Түркістан облысы: Ордабасы ауданында 35 жұмыс беруші мекемеден 132 бос жұмыс орны ұсынылды

Ордабасы ауданы әкімдігі мен аудандық прокуратураның, Ордабасы аудандық Мансап орталығы мен Ордабасы Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі» іс-шарасы өтті.

«Бұл — жұмыссыз жүрген жастар һәм қызметінен айырылған азаматтар үшін таптырмас мүмкіндік», — дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

Жәрмеңкеге жұмыс іздеген азаматтарға ауданға қарасты 35 жұмыс беруші мекемеден 132 бос жұмыс орны ұсынылды. Сонымен қатар жәрмеңкеге қатысқан жұмыссыз азаматтарға бос жұмыс орындары жөнінде жұмыспен қамтудың белсенді шаралары бойынша ақпараттар берілді.

Жұмыспен қамту – ауданның әл-ауқатының қаншалықты деңгейде екенін паш ететін көрсеткіштердің бірі. Осы мәселеге орай аудан басшысы Азат Оралбаевтың төрағалығымен өткен келелі жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 8 айлық есебі мен 9 айлық болжамы, облыс және аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы қаралды.

Аудандық Экономика және қаржы бөлімінің басшысы Алтынай Сихымбаева әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінің 9 айлық болжамы бойынша 8 айда жоспарланған 54 нысаналы индикаторлардың декомпозициясы жоспарында 5 көрсеткіш төмен орындалғандығына тоқталып өтті.

Әсіресе, ауыл шаруашылығына негізгі капиталға тартылған инвестициялар көлемі, жылыжай алаңын ұлғайту, тамақ, шұжық, құс етін өндіру саласында, инвестиция, құрылыс, тұрғын үй салу саласында көрсеткіштердің қазіргі орындалуы жағдайы туралы баяндады.

Өз кезегінде аудан басшысы салаға жауапты әкім орынбасарларына жұмысты жүйелеп, жыл соңына дейін жоспарды өз деңгейінде орындауды тапсырды.

Сондай-ақ, мәжіліс күн тәртібінде облыс және аудан әкімінің хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы туралы аудан әкімі аппаратының Ұйымдастыру бөлімінің басшысы Марат Туреев баяндама жасады.

Баяндамашы берілген тапсырмаларға бөлімдер тарапынан кері байланыс қызметінің төмендігіне тоқталып, аудан әкімінің ауылдарды аралау барысында берген тапсырмаларының орындаулы бойынша арнайы слайд көрсетті.

Аудан басшысы Азат Әбдіғалиұлы жүктелген міндеттерді дер кезінде орындай алмаған, көрсеткіші нашар, жауапкершілігі төмен мекеме жауаптыларына ескерту жасап, сыннан нәтиже шығаруға шақырды.

 «ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin