Түркістан облысы: Мемлекеттік қызметтен зейнетке шығып, кәсіп ашқан азамат құмай дақылынан мол өнім алуды көздеп отыр

Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы «Агро кеңес беру орталығының» жетекшісі Нұрлыбек Боранбаев пен агроөнеркәсіптік кешен бөлімінің басшысы Бақытжан Құралбаев Шардара ауданының Ақалтын елді мекеніне іс-сапармен барып, жеке кәсіпкер Бақытбек Танагөзовтің егістік алқабында болды.

Шаруа қожалығының иесі 20 гектар жерге құмай (сорго) дақылын еккен. Мемлекеттік қызметте абыройлы еңбек еткен азамат зейнет жасына шыққан соң өз кәсібін дөңгелетіп отыр.

Құмай өнімі ыстыққа және қуаңшылыққа өте төзімді. Демонстрациялық алаң ретінде Сауран ауданының Майдантал ауылдық округіндегі «Жәңгір» шаруа қожалығында 20 гектар аумаққа жоңышқамен бірге сорго дақылы егілді. Жүгері тектес дақыл қант өндірісіне қолданылады. Мал шаруашылығында төрт-түлікке таптырмас азық ретінде жоғары бағаланады, — деді Нұрлыбек Нұрманұлы.

Бүгінде шаруа бірінші жиын-терім науқанына кірісті. Егістік алқабына 3 рет орақ салып (комбайынмен), жиын-терімнен 30 тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр екен. Қосымша 4 гектар жерге асқабақ еккен. Кәсіпкер биыл мол табысқа қол жеткізуді көздеп отыр.

Тарқатып айта өтейік, қонақ жүгері немесе сорго (лат. Sorghum) – астық тұқымдасына жататын бір немесе көп жылдық өсімдіктер тегі. Текті тропиктік, субтропиктік және қоңыржай аймақтарда өсетін 50-ге жуық түрі белгілі. Қазақстанда егіс алқаптары мен суармалы жерлерде өсетін 5 түрі бар. Жиі кездесетіні – Алеп құмайы (sorghum halepense).

Өсімдіктердің биіктігі шамасы 1 – 1,5 метрдей, сыртқы түрі жүгеріге ұқсас, тамыры жақсы жетілген.

Жапырақтары ұзын, диаметрі 1 – 3 сантиметр.

Көп гүлді сыпыртқы гүлшоғырының биіктігі 60 сантиметрдей. Әрбір гүлі жарғақ тәрізді екі гүл қабыршағынан тұрады. Аталығы – үш, аналығы – біреу. Маусым – шілде айларында гүлдейді.

Жемісі – дән. Құмай – улы өсімдік, оның құрамында дуррин атты улы глюкозид, синиль қышқылы, сабағында крахмал мен қант бар. Емдік мақсатқа құмайдың көктем мен күзде жиналған сабағы мен тамыры пайдаланылады. Оның судағы тұнбасымен құяң, ревматизм және жүйке ауруларын емдейді. Ертеректе құмай өсімдігімен мерезді емдеген. Көк шалғынын мал жайылымы ретінде де пайдалануға болады. Гүлшоғырынан сыпыртқы жасайды, сондай-ақ, қызыл бояу және балауыз алынады. Сабаны қағаз жасауға, ши тоқуға пайдаланылады. Түрлеріне де тоқтала кетейік.

  • Sorghum bicolor– кәдімгі құмай
  • Sorghum saccharatum– қант құмайы
  • Sorghum technicum– сыпыртқылық құмай
  • Sorghum chinense– Қытай тарысы
  • Sorghum cernuum– балқұмай
  • Sorghum sudanense– Судан құмайы
  • Sorghum halepense– Алеп құмайы

Құмай- ыстыққа да, қуаңшылыққа да төзімді, топраққа талғамы аз, суды үнемді пайдаланады (жүгері дақылымен салыстырғанда 2 есе аз), тұқым себу мөлшері жүгеріден 5-6 есе кем, тұзды топрақтарға шыдамды және әртүрлі мал азықтық дақылдармен салыстырғанда көк масса өнімділігі көп артық. Сондықтан жоғары өнімді, топырақ тұздылығына және су тапшылығына төзімді болып келетін галофитті өсімдіктердің жаңа сорттары мен түрлерін инновациялық технологияларды пайдалана отырып Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде өсіруді жолға қою, бүгінгі күннің өзекті мәселелері қатарына жатады. Ол еліміздің экономикасы мен ауылшарушылығын дамытуда маңызды роль атқарады. Әртүрлі ароматтық қоспаларды қосып, құмайдан алкогольсіз глюкоза-фруктозалы шырындар, йогурттар дайындалады. Сондай-ақ құмай медицинада сусамыр ауруының (сахарный диабет) науқастарына бірден-бір шипалы диеталық тағам дайындауда қолданылады.

Құмай — (Sorhum) – біржылдық шөптектес астық тұқымдас өсімдік. Оның 50 мәдени және бірнеше жабайы түрлері бар. Отаны — Африка. Екінші шыққан жеріне Үндістан мен Қытайды жатқызады. Бұл өсімдіктің биологиялық ерекшелігі сол, табиғаттың қолайсыз жағдайларына аса төзімділігі. Ол ыстыққа, шөлге төзімділігі, қолайсыз жағдайларына өсетіндігі және ылғал жеткіліксіз болғанда, тіпті +45 градус температурада жақсы өнім беретіндігінде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin