Түркістан облысы: Мақтаарал ауданының басшысы шаруаларға ағын су жеткізу мәселесін пысықтады

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Еңбекші ауылдық округіне қарасты Т.Жайлыбаев елдімекенінде орналасқан «Достық» магистралды каналының 73 пикетінің басында ағын су қауымдастықтарының басшыларымен кездесу өткізді.

Жиынға магистралды каналдың басшысы А.Жанботаев, «Қазсушар» РМК бөлімшесінің бастығы С.Тойтанов, ауыл шаруашылығы саласына жауапты мамандар және су таратыушы ауыл шаруашылығы өндірістік кооператив басшылары қатысты.

Кездесу барысында аудан басшысы алдағы жазғы маусымда ағын судың тапшы болтаныдығын назарларына жеткізе отырып, мейлінше қолда бар суды үнемді пайдалану керектігін түсіндірді. Сонымен қатар, кооператив басшыларына су беріп отырған барлық канал-қашыртқыларды ішкі жүйесімен бергелікте тазалу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бүгінгі таңда аудан аумағында ерте еккен бақша және күріш дақылдарын суғару жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатыр. Ағымдағы жылдың маусым айының соңында ашық қауындарды суғару жұмыстары басталатын болса, шілде айының басында мақта дақылдарын суғару жұмыстары жүргізілетін болады.

Атап өтерлігі, Достық каналы – Өзбекстанның Сырдария облысы мен Түркістан облысы Мақтаарал және Жетісай аудандары жерімен ағып өтеді. Республикадағы маңызды су құрылыстарының бірі. Мырзашөл өңірін игеру мақсатында Сырдария өзенінің су қорына негізделіп салынған. Өзбекстан Республикасы «Сырдария» аумақтық су шаруашылығы бірлестігінің есебіндегі «Достық» магистральды каналы арқылы ағын су жеткізіледі.

1901 жылы «Солтүстік» канал құрылысы басталып, 1913 жылы қазан айында канал бойымен су жіберілді. 1914 жылы «Романов» каналы болып өзгертіліп, 84 шақырымға ұзарды. 1926 жылы Орта Азия ауыл шаруашылық еңбеккерлерінің съезінде «Мырзашөлді игеру бағдарламасы» қабылданып, Қазақстандағы 326 мың гектар жерін суландырып, мақта алабын ұлғайту жедел қарқынмен жүрді. Канал көптеген ұзақ тармақтарға бөлініп, бойында мақта ұжымшарлары ұйымдастырылды. 1938 жылы канал С.М. Киров атындағы магистральды канал деп аталды. 1943 жылы батыс, 1949 жылы солтүстік, 1956 жылы орталық су жүйелері іске қосылды. 1959 – 1961 жылдары К-34 Қызылқұм, К-25 Арнасай тармақтары толығымен салынып бітті. Каналдың іске қосылуы Мырзашөл өңірін ең ірі мақта өсіретін ауданға айналдырды.

Өзбекстан жеріндегі Сырдария өзенінің жоғары ағысындағы Бекабат қаласының маңындағы Фархад ЖЭС-ы тұсынан басталады. Каналдың ұзындығы — 113 шақырым. Оның 49-ы Қазақстанның территориясынан өтеді. Канал 216 мың гектар жерді суландырады. Оның 136 мың гектары — Қазақстанда.

Бұдан бөлек Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов ауыл тұрғындарының шақыртуымен Еңбекші ауылдық округі Жантақсай ауылына барды. Бұған дейін аталған ауылдың азаматтары аудан әкімінің жеке қабылдауында болған еді.

Сала басшыларын жинап барған аудан басшысы ауыл тұрғындарының көтерген мәселелерін тыңдап, шешу жолдарын қарастырды. Жантақсайлықтар негізінен ауылға газ тарту, тозығы жеткен электр бағаналарын жаңарту, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту мәселелерін көтерді.

Аудан басшысы ауылға газ тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттама жасалып жатқанын, дайын болған соң қаржы бөлдіруге ұсынатынын жеткізді. Ал, елдімекенді кеңейтуге арналған жер теліміне инфрақұрылым тарту бойынша ауданның сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімінің басшысы Бижан Анарбековке тапсырма беріп, жол, ауыз су, электр желісін тарту бойынша жобалық сметалық-құжаттамаларын шұғыл түрде жасау керектігін айтты. Ал, электр бағаналарын жаңарту бойынша жауапты мекемеге тапсырма беретінін түсіндірді.

Жиын барысында ауыл тұрғындары арнайы келгені үшін аудан әкіміне алғыстарын жеткізіп, жұмыстарына сәттілік тіледі. Аудан әкімі ауылды дамыту үшін әрқашан ауыл тұрғындарымен бірлесе жұмыс жасауға әзір екенін жеткізді.

Айта кетейік, Жантақсай ауылында 700-ге жуық халық тұрады. Елдімекендегі Х.Доспанова атындағы жалпы орта мектептің ғимараты 2012 жылы, фельдшерлік-акушерлік пункті 2018 жылы ел игілігіне берілген. Сонымен қатар, ауылда қайырымдылық есебінен 2022 жылы «Біләл» мешіті, биыл жеке кәсіпкердің есебінен «Ағарыс-Жанарыс» балабақшасының ғимараты пайдалануға тапсырылды.

Биыл елдімекендегі 1200 метрлік А.Қолдасов көшесіне бюджет есебінен асфальт төселді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.