Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен мақта кластерін дамыту жұмыстары жүріп жатыр. Осы бағытта өзбекстандық инвестормен келісімге қол қойылған болатын. Бұл орайда, мақта-тоқыма кластерімен айналысатын өзбекстандық ең ірі компаниялардың бірі — «Global textile» компаниясы биылдан бастап Қазақстанның Түркістан облысындағы Мақтаарал ауданының нарығында жұмыс істеуге кірісті.
Кәсіпорынның негізгі мақсаты — Мақтаарал ауданында 2 мыңнан астам адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтитын 5 ірі кәсіпорынды іске қосу. Ол үшін 2023-2027 жылдарға арналған «Global textile. Turkistan» жобасы дайындалды. Құны 45 миллион долларды құрайтын жоба аясында логистика хабы, мақтаны бастапқы өңдеу зауыты, трикотаж мақта фабрикасы, мата бояу фабрикасы және тігін фабрикалары іске қосылады.
Биылдың өзінде аталған компания Мақтаарал ауданында шаруалардан 10 мың тоннаға дейін мақта қабылдауға ниет білдіріп отыр. Ол үшін Мырзакент кентінде компанияның кеңсесі ашылған.
Апта басында «Global Textile» компаниясының ұйымдастыруымен Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылығы саласының мамандары, ауыл әкімдері, шаруалар және кәсіпкерлерден құралған бір топ делегация Өзбекстан Республикасы Ферғана облысындағы компанияның кәсіпорындарына барды.
Іссапар бағдарламасы бойынша делегация көрші елдің ауыл шаруашылығы саласында, оның ішінде мақта өсіру бойынша қолданыстағы озық технологиялармен танысты. Оның ішінде егіс алқаптарын тамшылатып суару, мақта зиянкестерімен күресу және дала жұмыстарын ұйымдастыруға арналған «планадо» жүйелерінің жұмысына куә болды.
Сапар аясында «Fergana Global Textile» және «Global Textile Infinity» кәсіпорындарына экскурсиялар жасалды. Өндірістің жоғары деңгейде ұйымдастырылуы мен ауқымы, соңғы үлгідегі жабдықтар, заманауи зертханалар делегация мүшелерін тәнті етті.
«Түркістан облысында «Global Textile» бизнеске сауатты көзқарасымен және шаруаларға қолдау көрсетуімен жақсы беделге ие. Бірақ, біздің бұл сапарымыз күткенімізден де асып түсті. Олардың мақта өндіру, текстиль саласын дамытуда тәжірибесі мол. Өзбекстандық компаниямен ынтымақтастығымызды арттыра отырып, Қазақстандағы мақта шаруашылығын жаңа деңгейге көтереміз деп сенемін» – деді Мақтаарал ауданының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Талғат Қаленов.
«Global textile» компаниясы мақтаның шитінен бастап жіп иіру, мата тоқу, киім тігуге дейінгі аралықтағы кластерді толық қамтитынын, қазіргі уақытта компанияның Ташкент қаласы мен Ферғана облысындағы 15-ке жуық кәсіпорнында жалпы саны 5 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді.
Инвестиция демекші, бүгін Түркістанға Жапонияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Джун Ямада келді. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мәртебелі мейманмен кездесіп, екіжақты байланыстарды нығайту жөнінде ой қозғады. Түркістанның тарихымен, қазіргі жағдайымен таныстырып, өңірге түрлі сала бойынша инвестиция тартуға шақырды.
– Түркістанға қош келдіңіз. Қасиетті шаһарда түркі әлеміне танымал тұлға Қожа Ахмет Ясауидің кесенесі бар. Шаһарда қазақтың 21 ханы, көптеген билері мен сұлтандары мәңгі қоныс тапқан. Түркі әлемінің орталығы туризмге өте қолайлы. Өңіріміздің, Түркістанның тарихы жапон саяхатшыларын қызықтырады деп ойлаймын. Жапония азаматтарын саяхаттауға шақырамын. Бүгінгі кездесу екіжақты байланыстарды нығайтуға оң серпін береді деп сенемін. Сіздерге білім, кәсіпкерлік және өзге салаларда әріптестік орнатуды ұсынамыз. Арнайы экономикалық аймақта өндірісті дамытуға жағдай жасалған. Инвесторларға қолдау көрсетіледі. Жапония мемлекеті мен Түркістан облысы арасында сауда-экономикалық, инвестициялық әріптестік орнату тиімді боларына сенімдімін, – деді Дархан Сатыбалды.
Жапония елшісі екі мемлекет арасындағы достық байланыс өте жоғары деңгейде екеніне тоқталды.
– Арнайы қарсы алғаныңызға алғысымды білдіремін. Астанадағы елшілер, әріптестердің көбі Түркістанды аралап үлгерді. Мен сәл кештеу кеп тұрмын. Қала ұнады. Сәулет өнеріндегі озық үлгілер қолданылған екен. Инвестиция салу, ІТ университет ашу жөніндегі ұсыныстарыңызды еліміздегі бизнес өкілдері мен білім саласындағы азаматтарға жеткіземін. Әріптестікті нығайтуға күш саламын, – деді елші.
Оның айтуынша, екінші дүниежүзілік соғыстан кейін бұрынғы КСРО аумағына 560 мыңнан астам жапон азаматы жер аударылған. Оның біразы қаза тапқан. Жапония мемлекеті ұзақ жылдардан бері жат елде қалып қойған отандастарының зиратын тауып, сүйектерін туған еліне қайтаруда. Түркістан облысында да жапониялық тұтқындардың жерленгені туралы деректер бар.
Түркістанға Жапония делегациясы құрамында келген Денсаулық сақтау, еңбек министрлігінің және соғыста қаза тапқан жапон әскерлерін іздеумен айналысатын қауымдастық өкілдері Кентау қаласында зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. Архив құжаттары мен деректерге сүйеніп, жапониялықтар жерленген зираттарды анықтамақ.
Кездесуде осы мәселе де талқыланды. Қос тарап гуманитарлық бағытта да байланысты нығайтуға уағдаласып, естелік сыйлықтар алмасты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.