзінде бұл мәселе шешімін тапты. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылы 26 маусымда «Инклюзивті білім беру мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Мемлекет ерекше білім беруді қажет ететін балалар үшін одардың даму ерекшеліктеріне қарай білім беру жүйесі шегінде білім алуға жағдай жасауы тиіс (8 бап, 1-1 т). Мүмкіндіктері шектеулі балалар үшін арнайы оқу бағдарламалары әзірленуде. Заң бойынша мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдары олардың қызмет көрсету аумағында тұратын барлық балаларды, соның ішінде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды да қабылдауы керек (26 бап, 2 т). 

Мұндай білім беру нормаға айналуы үшін шешетін бірнеше мәселелер бар. Атап айтқанда, педагогтардың дайын еместігі, олар сондай балалармен жұмыс істеуге психологиялық және кәсіби тұрғыда дайын емес, сонымен қатар кейбір ата-аналардың өз балаларының сондай ерекшеліктері бар балалармен бірге оқитынын қабылдай алмауы. Оған қоса балабақшалар, мектептердегі материалдық-техникалық базаның төмендігі де өзекті мәселе. Мүгедек балалардың ата-аналарының психологиялық беймаза күйге түсіп,  әлеуметтік остракизмге, яғни басқа балалардың олардың балаларын мазақтау, басыну сияқты ықтимал әрекеттердің болуына қауіптенуі. Көптеген облыстарда мұғалімдер мен ата-аналарға психологиялық-педагогикалық және әдістемелік көмек көрсету үшін инклюзивтілікті енгізу бойынша өңірлік орталықтар ашылды. Мүмкіндігі шектеулі балалармен жұмыс істейтін мамандар бойынша кадр мәселесін шешу үшін Қазақстанда дефектологтарды оқыту ауқымы кеңейтілді. Қазіргі таңда мұндай мамандар еліміздегі 17 ЖОО-да дайындалады. Педагогтер осы бағыт бойынша қайта даярлықтан өтеді. Бұл қадамдардың бәрі де инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталып отыр.

Шетел тәжірибесі қалай?

«Инклюзия» термині мен инклюзивті білім беру қағидаттары халықаралық деңгейде 1994 жылы Испанияда ерекше қажеттіліктері бар тұлғаларға білім беру жөніндегі Бүкіләлемдік конференцияда енгізілді. Сол жылы «Бәріне арналған білім беру» халықаралық бағдарламасына Қазақстан да қосылды. Ұлыбританияда мүгедек-балалар қарапайым мектептерде білім алуға 1976 жылы құқық алды. Арнайы оқу орталықтарында ауыр жағдайдағы балалар ғана оқиды. Англияда инклюзивті білім беруді дамытуға мемлекеттен қаржы бөлініп, мамандар дайындалады. Ерекше баланы кішкентай кезінен бастап жоғары сыныпқа дейін психологтар мен педагогтер үнемі бақылап, қолдау білдіріп отырады. Арнайы оқу бағдарламалары әзірленеді, баланың қасында мұғалімнен бөлек оның оқу материалын игеруіне, психологиялық және әлеуметтік мәселелерін шешуіне көмектесетін ассистенті болады. Бұл шаралардың бәрі мүмкіндігі шектеулі балалардың өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезініп, айналаға пайдалы болып дамуына септік етеді. Инклюзивті білім беруді дамыту – бұл тек ерекше балаларды дамыту ғана емес, сонымен бірге бүкіл білім беру жүйесін дамытуды білдіреді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin