Мақтаарал ауданында 2024 жылдың 10 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 107 миллиард теңгені құраған. Оның ішінде ауыл шаруашылығында — 76,5 миллиард теңге, құрылыс саласында — 8 миллиард 39 миллион теңге, өнеркәсіпте — 10,9 миллиард теңге, сауда-саттықта 10,8 миллиард теңгені құрады. Бұдан бөлек, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 32,1 миллиард теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 120,6%-ға орындалған. Бұл жайында Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.
«Биыл Мақтааралдық диқандар 60,6 мың гектар жерге егістік ексе, оның 33,7 мың гектары мақта дақылына тиесілі. Жалпы аудан бойынша 90,4 мың тонна ақ алтын жиналып, орташа өнімділік 26,8 центнерді құрады. Мақтаарал ауданы бойынша 2024-2030 жылдарға жалпы құны 94,1 миллиард теңгеге 53 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде, мақта-тоқыма кластерін дамытуда жалпы құны 70 миллиард теңгені құрайтын 8 ірі жоба жүзеге асырылмақ. Нәтижесінде 3 020 адам жұмыспен қамтылады. Тарқата айтсам, «Cotton Мақта» ЖШС тарапынан 2025-2026 жылдар аралығында жылдық қуаттылығы 10 мың тонна болатын жіп иіру фабрикасы салынады. Сонымен қатар, «Global Textile Turkestan» ЖШС тарапынан 13,8 мың тонна жайма өңдеу фабрикасын салу көзделген. «Тulpar textile» ЖШС тарапынан да 2025-2028 жылдары 5 мың тонна жіп иіретін фабрика салынбақ. Сонымен бірге, «Нұрбибі» ЖШС мақта өңдеу зауытын, «Begash» ЖШС тұқым, тамшылатып суғару таспасын өндіру және «Zhybek TextilE» ЖШС жібек өндіру фабрикаларын іске асыруға ниетті»,- дейді Бақыт Насырханұлы.
Айта өтейік, Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін дамыту жұмыстары басталды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәлім еткен болатын.
– Түркістан облысы республикада мақта өсіретін жалғыз аймақ. Биыл 106 мың гектарға мақта егілді. Дегенмен, дәстүрлі әдісті қолданғандықтан оның өнімділігі де төмен болып отыр. Енді заманауи суды үнемдеу технологияларын қолдана отырып, мақтаның элиталық сорттарын өсіруді және шикізатты терең өңдеуді қамтитын мақта-тоқыма кластерін құру қолға алынды. Яғни, мақта өсіруден бастап жіп, мата және киім сияқты дайын тоқыма өнімдерін өндіруге дейін қамтылады. Түркістан қаласында мақтаны терең өңдейтін ірі зауыттың құрылысы басталды. Жоба құны — 147 миллиард. теңге. Зауытта 4 000-нан астам жұмыс орны ашылады, – деді Дархан Сатыбалды.
Жалпы, өңірде мақта кластерінде 9 жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Толық іске қосылғанда 40 мыңнан астам жұмыс орны құрылып, 50 мың тоннаға жуық дайын өнім өндіріледі. Бюджетке миллиардтаған салық түседі. Мақта өнімділігі 3 есеге дейін артып, өнімділік көрсеткіші гектарына 70 центнерге жетеді деп межеленіп отыр. Аймақта мақта егуде су үнемдеу технологиялары қолданылуда.
Мақталы аймақтарда егістікті әртараптандыру бағытында да жұмыс басталған. Аймақта жүгеріні терең өңдейтін «Крахмал-сірне» зауыты салынуда. Жоба құны – 36 миллиард теңге. Жоба толық іске қосылғанда жылына 150 мың тонна жүгеріні терең өңдеуге мүмкіндік береді. 550 жаңа жұмыс орны ашылып, жүгеріден 26 түрлі өнім шығарылады деп күтіліп отыр.
Бақыт Асановтың сөзінше, аудандағы Үлгілі елді мекенінде «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы аясында салынып жатқан 600 орындық мектеп жыл соңында пайдалануға беріледі. Ал, Атакент кентіндегі 1500 орындық мектептің құрылыс жұмыстары 2025 жылға өтпелі. Сонымен қатар аудандағы халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жалға берілетін 87 тұрғын үй кезекте тұрған отбасыларға жыл соңында табысталмақ. Бұдан бөлек, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 5 медициналық нысанның құрылыс жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Айта кетейік, Мақтаарал ауданындағы барлық 68 елді мекен 100% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, 68 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған, бұл аудандағы елді мекендердің жалпы санының 66,1%-ын құрайды. Бұдан бөлек, ауданда «Ауыл – Ел Бесігі» бағдарламасы аясында 10 айда 20,7 шақырымды құрайтын 22 көшенің ішкі көшелеріне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.