Түркістан облысы: Мақтаарал ауданында әлеуметтік баспананың құрылысы қарқын алды

Мақтаарал ауданында биыл «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 87 әлеуметтік баспананың құрылысы жүріп жатыр. Аумағы 60-65 шаршы метрді құрайды. Бүгінде аудан көлемінде 2 мыңға жуық адам тұрғын үй кезегінде тұрады.

Кәсіпкерлердің қаржысына қабырғасы қаланып жатқан үйлер толығымен аяқталған соң мемлекет сатып алып, үй кезегінде тұрған азаматтарға санаттарына қарай теңдей бөліп бермек. Көппәтерлі әрбір тұрғын үйдің ауласында кәсіпкерлердің қаржысына балалар ойын алаңшалары мен автотұрақтар салынады деп жоспарлануда.

Аталған бағдарлама аясында өткен жылы 46 тұрғын үй сатып алынып, баспанаға мұқтаж отбасыларға берілген.

Сонымен қатар, ауданда «Жайлы мектеп» бағдарламасымен 5 мектеп салынады. Қазіргі таңда 2 білім ошағының құрылыс жұмыстары басталған. Сондай-ақ, сақалды құрылысқа айналған тағы 2 мектептің құрылысы мен тағы 3 білім ұясын салу жоспарлануда. Одан бөлек, өткен жылы ауданда 2 мәдениет үйі салынса, биыл тағы екеуінің құрылысы басталған.

Мәдениет үйінің бірі 150 орындық Ж.Нұрлыбаев ауылдық округінің Ынталы елді мекенінде орналасқан. Құны 762 млн-ды құрайды. Құрылыс жұмыстары қолға алған мердігер мекеме келесі жылдың желтоқсан айында тапсыруды жоспарлап отыр.

Айта кетейік, ауданда дене шынықтыру мен бұқаралық спортты дамытуға да ерекше көңіл бөлініп отыр. Алдағы жылдары әрбір ауылдық округтің орталығынан шағын спорт кешендерін салу бойынша жобалық-сметалық құжаттамалар дайындалып, тиісті қаржы көлемі анықталуда.

Мақтаарал ауданында 19 ауыл газдандырылып, 56 шақырым жол жөнделеді

Бұдан бөлек Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту, тұрғындардың өмір сүрулеріне қолайлы орта қалыптастыру мақсатында Мақтаарал ауданында 6 миллиард теңгенің ауқымды жұмыстары жүргізілуде.

Қайта құрылғанына биыл 6 жыл толып отырған Мақтаарал ауданында 69 елді мекен бар. Бүгінде оның 45-і табиғи газбен қамтамасыз етілсе, 23 елді мекенге жобалау сметалық құжаттамалары толығымен әзірленіп, 19 ауылға республикалық және облыстық бюджеттерден бөлінген 4,5 млрд қаржының есебінен көгілдір отынға қосу жұмыстары жүргізілуде. Қалған 4 елді мекеннің де тиісті құжаттары толығымен әзірленіп, қаржы бөлдіру мақсатында салалық басқармаларға ұсынылған. Сала мамандарының айтуынша 2026 жылы мақтааралдықтар табиғи газды толығымен пайдаланатын болады.

Мақтаарал аудандық тұрғын үй-коммуналды шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі мамандарының мәліметінше аудандағы елді мекен санымен есептегенде табиғи газбен қамту көрсеткіші 65% болса, халық саны бойынша есептегенде 75%-ға жеткен. 19 елді мекеннің құрылыс жұмыстары толығымен аяқталса 95%-ға жететін болады.

Одан бөлек, ауданда биыл «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында жалпы ұзындығы 36 шақырымды құрайтын 38 көшеге, жергілікті бюджет есебінен жалпы ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қанағаттанарлық жағдайдағы ішкі көшелердің үлесін арттыру көзделіп отыр. Өйткені, 556 шақырым ішкі көшелері бар аудан жолдарының 30 пайызы қанағаттанарлықсыз жағдайда.

Өткен жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдардамасы аясында 80 дана ішкі көшелерге бөлінген 1 млрд теңгеден астам қаржыға орта жөндеу жүргізілген ауданда 54 елді мекенде тәулік бойы, 13 елді мекенде кестемен ауыз су беріледі. Кестемен берілетін 13 елді мекенге жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталып, оның 4-не мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізілуде. Былтыр құрылысы басталған А.Қалыбеков ауылдық округіне қарасты Жаңа жол елді мекені мен Мақтаарал ауылдық округіне қарасты Азаттық елді мекенінің ауыз су құрылыс жұмыстары толығымен аяқталып, қабылдау жұмыстары жүріп жатыр.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin