Қазақ ауыз әдебиетінің эпостық жырлары мен қисса-дастандарын жатқа айтудан жасөспірімдер мен балаларға арналған «Бабалар мұрасы – ұрпаққа ұлағат» облыстық байқауы өз мәресіне жетті. Облыстың барлық аудан һәм қаласының дарынды мектеп оқушылары «Мұңлық-Зарлық» жырын жатқа айтудан бақ сынады.
Байқауда «Оңтүстік Қазақстан» газетінің бас редакторы Абай Балажан, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының көркемдік жетекшісі Асылхан Темірхан, жыршы, термеші Әбдіғаппар Айдаров төрелік етті. Қазылар алқасы үміткерлердің эпостық жырдың айту мәнеріне, жаттау қабілетіне, дауыс тазалығына, сахна мәдениеті мен киім үлгісіне баса назар аударды.
Әділ қазылар шешімімен бас жүлдені түркістандық оқушы Айару Сембай иеленді. Жүлделі I орын Отырар ауданынан келген Кәусар Бабаханға бұйырды. Ал Қазығұрт ауданынан Әсет Исахбай пен түркістандық Аяулым Өтебек II орын иегері атанды. Арыс қаласынан Айым Сапарәлі, Жетісай ауданынан келген Інжу Пердебай және Диана Дүйсенбай жүлделі III орынды қанжығасына байлады. Бұдан бөлек байқауда «Мұңлық-Зарлық» жырын жатқа айтудан үздік деп танылған қатысушы үміткерлерге арнайы жүлделер табысталды.
Айта кетейік, сайыстың негізгі мақсаты да қазақ халқының сан ғасы бойы бастан кешкен тарихын, батырлардың ерлігін, қазақ ауыз әдебиетінің тарихи, эпостық жырларын дәріптеуге, балалар мен жасөспірімдердің туған еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыруға және ұлттық шығармаларды халық арасында кеңінен насихаттауға бағытталған.
Атап өтерлігі, Мұңлық–Зарлық – Шығыс сюжетімен құрылған жыр. «Мұңлық– Зарлық» ел арасына тараған ауызша нұсқаларымен қатар қолжазбалары Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Алматы қалаларының мұрағаттары мен кітапхана қорларында сақтаулы.
Сюжеті жағынан «Мұңлық–Зарлыққа» ұқсас «Алтын Айдар», «Зарлық», «Шапшар хан», «Қиссауылыи Мұңлық – Зарлық» секілді жырлар бізге жеткен. Жырдың халық арасына кеңінен таралуына қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы көп еңбек сіңірді. Ол ауызша тараған үлгісі негізінде жырды қара сөзбен (өлең аралас) қайта жырлап, 1896–1916 жылдары Қазан қаласында «Хикаят Рисале-и Мұңлық – Зарлық» деген атпен бірнеше рет жариялады. Жыр сюжеті қазақтың ертегі, аңыздарымен сарындас, онда батырлық эпоста кездесетін сөз оралымдары мен бейнелеу тәсілдері кеңінен қолданылған.
Мұңлық моласы Арыс қаласы, Байырқұм ауыл әкімдігіне қарасты Аққала елді мекенінен бір шақырымдай оңтүстік-шығысындағы ескі қорымда орналасқан болса, Зарлықтың қабірін Жиделі ауыл әкімшілігінен 4,5-5 шақырым жердегі көне моладан табуға болады.
Ноғай мен қазақ деп бөліне қоймаған кезінде он сан ноғай ішінде Шаншар хан ел билеген. Оның алпыс әйелі болса да, балаға зар болыпты. Жасы алпысты алқымдап қалған хан Құдайдан бала тілеп жүргенде, сұлу қызға үйленсе, ұл мен қыз табатыны турасында түс көреді. Хан елдегі Жаудыр деген балықшы шалдың жалғыз Ханшайым есімді қызына үйленеді. Ханшайым егіз бала бір ұл, бір қыз табады. Бірақ, қалған әйелдері ханды алдап, Ханшайымды дарияның адам барса, шыға алмас аралына, екі баласын Шөгірлі тауына апарып тастайды. Мұңлық пен Зарлық қиыншылықтың бар тауқыметін бастарынан өткеріп, бірі бой жетіп, бірі ер жетеді. Қалмақтың ханы Күлместің елін іздеп тауып, оның қызына үйлену үшін адам баласы төзе алмайтын сынақтарынан өтіп, қызды көп жасауымен алып қайтады. Ақыр соңында анасы мен әкесіне қосылып, қырық күн тойын, отыз күн ойынын жасаған. Бұл оқиғада айтылған әрбір жер, су және оның атаулары осы күнге дейін сақталған.
