Түркістан облысы: Колледжерге оқуға түсу үшін құжат қабылдау басталды

Сонымен, Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарында 2024-2025 оқу жылына оқуға құжаттар қабылдау басталды.

Талапкерлердің өтінімдері 25 маусым – 25 тамыз аралығында колледждердің қабылдау комиссияларында және «SmartNation College» платформасы мен «Электрондық үкіметтің» www.egov.kz веб-порталы арқылы жүргізіледі. Алдымен өтініштерді 25 маусым мен 1 шілде аралығында колледжге қағаз түрінде құжаттар тапсыра алады. Ал 1 шілдеден 25 тамызға дейін веб-портал арқылы жүзеге асырылатын болады.

Талапкер оқуға түсу кезінде мемлекеттік грант ұтып алуға конкурсқа түсу үшін 4 колледжге, 4 мамандыққа дейін таңдай алады. Орта балы бірдей талапкерлердің арасында бюджеттік орындарға конкурс Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 18 қазандағы № 578 бұйрығымен бекітілген бейінді пәннің бағасы есебімен жүргізіледі.

Алайда педагогикалық мамандықтарға түсушілер арнайы емтихан, медицина мамандықтары – психометриялық тест, өнер мамандықтарына түсетіндер шығармашылық емтиханды қосымша тапсырып, нәтижелері жалпы конкурста ескеріледі.

Айта кетейік, 2024-2025 оқу жылында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарына 15 мыңға жуық орынға мемлекеттік тапсырыс берілді.

Бұл ретте атап өтер тағы бір мәселе, осы жылдың 10-27 маусым аралығында өңірлік техниалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қорытынды мемлекеттік аттестаттау, «WorldSkills» кәсіби стандарттарына сәйкес демонстрациялық емтихандар өткізіліп жатыр.

Қазақстан Республикасында мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына, Түркістан облысының 2024-2025 жылдарға арналған Жол картасына сәйкес «WorldSkills» бағалау жүйесін енгізген колледждердің үлесі 2024 жылға 80%-ды құрамақ.

Мәселен, оқу жылының қорытындысы бойынша «Ғимараттар мен құрылыстарды салу» мамандығын Түркістан облысы білім басқармасына қарасты Кентау көпсалалы колледжінің бітіруші түлектері «Кескіндеме және сәндік жұмыстар» құзыреттілігі бойынша 4 модульден тұратын демонстрациялық емтихан тапсырып, өз біліктіліктерін айқындады. Орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары үшін білім алушылардың үлгеріміне ағымдағы бақылауды, оларды аралық және қорытынды аттестаттауды өткізудің үлгілік қағидаларына сәйкес біліктілік комиссиясының құрамы 60%-дан кем емес арақатынаста кәсіпорындар (жұмыс берушілер) өкілдері және 40%-дан артық емес білім беру ұйымдары өкілдері қатарынан қалыптастырылып, колледждің әлеуметтік серіктестері «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» ЖШС, «Astana Construction Building» ЖШС құрылыс зауыттарының өкілдері қатысты.

Биылғы оқу жылында облыстық ТжКБ ұйымдарында жалпы 10 мыңға жуық түлек оқуды аяқтаса, соның ішінде 3851-і «WorldSkills» кәсіби стандарттарына сәйкес демонстрациялық емтихандар тапсыруда.

Түркістан облысында 2023-2024 оқу жылында 50 колледж жұмыс істеді, онда 71 мамандық бойынша 41 902 студент білім алды (қазіргі таңда қалғаны – 41 702, оның ішінде: мемлекеттікте – 23 713, жекеменшікте – 17 557).

Жекеменшік колледждер туралы нақтылай кетейік: облыста 21 жекеменшік колледж болса, оның 165-ы мемлекеттік тапсырыстар аясында кадрлар дайындайды. Жалпы, жекеменшік колледждердегі студенттер саны – 17 557.

2023-2024 оқу жылында облыс бойынша жекеменшік колледждерге – 3 983 студент қабылданған.

Басқармаға қарасты мемлекеттік 25 колледжде 20 125 студент 63 мамандық бойынша білім алды.

Жалпы облыстағы колледждерді негізгі маман даярлау бағытына қарай талдасақ:

Ауыл шаруашылығы – 4 колледж (3 мемлекеттік, 1 жекеменшік);

Медициналық – 6 колледж (2 мемлекеттік, 4 жекеменшік);

Гуманитарлық, педагогикалық – 10 колледж (2 мемлекеттік, 8 жекеменшік);

Техникалық – 15 колледж (12 мемлекеттік, 3 жекеменшік);

Көпсалалы мамандар даярлау бағыттында – 15 колледж (9 мемлекеттік, 6 жекеменшік) қызмет атқарады.

Ескеретін жағдай, соңғы жылдары облыстағы колледждердің маман даярлау бағыттары өзгеріп, басым бөлігі көпсалалы колледждерге айналған. Бұл маман даярлау сапасына кері әсерін тигізеді. Себебі аталған колледждердің нақты бағыты айқындалмаған.

Түркістан облысының білім саласында сапаны қамтамасыз ету депртаменті 2022, 2023 жылдары өткізген мемлекеттік аттестациялау барысында 3 жылдан бері кадрлар даярланбаған 17 колледждегі 58 мамандық пен 83 біліктіліктің лицензиясы кері қайтарылған.

Қазіргі таңда бірқатар жақын орналасқан колледждерде тағы да 23 мамандық қайталанады.

«Баршаға қолжетімді сапалы білім» Ұлттық баяндамасында ТжКБ жүйесін дамыту міндеті қойылған, себебі бүгінгі таңда қызметкерлердің кәсіби біліктілігі мен дағдыларына қойылатын талаптар өзгерген, адамның еңбек белсенділігінің мерзімі ұлғаюда және таяудағы 5 жылда ұлттық еңбек нарығына жыл сайын 400 мыңға дейін жас шығады деп күтілуде.

Сонымен қатар, колледждердің оқу бағдарламалары мен материалдық-техникалық базасы өндіріс сұранысына жауап бере алмауда.

Осы ретте, облыстық білім басқармасы саладағы жұмыс ауқымының көлеміне байланысты колледждерге жеткілікті деңгейде назар аудара алмай келеді.

Бұл өз кезегінде колледждер дайындайтын мамандардың біліктілігі өндіріс орындарының қажеттілігіне жауап бере алмайтының көрсетуде. Яғни, жаңа технологиялар енгізілген өндіріс орындарында орын алып жатқан ғылыми-техникалық прогрестің дамуынан отандық кәсіптік білім беру саласы әлде қайда артта қалуда. Колледждерде даярланатын мамандықтар әлемнің озық өндіріс орындарында жұмыс істеу сұранысына толық ие емес. Бұл жұмыссыз мамандардың санын арттыруға алып келуде. Мәселені оңтайлы шешу үшін, облыстық білім басқармасы тарапынан техникалық және кәсіптік білім беру саласына түбегейлі өзгерістер енгізу қарастырылуда.

ҚР Оқу-ағарту министрлігіне облыстық білім басқармасынан техникалық және кәсіптік білім беру саласын бөліп, жаңа құрылым ретінде қарастыру бойынша ұсыныс енгізілді.

Тиімділігі:

— ТжКбб мекемелеріне тікелей өндіріс орындарымен жұмысы жүргізуге мүмкіндігі туады және мамандардың сол өндіріс орындарында жұмысын жалғастыруына жол ашылады;

— бизнес жоспары бар студенттер мен оқытушылар үшін мемлекеттік гранттар бөлу арқылы колледждер базасында шағын және орта кәсіпкерлік орындарын ашуға мүмкіндік беру арқылы, колледждерді өндіріс орындарына айналдыру;

— колледждерді ауыл шаруашылық, кәсіпкерлік, туризм және т.б. салалармен бірлесіп әлемнің озық технологияларын меңгеруге шет елдерге оқытуға жіберу, заманауи техниканы игеруді үйретуге мүмкіндік ашады.

Мәселен, облыстық білім басқармасының есебі бойынша дуалды оқыту жүйесімен 35 колледждің 8 518 студенті 43 мамандық бойынша 275 кәсіпорында өндірістік практикадан өтті.

«Алайда, бұл есептің басым бөлігі формалды деп санаймын» — дейді Жандос Маханбетов.

Қазіргі таңда жалпы мемлекеттік тапсырыс аясында білім алушылар саны 29 102 студентті құрайды. Кешегі оқу жылында мемлекеттік тапсырыспен 15 344 студент қабылданса, оның 11 514 орны мемлекеттік колледждерге бөлінген. Тапсырма толығымен 100%-ға орындалды. Өткен оқу жылында мемлекеттік колледждерге 8 660 мемлекеттік тапсырыс бөлінген болатын.

Мемлекеттік колледждердегі студенттердің санының артуына байланысты 2023 жылдың ІҮ тоқсанында мемлекеттік колледждер өздерінен үнемделген 2,1 миллиард теңге қаржыға материалдық-техникалық базаларын нығайтты.

Биылғы грант құны бір балаға шаққанда орта есеппен 693 000 теңгені құрайды. Атап айтқанда, айына — 77 000 теңге. Оның 45 000 теңгесі – оқу мазмұнына, 32 000 теңгесі — студенттің шәкірт ақысы.

Енді осы көрсеткіштер 2024 жылдың 1 қыркүйегінен оқу мазмұны – 62 500 теңгеге, шәкірт ақы 43 000 теңгеге дейін артты.

2024-2025 келер оқу жылына мемлекеттік тапсырыспен 17 000 студент қабылдау жоспарланып отыр. Осы мемлекеттік тапсырыстың 20%-ы немесе 3 500 орны облыстық бюджеттен қаралуы тиіс болып отыр. Бұл шамамен 3,3 миллиард теңге қаржыны құрайды.

Алайда, осы облыстық бюджет есебінен бөлінуі тиіс грант санын 1 500 орынға дейін азайтып, оны саладағы үнемделген қаржы есебінен шешу ұсынылады. Жалпы қажетті қаржы көлемі бір жылға 1,1 миллиард теңгені құрайды.

Себебі өткен оқу жылындағы 9-сынып бітірушілері – 40 мың оқушыны, 11-сынып бітірушілері 31 мың оқушыны құрады. Бөліну жоспарланған мемлекеттік тапсырыстар сұранысты толық қанағаттандырады. Бұл бойынша нақты шешім қабылдауды қажет етеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin