Түркістан облысы: Монументтік өнер құрылыстары енді ономастика саласындағы «Тарихи тұлғалар» тізімі бойынша беріледі

Республикада монументті өнер құрылыстарын орнату ономастика саласындағы «Тарихи тұлғалар» тізімі бойынша жүргізіледі. Бұл туралы бүгін Бәйдібек ауданында өткен «Ұлттық ономастика: Ізденіс пен тәжірибе» атты көшпелі облыстық семинарда айтылды.

Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының ұйымдастырған іс-шараның мақсаты – ономастика саласындағы өзекті мәселелерді талқылау және осы саладағы өңірлердің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу. Семинар жұмысына облыстық ономастика комиссиясының мүшелері, тиісті мемлекеттік органдардың басшылары, аудан, қалалардағы ономастика саласын басқарып отырған бөлім басшылары мен сала мамандары, осы аудандық жұмысшы тобының мүшелері және ауылдық округ әкімдері қатысты.

Семинарды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Әділ Қонысбеков ашып беріп, жиынға модераторлық етті. Сонымен қатар осы сала бойынша облыста атқарылып жатқан жұмыстар бойынша баяндама жасады. 2024 жылғы 24 қаңтарда Республикалық ономастика комиссиясында бекітілген ономастикалық жұмыс барысында пайдаланатын әдістемелік ұсынымдардың талаптары таныстырылды.

Жиын барысында Бәйдібек ауданы әкімінің орынбасары Бағдатбек Жанғазиев аудандағы ономастикалық ахуал туралы баяндады. Жиі туындайтын өзекті мәселелерге тоқталып өтті. Көшпелі жиында сөз алған Түркістан облысы мәдениет және туризм басқармасының Тарихи-мәдени құндылықтарды қорғау бөлімінің басшысы Эльвира Момынова кеңінен баяндады. Алдымен монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібіне тоқталған бөлім басшысы қағида талаптарын сақтауға шақырды. Осы саладағы заң бұзушылықтарға жол бермеу, өрескел қателіктердің алдын алу бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

Күн тәртібінде өзектендірілген «Тарихи тұлғалар», «Жер-су атаулары» және «Дәстүрлі атаулар» тізімдерін, өзгерістер мен толықтырулар енгізілген Әдістемелік ұсынымдар қаралды. Қатысушылар идеологиялық тұрғыдан ескірген атаулары бар елді мекендер мен олардың құрамдас бөліктерін қайта атау жөніндегі 2022-2025 жылдарға арналған жол картасының іске асырылуы бойынша атқарылып жатқан мәселелерді ортаға салды.

Өңірлердегі ономастикалық ахуал, сондай-ақ алдағы уақытта атқаруды қажет ететін 2024-2028 жылдарға арналған кестедегі атау беруге жоспарланған атауларды талқыланып, монументтік өнер құрылыстарының орналасуына байланысты маңызды мәселелер де назардан тыс қалмады. Сонымен қатар семинарда елді мекендердің және олардың құрамдас бөліктерінің байырғы тарихи атаулары бойынша зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелері, сондай-ақ халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуге бағытталған шаралар қаралды.

Жиын соңы пікір алмасуға ұласты. Жиынға қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарға жауап алды. Облыстан келген арнайы бас маман Мадина Утепова түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Содан соң жиынға қатысушылар аудандағы тарихи-мәдени орындармен танысты.

Облыста монументтік өнер құрылыстарын орнату ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №103 бұйрығымен бекітілген Қағидаға сәйкес жүргізіледі. Жалпы әкімдік өз ретінде ҚР Президентінің тапсырмасы шеңберінде жүйелендірілген тәртіпті және осы саладағы уәкілетті органның, яғни Министрліктің арнайы ұстанымдарын ескере отырып, облыста орнатылатын Министрліктің жанындағы Монументтік өнер құрылыстарын орнату жөніндегі комиссияның қарауына енгізеді. Жоғарыда аталған Қағиданың талаптарына сәйкес мемлекеттік Комиссияның екі кезеңдік келісімін алғанға дейін қандай да бір монументті өнер туындысын орнату заңсыз екендігі аудан, қала әкімдіктеріне ескертілген.

Айта кетейік, облыс бойынша монументті өнер туындыларының саны – 842. Оның ішінде 89 ескерткіш, 339 бюст, 414 стелла бар. Соңғы 3 жылда аудан қалаларында 31 ескерткіштер орнатылған.