Мұңлық пен Зарлық жайында тың деректер көп. Мәселен, жергілікті қариялар аңыздағы егіздерге арналған мұнараны «Өте ескі дәуірде тұрғызылған» деп айтады. Бүгінде мұнараның күтімінің жоқтығынан құландысы ғана қалған, ол қам қыштан тұрғызылған. Халық оны «Мұңлық-Зарлық» дастанымен байланыстырады. Қазірге дейін адамдар мұнара орнына барып түнейді. Арыс қаласында Мұңлық-Зарлыққа арнап салынған символикалық ескерткіш бар.
Тағы бір аңызға сәйкес, ертеде қылышынан қан тамған қаһарлы бір ханның жалғыз қызы бойжеткенде бір кедей жігітке ғашық болып, көңіл қосып жүреді екен. Мұны біліп қойған хан жігітті дарға астырады. Жігіт өлгеннен кейін қыз мезгіліне жетпей бір ұл, бір қыз табады. Көп көзінен, ел сөзінен сескенген хан жаман атқа қалмаудың амалын іздеп, қос бүлдіршіннің көзін жоюды астыртын мыстан кемпірге тапсырады. Мыстан кемпір өмірге жаңа келген сәбилерді көз көрмес, құлақ естімес жерге апарып, биік өскен жап-жасыл ағаштың басына қызды — шығысқа, ұлды — батысқа қаратып іліп кетеді. Нәрестелердің көз жасы тамған ағаш бұтақтары суалып, қуара бастайды. Қос жүрек соғуын тоқтатқанда, бәйтерек те өсуін тоқтатыпты. Ел ішіндегі өсек сөз, өтірік өкпеге шыдамаған патшаның қызы егізін іздеп жолға шығады. Бармаған жер, баспаған тауы қалмайды. Күлкісіз күндер, ұйқысыз түндер, арманмен айлар, жылаумен жылдар өтеді. Қатты шаршап, діңкесі құрыған қыз әбден қурап, қабығы түсіп, шіруге айналған биік ағаштың түбіне келіп қисаяды. Ұйықтап кеткен соң, оны бір сүйкімді саз, сиқырлы әуен оятады. Құлақ түріп, тың тыңдаса «ән салып тұрған» қасындағы биік ағаш екен. Қыз күндіз қос бүлдіршінін іздеп, түнде осы «әнші» ағаштың түбіне келіп, неше түрлі әуез естіп, көңіл жұбатып, тынығып жүреді. Бір күні айналаға көз салмақ болған қыз ағаштың басына шығамын деп оны құлатып алады. Бірақ көп ұзамай самал соғып, «әнші» ағаш қайта зарлай жөнеледі. Қыз оның құпиясын білмек болып тексереді. Ағаш жуан түбінен басына дейін қуыс екен. Жіңішке басының екі жағында бұтақтан бұтаққа керіліп қалған ішектерді көреді. Бұл қыздың екі баласынан қалған жұрнақ еді. Батыс жағындағы ішек бостау, ал шығыс жағындағы ішек қатты тартылыпты. Егізінің өлімінен хабары жоқ қыз енді ағаш неге ән салатынын түсінеді де, өзі де қуыс ағаш жасап алып, манағы ішекті соған тағады. Шертіп көрсе, үні жүрегіне жақын, жанына жайлы естіледі. Қыз байғұс бостау тартылған ішекке үні мұңды шығатындықтан, «Қызым — Мұңлық» деп, ал ащы, тым зарлы шығатындықтан, қатты тартылған ішекке «Ұлым — Зарлық» деп ат қойып, күндіз-түні қолынан тастамай, күй шығарып, ел кезіп, егізін іздеп кеткен екен.
Ханның қызы Ханшайым мен Зарлықтың жер болып, тегістеліп кеткен қабірін алғаш тапқан адам Асылхан молда деген кісі. Ол көміліп қалған жерінен жарыққа шығып, ең кемі үш-төрт ғасырлық уақытты басынан өткерген сынатастағы Ханшайым ана мен Зарлық есімдері жазылған жазуды оқып, елге түсіндірген екен. Дүниеде сирек кездесетін, «Қызыл кітапқа» жазылған қасиетті тораңғы ағашы қалың өскен дарияның бұл тұсы елдің есінде аңыз-жыр түрінде сақталған тарихи деректерге бай. Мысалы, екі күшікпен аралға апарылып тасталған Ханшайымның тұрған жері әлі күнге дария суының ортасында — «Ханшайым аралы» деп аталады.
Дастанда айтылатын «Шөгірлі» тоғай әлі күнгі осы атауға ие. Ал, кесене ішінде бес адамның моласы бар. Есіктен кіргендегі сол қапталдың төрінде екі адамның қабірі бар. Қабір орны тегістеліп, білінер-білінбес төбешікке айналған. Осы қабірге іргелес және екі қабір бар. Қарама-қарсы тұрған екі қабірді 0,75-0,80 метр биіктікте қышпен өріп, сыртын сылаған. Екі аралықтағы 2 метрлік ашық жерде жатқан қара мәрмәрға «Мұңлық-Зарлық анасы Ханшайым, әкесі Шаншархан патша. Дүниеден өткеніне 440 жыл 1996 жылы қойылды» деп жазылған. Қарама-қарсы қышпен өрілген қоршаудың солтүстік жақтағысы анасы Қаншайымның, оңтүстік жақтағысы — Зарлықтың қабірі. Зарлық кесенесінің шырақшысы Қалдыбек Күлембаевтың сөзіне қарағанда, алғашында Зарлық басында үлкен кесене болған. Күтімсіздік пен қараусыз қалғанның салдарынан кесене құлап, оның қыштары шашылған және шашылған орында үлкен төбешік пайда болған. 1975 жылдары жергілікті халық жиналып, шашылған қышының жарамдыларын жинастырып, қазіргі үлгіде қайта тұрғызған. Осы игілікті істің ұйымдастырушысы болған ауыл молдасы Асылхан Достайұлы кейіннен шырақшы болып, Зарлық пен Қаншайым ананың етек жағына өзін қоюды аманат етеді. Кесене ішіндегі бесіншісі — сол кісінің қабірі. Қалған екі қабірдегі кімдер екенін ел ұмытқан. Сол моланың шырақшысы «Бұл молаға қанша жыл болды?» деген сұраққа: «Біздің әулет, бізге қараған тұқым — өмір бақи осы моланың шырақшысымыз. Менің білетінім, менің ата-бабамнан бері санағанда 470 жылдан бері шырақшысы екенбіз. Біз он шақты ұрпақ ауыстық. Әйтеуір біріміз болмасақ, біріміз шырақшы болып отырмыз» — деп жауап беріпті. Ал, Мұңлық моласы Арыс ауданы Байырқұм ауыл әкімдігіне қарасты Аққала елді мекенінен бір шақырымдай оңтүстік-шығысындағы ескі қорымда орналасқан. Қорым Арыс-Шардара автомобиль жолы арқылы Ешкілі көлмен байланысады. Солтүстігі ашық, солтүстік-батысында Аққала елді мекені орналасса, батысы мен оңтүстігі ашық, мал жайылымымен байланысады. Зарлық моласы мен Мұңлық моласының арасы тікесінен 4,5-5 шақырым келсе, айналма тас жол ұзақтығы — сегіз шақырымды құрайды. Басында сағана жоқ қара мәрмәр тасқа «Мұңлық рухы. Анасы Ханшайым, әкесі Шаншархан патша. 440 жыл дүниеден өткеніне. 1996 жыл қойылды» деп жазылған.
Жергілікті көнекөз қариялар Мұңлық-Зарлыққа арналған мұнараны «Өте ескі дәуірде тұрғызылған» дейді. Мұнараның күтімінің жоқтығынан құландысы қалған, ол қам кесектен салынған. Дегенмен қазірге дейін адамдар мұнара орнына барып түнейді. «Алтын Айдар», «Зарлық», «Шаншар», «Қисса-и Мұңлық-Зарлық» атты аңыз-әңгімелер мен жыр нұсқаларында айтылатын «Шөгірлі тоғай» (мұнда Шаншархан жерленген), «Ханшайым аралы» жер аттары мен жырдың басты қаһармандары жерленген бейіт мазардың бар екені айқын дәлел. Кезінде дастанды зерттеушілер мәселенің анық-қанығын білмей-ақ, сюжеті «шығыстан ауысқан болса керек» деп жаза салған.
Сондай-ақ, кейінгі жылдары Ханшайым бейітін қазып, басындағы оның аты жазылған сынатастың табылуы, көлегейленіп келген шындықтың бетін ашқаны мәлім. Ең кем дегенде үш-төрт ғасыр бұрын жерленген Ханшайым бейітін қазып, басындағы құлпытасты тапқан — марқұм Әсілхан деген молда. Бұл күндері халық «әулие» деп санайтын Ханшайым мен Зарлық мазарына күмбез орнатылып, ел қамқорлығына алынған. Мұңлық қыз моласы бұл қорымнан бөлек жерге қойылған, оның басында да лайықты белгі орнатылған», — дейді жергілікті тұрғын Балқаш Әпсенов.
«Мұңлық-Зарлық» дастанын ел арасында қиссашыл ақын Жүсіпбек Шайхысламұлы жазып алып, ауыздан-ауызға таратқан екен. Бертін келе Дулат Исабеков жазып шыққан пьеса театрда сахналанып жүр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.