
Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық мәжіліс өтіп, онда аудан тұрғындарын сапалы ауыз сумен камту, ауданда оқу жылының аяқталу барысы мен оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, ауданның басты көшелері бойындағы нысандардың қасбетін ретке келтіру мәселелері қаралды.
Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ермұхаммед Құралбековтың айтуы бойынша, 2022 жылы 9 нысанның құрылысы жүргізілген. Ал, 2023 жылы 7 нысанның құрылысы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жалпы, 2023-2027 жылдары барлық елді мекен 100% ауыз сумен қамтылмақ.
Аудан басшысы тиісті орынбасары мен бөлім басшысына Шұбарсу елді мекенінде кезең-кезеңмен жүргізіліп жатқан ауыз су құбырын тарту жұмыстарын, сондай-ақ ауыз су құбыры тартылып жатқан басқа да ауылдардағы жұмыстарды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Мерзімінен бұрын аяқталған жұмыстар болған жағдайда оларды уақытты созбай ел игілігіне табыстаудың әрекетіне кірісе беру керектігін айтты.
Аудандық «Таза су» мекемесінің басшысы Қадырхан Табиров бірқатар елді мекендерді, көшелерді ауыз су жүйесіне қосу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады. Өз кезегінде аудан әкімі тұрғындар тарапынан ауыз суға байланысты шағымдардың көптеп түсетінін, аталған мәселеде сала мамандарының, ауыл әкімдерінің тұрғындармен кері байланысы тиісті деңгейде емес екендігін айтып, салғырттық танытқан жауапты азаматтарға қатаң шара көрілетіндігін ескертті.
2023 жылы аудандағы 66 мектепте 11-сыныпты 2000-нан астам оқушы тәмамдамақ. Оның ішінде 87 оқушы “Алтын белгіге”, 192 оқушы “Үздік аттестатқа” үміткер. Ал, соңғы қоңырау салтанатты шарасы 1,4,9 және 11-ші сынып оқушылары үшін 1 маусым күні өткізіледі деп жоспарлануда.
2023 жылдың 5-30 маусым аралығында 1-5 сынып оқушылары үшін 64 ЖОМ-те мектеп жанындағы лагерлер ашылып, оларда ата-аналардың өтініштері бойынша 12000-ға тарта бала демалады деп жоспарланған. Сондай-ақ қала сыртындағы лагерлерде, республикалық оқу-сауықтыру орталықтарында бюджет, кәсіподақ ұйымының (50% жеңілдікпен) және
ата-ананың және демеушілердің есебінен де балалар демалатын болады. Бұл туралы аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Шұға Нұрбаева мәлімдеді. Аудан әкімі мектеп бітіру шарасына және балалардың жазғы демалысына жауапкершіліктің жоғары екенін айтып, бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігіне баса назар аудару керектігін ескертті.
Аудандық кұрылыс, сәулет жене қала кұрылысы бөлімінің басшысы Мұрат Махалұлы ауданның басты көшелеріндегі нысандардың қасбетін ретке келтіру бойынша қолға алынып жатқан жұмыстар туралы баяндама жасады.
Бірақ аудан әкімі бұл бағыттағы жұмыстардың сын көтермейтіндігін айтып, тиісті бөлімдерге, ауыл әкімдеріне екі апта көлемінде нысанның сырт келбетіне немқұрайлы қараған азаматтармен (нысан иелерімен) түсіндірме жұмысын жүргізіп, ретке келтіруді және сылтау іздемеуді тапсырды. Жұмыс істегісі келмейтін адам ғана сылтау іздейтіндігін айтты.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.