
Мұғалімнің кәсіби білімін жетілдірудің ең бір тиімді әдісі – «Lesson Study». Кентау қаласы білім бөлімінің жоспарына сәйкес Кентау қаласының білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі А.А.Мақұлбекованың бастамасымен «Lesson Study» сыныптағы іс-әрекетті зерттеудің жапон әдісінің элементтерін енгізу және сыныптағы оқушылардың зерттеу жұмыстарын жас ерекшелігіне сәйкес жүргізу мақсатында 2024 жыл 12 сәуір күні А. Науаи атындағы №17 жалпы білім беретін мектепте Д.Базарбаева 3 «Б» сыныбымен зерттеу сабағының екінші циклы дүниетану пәнінің «Отбасы шығыстары қалай жоспарланады?» тақырыбында зерттеу сабағы өткізілді.
Мақсаты: оқушыларға кірістің және шығыстың не екенін, адамның дамуына еңбектің қалай әсер ететінін біледі, өз шығыстарын жоспарлай білуге үйренеді және шығыстарды оңтайландырудың маңызын түсінеді.
Бүгінгі зерттеу сабағын Кентау қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі А.А.Мақұлбекова, бастауыш сыныптар бойынша әдіскер Б.Орынбекова, қаланың бастауыш сынып мұғалімдері, сонымен қатар мектептің зерттеу тобының мүшелері (педагогтар) бақылады.
Жалпы зерттеу тобы, қонақтар және бақылаушылар өткен сабаққа кері байланыстарын беріп, «жоғары» деген бағасын қойып, ризашылығын білдірді.
Жапонияда бастауыш, негізгі және жоғарғы сыныптар бөлек оқитындықтан, мектептер шағын болады. Сол себепті де мектептердегі мұғалімдер саны 20-дан аспайды екен. Сондықтан да зерттеу проблемасы бүкіл мектеп үшін ортақ болады, оқушылардың оқып-үйренуінде қандай қиындық пен кедергі бар екендігін мұғалімдер бірлесе шешіп, сол тақырыпты жұмыла зерттейді. Негізгі мақсат – оқушылардың оқуы мен мұғалімдердің оқыту тәжірибесін жақсарту.
Әр мұғалім жылына 1-2 «Lesson Study» сабағын өткізеді. Мектепте осы әдісті жүзеге асыруға жауапты мұғалім сабақтар кестесін құрастырып, мұғалімдердің әрекеттерін сәйкестендіреді. Сонда орташа мөлшермен әр мұғалім айына 1-ден 3-ке дейін сабаққа қатысады.
Мектептегі мұғалімдердің барлығы да 4-5 адамдық «Lesson Study» топтарына бөлінеді. Олардың өздері қалай бөліну керектігін шешеді: бір сыныпта жұмыс істейтіндігі бойынша ма, әлде пән бойынша ма?
«Lesson Study» сабақтары мектепте айына бір рет бір күнде өтеді. Олардың саны 1, 2 не 3 болады. Белгіленген күні барлық мұғалімдер «Lesson Study» сабағына қатысады. Егерде сабақтар саны 2 не 3 болса, онда олар параллель жүргізіледі: мұғалімдер сабақтардың санына қарай бөлінеді. Әдетте «Lesson Study» сабақтары соңғы сабақта өткізіледі де, басқа сыныптар үйлеріне қайтарылады. Басқа жағдайда мұғалімдер сабаққа қатысады да, олардың сыныптарындағы оқушылар мұғалімдері жоқта өздігімен оқиды.
Мектеп бір ай бойы таңдап алған зерттеу проблемасы бойынша былай жұмыс атқарады:
— алдымен 2 апта бойы шағын топтар құрамында «Lesson Study» сабағының жоспарын талқылайды, оған проблеманы шешудің амалдары мен құралдарын енгізіп, жоспарды жақсартады,
— 3-аптада енді бүкіл мектеп бірлесіп сабақ жоспарын талқылайды, топтар өз идеяларын ортаға салады,
— 4-аптада «Lesson Study» сабағы өткізіледі де, ол іле-шала талқыланады.
Сабаққа дейінгі талқылауда зерттеу фокусы таңдалынады: оқушылардың үйренуін жақсарту керек пе, әлде мұғалімдердің сабақ беруін жақсарту керек пе?
«Менің ойымша, — дейді Тошия Чичибу, — екі мәселені де таңдап алған дұрыс. Яғни, «Lesson Study» сабағында оқушылардың да, мұғалімдердің де тәжірибесін жақсарту керек: мен сабақтарда оқушылардың да, мұғалімдердің де әрекеттерін бақылаймын».
«Алайда мұнда мына жәйтті ескерген дұрыс» — дейді жапондық ғалым. Егерде сабақтағы мұғалімнің әдістемесі зерттелсе, онда сабақты талқылау барысында жағымды қарым-қатынастың ең басты құндылық екендігін ұмытпау керек. «Бізде де кейде сабақ өткізген мұғалімді, әсіресе ол жас маман болған жағдайда, қатты сынап, тіпті оларды көздеріне жас алатын кездер де болады» -дейді Т.Чичибу.
Демек, «Lesson Study» сабақтарында мұғалімдердің әрекеттерін бақылап, сабақты талқылау барысында олардың тәжірибесін жақсарту бойынша шешім қабылдауға болады екен. Мұнда тек мұғалімдердің көңіл-күйіне қарап, олардың арасындағы ынтақтастыққа негізделген қарым-қатынастың бұзылмауын ойлау қажет.
«Lesson Study» сабағының нәтижесі қандай болмақ? Бірнеше сабақтар топтамасын өткізген соң мұғалімдердің өз тәжірибесімен басқалармен бөлісу мақсатында ҚМЖ жинағы не әдістемелік нұсқаулық шығарғаны орынды болар ма еді?» — деген сұраққа «Бұл мәселені мұғалімдердің өздері алдын ала жоспарлап шешеді. Бірақ қағазбасты болу мен сабақты зерттеуді формалды түрде жүргізуден сақтану керек. Lesson Study-де ең бастысы оқу мен оқытуды жақсарту екендігін ұмытпаған жөн. Ал мұны біз қайдан көреміз? Мұғалімдер оқушылардың оқуын жақсарғанын күнделікті бақылау мен бағалау арқылы біле алады, өздерінің кәсіби біліктілігін артқанын тұрақты түрде рефлексия жасау арқылы анықтай алады», — дейді жапон ғалымы.
«Сабақта қанша оқушыны бақылаған орынды?» деген сұраққа Тошия Чичибу былай деп жауап берді:
— Бұл мәселе зерттеу тақырыбына, мұғалімнің тәжірибесіне, білік пен дағдыларына байланысты болғандықтан оны әр мұғалімнің өзі шешеді. Мұнда қатып қалған нәрсе жоқ. Пит Дадли ұсынғандай, сыныптағы оқушыларды А, В, С деңгейлеріне бөліп, сабақта солардың біреуін бақыласа болады. Немесе оқушылардың жұбы не шағын тобының қалай жұмыс жасайтындығын да бақылаған орынды. Бүкіл сыныпты да бақылауға болады. Мен өзім әдетте бүкіл сыныпты бақылаймын, өйткені осылай ғана сынып туралы объективті картина құрастыруға болады деп есептеймін.
«Қандай бақылау құралдарын қолданасыз?» деген сауалға «Ең бірінші кезекте мен сабақта оқушыларды көптеп фотоға түсіремін. Талқылау барысында фотосуреттер менің оқушылардың қалай үйренгендігі туралы ойларым мен пайымдауларымның дәлелді айғақтары болады. Бұған қоса мен бақылау кестелерін де жиі қолданамын. Мысалы, мен сыныптағы парталардың схемасын сызып, оқушылардың отыратын орындарымен нөмірлеп аламын да, олардың сабақта жауап беру ретін белгілеп отырамын. Нәтижесінде бұл схемадан мұғалімнің қанша оқушымен жұмыс жасағандығы анық көрініп тұрады», — дейді жапон ғалымы.
— Сабақтан кейін оқушылардан интервью аласыз ба?
— Жоқ! Алайда Пит Дадли оқушылармен сұхбаттасуды ұсынады. Және де мен бұл әңгіменің жағымды нәтиже әкелетіндігін де жақсы білемін. Бірақ мен өзім сабақтан кейін оқушылардан интервью алмаймын.
— Сабақ барысында оқушыларға сұрақ қойып, олармен әңгімелесесіз бе?
— Бақылау кезінде оқушыларға сұрақты тек бір мәселені айқындап алудың басқа амалы қалмағанда ғана қоюға болады деп есептеймін. Мен сұрақ қоюды өте сирек қолданамын. Сұрақ қойғанда да сыбырлап, сабақ барысына еш кедергі болмайтындай қылып қолдану керек.
— Жапония мектептерінде ұйымдастырылған «Lesson Study» сабақтарында мұғалімдер бақылауды орындарынан тұрып жүргізеді. Кейде мұны бізде «Сыныптағы оқушылар саны көп, сондықтан да мұғалімдерге орын жетіспегендіктен, олар бақылауды тік тұрып жасайды.
— Бақылауды қалай жүзеге асырған дұрыс?
— Оны да мұғалімдердің өздері шешкені дұрыс. Қалай ыңғайлы болса – солай бақылаған орынды. Мысалы, мен орнымнан тік тұрып бақылағандыы жөн санаймын, өйткені осылай көп нәрсені байқауға болады: оқушылардың әрбір әрекетін, топ ішіндегі қарым-қатынас деңгейін. Бұған қоса тік тұрғанда фото жасау да ыңғайлы.
Тошия Чичибудың айтқандарын қорытындылап, Жапонияда «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін қалай қолданатындығын нақтылайық.
- «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) әдісін мектеп жұмысын бағалау емес, оқу мен оқытуды жақсарту үшін қолданылады.
- Қателер жасырылмай, оның себептерімен жұмыс жасалады.
- Мектептің барлық мұғалімдері үшін сабақты зерттеу міндетті болып саналады.
- Мектептің барлық мұғалімдері 4-5 адамнан тұратын «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) топтарына бірігеді.
- Бүкіл мектепке ортақ бір зерттеу тақырыбы таңдалады.
- Lesson Study сабақтары мектепте айына бір рет бір күнде өтеді, олардың саны 1, 2 не 3 болады.
- Белгіленген күні барлық мұғалімдер «Lesson Study» сабағына қатысады. Әдетте «Lesson Study» сабақтары соңғы сабақта өткізіледі де, басқа сыныптар үйлеріне қайтарылады.
- Зерттеу фокусы ретінде не оқушылардың үйренуі, не мұғалімдердің сабақ беруі, не екеуін де жақсарту мәселелері таңдалады. Екі мәселені де таңдаған дұрыс деп есептелінеді.
- Мектеп бір ай бойы таңдап алған ортақ зерттеу проблемасы бойынша бірлесе жұмыс жасайды.
- Алдымен 2 апта бойы шағын топтар құрамында «Lesson Study» сабағын өткізетін мұғалімнің ұсынған сабақ жоспарын талқылайды.
- Үшінші аптада бүкіл мектеп бірлесіп сабақ жоспарын талқылайды, оған өзгерістер енгізеді.
- Төртінші аптада «Lesson Study» сабағы өткізіледі, ол дереу талқыланады.
- Сабақты талқылау барысында мұғалімдер арасындағы ынтымақ пен жағымды қарым-қатынас бағаланады.
- Сабақты зерттеу үрдісінің нәтижелерін мұғалімдердің өздері таңдап алады. Олар бірінші кезекте оқу мен оқытудың жақсаруын меңзейді.
- Сабақта қанша оқушыны бақылау қажеттігін мұғалімдердің өздері шешеді. Олар бір оқушыны, не бір жұпты, не бір шағын топты бақылайды. Алайда бір мұғалімнің бүкіл сыныпты бақылағаны да тиімді деп есептелінеді.
- Бақылау нысандарын мұғалімдердің өздері таңдап алады. Тиімді бақылау құралдарына фотосуреттер мен кестелер жатқызылады.
- Сабақтан кейін оқушылардан интервью алу міндет емес. Алайда бұл тәсілдің тиімді екендігі ескеріледі.
- Бақылау барысында сабаққа кедергі болады деген оймен негізінен оқушыларға сұрақ қойылмайды.
- Бақылауды мұғалімдер орындарынан тік тұрып жүзеге асырады.
- «Lesson Study» сабағын талқылауда жасалған қорытынды барлық мұғалімдер үшін міндетті деп есептелінеді.
Тошия Чичибу келтірген жапон мектептерінің сабақты зерттеу тәжірибесі еліміздің мұғалімдеріне бір пайдасын келтіріп қалар. Әрине, қатып қалған ешнәрсе жоқ. Тошия Чичибу келтірген жапон тәжірибесін өзімізге бейімдеп, шығармашылықпен өзгерте әрі дамыта қолданғанымыз орынды. «Жақсы адам бәрінен үйренеді, ылғи да үйрену үстінде болады» деген қағиданы ұстанып, бұдан да бір жақсы жақтарды алып қалуымыз керек.
Бұл жердегі ең басты мәселе еліміздің әр мектебіне ешбір нұсқаға ұқсамайтын өзіндік «Сабақты зерттеу» (Lesson Study) тәжірибесін құрастыруда болып тұр. Ең маңыздысы – бір үлгіге сәйкес болу емес. Ең маңыздысы – өзімізге тиімді, қолайлы, жақсы нәтиже беретін өзіндік нұсқа дайындау, ешкім жүрмеген сара жол іздеу. Әр мектептің сабақты зерттеуді өзіндік тұрғыдан жүзеге асырғандығы дұрыс.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.