Түркістан облысы: Колледждер базасында жаңа мамандықтар ашу — күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі

Сонымен қатар, колледждер базасында жаңа мамандықтар ашу да — күн тәртібінде тұрған өзекті мәселелердің бірі.

Осы ретте, техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде заман талабына сәйкес, сұранысқа ие жаңадан 10 мамандық ашуды қамтамасыз ету туралы өңір басшысының тапсырмасына сәйкес басқарма колледждердің орналасу аумағына қарай:

  • жылжымайтын мүлікті басқару;
  • құрылыс жұмыстары және азаматтық құрылыс;
  • қала қатынас жолдарын салу және пайдалану;
  • лифт шаруашылығы және эскалаторлар (түрлері бойынша);
  • газбен қамтамасыз ету жабдықтары мен жүйелерін құрастыру және пайдалану;
  • қалдықтарды қайта өңдеу;
  • тоңазытқыш-компрессорлық машиналар мен қондырғыларды пайдалану, монтаждау;
  • ландшафтық дизайн;
  • ет және ет өнімдерін өндіру;
  • сүт және сүт өнімдерін өндіру;
  • жемістер мен көкіністерді сақтау және қайта өңдеу;
  • тері және тон бұйымдарын өндіру технологиясы; тері мен былғарыны химиялық өңдеу;
  • өрт қауіпсіздігі жаңа мамандықтарын ашу жұмыстарын жүргізуде.

Мемлекеттік гранттардың дұрыс игерілуіне байланысты басқарма тарапынан колледж студенттерінің сабаққа қатысуына арнайы мониторинг жүргізілген болатын.

Нәтижесінде: облыс бойынша 1-ші курс студенттерінің сабаққа қатысуы орташа есеппен 79,5%-ды құраған.

Яғни, 15 344 студенттің 12 087–сі сабақта болса, 3 257 студенттің сабақта болмағандығы анықталған.

Өткен оқу жылнда 645 студент оқудан шығарылған (әскерге және академиялық демалыс алғандарды қоса есептегенде). Шамамен оқу құны – 148,9 миллион теңге (жалпы оқу жылының соңына дейін – 408,2 миллион теңге).

Анықтама үшін айта өтейік, алдыңғы оқу жылында 2 036 студент оқудан шығарылған.

Мониторинг студенттердің сабаққа қатысуын барып көру тәсілімен жүргізілген екен.

Осы ретте, мониторинг жұмысын автоматтандыру мақсатында басқармаға қарасты 25 мемлекеттік колледж өз қаржаты есебінен білім алушылардың сабаққа қатысуларын қашықтан қадағалау үшін FACE ID ақпараттық жүйесін орнатылған.

Қазіргі таңда FACE ID ақпараттық жүйесі басқармамен интеграцияланып, толық автоматтандыру жұмыстары қарастырылуда.

Анықтама үшін атап өтейік, мемлекеттік тапсырыс орналастырылған төмендегі колледждер төмен көрсеткіш көрсеткен:

— Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК-ы (39%);

— Сайрам ауданындағы «Ақсукент көпсалалы колледжі» ЖК-і (40%);

— Төлеби ауданындағы «Түркістан көпсалалы-техникалық колледжі» МКҚК-ы (52%);

— Шардара ауданындағы «№16 колледжі» МКҚК-ы (58%).

Аталған кемшіліктерге қатысты тиісті шаралар қабылданған.

Колледждердің базасы туралы білгіңіз келсе.

Басқармаға қарасты 25 колледждің 22-сі типтік үлгідегі, 3-і ыңғайластырылған ғимаратта орналасқан. 25 колледждің 10-ы табиғи газбен, 5-і автономды жылыту қазандықтары арқылы, 5-і қатты отынмен, 4-і орталық жылыту жүйесімен және 1-і сұйық отынмен жылытылады.

Сонымен қатар, 5 колледж күрделі жөндеуді талап етеді:

  • «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі» МКҚК;
  • «Түркістан индустриалды-құрылыс колледжі» МКҚК;
  • «№11 колледж» МКҚК;
  • «Мақтаарал аграрлық колледжі» МКҚК;
  • «№7 колледж» МКҚК-да;
  • «Түркістан көпсалалы техникалық колледжі» МКҚК.

Қазіргі таңда облыстық білім басқармасы үшін ең өзекті мәселенің бірі — 2 мемлекеттік колледжде жатақхана тапшылығы бар. Себебі, олар — апаттық жағдайда.

Яғни, Созақ ауданындағы «№1 колледж» мен Мақтаарал ауданындағы Атакент елді мекенінде орналасқан №14 колледж.

Созақ ауданындағы №1 колледждің студенттері (89) туыстарының үйлеріне, мұғалімдердің үйіне, жалдамалы пәтерге және колледж директорына берілген қызметтік үйге орналастырылған.

Ал, Мақтааралдағы №14 колледждің студенттері (97) апаттық жатақханада жатыр. Аталған жатақханалардың апаттық екендігі туралы қорытынды 2016 жылы берілген, ал 2-не 2022 жылы берілген.

Сонымен қатар 2012 жылдан бері жатақханасы бар 14 колледждің бірде-бірінің жатақханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Аталған мәселенің әлеуметтік тұрғыдан өзектілігін ескере келе, жатақханаларды модернизациядан өткізуді мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында жүргізу қарастырылды.

Ол үшін басқарма тарапынан астаналық «Жатақхана» ЖШС-мен тиісті жұмыстар жүргізілген. Мәселе тиімді деп танылған жағдайда колледждердің жатақханалары 10 жылға сенімгерлік басқаруға беріліп, мердігер тарапынан модернизациядан өткізіледі.

Бұл тәжірибе Астана Медицина Университетінде осы уақытқа дейін қолданылған.

Қазіргі таңда жалпы жатақханада орналасқан студенттер саны 6 032-ні құраса, мемлекеттік колледждердің жатақханаларында орналасқан студенттер саны 4 832-ні құрайды.

Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК-ы ғимаратының тозығы жеткен (қасбеті, баспалдақтары, терезелері сынған және т.б.);

Түркістан қаласындағы «Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжі» МКҚК-ы ғимаратының қасбеті қираған, жылу жүйесі жарылған, жатақханасындағы есіктер сынған, дуалдары құлаған;

Кентау қаласындағы «Кентау көпсалалы колледжі» МКҚК-ы қасбеті қираған, жылу жүйесінің қаптауларын ауыстыру қажет;

Сауран ауданы, Ескі Иқан ауылындағы «Кәсіптік оқудағы көпсалалы колледжі» МКҚК-ы ғимаратының қасбеті қираған.

Бұдан бөлек техникалық және кәсіптік білім беру саласындағы колледждердің білім саласын дамыту мақсатында өзге елдердің тәжірибесін пайдалану туралы облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, төмендегі жұмыстар атқарылуда:

Халықаралық талаптарға сәйкес құзіреттілік орталықтар ашу мақсатында осы уақытқа дейін колледждер шет елдік оқу орындармен келіссөздер жүргізіп, өз мамандарын Өзбекстан, Түркия, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде арнайы оқытудан өткізсе, 2024-2025 жылдары колледж қызметкерлерін басқарма тарапынан Қытай, Түркия, және Германияға тәжірибе алмасу үшін іссапарға жіберу жоспарлануда.

Бірінші кезекте Қытай Халық Республикасына іссапарға:

  • «№7 колледж» МКҚК;
  • «№8 колледж» МКҚК;
  • «№12 колледж» МКҚК;
  • «№13 колледж» МКҚК;
  • «№16 колледж» МКҚК;
  • «Түлкібас агробизнес және саяхат колледжі» МКҚК;
  • «Көпсалалы индустриалды-техникалық колледжі» МКҚК;
  • «Түркістан көпсалалы-техкикалық колледжі» МКҚК;
  • «Түркістан жоғары көпсалалы, аграрлық колледжі» МКҚК;
  • «Түркістан жоғары көпсалалы, қол өнер колледжі» МКҚК-ы басшылары мен эксперттерін жіберу жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2024-2025 жылдары облыстағы Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық және Кентау көпсалалы колледждерінің базасында шағын кәсіпкерлік субъектілерін ашу жоспарлануда.

Шағын кәсіпкерлік субъектілері:

Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінің базасында аграрлық сектор саласы бойынша;

Кентау көпсалалы колледжінің базасында құрылыс, тұрғын үйге қызмет көрсету саласы бойынша ашылатын болады.

Студенттерге кәсіпкерлік дағдыларын үйрету мақсатында 4 колледждің базасында «Business Startup» орталықтары құрылады.

Олар:

Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжінде ІТ саласы, компьютерлік қызмет көрсету бойынша;

Кентау көпсалалы колледжінде тұрғын үйге қызмет көрсету саласы бойынша;

Д.Қонаев атындағы аграрлық-техникалық колледжінде аграрлық сектор саласы бойынша;

Қапланбек жоғары аграрлық колледжінде ветеринария саласы бойынша ашылады.

Жұмыспен қамту туралы облыстық білім басқармасының мәліметтері қандай?

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметі бойынша 2022-2023 оқу жылында 10 760 түлектің 7 640-ы немесе 71%-ы жұмыспен қамтылған (өткен оқу жылында 12 224 түлектің                     8 312-сі, яғни, 68%-ы жұмыспен қамтылды).

Алайда, колледждер тарапынан бітіруші студенттерге жалған жеке кәсіпкерлік аштыртып, студенттер қаражаты есебінен 3-4 айға зейнет ақы төлемдерін аудартқызу жолымен жұмыспен қамту көрсеткішін қолдан жоғарылатып отырған.

Кемшіліктер барлық колледждерде қайталанады.

«Осы ретте, бұл бағыттағы жұмыстарды 2024 жылдың тамыз айына дейін ретке келтіру бойынша жұмыстар жүргізетін боламыз» — дейді білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Маханбетов.

Сонымен қатар, өңір басшысының тапсырмасына сәйкес сенімгерлік басқаруға берілген үш колледждің сенімгерлікке берілуіне облыстық қаржы және мемлекеттік активтер басқармасымен бірлесіп талдау жүргізілуде.

Ал, ІТ колледжін ашу мәселесі де облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасымен талқыланды. Қазіргі таңда «Түркістан жоғары көпсалалы қолөнер колледжі» МКҚК-ын ІТ саласына бейімдеу үшін басымдықтар берілетін болады. Ол үшін 2024-2025 оқу жылынан бастап аталған колледжде ІТ саласы бойынша мемлекеттік тапсырыстар көлемі артады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin