Түркістан облысы: Мақтаарал ауданының әкімі аудандағы ең биікте орналасқан каналдың мәселесін қарады

Мақтаарал ауданының әкімі Бақыт Асанов Достық ауылдық округінде болып, осындағы ең биікте орналасқан К-19 каналының мәселесімен тереңірек танысты. Жиынға ауыл шаруашылығына және ағын суға жауапты басшылар мен мамандар, ауылдық округ әкімі және шаруалар қатысты.

3900 гектар егістік алқапқа ағын су жеткізетін каналдың сыйымдылығы 4 текше метр/секундына құрайды. Ағын су арнасында 0,5 текше метрлік 2 бірдей насос орнатылған. Аталған насостар 98-пикеттегі судың деңгейі 180 сантиметрге түсіп кеткен жағдайда ғана қосылады. Қазіргі таңда су деңгейі 210 сантиметрге жетіп, К-19 каналына насостарсыз-ақ 1,9 текше метр/секундына ағын су келіп тұр.

Аудан басшысы аталған каналдан су алатын шаруаларға шұғыл түрде мақта алқаптарын жаппай суару керектігін ескертті. Жауапты басшыларға түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырып, шаруаларды ертерек мақта суғаруға шақыру керектігін тапсырды.

«Мұнда вегетациялық науқан өте төмен деңгейде жүргізілуде. Каналдан ағын су ішетін 2700 гектар мақта алқаптың 250 гектары ғана су ішкен. Тамыз айында ағын су жетіспеушілігі орын алады. Сондықтан, барлық шаруаларды шұғыл түрде мақталық алқаптарды суғаруға шақырамын» — деді Бақыт Насырханұлы.

Жиын барысында шаруалар өз ұсыныстарын айтып, аудан әкіміне сұрақтар қойды. Мәселен, вегетациялық науқан кезінде су деңгейі түсіп кетсе, жоғарыда аталған 0,5 текше метрлік 2 бірдей насос қосылғанның өзінде егістік алқаптарға су жеткізу қиындай түседі. Сондықтан, мәселені шешу үшін қосымша насостар қажет етіледі.

Мәселенің анық-қанығымен толық танысқан аудан басшысы тиісті сала басшыларына арнайы тапсырма беріп, қосымша насостарды сатып алу, орнату бойынша шұғыл әрекет жасау керектігін атап өтті.

Осы тұста атап өтерлік маңызды жайт, ағымдағы жылы Мақтаарал ауданы бойынша 36,3 мың гектар алқапқа мақта дақылы, 16,9 мың гектарға бақша, 1,5 мың гектардан астам жерге күріш және 2 мың гектар жуық жерге дәндік жүгері дақылдары егіліп отыр. Өздеріңізге белгілі, жоғарыда аталған дақылдардың барлығы жазғы маусымда толығымен суғарылуы қажет. Бүгінгі таңда бақша дақылдарын суғару жұмыстары аяқталуға жақындап, мақта дақылын суғару жұмыстары басталып кетті.

Жыл басынан бастап ағын су көлемі тапшы болатындығы жергілікті билік тарапынан шаруалар назарына жеткізіліп, суды көп талап ететін дақылды (күріш) азайту бойынша шаруалар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілген болатын. Алайда, 2022 жылмен салыстырғанда биыл 1 мың гектар күріш дақылы егіліп отыр.

Қазіргі таңда ағын судың 10 күндік бөлінісіне сәйкес, Мақтаарал және Жетісай аудандарына 80 текше метр/секундына ағын су шілде айына (І-80 текше метр/секундына, ІІ-80 текше метр/секундына, ІІІ-80 текше метр/секундына) бөлініп отыр. Тамыз айының І — он күндігіне екі ауданға 70 текше метр/секундына, ІІ — он күндігіне 60 текше метр/секундына, ІІІ — он күндігіне 50 текше метр/секундына ағын су лимиті бекітіліп отыр. Бұл өз кезегінде керек уақытында ағын суға деген тапшылықты туындатады.

Қазіргі уақытта жалпы суғарылған мақталы алқабының көлемі бар болғаны 1,5 мың гектарды құрап отыр, бұл жалпы есептің 4,1 пайызын құрап отыр.

«Осыған байланысты, аудан шаруаларын шілде айында барлық мақталы алқабына құрт зиянкесіне қарсы биологиялық және химиялық әдісті қолданып, жаппай суғару жұмыстарын жүргізуге шақырамыз! Тамыз айында ағын су көлемі тапшы болып, мақталы алқабына ағын су жеткізіп беру қиындық тудыратынын ескертеміз. Ағын су жеткізіп беруші АШӨК басшыларымен келісе отырып, бүгіннен бастап мақталы алқаптарын жаппай суғаруымыз қажет» — дейді Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміндегілер.

Орайы келгенде ескертер тағы бір мәселе, Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлім басшысы Әлімқұл Баязит Базарбайұлының Алматы облысы Сауда департаменті басшыларымен жүргізілген келіссөздері нәтижесінде Алматы қаласында орналасқан «Алтын орда» базарында Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін өз өнімдерін делдалсыз қала тұрғындарына сатуға арналған арнайы тегін орын белгіленді. Белгіленген орында шаруалар бақша, көкөніс өнімдерін сата алады. Сонымен қатар басқада облыстардың Сауда департамент басшыларымен бақша және көкөніс, т.б дақылдарын делдалсыз сатуға арналған арнайы орындар қарастыруға келіссөздер жүргізуде.

Ол үшін бақша, көкөніс дақылдарын өсіруші шаруалар жергілікті ауылдық округінің әкімшілігінен анықтама алып, өздерімен бірге алып барулары қажет.

«Қосымша сұрақтар туындаған жағдайда Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Ислам Шекербековке +7 708 080 98 98 байланыс нөмеріне хабарласуларына болады.

Анықтама алу үшін шаруа ауылдық округ әкімі аппаратына мына құжаттарды алып барулары қажет:

  1. Шаруа қожалығының тіркеу туралы куәлігі (патент);
  2. Шаруа қожылығы басшысының жеке куәлігі;
  3. Өнімді алып баратын шаруа қожалығы өкілінің жеке куәлігі;
  4. Алматы қаласына өнімді аппаратын көлік құралының тіркеу туралы куәлігі (техпаспорт)» — дейді Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің жауаптылары.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

1 Comment

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.