Түркістан облысы: Ордабасы ауданында сүт кластері дамып, 500 адамды жұмыспен қамтитын тігін фабрикасы ашылады

Бұл жөнінде жуырда Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының аудандағы кәсіпорындарды аралап, жоспарларымен танысуы барысында мәлім болды. Өңір басшысы мемлекеттік қолдау бойынша кәсіпкерлердің ұсыныстарын тыңдады.

Бадам ауыл округіндегі «Бөрте Милка» ЖШС-нің жаңа технологиялы сүт өңдеу зауытында болған облыс әкімі аталған ұжымның жұмысына оң бағасын берді. Өндірістік қуатын арттыру, экспортқа шығару мәселелері назарда тұруы тиіс екенін жеткізді.

Жалпы «Бөрте Милка» сүт тауарлы тауарлы фермасы 3 кезеңмен іске асырылған. 2015 жылы сүт тауарлы ферманың құрылысы басталып, 1-ші, 2-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізілген. Швецияның «ДеЛаваль» компаниясымен ферманың құрал-жабдықтары, сиыр сауатын роботтары орнатылып, 136 бас сүтті бағыттағы асыл тұқымды ірі қара мал Венгрияның «Хунланд Трейд Кфт» компаниясынан сатып алынған.

2016 жылы 3-ші, 4-ші сиыр қораларының құрылыстары жүргізіліп, толығымен жабдықталып, тағы да ірі қара мал әкелінген. Ал 2017 жылы ІІІ кезең аясында тәулігіне 50 тонна сүт өнімдерін өңдейтін зауыттың құрылысы жүргізіліп, іске қосылды. Сүт өңдеу зауытына Италия мемлекетінің «Технолат», «SPX», «FBF» компанияларының құрал-жабдықтары қойылған. 110 адам жұмыспен қамтылған.

Кәсіпорын жетекшісі өңір басшысына зауыттың өндірістік қуаттылығын тәулігіне қосымша 9 тоннаға дейін ұлғайту жобасын іске асырып жатқанын айтты. «Түркістан» ӘКК» АҚ-ы арқылы 2 миллиард 498 миллион теңге несие алынып, өндіріс аймағы ұлғаюда. Қосымша 400 бас ірі қара малға қоражай салынып жатыр.

Кәсіпорын мемлекеттен алған көмек аясында қарқынды дамып келеді. Атап айтқанда, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бұйрығының аясында және Түркістан облысы әкімінің қаулысының негізінде Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына өтінім тапсыру арқылы инвестиция салынды. Сол инвестиция мен техниканың 25-тен 30% дейін, өңдеу мекемелеріне өткізген көлемге, яғни сауылған сүттің әр литрына 30-дан 45 теңгеге дейін субсидия ретінде көмек алынады. Бұдан бөлек, сиырды қолдан ұрықтандыруға әр ұрықтың дозасына кеткен шығынның 50 %, шаруашылықтың аналық басының саны 600 бастан асқанда әр сиырға 120 мың теңгеден жылына субсидия беріліп отырылады. Ал шетелден сатылып алынған құнажындардың әр басына 400 мың теңгеден субсидия беріледі. Сүт зауытында қазіргі таңда 47 адам жұмыспен қамтылған, ал сүт фермасында 60 адам еңбек етеді. Бастапқыда фермаға 2016 жылы 408 бас ірі қара мал Венгриядан әкелінген екен. Содан бері мал басы жылдан жылға өсіп, бүгінгі таңда 1041 басты құрап отыр. Сиырлар – «Голштейн» тұқымына (породасы) жатады. Жалпы сүт, фермасында төрт қора бар, әрқайсысында 150-200-ден ірі қара малы орналасқан. Сиырлардың құлағында чип орнатылған. Сауын орнына осы чип арқылы кіріп шығады. Оларға бар-жоғы 9 ветеринар маман қарайды. Оның ішінде 3 адам сиырлардың тұяқтарына, 3 адам жалпы ірі қара малының денсаулығына күтім жасаса, 3 адам олардың ұрықтануын қадағалап отырады. Толығымен автоматтандырылған сиыр фермасында ауа температурасы 25 градусты құрайды. Одан жоғарыласа арнайы желдеткіштер іске қосылады. Мүйізді қараның малағы аппаратпен тазаланады, ал желінін жуып тазалап, сауып алу роботтарға жүктелген. Кәсіпорын шығарған өнімдердің барлығы Шымкент қаласы мен Түркістан облысында сатылады. Компания басшысының айтуынша, алдағы уақытта Тараз және Алматы қалаларына да сатылымға шығару жоспарланып отыр.  Зауыт қаймақ, кефир, тұзды айран, йогурт, құрт, май және балмұздақ өнімдерін өндіреді. Бұл таза, ешқандай қоспасыз өнім болғандықтан, оларды сақтау мерзімдері бір айдан аспайды. Кәсіпорын басшысы адамдар белгілі бір өнім сатып алар кезде оның таза, қоспасыз екендігін айыра білу үшін алдымен не нәрсеге мән беру керектігіне тоқталып өтті. Фермадағы 4 қорада 8 сиыр сауатын робот және сиырларға жем-шөпті беріп отыратын 4 қосымша робот орналасқан. Сиырды сауатын роботтың 6-ы Швециядан және 4 қосымша жем-шөп беретін робот пен 2 сиыр сауатын робот Голландия мемлекеттерінен әкелінген. Ал сүт зауытындағы барлық техникалық құрал-жабдықтар Италия мен Ресей Федерациясынан әкелініп қойылған. Короновирус індетінің барлық салаға кері әсері тигені рас. Пандемия кезінде де жұмысын тоқтатпай, шаруасын дөңгелеткен «Бөрте милка» ЖШС сүт өңдеу зауыты жабық түрде жұмысын жалғастырды. Жұмысшылардың сапалы еңбек етуі үшін барлық тиісті іс-шаралар қабылданды. Сатылымға келетін болсақ, шектеулер кезінде барлық шекаралар жабық болғандықтан, шет мемлекеттен көп өнімдер біздің мемлекетке кірмеді. Соның әсерінен жергілікті өнім есебінде «Бөрте милканың» сүт тағамдары өте жақсы өткен. Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған агроөнеркәсіп кешенінің әлеуеті Түркістан өңірінде осылай іске асырылып жатыр. Компания басшысы жаңа қондырғылар алып, қайта өңделген сүт өнімдерін көбейте түскен.

Еске сала кетсек, «Бөрте милка» кәсіпорны 2017 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», 2018 жылы «Үздік инновациялық жоба номинациясы», Түркістан облысының ең үздік тауар өндірушілерінің «Turkistan Onimderi 2019» көрме жәрмеңкесінде «Жыл бренді» аталымын жеңіп алған. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Түркістан облысы әкімдігі «Облыстың кәсіпкерлік саласының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін» дипломының иегері атанған.

–  Бұл ферма мен зауытты салғандағы мақсатым –  қазақ халқы, бізден кейінгі ұрпақ таза отандық өнім тұтынсын деген ниетпен аштым. Сонымен қатар, жаңа технологиялар енгізу арқылы жұмыс күшін азайтып, көп өнім алуды басты мақсат тұттық.  Бүгінде сол көздеген межеге жетіп отырмыз. Фермадағы мал басының жем-шөбіне келетін болсақ, сүтті көбейту мақсатында жем-шөптің бірнеше түрін беріп отырамыз. Мысалы, шөп, силос (сүрленген жүгері), сенаж (жоңышқа) беріледі. Ешқандай қоспасыз жасалынған сүт өнімдерінің сақтау мерзімі аз әрі қысқа болады. Жұртшылық сүттің таза, құнарлы, қоспасыз екенін ажырату үшін қораптағы сүт өнімдерінің сақтау мерзіміне мән беру керек. Жыл сайын Ордабасы ауданындағы шаруа қожалықтарымен келісімшартқа тұрып, сол өнімді алып отырамыз. Сондай-ақ, Бөген ауылындағы шаруа қожалықтарымен де келісімшартқа отырғанбыз. Олардан сабан, бидай, арпа, жүгері дәндері мен кебек, шрот аламыз. Қосымша сиырларға витаминдер беріп, сүттің молаюына осылайша әрекет жасап отырамыз. Бүгінде мемлекет тарапынан мал шаруашылығы кәсібіне өте көп жеңілдіктермен көмек беріліп жатыр. Алайда соған қарамастан біздің елде қазірге дейін ет пен сүт өнімдерін шет мемлекеттерден алып отыр. Сол себепті жаңа кәсіп бастайтындарға мал шаруашылығымен айналысып, мал басын көбейтуге кеңес берер едім. Бәсекелестік туралы айтатын болсақ, қазіргі таңда Қазақстан мемлекеті көп нәрсені шет мемлекеттен әкеледі, сонымен бірге сүт өнімдерін сырттан тасып жатыр. Қосымша қанша ферма мен зауыттар соғылса да біздің ішкі нарықтағы тұтынуымызға әлі күнге дейін сүт өнімдері жеткіліксіз болып отыр. Сол себепті, керісінше мал басын көбейтіп, көптеген сүт өнімдерін шығаратын зауыт пен фермалар салу керек деп ойлаймын. Мемлекет берген мүмкіндіктер мен жеңілдіктерді пайдаланып, Тәуелсіздіктің әрбір жетістігіне үлес қосуымыз керек. Агроөнеркәсіптік кешендер жер-жерде бәсекеге қабілетті болып, ел экономикасын көтеруге атсалыса берсін, – дейді кәсіпкер.

Сүт демекші, Сауран ауданындағы «БНК АГРО КЗ» ЖШС 1200 сүт-тауар фермасын салу жобасын қолға алды. Жобаның құны 3,3 миллиард теңгені құрайды. Мақұлданған қаражатқа сүт-тауарлы фермасының жабдықтары Түркиядан әкелінуде. Ал Даниядан ірі қара сатып алу жоспарланған. Қазіргі уақытта құрылыс алаңына қажетті металл конструкциялардың 80% жеткізілді. «Қотырбұлақ» электр станциясынан ұзақтығы 5 км электр желісі тартылып, қуаттылығы 250 КВт және 100 КВт болатын 2 трансформатор орнатылды. Учаскеде 8 бірлік ұңғыма бұрғыланды.

Бұған дейін бірінші қораның іргетасын құю аяқталып, қораның еден жабыны құйылған. Қазір конструкциясы мен екінші Сүт сауу залы фермасының конструкциясы жинақталуда. Сондай-ақ үшінші қораның іргетасы мен еден жабыны, төртінші қораның іргетасы құйылып жатыр.

Сүт-тауар фермасын жем-шөп базасымен қамтамасыз ету мақсатында кәсіпорын 1 322 гектар суармалы егістік алқабына жоңышқа, жүгері, бидай дақылдарын егуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар ферма аумағында 80 гектар жерде 2 дана жаңбырлатып суару машиналары орнатылуда. Кәсіпорын қажетті ауылшаруашылық техникалармен толық қамтылған.

Сауран ауданындағы тағы бір сүт фермасы салынады. «Sultan Agro Group» ЖШС-нің 600 бас сүт-тауар фермасын салу жобасының құны 4,3 миллиард теңгені құрайды. Қазіргі кезде қажетті жабдықтар мен техникалар алынған. Ферма іргетасының құрылыс жұмыстары, металл конструкцияларын дайындау, электр желілерін тарту және сумен қамтамасыз ету жұмыстары қатар жүргізіліп жатыр. Жоба биыл мамыр айында іске қосылып, жылына 5000 тонна сүт өндіреді, сондай-ақ 50 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстан облысында аграрлық саладағы инвестициялық жобаларды қаржыландыру моделін, оның ішінде сүт-тауар фермаларын ашу тәжірибесін еліміздің басқа өңірлерінде кеңейту мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің қолдауымен Түркістан облысында сүт-тауар фермаларын ашу жобалары жүзеге асырылуда. Аталған мақсатқа сүт-тауарлы фермаларын жеңілдетілген несиелеуге 6 миллиард теңге қаржы қаралып, «Түркістан» ӘКК» АҚ арқылы несиелендірілетін болады.

Нақтырақ айтсақ, Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесі негізінде облыста жалпы құны 10,5 миллиард теңгені құрайтын замануи 3 тауарлы сүт фермасы жобалары жүзеге асырылуда. Олар. «БНК АГРО KZ» ЖШС, «Бөрте Милка» ЖШС, «Sultan Agro» ЖШС. Республикалық бюджет есебінен аталған жобаларды жүзеге асыруға жылдық 2,5 % мөлшерлемемен 6,0 миллиард теңге қаржы бөлінді.

Жобалар Түркиялық «Sezer», Швециялық «De-Ieval» автоматты технологиялық қондырғыларымен жабдықталады. Дания, Венгрия мемлекеттерінен өнімділігі жоғары Голштин тұқымды 1600 бас және Симментал тұқымды 600 бас аналық ірі қара малдар әкелінеді.

Осы жобалар арқылы жылыны 10,4 мың тонна сүт өнімі өндірілетін болады.

Жалпы 2024 – 2026 жылдары облыста АӨК-де жалпы құны 507,3 миллиард теңгені құрайтын 105 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жаңадан 8300 жұмыс орындары құрылады. Оның ішінде, ағымдағы жылы 114,2 миллиард теңгеге
45 жоба жүзеге асыру көзделген.

Дархан Сатыбалды Бадам елді мекенінде орналасқан «JNRAY Group» ЖШС-нің тігін фабрикасымен де танысқан болатын.

Тәулігіне 500 дана өнім шығаруға қауқарлы фабрикада 500-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жалпы құны – 1 миллиард 300 миллион теңге. Өндіріс алаңы 1,5 гектарды құрайтын фабриканың өнімі толықтай дерлік еліміздің ішкі нарығына жіберіледі.

Жалпы, «JNRAY Group» тігін фабрикасы 3-кезеңмен іске асырылуда. 2023 жылы құрылысы басталып, биыл аяқталады деп жоспарланып отыр. Заманауи құрылғылармен жабдықталған.

Облыс басшысы кәсіпорын басшылығымен кездесіп, ұсыныстарын тыңдады. Сондай-ақ жауапты басқарма мен аудан әкіміне кәсіпкерлерге жеңілдетілген несие беру, инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жұмысын жандандыруды тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin