Айтулы мереке – Республика күніне орай Ордабасы ауданына қарасты Бадам ауылдық округінің Орда мөлтекауданында жекеменшік «Ұлы — Орда» мектебінің ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты шараға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, ұстаздар қауымы қатысып, білім беру мекемесінің жұмысына сәттілік тіледі.
«Өздеріңізге мәлім, ауданымызда жалпы 70 мектеп болса, оның 4-і — жекеменшік білім беру мекемесі. Жаңадан ел игілігіне берілген бұл ғимарат сол жекеменшік мектердің қатарын көбейтуде. Әсіресе, оқу үшін балаларын орталыққа тасымалдайтын ата-аналар үшін үлкен қуаныш деп айтуға болады. Осы орайда «Ұлы — Орда» мектебінде білім алған жасөспірімдер мемлекеттік ұлы мұрат жолында еңбек ететін азамат болсын», — деді Азат Әбдіғалиұлы құттықтауында.
Мерекелік құттықтаудан соң аудан басшысы заманауи мектептің лентасын қиып, ауыл азаматтарымен бірге мектептің оқу ғимаратын, техникалық базасын аралап көрді.
Айта кетерлігі, білім саласын қолдау бағытында ауданымызда «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы бойынша 2025 жылға дейін 5 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Оның біреуі Орда мөлтекауданынан бой көтермек.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.