Түркістан облысы: Ордабасы ауданында екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды

Түркістан облысында инвестиция тарту мен өндіріс орындарын ашуға басымдық берілген. Облыс әкімі Дархан Сатыбалды түнеугүні ауданға жасаған жұмыс сапарында осы саладағы бастамаларды тағы бір пысықтады. Нақты айтсақ, ауданда екі өндірістік аймақ құрылады және «Бадам» индустриалды аймағы 50 гектарға ұлғаяды.

Алдымен Шұбар ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 60 гектар жердің жобасымен танысқан өңір басшысы инфрақұрылым, ұйымдастыру жұмыстарын сапалы жүргізу маңызды екенін айтты. Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.

Облыс әкіміне Шұбарсу ауылында өндірістік аймақ құру үшін жоспарланған 50 гектар жердің жобасы да таныстырылды. Мұнда да су, газ, электр жүйелерін тарту керек.

– Барлық аудан, қалада индустриалды аймақтарды тиімді пайдалану, жаңа өндірістік аймақтар ашу өте маңызды. Осы бағытта жұмысты күшейтуді тапсырамын. Өндіріс орындарын, кәсіпорындар ашу бойынша белсенді жұмыс жүргізілсін. Инвесторлар тартыңыздар. Біз өз тарапымыздан инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қолдау көрсетеміз. Бұл ретте мегаполиске жақын орналасқан Ордабасы ауданының әлеуеті өте жоғары, – дейді Дархан Сатыбалды.

Облыс әкімі Ақбұлақ ауылындағы «Бадам» индустриалды аймағына да барып, жер көлемін 50 гектарға ұлғайту жобасымен танысты. Жоғарыда аталған жобалар іске асса, Түркістан облысындағы кәсіпорындар және жұмыс орындары көбейеді деген жоспар бар.

Айта кетейік, 2023 жылы Түркістан облысының экономикасына 972 миллиард теңге тартылып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 126,1%-ға артты. Оның ішінде жеке инвестициялар 705,1 миллиард теңге болса, бюджеттік инвестициялар – 266,9 миллиард теңге мөлшерінде. Өсім динамикасы бойынша облыс республикада 3-орында тұр.

Өндіріс демекші, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев өңдеу өнеркәсібі өсудің оң динамикасын көрсетіп келетінін айтты. 2024 жылғы 4 айдың көрсеткіші бойынша өндіріс көлемі 7,1 триллион теңгені құрап, 5,6 миллиард доллар болатын өңдеу өнеркәсібі тауарлары экспортталды. Сала өсімі 105,2% құрады.

Металлургия өнеркәсібінде өсім 5,1% құрап, 1 миллион тонна шойын, 1,3 миллион тонна болат, 834 мың тонна тегіс прокат, 87,4 мың тонна алюминий, 89 мың тонн мырыш және 159,8  мың тоннадай мыс өндірілді.

«Биыл металлургия саласында инвестиция көлемі 464,2  миллиард теңгені құрайтын және 4,700 астам жұмыс орнын ашатын 21 жобаны іске асыру жоспарлануда. Олардың ішінде Қарағанды облысындағы «ТЭМПО Қазақстан» болат құбырларын өндіру зауыты және Шымкент қаласындағы «QazAlPack» алюминий қаптамасын шығару кешенін ұлғайту жобалары бар», – дейді Министр.

Машина жасау саласының өсімі 22% құрады. Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 8,6%  ұлғайып, 46 мыңнан астам бірлік өндірілді. Жалпы алғанда, 2024 жылы 160 мың автомобиль шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, Машина жасауды дамытудың 2028 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын іске асыру аясында өндіріс көлемін 2 есеге арттыру жоспарлануда.

Қанат Шарлапаев жалпы ауданы 8 өңірде 200 мың шаршы метр болатын шағын өнеркәсіптік аймақ құру жоспарлануда. Олардың құрылысына 30 миллиард теңге бөлінді. 2024 жылғы жобалар пулында 1,5 триллион теңгені құрайтын 180 жоба бар. Бұл жобалар іске қосылғанда, 18 мыңға жуық тұрақты жұмыс орны ашылады.

Осы жобалар қатарында жүк автомобильдеріне арналған компоненттер, керамикалық плиталар, жылу оқшаулағыш материалдар, ферросилиций және вольфрам концентратын өндіру жобалары бар.

Түркістан облысында инвестициялық жобаларды арттыру мақсатында өндірістік парктің құрылысы жүргізілуде. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды ондағы өндіріс орындарын аралады. Жауапты басшыларға бірқатар тапсырмалар берді. Өндірістік парк 30 гектар жерде орналасқан және парк аумағында 42 ғимарат салу жоспарланған. 

Өндіріс аймағына тартылатын жеке инвестиция көлемі 98 миллиард теңгені құрайтын болады. Өндірістік парк толығымен іске қосылған соң 2000-нан аса жаңа жұмыс орны ашылмақ. Жоба кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 

Бірінші кезеңде 10 ғимараттың құрылысы аяқталып, оның 23 мың шаршы метр көлемі қолданысқа берілді. Бір ғимараттың жалпы ауданы 1 584 шаршы метрді құрайды. Мұнда инвестиция көлемі 30,7 миллиард теңгені құрайтын 6 жоба іске асырылып, 500 жаңа жұмыс орны ашылады. 

«BNK Group» ЖШС су үнемдеу технологияларын енгізіп, жаңбырлатып суару және тамшылатып суару жүйелерін шығаратын кәсіпорын құрды. Ал, «Aqniet Holding» ЖШС мектепке арналған жиһаздар мен медициналық жиһаздарын шығарып жатыр. Мұнда украиналық «UBC Group» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыштарды өндіреді. Бұдан бөлек медициналық өнімдер, бөлме- аралық есіктер және тағы басқа өнімдерді шығаратын кәсіпорындар жұмысын бастауда.

Екінші кезеңде 25 мың шаршы метр қолданысқа беріліп, инвестиция құны 32,3 миллиард теңгені құрайтын 12 жоба іске қосылады. Қосымша 400-ден аса жаңа жұмыс орны ашылады.

Үшінші кезеңде инвестиция құны 35,1 миллиард теңгені құрайтын 14 жоба жұмысын бастауға ниет білдіріп отыр. Кәсіпкерлер инфрақұрылымы жүргізілген, құрылысы дайын өндіріс орындарына қызығушылық танытып келеді. Айта кетейік, өндірістік парктің толық іске қосылуы бағытында қажетті барлық жұмыстар тоқтаусыз жүргізілуде.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin