Қазақстан Республикасы Президентінің «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» 2022 жылғы 3 наурыздағы № 826 Жарлығы шыққалы, барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен байланысы күшейген. Жарлық ә дегеннен «Барлық деңгейдегі әкімдер жыл бойы халықпен кездесулер өткізсін, олардың барысында халықты толғандыратын әлеуметтік мәселелерге баса назар аудара отырып, Қазақстанды жаңғыртудың жаңа бағдарының негізгі бағыттары туралы хабардар етсін және проблемалық мәселелерді шешудің жолдары мен мерзімдерін түсіндірсін» деп басталады. Міне, осы орайда бүгін Сайрам ауданы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Бақытбек Хасанов Манкент ауылдық округінің тұрғыны Л.Жанназаровты қабылдады. Қабылдау барысында ол ауыл тұрғындарының табысын арттыру мақсатында 2,5 пайыздық несиелендіруге көмек көрсету, электр жарығын ретке келтіру үшін трансформатордың тетігін жөндеу, сондай-ақ ауыз судың тұрақты берілуін қадағалауға алу секілді мәселелерді жеткізіп, олардың шешу жолдарын қарастыруды сұранған болатын.
Тұрғынның талап-өтініштері мұқият тыңдалып, сала басшылары тарапынан шешу жолдары заң аясында түсіндірілді. Мемлекеттік бағдарламаға қатысу шарттарына сәйкес, барлық ауылдық округтері тұрғындарының тұрмыс жағдайымен, шаруашылықпен айналысуына талдау жүргізілген. Нәтижесінде «Ауыл аманаты» бағдарламасының пилоттық жобасына жағдайы төмен және ауыл шаруашылығына қолайлы деп танылған Жібек жолы және Ақбұлақ ауылдық округтері ұсынылған.
«Ауыл аманаты» жобасы аясында пилоттық жобаға қатысқан Сайрам ауданы Ақбұлақ ауылдық округі бойынша 20 азамат несие алуға өтінім жолдаған. Бүгінде 10 азаматтың жобасы облыстық комиссия қарауынан өтіп, мақұлданған. Несиелендірілген азаматтар ішінде облыс бойынша бірінші болып несие алып, өз кәсібін ашқан – Ақбұлақ ауылдық округінің тұрғыны Тұрар Сүлейменов.
Кәсіпкер өз жобасын іске асыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 8,6 миллион теңге несие алуға мүлкін кепілге қоя отырып, өтінім жолдаған. Нәтижесінде, облыстық комиссияның оң шешімімен 8 миллион теңге қаржы берілген.
Кәсіпкер несие қаржысына Ақмола облысынан 16 бас сауын сиыр әкелген. Бүгінгі күнде әр сиырдан 10 литрден сүт алып, «Натур Продукт» ЖШС-не өткізуде. Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын ұлғайтуды жоспарлап отыр.
Тағы бір ескерер жайт, бағдарлама аясында қолдауды басым көпшілігін АӘК алушыларға беруді және оларды кәсіпке бейімдеу жоспарланған. Бұл ретте, Ақбұлақ ауылдық округінде тұрғын саны 5600 адамды құрап, 52 отбасы, ал Жібек жолы ауылдық округінде 6060-қа жуық тұрғыннан 83 отбасы АӘК алып жатыр.
Жоба аясында ауылдық округтерде әрбір үйлерді аралап, скриниг жүргізілген. Нәтижесінде мал шаруашылығы және құс шаруашылығымен айналысуға аталған ауылдық округтерінен 200 тұрғынға (оның ішінде АӘК) алушы 24 азамат жеңілдетілген 2,5 пайыздық несие алуға қызығушылық танытқан.
Бүгінгі таңда 62 азаматтың құжаттары тексеруден өтіп, сүт пен құс шаруашылығын дамыту бағытында «Ақбұлақ-ӨНІМДЕРІ» және «Қазақбай ДИЯ» ауыл шаруашылығы өнеркәсіп кешендері ашылды. Бұл кешендерде құс шаруашылығы, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт өндірумен мал бордақылау бағыттары қосылды.
Сонымен қатар, «Ауыл аманаты» бағдарламасына қосымша қаржы бөлінуіне орай, аудан бойынша Қайнарбұлақ және Көлкент ауылдарын қатыстыру жоспарланып отыр.
Жоба аясында ауданда өндірілген өнімдерді Ақбұлақ, Жібек жолы ауылындағы сүт өнімдерін «НатурПродукт» ЖШС-і зауытына, ет өнімдерін «ЕТ-АГРО Манкент» ЖШС-іне, құс етін «Алма» АШӨК-не өткізу жоспарланған.
Ақбұлақ ауылдық округіндегі «Ақбұлақ-ӨНІМДЕРІ» кооперативінің құрамына кіріп, несие алуға 104 азамат ниет білдірген. Оның 20-сы облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына тапсырылып, ішіндегі 14 азаматтың құжаттары комиссия қарауынан өтіп, 10 азаматқа жалпы құны 53 миллион теңге бөлінген.
Ал, Жібек жолы ауылдық округінде құрылған «Қазақбай ДИЯ» кооперативінің құрамына кіріп, несие алуға 96 азамат ниет білдірген. Оның ішінде 15 азаматтың құжаттары облыстық «Ырыс» микроқаржы ұйымына тапсырылып, ішіндегі 1 азаматқа 5,4 миллион теңгеге несие қаралды.
Ал, манкеттік тұрғын айтқан коммуналдық жүйелердің қызметіне қатысты мәселелер бақылауға алынып, тиісті жұмыстар атқарылатын болады деп сендірді аудан басшысының міндетін атқарушы Бақытбек Хасанов.
Аудан әкімінің орынбасары Ш.Убайдуллаев, аудан әкімі аппараты персоналды басқару (кадр қызметі) бөлімшесінің басшысы Ғ.Айтқұлов, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін уақытша атқарушы Б.Олжаев және аудандық кәсіпкерлік палатасының басшысы Ғ.Байболов қатысты.
Бұдан бөлек іле-шала аудан әкімдігінде тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өтті. Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Б.Хасановтың қатысуымен өткен қабылдауға әлеуметтік, білім, жер, коммуналдық-шаруашылық салаларына басшылық ететін бөлім басшылары және Арыс, Қарасу, Қарамұрт, Көлкент ауылдық округтерінің әкімдері қатысты.
Жеке қабылдауда көлкенттік Д.Алашбаев жерлестерімен бірге Ханқорған ауылын көршілес ауылмен байланыстыратын жерінен жол ашу, Ханқорған қалашығының тарихи және мәдени маңызын арттыру мақсатында тазалығын сақтау, көріктендіру-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын қолға алу, халықты жайылым жерлермен қамту, мектептің қоршауын ғимаратына қарай жылжыту, тұрғын үй құрылысы үшін кезекте тұрған азаматтарға жер телімін беру секілді мәселелерді көтерді.
Кейінгі кезекте қарасулық У.Казакбаев Ақбай ауылының ауыз су жүйесін ретке келтіру және ескірген электр бағаналарын жаңартуды сұранды.
Мұнан кейін қарамұрттық көп балалы ана Н.Сахидақызы отбасына мемлекеттік қайтарымсыз грант алумен қатар, балаларын жұмысқа орналасуға көмек көрсетуді сұранды.
Ал, арыстық Э.Нарметов ата-ананың қамқорлығынсыз қалған жасқа тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер телімін Арыс ауылдық округінен асар жолымен қарастырудың қажеттілігін айтты.
Қабылдауда тыңдалған мәселелерге заң аясында түсініктемелер беріліп, бақылауға алынды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.