Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы техникалық дақылды егетін аудан шаруаларының еңбегін бағалауда және өнім жинауда заңсыздықтардың алдын алу мақсатында мақта саласы бойынша күзгі жиын-терім науқанында бақылаушы мобильді жұмысшы тобы құрылған болатын.
Аталмыш топ мүшелері өзге аудандардағыдай Жетісай ауданында да мақта өңдеу зауыттары мен мақта қабылдау бекеттеріндегі зертханаларымен таразыларына тиісті бақылау жұмыстарын қарқынды жүргізуде.
Аталған топтың жұмысымен танысып, жергілікті шаруалармен тілдесу мақсатында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы ауданға арнайы келіп, «Мақта Капитал» ЖШС мен «Корпарация Евразия» ЖШС мақта өңдеу зауыттарында болды.
Сала мамандарының мәліметінше, «Мақта Капитал» ЖШС мен «Корпорация Евразия» ЖШС мақта өңдеу зауыттары мақтаның келісін 220 теңгеден белгілеп, 5000 тоннадан өнім қабылдаған. Шаруаларға тоннасына 100-150 мың теңге аралығында аванс төленуде.
Айта кетейік, Жетісай ауданы бойынша биыл 45,2 мың гектар алқапқа мақта дақылы егіліп, қазірде 28 мың гектар алқаптан 60,7 мың тонна өнім жиналған. Күзгі жиын-терімге 200-ден астам мақта теру комбайны мен 40-тан астам бригада қатысуда.
Одан бөлек, 7 мақта өңдеу зауытының 80 мақта қабылдау бекеті тұрақты жұмыс істеп тұр.
Бұдан бөлек облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Мақтаарал ауданындағы «Zhanasyl», «Береке ММА» және «Қазақ Ресей» мақта зауыттарының науқан кезіндегі жұмыстарымен де танысты.
«Zhanasyl» мақта зауытының жылдық қуаттылығы 60 мың тонна мақта талшығын шығарады. Қазіргі таңда 7000 тонна мақта қабылдаған. 2 ауданда 9 бірлік мақта қабылдау бекеті бар. Мақта бағасы зауытта — 250 теңге, бекетте — 246 теңге.
«Береке ММА» мақта зауытының жылдық қуаттылығы — 10 мың тонна мақта талшығын өндіруге шақталған. Қазіргі уақытта мақта бағасы — 220 теңге, сонымен қатар ірі шаруаларға мақтасын өңдеу қызметін қоса атқаруда.
Ал, «Қазақ Ресей Мақта өңдеу зауыты» қазіргі таңда зауыттарға және шаруаларға мақтаны өңдеу қызметін көрсетуде.
Айта кетейік, зауыттарға келудегі басты мақсаты — ондағы шикізатты қабылдауға арналған құрылғылардың жағдайын білу, диқандар өнімін жекеменшік зауыттарға өткізгенде барынша тиімді сата алуына ықпал жасалуын қадағалау.
Бүгінгі күні Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 60,8 мың гектарға жеткен. Оның ішінде 18,2 мың тонна көкөніс, 411,4 мың тонна бақша, 5,1 мың тонна картоп өнімдері жиналды. Қысқы маусымға қажетті 120 мың тонна мал азығы анықталып, 73,5 мың тонна өнім дайындалды.
Ал, Жетісай ауданында биылға ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс көлемі 79,2 мың гектарға жетіп отыр. Бүгінгі күнге 71 мың тонна көкөніс, 614,2 мың тонна бақша, 1,8 мың тонна картоп өнімдері жиналған. Қысқы маусымға қажетті 195 мың тонна мал азығы анықталып, 160,5 мың тоннасы дайындалған.
Аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттыру үшін заманауи ылғал үнемдеу технологияларын енгізу және озық инновациялық әдістерге көшу бойынша жұмыстар белсенді жүргізіліп жатыр.
Ал Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұралхан Көшеров «Гродно Азот» ААҚ-да болып, оның қолданыстағы технологиялық мүмкіндіктерімен танысты. «Гродно Азот » ашық акционерлік қоғамы — азот қосылыстары мен тыңайтқыштарды өндіретін Беларусь елінің мемлекеттік компаниясы.
Нұралхан Көшеров зауыттың топ-менеджментімен бірге минералды ресурстар өндіру цехтарында болып, медициналық оттегі мен нақты тұтыну топтарына бағдарланған басқа да өнімдерді шығаратын өндіріс алыбының мүмкіндіктерін жоғары бағалады.
Кәсіпорынның екінші өндірістік кешені — «Химволокно зауыты» филиалының жұмысымен танысқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары «Гродно Азот» ААҚ-ның сериялық өнеркәсіптік мүмкіндігін атап өтті. Аталған өндіріс орны ауыл шаруашылығы, тамақ, автомобиль, тоқыма және басқа да салаларға арналған өнімдердің алуан түрін өндіреді.
Іссапар барысында Нұралхан Көшеров Гродно облыстық атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары Юрий Валевпен кездесті. Кездесу барысында екі облыстың агроөнеркәсіптік салалары талқыланды. Ынтымақтастық орнату жөнінде келісім жасалды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.