Атап өтейік, ономастика (грек onomastіke – ат беру өнері) – тіл білімінің жалқы есімдерді зерттейтін саласы. Жалқы есімдерге кісі, жануарлар аттары, халық, ұлт, ру-тайпа атаулары, жер-су, аспан денелері жатады. Ономастика заттарды жекелеп атайтын жалқы есімді зерттейтін тіл білімі саласы. Ономастика термині сонымен бірге жалқы есім жиынтығын казіргі ғылымда “онимия » ретінде белгілі онимдерді (rp. unoma, unuma “есім, атау») атау үшін қолданады. Жеке ел, аймақ немесе мәтіндегі жалқы есімдердін тізбегі «ономастика » (лексикон сөзіне сай) деп аталады. XX ғасырдың 60-жылдарындағы жеке ономастикалык еңбектерде ономастика термині антропонимика, яғни адамның есімдер жиынтығы мағынасында қолданылған.

Ғылыми пән ретінде құрылғанға дейін ономастика үш кезеңді басынан өткізді:

  • ғылымға дейінгі (XIX ғасырға дейін);
  • ономастиканың ғылым ретінде қалыптасуындағы аддынғы кезен (ХІХ-ХХ ғасырдың басы);
  • ғылыми (XX ғасырдың 30-жылдарынан қазірге дейін).

Қазак ономастикасы өз кезегінде әлемдік еңбектерге, соның ішінде орыс, түркі ономастикасының еңбектеріне сүйене отырып, Ғ.К. Қоңқашпаев, Е. Қойшыбаев, Т. Жанұзаков, А. Әбдірахманов. Ә.Т. Қайдаров, В.Н. Попова. О.А. Сұлтаньев жүйелі зерттеулерінің арқасында дамыды.

Ономастика атаулардың шығу, қалыптасу жайын тексереді. Ол зерттеу нысанына қарай топонимика, антропонимика, этнонимика, астронимика, зоонимика, теонимика, фитонимика секілді түрлерге бөлінеді. Топонимика географиялық атауларды зерттесе, антропонимика кісінің аты-жөнін, тегін, лақап, бүркеншік есімдерін қарастырады. Этноним — ұлттық ру-тайпа қатысьты мәліметтер жинағы.

Қазақ тіліндегі әйел есімдері гүл, күн, ай, сұлулық, асыл тастармен байланысты болса, ерлер есімі батыр, бек, би, құл, мырза, хан сөздерімен, сан есімдермен бірлікте келуімен ерекшеленеді. Араб, парсы тілдерінен енген есімдер де (Жамал – сұлу, Абдолла – құдайдың құлы, Нәзипа – таза, пәк) кездеседі. Этнонимика ел, ру аттарын, астронимика (космонимика) аспан әлемі, жұлдыз, планета атауларын, зоонимика жануар, фитонимика өсімдік, теонимика құдай аттарын, рухтар мен мифтік түсініктерге байланысты атауларды тексереді.

Ономастика халықтың этнографиясымен тығыз байланыста қаралып, басқа халықтармен жүргізген тарихи, мәдени қарым-қатынастың сыр-сипатын танытады. Ономастика қазақ тілінде ғылым ретінде соңғы 20 жыл ішінде дами бастады.

Қазіргі замандағы жаһандану үрдісі жағдайында адам өмірінің барлық саласында тіл саясаты саяси және экономикалық оқиғалармен, үрдістермен тығыз байланысты болып отырғаны белгілі. Тіл саясаты оны теориялық тұрғыдан танып-білуден бастап, оның қолданбалы жағына дейінгі аралықтың барлығын қамтиды. Тіл саясатын бірқалыптылықпен жүргізудің объективтік қиындықтары да болады. Ол қиындықтар, ең алдымен, тілдің қарым-қатынас құралы болуымен және белгілі бір ұлттың төл белгісі болуымен байланысты. Өйткені осы аталған қиындықтар тілдің толыққанды  қарым-қатынас құралы болуы үшін жеткілікті дәрежеде жасалмай жатқан ықпалдардан басталады.

Қазақ тілі — Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі. Сондықтан қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде дамыту саясаты мемлекет, үкімет, қазақ халқы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы тарапынан жүргізілетін барлық жұмыстар мен іс-шаралардың жиынтығы болып табылады. Барлық атқарылған жұмыс қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде сақтау, қорғау, дамыту, соның негізінде қазақ тілінің функционалдық аймағын кең қамту бағытында іске асырылады.

Қазақ тілі жүйесінің нормасы өз болмысында іргетасы мықты, дыбыстық жүйесі мен лексикасы бай, сөзжасамдық механизмі озық, грамматикасы терең тамырлы Алып Бәйтеректі білдіреді десек қателеспейміз. Өйткені қазақ тілі — Мағжан Жұмабаев «алтын тілім» деп жырлағандай, бағалы металл болып табылатын алтынның да қасиетіне ие болып отырған қасиетті тіл.

Алтынның металл ретіндегі басты қасиеті — оның түрлі химиялық реакциялар мен процестерге деген шыдамдылығы. Сонымен бірге алтын өте жақсы жылу өткізгіш болып та саналады. Алтынның тағы бір маңызды қасиеті – оның нығыздығы. Қазақ тілінің де осындай қасиетіне барлық уақытта қазақ халқы да, қазақстандықтар да куә болып келеді. Қазіргі ауызша қазақ тілінің көпөлшемді жүйесінде сақталған қанша субстарт, адстрат, суперстрат болып бөлуге болатын тілдік қабаттар бар! Тарихтың қанша дауылы соқса да, қазақтар әлемге тарап кетсе де, біртұтастығын сақтаған қазақ тілі сол тарап кеткен қазақтардың өзін тануы мен бауырын тануының, Отанын тануының белгісі ғана емес, қуатты қозғаушы күшіне айналып отыр. Қазақстанның төрт тарапынан келген қазақтар ғана емес, шетелдік қазақтардың да еш диалекті дегенге кездеспей, қысылмастан өзара  қазақша еркін сөйлеуінің өзі тіліміздің нығыз да бірқалыпты сақталған алтынның сипатына ие тіл екенін дәлелдейді. Бұл тұста Ахмет Байтұрсынұлының: «Тілдің міндеті — ақылдың аңдауын аңдағанынша, көңілдің түюін түйгенінше, қиялдың меңзеуін меңзегенінше айтуға жарау. Айта алатын адамы табылса, тіл шама-қадырынша жарайды. Бірақ айта алатын адам табылуы қиын», — деген сөзі өте орынды болмақ.

Уақыт қазақ тілі жүйесін де, сөйлеу ерекшеліктерін де, оның ішінде лексикалық, ономастиалық, терминдік яғни барлық лексикалық тетіктерін де қарқыннан қалмайтын қозғалысқа түсірді.

Бірақ заманның өзінің сол кезде ұстанған саясаты мен экономикалық бағыттарын тарих парақтарына «мөр етіп» басып қалдыратын бір ерекше «қызметі» бар. Заманның мөрі, әсіресе, жер мен су, мекен, көше, ауыл атауларына байланысты қатты соғылып, оларды кетіру өте шабандап қалып жатады.

Тәуелсіздік – Жер мен Су деген киеліміздің төл атауларын «зынданнан шығарып», мойнына түскен бодан бұғауын сыпырып алып тастаудан басталады.

Ономастика – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігін паш етіп тұратын Көк Тудан бір кем түспейтін үлкен сала. Өйткені Қазақстанда туған жас ұрпақ есін білген кезден-ақ, айналасына көз тастап, дүниені тануды жердің, судың, көшені, қаланың, ауылдың атын меңгеруден бастайды. Содан бастап Еркін Елдің Ер Ұрпағын тәрбиелеу мәселесі қарама-қайшылықтарға толы болмай, даңғыл жолмен жүретіндей ашық болуын ойлауымыз керек. Қазақстанның жеріне қонақ болып кірген кез келген шетелдік оның жерінің, суының атауын көргеннен-ақ, Тәуелсіз Елдің болмысын тани алатынына еш дау болмасы хақ. Сондықтан осы салада әлі де болса қарқынмен жасайтын жұмыстар шаш-етектен.

Қазақ тілін мемлекеттік тіл мәртебесінде, қазақ ұлтының ана тілі дәрежесінде, қазақстандықтардың қарым-қатынас тілі деңгейінде дамытудың оңтайлы тәсілі  қазақ тілін, қазақ мәдениетін және технологияны біріктіру арқылы тұтас дүние әзірлеп ұсыну деп санаймыз. 

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin