Түркістан облысы: Ордабасы ауданында алюминий профильдерін өндіретін зауыт ашылмақ

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына іссапармен барды. Сапар барысында өңір басшысы алюминий профиль бұйымдарын шығаратын «GOLD ALUMINIUM» ЖШС-інде болып, жұмыс барысын бақылады. Зауыттың құрылысымен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлермен пікірлесіп, мемлекеттен тиісті көмек көрсетілетінін жеткізді.

– Инвесторларға қолдау көрсетіледі. Әр жобаны жоспарға сай уақтылы әрі сапалы атқару керек. Аудан, қалалардағы жобалар іске асса, облысымыздың экономикасының дамуына үлес қосады деп үміттенімін, – деді өңір басшысы.

Жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. Жоба «Бадам» индустриалды аймағында орналасқан. 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында мемлекеттік қабылдаудан өтіп, іске қосылған. Газ құбырына қосылуға «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-нан техникалық шартты осы жылдың маусым айында алып отыр. Инвестициялық құны 3 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның құрылыс-монтаждау жұмыстары өз қаржысы есебінен жүргізіліп, биыл мемлекеттік қабылдаудан өтті. Кәсіпорын жыл соңына дейін 100 жаңа жұмыс орнымен іске қосылады. Зауытта боялған және боялмаған алюминий профильдері шығарылады.

Айта кетейік, «Gold Aluminium» зауыты – еліміздегі әртүрлі мақсаттағы алюминий профильдерін және одан жасалған бұйымдарды шығаратын компаниялардың арасында көшбасшы.

Сапар барысында облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «KAZ KIOTI» ЖШС-інде болып, ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын зауыттың жұмысымен танысты. Жоба құны – 7,2 миллиард теңге. Жылына 2000 дана техника шығаруға қауқарлы кәсіпорында 50 адам қызмет етеді. 2015 жылы салынған зауыт «Үдемелі индустриялды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. Компанияның серіктестері – ауыл шаруашылығы техникасының әлемдегі жетекші өндірушілері. Олар: «DongFeng» және «WUZHENG». Бүгінде Ордабасы индустриалды аймағында құрастырылатын тракторларға сұраныс жоғары. Кәсіпорын басшысының айтуынша, зауыт трактордың 5 түрін жинап шығаруда. Қосалқы 3 және 4 корпусты соқа шығарып жатыр. 2023 жылы 200 трактор жиналып, оның 175-і сатылды. «KAZKIOTI» компаниясы арнайы лизинг бағдарламасын іске қосты. Бағдарлама шарттары бойынша 15 пайыздан бастап алдын ала төлем жасалады. Лизинг мерзімі — 3 жылдан 10 жылға дейін.

Дархан Сатыбалды кәсіпорынның жұмысын оң бағалап, индустриалды аймақтарда осындай жобаларды көбейтуді тапсырды. Инвестициялық штабта жобаларды талқылап, қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Мұнан соң Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен Ордабасы ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде мәжіліс өтті. Ауданға арнайы барған өңір басшысы жауапты басқарма басшылары мен аудан әкіміне жұмысты ширату жөнінде тапсырма берді.

– Биыл көзделген 6 инвестициялық жобаны іске асыруды тапсырған болатынмын. «Ордабасы Сапар» орталығы мен «RZN» компаниясының газоблок өнімдерін өндіру жобасы бүгінгі күнге іске асырылмаған. Ауданға инвестиция тарту, жаңа зауыттар мен кәсіпорындар ашу жұмыстарын күшейту қажет. Аудан әкімі жуырда делегация құрамында Қытайға барып, кәсіпорындарымен танысып келді. Енді сол сапардан нәтиже көрсетіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға бар күш-жігеріңізді салып, ауданның инвестициялық климатын жақсарту керек. Бұл үшін барлық ресурс бар. Атап айтқанда, индустриалды аймақ ашылған. Мүмкіндіктерді пайдаланған жөн. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында қордаланған мәселелер бар. Соңғы жылы пайдалануға тапсырылған инфрақұрылым нысандарына зерделеу жұмыстарын жүргізіп, анықталған кемшіліктер бойынша баяндауды тапсырамын, – деген Дархан Сатыбалды басшыларға бірқатар міндет жүктеді.

Атап айтқанда, кіріс көздерін ұлғайту, жұмыссыздықты азайту, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саладағы мәселелерді шешу жүктелді. Құрылысы созылған 3 мектептің жай-күйі де айтылды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында заманауи озық технологияларды енгізу туралы тапсырма берілді. Кемшіліктер ашық айтылды. Ағын су жүйелерінің тозығы жеткен, қоқысқа толып қалған. Механикалық тазалау жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмеген. Пайдаланылмай жатқан және заңсыз пайдаланудағы жер телімдерін қайтару жұмыстары баяу жүргізілуде.

Мәжілісте аудан әкімі Азат Оралбаевтың есебі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов ауданды дамытуға кедергі болып отырған мәселелер мен кемшіліктерге тоқталды.

Жиындағы тапсырмалар хаттамаға енгізіліп, индикаторларды орындау бойынша жауапты басшыларға уақыт берілді. Ордабасы ауданын өндірісі және ауыл шаруашылығы дамыған аймаққа айналдыру жұмыстары жалғасады.

Тағы бір атап өтерлігі, Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды тұрақты түрде қабылдаулар өткізіп келеді. Аудан, қала тұрғындары өңір басшысына көкейде жүрген мәселесі мен өтініштерін айтып, көбі оң шешімін тауып жатыр. Азаматтардың өтініші негізінде хаттамалық тапсырмалар беріліп, жұмыстар атқарылуда.

Кезекті «Ашық есік» күні Ордабасы ауданында жалғасып, өңір басшысы 20-дан аса тұрғынды қабылдады. Жалпы жиынға құқық қорғау органдарының және облыстық басқарма басшылары мен өкілдері қатысты. Жеке қабылдауға жазылған азаматтар негізінен инфрақұрылым, жер қатынастары, әлеуметтік мәселелерді көтерді.

Атап айтқанда Аққойлы ауылына жайылым жер беруді сұраса, ауыл көшелеріне асфаль жүргізу мен ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз етуді өтінді. Келесі азамат қайтарымсыз грант мәселесі бойынша сауал қойды. Бұдан бөлек атаулы әлеуметтік көмек тағайындап, баласын мүгедектікке шығаруды сұраған ананың мәселесі тиісті мамандарға жолданды.

Темірлан елдімекенінің тұрғыны үйінің жанынан қазылған жердің салдарынан үйі апатты жағдайда тұрғанын, Шұбарсудан келген азамат ауылда халық санының көп болуына байланысты ХҚКО ашуды қажет ететінін жеткізді. Бүгінде ғимарат мәселесі шешілгенімен, штат мәселесі шешілмей тұр. Елшібек батыр ауылының тұрғындары жаңа мектеп ғимаратына зәру. Қалаш елдімекеніне баратын ұзындығы 9,6 шақырым жолға және Орда мөлтек ауданының ішкі көшелеріне асфальт төсеуді қажет етеді. Ал Мәдениет, Жұлдыз, Ақпан, Ынтымақ және Сарыарық ауылдарына табиғи газ қосу, сондай-ақ Көктөбе ауылына табиғи газ кіргізу мәселесі де көтерілді.

Білім саласына қатысты мектептердегі ҰБТ мәселесі мен «Жайлы мектеп» туралы да сұрақ қойылды. Сондай-ақ білім басқармасына қарасты мекемелерді, атап айтқанда балабақша, мектеп жиһазбен қамтамасыз етуді сұрады. Ақбұлақ ауылының тұрғыны Алпамыс батыр көшесіне жол салу мәселесін сұрады.

Жалпы, облыста тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер тұрақты бақылауға алынған. Жеке қабылдауға келген азаматтардың өтінішін мұқият тыңдаған облыс әкімі тиісті сала басшыларына заң аясында оңтайлы шешуді тапсырды. Айта кетейік, дәл осындай ашық форматтағы өңір басшысының жеке қабылдауыы барлық аудан, қалада жалғасады.

Бұдан бөлек Түркістан облысындағы елді мекендерді толық инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Ордабасы ауданы, Төрткүл ауыл округі, Төрткүл елді мекенінде табиғи газ беру нысаны іске қосылды. Ауыл тұрғындарының үлкен қуанышын бөлісуге арнайы келген өңір басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, халықты ауылдың дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.

– Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Енді үйлерге газ кіргізу жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар жалғасады, – деді Дархан сатыбалды.

Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды. Мердігер мекеме – «Газовое хозяйство Шымкентгаз» ЖШС. Келісім-шарт құны – 793,684 млн. теңге. Жауапты мамандар тарапынан жеке үйлерге газды кіргізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1497 үй немесе 7631 тұрғын толық газбен қамтылады.

Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6% немесе 25 568 халықты құрайды. Олар: Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір, Темірлан, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдары. Қазіргі уақытта 25 елді мекенде 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 елді мекенді (Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Берген, Батар ата, Ынталы, Елшібек батыр, Спатаев, Қызылжар, Төрткүл, Қарақұм және Бірлік газ жеткізуші құбыр) табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу жоспарлануда.

Бүгінгі таңда Қарақұм ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен 2024 жылы табиғи газға қосылады деп күтілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin