Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы зауыт тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді

Ордабасы ауданында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Тур аясында журналистер алдымен Бадам ауылындағы «Бөрте милка» сүт зауытының жұмысымен танысты. Жалпы өндіріс алаңы 3,0 гектар аумақта орналасқан өндіріс кешенінде бүгінде тәулігіне 50 тонна сүт өнімі өңделеді.

Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. Зауыт басшысының хабарлауынша, сүт өңдеу зауыты іргесін кеңейтіп, өндірістік қуаттылығын қосымша тәулігіне 9 тоннаға ұлғайту үшін «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы арқылы қаржыландырылмақ. Бүгінге дейін несие комитетінің оң қорытындысын алған.

Сондай-ақ, сапар аясында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Бадам ауылындағы индустрияландыру картасымен іске қосылған «BOKEI» ЖШС-нің толық автоматтандырылған қыш зауытының жұмысымен танысты. «Бизнестің жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен жеңілдетілген 6 пайыздық қаржы көзімен қаржыландырылған өндіріс орны бүгінде тәулігіне 100 мың дана қыш өндіреді. Италия, Жапония, Франция, Ресей сияқты мемлекеттерде жасалған заманауи қондырғылармен жабдықталған зауыт Түркістан облысымен қатар еліміздің өзге де аймақтарын сапалы кірпішпен қамтуға қауқарлы. Жобаның жалпы құны – 3 миллиард 200 миллион теңге. Өндіріс орнында бүгінде 30 адам жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, журналистер аудандағы «KazKioti» ЖШС — трактор жинау зауытында болды. «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015 жылы іске қосылған кәсіпорын бүгінде Қытай елінің «DongFeng» компаниясымен келісімшартқа тұрып, жұмысты жандандыра бастаған.

Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. 2021 жылдан бастап трактор құрастырумен айналысатын зауыт қазіргі таңда Түркістан облысына ғана емес, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда, Орал мен Ақтөбе қалаларына тракторларын жөнелтуде. Зауытта 60 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылған. Серіктестік жылына 300 дана трактор құрастырады. Сонымен қатар, тракторды сатып алған азаматтарға 30%-дық субсидия беріледі.

Кәсіпорын 5 трактордың түрін (40 ат күшімен – 6 500 000 теңге, 90 ат күшімен – 13 500 000 теңге, 120 ат күшімен – 15 000 000 теңге, 140 ат күшімен – 19 000 000 теңге, 210 ат күшімен — 48 500 000 теңге) жинап шығаруда.

Трактор шаруаларға «Оңтүстік» АИО» қаржы ұйымы және «КазАгроФинанс» АҚ-мен 5 жыл мерзімге лизинг арқылы 6 пайызбен берілуде.

Бұдан бөлек, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Темірлан ауылындағы «Шапағат» әлеуметтік қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Қарттармен пікірлесті. БАҚ өкілдеріне арнап, имарат алдында ауданда кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер өндіріп отырған өнімдерінің көрмесі ұйымдастырылды. Орталық бүгінде үш бағытта қызмет көрсетеді. Атап айтқанда, «Ардагерлер орталығы» – егде жастағы зейнеткерлер мен аға буын азаматтарына, «Тең қоғам» – мүгедектігі бар адамдарға көмек береді. Сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылықтан дағдарысқа ұшыраған жәбірленушілерге арнаулы әлеуметтік психологиялық көмектер көрсетіледі. Қазіргі таңда қарттар мен мүгедектерге барынша қолдау көрсету мақсатында ашылған орталық күніне 25-30-ға жуық ардагерді қабылдап, қызмет көрсетуде. Әлеуметтік қызмет көрсету орталығында ауданның 65 жастан асқан зейнеткерлері және мүмкіндігі шектеулі азаматтары ондаған қызмет түрін бір жерден пайдалана алады. Атап айтқанда, дәрігерлер кеңесі, массаж, құқықтық, психологиялық көмектер, емдік дене шынықтыру, шахмат, үстел теннисі, бильярд, кітапхана, тұзды шахта бойынша қызметтер көрсетіледі.

Мұнан өзге бүгін ауданға арнайы келген бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында несие алып, жұмыс бастаған ауыл тұрғындарының бастамасын да көпке үлгі етті. Іс-сапар барысында журналистер қауымы «Шұбар-1» өндірістік кооперативінің мал бордақылау алаңын аралап, бағдарламаның тиімді тұстары туралы тұшымды ақпарат таратты.

Айта кетерлігі, Ордабасы ауданынан бұл жобаға 4 (Бадам, Шұбар, Бөржар, Қараспан) ауылдық округ еніп отыр.

Биыл 17 сәуірден бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 753 миллион теңгені құрайтын 337 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті орган тарапынан 1 511 миллион теңгені құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы сомасы 1 043 миллион теңгені құрайтын 165 жоба қаржыландырылды.

Кооперативтердің жұмысын жандандыру мақсатында «Шұбар-1» өндірістік кооперативі 27,6 миллион теңгеге қаржыландырылып, ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды.

Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен «Ауыл аманаты» бағдарламасы Ордабасы ауданында жүйелі түрде жүзеге асырылып жатқанын аңғардық.

Жобаның негізгі мақсаты ауылдың экономикасын және халықтың өмір сүру деңгейін көтеру, халықты тұрақты жұмыс орындарымен қамтамасыз ету, ауыл әлеуетін тиімді пайдалану болып табылады.

Сонымен бірге бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері Ордабасы ауданындағы Шұбар ауылында орналасқан «Сұлтанберді» жылыжай кешенінің жұмысымен танысты. Кешеннің инвестициялық құны 420 миллион теңгені құрап отыр. 2 гектар аумақты алып жатқан жылыжайда 2020 жылы іске қосылған. Қазіргі таңда 15 адам жұмыспен қамтылған. Жылына 400 тонна өнім өндіреді.

Бұдан бөлек, жалпы ауданда 105,9 гектар алқапқа жылыжай кешені бар. Оның ішінде 21 гектары — өндірістік жылыжайлар, ал 84,9 гектар аумағы — фермерлік жылыжайлар.

Сонымен қатар, журналистер Шұбар ауылындағы «Тоғжан» мал бордақылау алаңына барды. Жеке кәсіпкер «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 2,5 пайыздық несиемен 7,5 миллион теңге қаржы алған. Бүгінде орталықта 16 мал басы бордақыланып жатыр. Алдағы уақытта кәсіпкер мал басын көбейтуді жоспарлап отыр.

Жалпы аудан бойынша «Ауыл аманаты» жобасына 4 ауылдық округ енгілген. Биыл 17 сәуір айынан бастап несие алуға ниет білдірген ауыл тұрғындарынан құжаттар қабылданып, бүгінгі таңда 1 миллиард 753 миллион теңге құрайтын 337 жобаға өтініш түскен. Оның ішінде 1 миллиард 511 миллион теңге құрайтын 232 жоба мақұлданып, жалпы соммасы 1 миллиард 43 миллион теңгеге 165 жоба қаржыландырылған.

«Ауыл аманаты» демекші, бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен апталық аппараттық мәжіліс өтті. Жиынның күн тәртібінде ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерінің 10 ай қорытындысына сәйкес орындалу барысы, күзгі тал егу жұмыстарына дайындық, «Ауыл аманаты» бағдарламасының іске асырылу барысы талқыланды.

Аудандық экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева өз баяндамасында жыл қорытындысына орай орындалмау қаупі бар 3 индикаторға тоқталып, құс етін өңдеу, негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемін арттыру, тамақ өндірісі, жылыжай алаңын ұлғайту бойынша статистикалық мәлімет ұсынды.

Аудан әкімі аймақтың экономикалық өсім-көрсеткішіне тікелей әсер ететін кәсіпкерлік, ауыл шаруашылы саласындағы осы уақытқа дейінгі жетістіктермен шектеліп қалмай жұмыс өнімділігін онан ары жоғарылатуды тапсырды.

Мәжілісте аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков күзгі тал егу, көгалдандыру жұмыстары бойынша баяндап, аудан аумағына отырғызылатын көшет түрін, аудан кесіндісінде егілетін орындарды айтып өтті.

Өз кезегінде Азат Әбдіғалиұлы салалық бөлім басшысына, іс-шара жауаптыларына күзгі тал егу шарасында науқаншылдықтан арылып, ауданның климаттық жағдайына сәйкес келетін көшет ағаштарын отырғызуды, әрі оны күтіп баптауды қатаң қадағалауға алатындығын жеткізді.

Сондай-ақ мәжілісте «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша пилоттық жобаға енген Бадам, Қараспан, Бөржар, Шұбар ауылдық округтерінің әкімдері мен салалық бөлім жауаптылары аталған бағдарламаның ауданда орындалу деңгейін баяндады.

Аудан басшысы аталған бағдарламаның өсімдік, мал шаруашылығы бағытындағы жобаларына қатысуда көрсеткіші төмен округ әкімдеріне ескерту жасап, мемлекеттен берілетін қолдауға шаруаларды ұйымдастыруда шақырды.

Аппараттық мәжілісте сонымен қатар ауыл, аймақтың тазалығы да айтылып, аудан басшысы жауаптыларға тиісті тапсырмалар жүктеді.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin