Түркістан облысы: Ордабасы ауданында «Таза қазақстан» акция аясында 15 шаруашылық канал тазартылды

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында Ордабасы ауданында абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Науқан аясында «Ардагерлер саябағының» маңындағы көшелерге тазалық жұмыстары, ағаш түптерін әктеу, күл-қоқыстарын жинау жұмыстары жүргізілді.

Сонымен қатар, аудан әкімі Азат Әбдіғалиұлы ағын су тапшылығын болдырмау, шаруалардың егін егуге бөгет жасамау мақсатында жауапты сала мамандарына механикалық тазалауға жататын ішкі шаруашылық каналдарды зерделеп, тиісті деңгейде жұмыс жүргізуді тапсырды. Бүгінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының бірінші аптасында Ордабасы ауданында жалпы «ҚАЗСУШАР» РМК меншігіндегі 15 каналдың 28,3 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жоғарыдағы аталған каналдардың қауіпті жерлеріне бөгеттер қойылып, каналдар арқылы ауыл ішіне жіберілетін ағын судың тоспалары (шлюздер) жабылды.

Атап өтерлігі, Түркістан облысында су қоймаларын салу, жөндеу және су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары жаңа қарқынмен жалғасып жатыр. Аталған мәселе түнеугүніТүркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен аппарат отырысында талқыланды.

«Түркістан облысын әлеуметтік экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» және «ҚР су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасына» сәйкес облыста 8 ірі су нысанының құрылыстарын жүргізу қарастырылған. 2021-2023 жылдары 2 су нысан пайдалануға берілді. Атап айтсақ, сыйымдылығы 18,5 миллион текше метрді құрайтын «Кеңсай-Қосқорған-2» су қоймасы салынып, жылына 31,0 миллион текше метрағын су қосымша жеткізілуде. Ал «Түркістан магистралды каналында күрделі жөндеу» жобасы бойынша 59 шақырым канал бетонмен қапталды.

Нәтижесінде бұрын ағын су 43%-ға фильтрациялық шығынға ұшыраса, жоба аясында жылына 60 миллион текше метр ағын суды үнемдеуге мүмкіндік туды. Каналдың су өткізу құрылымдарына аустралиялық тәжірибемен 66 дана автоматтандыру жүйесі орнатылды.

Облыс әкімі Дархан Сатыбалды суармалы жер көлемін арттыру, су қоймалар мен каналдардың тиімділігін молайту, су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстарын күшейту керектігін ескертті.

– Біз шаруаларды ағын сумен қамтитын жобаларға қолдау көрсетеміз. Бірақ әрбір нысанды құрылыс басқармасымен бірге ауыл шаруашылығы басқармасы, аудан, қала әкімдері зерделеп барып салуы тиіс. Жобалардың нақты қанша гектар жердің жағдайын жақсартатынын алдын ала зерттеп, елге нақты пайдасы тиетіндей жүзеге асыру керек. Су үнемдеу технологиясын енгізу – заман талабы. Осы бағытта жұмысты күшейтіңіздер. Каналдарды жөндеу мәселесі де бақылауда болады, – деген Дархан Сатыбалды жауаптыларға тапсырмалар берді.

Қазіргі таңда өңірде 3 су нысанының құрылысы жүргізілуде. Олар: «Бәйдібек ата» су қоймасын салу жобасы, «Қараспан» магистральдық каналын күрделі жөндеу» жобасы және «Қараспан» су торабын күрделі жөндеу» жобасы.

Өңір басшысының қолдауымен облыстық бюджет есебінен су нысандарын қалпына келтіруге бөлінетін қаржы көлемі жылдан жылға ұлғаюда. 2023 жылы 69 шақырым канал бетонмен қапталып, 11,5 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі ұлғайды. Биыл ұзындығы 62 шақырым 11 каналды күрделі жөндеуге, сондай-ақ ұзындығы 488 шақырым қашыртқыларды механикалық тазалауға 8,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Нәтижесінде 7,8 мың гектар суармалы жерге су жеткізу мүмкіндігі артып, 19,4 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарады. 2023 жылы «Тұран су» ШЖҚ МКК өз қаржысы есебінен аудан-қала аумағындағы жалпы ұзындығы 689,7 шақырымды құрайтын 187 дана су нысанына механикалық тазалау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде 48,5 мың гектар жердің сумен қамтамасыз етілуі, 1,6 мың гектар жердің мелиоративтік жағдайы жақсарды.

Осы орайда тағы бір алып-қосар мәселе, «Тұран су» мекемесі шардара ауданындағы тозығы жеткен каналдарды жөндеуден өткізіп жатыр. Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес өңірде егістік алқаптарын ағын сумен қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бұл ретте ауыл шаруашылығына бейім Шардара ауданында да ауқымды жұмыстар жалғасын тапты. Яғни облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тапсырысы негізінде «Тұран су» МКК қазіргі таңда Ақшеңгелді және Достық ауылдық округінде төрт бірдей маңызды нысан құрылыстарын жүзеге асыруда. Аталмыш ауылдарда Кеңестік кезеңде салынып, әбден тозығы жетіп тұрған ирригациялық су жүйелері толықтай жаңартылып жатыр. Аталмыш жобаға тапсырыс беруші Түркістан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы болса тиісті жұмыстар нәтижесінде екі округ бойынша жалпы ұзындығы 48,2 шақырымды құрайтын бетон арықтар толығымен жаңадан орнатылады. Бұл Ақшеңгелді және Достық ауылдарында ағын судың өз денгейінде жетіспеушілігінен игерілмей жатқан 3616 гектар егістік жердің қайта айналымға қосылуына мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда су арналарындағы құрылыс жұмыстары қарқынды түрде жүргізіліп жатса екі бірдей ауылдық округі бойынша жалпы ұзындығы 28 шақырымнан асатын каналдар жаңартылып талапқа сай лоток қалқаншалар орнатылып үлгерген. Ал тиісті жұмыстар «Тұран су» мекемесі тарапынан уақытылы әрі тиісті нормалар мен ережелелерге сәйкес атқарылып келеді. Ең бастысы Ақшеңгелді және Достық ауылдық округіндегі ескі бетон каналдарды толық жаңалап қайта салу нәтижесінде мұндағы гидротехникалық құрылымдардың пайдалы әрекет коэфиценті артып, суармалы жерлер вегетациялық кезеңде жеткілікті мөлшерде сумен қамтамасыз етіледі.
Естеріңізде болса, Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Жетісай және Мақтаарал өңірлерінің шаруаларымен кездесуінде Түркістан облысында Бәйдібек ата су қоймасының құрылысы басталатынын айтқан-ды.

Нұржан Нұржігітов Түркістан облысында «Бәйдібек ата» су қоймасы салынатынын айтты. Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылысты осы жылдың соңына дейін бастауға ниетті.

Сондай-ақ, облыста суарудың үнемді жүйелерін дайындаумен және орнатумен айналысатын өзбекстандық «OMAD Start» компаниясының зауытын салу жоспарланып отыр. Бұл туралы шаруалармен кездесуге қатысқан кәсіпорын басшысы Шахобиддин Каромов мәлімдеді.

Нұржан Нұржігітов «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнының жергілікті филиалының жұмысы туралы баяндаманы тыңдаған соң шаруалардың сұрақтарына жауап берді. Атап айтқанда, Шардара су қоймасынан «Достық» магистральдық каналына дейін су жіберетін машина каналын жөндеуге, өңірдің ирригациялық каналдарын реконструкциялауға, бетондауға және тазартуға, Арал теңізін қалпына келтіруге, ИДЖЖ-3 жобасына (ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру) қосымша объектілерді қосуға және жекелеген каналдар бойынша су бағасының айырмашылығы туралы сұрады.

Сондай-ақ, шаруалар «Қазсушар» мемлекеттік кәсіпорнын жетілдіру және стратегиялық маңызы бар нысандарды республикалық меншікке қайтару жөнінде ұсыныстар айтты.

«Мәселелердің негізгі бөлігі каналдар мен басқа да гидротехникалық құрылыстарды жөндеу мен реконструкцияға қатысты екенін түсініп отырмын. Біздің министрлік ұзақ жылдар бойы жинақталған күрделі мәселелерді кезең-кезеңімен шешуге ниетті. Халықты біздің жұмысымыз және бастамаларымыз туралы уақтылы хабардар ету үшін министрлік, «Қазсушар» және жергілікті атқарушы органдар арасында тығыз байланыс орнату өте маңызды. Осы кездесуге уақыт бөліп келгендеріңізге көп рахмет. Вегетация маусымы басталғаннан кейін суару жұмысының барысымен танысу үшін Түркістан облысына тағы келемін», – дейді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

 Сонымен қатар экологиялық акция шеңберінде аудандық орталық аурухананың қызметкерлері “Таза Қазақстан” республикалық акциясының аясында медициналық нысанның аумағында сенбілікке шығып, 100 түп қарағаш, 200 түп калифорниялық терек пен 40 түп шынар отырғызды. Одан бөлек бой алған ағаштардың түбін, аумақ қоршауларын сырлап, бояды.

Сонымен қатар 1000 дана гүл көшеті отырғызылып, санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.

Айта кету керек, аудан әкімі Азат Оралбаевтың тапсырмасымен ауданда арнайы аумақтар белгіленіп, оларға жауапты азаматтар бекітіліп, сенбілік жұмыстар тұрақты түрде өткізіліп жатыр.

Бұдан бөлек “Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында аудан жастары аға буынмен бірлесіп игі істі қолға алды. Олар орталық саябаққа 100-ден астам ағаш көшетін отырғызды.

Жастар шыбықтан тал өсіп шыққанша оларды күтіп, баптап, уақтылы суғарып отыратындықтарын айтып, үлкендердің ақ батасын алды.

Шараға арнайы қатысқан аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов акцияға белсенділік танытып қатысқан ардагерлер мен жастарға алғысын айтып, тұрғындарды ауданды көгалдандыру жұмыстарына белсене қатысуға шақырды.

— “Таза Қазақстан” акциясының мақсаты — экомәдениетті қалыптастыру, сауатты, салауатты ұрпақ тәрбиелеу. Ол үшін қазіргі жастарымыз қоршаған ортаны таза ұстап, табиғатқа жанашырлықпен қарауға тиіс. Бұл бастама жалғасын табады және аудан тұрғындары көгалдандыру жұмыстарын қолдайды деп сенемін, — дейді аудан әкімінің орынбасары.

Ауданда «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясындағы «Жасыл аймақ» апталығы шеңберінде аудан орталығы Темірлан ауылында 38 000 түп маусымдық гүл көшеті егілді. «Темірлан аббаттандыру» мекемесінің басшысы Салтанат Алибаеваның айтуынша, жалпы 94 мың дана гүл отырғызу жоспарланған. Оның 38 мың данасы сальвия, шафран, тагеци, ценарерия, катарантус түрлерінен гүл көшеттері.

Одан бөлек, аудан орталығында аулаларды абаттандыру, көшет отырғызу, көгалдандыру жұмыстары жүргізілуде.

Аса күтім талғамайтын және ұзақ жылдық гүлдер аудан орталығының сәнін кіргізуде. Сонымен қатар, апталық аясында саябақтың іші қалыпқа келтіріліп, тазалық жұмыстары жүргізілді.

Осы тұста атап өтерлігі, «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығында бірліктің бастауы болған қасиетті Ордабасы тауында сенбілік өтті. Шараға ауылдың қазыналы қариялары мен ақ жаулықты аналары ағаш көшеттерін отырғызып, киелі мекеннің тазалығына атсалысты.

Ордабасы тауының қойнауында 1726 жылы қазақтың үш жүзінің игі жақсыларының басы қосылып, жоңғар басқыншылығына қарсы күреске халықты жұмылдыру жайы талқыланған. Бұл жиын Қазақ елі тарихындағы аса ауыр сын кезінде халықтың рухын көтеріп, ұлттық намыстың отын жаққан, алдағы ұлы шайқастарға біртұтас ел болып аттанудың тағдырын шешкен аса маңызды оқиға. Осы кезден бастап Ордабасы тауы — киелі, әулиелі жер саналып келеді.

«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының «Киелі мекен» апталығы аясында Түркістан облысының «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы қызметкерлері де сенбілік ұйымдастырды. Акцияға облыс бойынша барлық аудан қызметкерлері жұмылдырылды. Олар мекемеге қарасты территорияларды тазалап көгалдандыру жұмыстарын жүргізді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтің бастамасымен елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Аталмыш науқан 5 аптаға созылды.

Акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, «Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс» тұжырымдамасы негізінде табиғатты аялауға және қоршаған ортаға жанашырлықты қалыптастыру. Сонымен қатар айналаны таза ұстау және экологиялық тазалықты сақтау арқылы туған жерге деген сүйіспеншілікті ояту, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Сондай-ақ аудан, қала көшелерін ретке келтіру арқылы экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелеріне қоғам назарын аудартуға бағытталған.

Түркістан облыстық «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы барша халықты экологиялық акцияны қолдауға шақырады.

Биыл аудан орталығы мен ауыл округтерді көгалданыру бойынша жоспар ауқымды. Абаттандырылатын аумақтар көбейіп, гүлзарлар алаңы да ұлғайтылған. Жалпы, сәуір, мамыр айларында ауданда 90 мыңнан астам гүл егу жоспарланған. Қазіргі таңда аудан орталығында маусымдық гүл егу жұмыстары басталды.

Сонымен қатар, “Таза Қазақстан” акциясы аясында аудан әкімінің тапсырмасымен әрбір ауылдық округте сенбіліктер тұрақты түрде өткізілуде. Ағаштар ақталып, қоршаулар боялып, жол бойындағы нысандардың қабырғалары сырлануда. Одан бөлек, арнайы аумақтар белгіленіп, ағаш көшеттері отырғызылуда. Сенбілік шараларына тұрғындар, белсенді азаматтар мен мекеме қызметкерлері қатысып, тазалық жұмыстарына өз үлестерін қосуда.

“Таза Қазақстан” акциясы аясындағы тазалық, абаттандыру жұмыстары ауданда жалғасын табуда. Шұбарсу, Бадам, Төрткүл елді мекендерінде жолдың бойларындағы ағаштар ақталып, ретсіз жатқан құрылыс материалдары алынуда. Сондай-ақ жабайы өскінділер шабылуда.

Еске салар жайт, 20-27 сәуір күндері «Таза Қазақстан» акциясына 255 мың адам қатысып, 100 мыңға жуық ағаш егілді. Бұл туралы ҚР ЭТРМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы Данияр Тұрғамбаев айтып берді.

«Президент бастамасымен жүзеге асқан „Таза Қазақстан“ акциясы аясында 20 сәуірде Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Жетісу, Абай облыстары мен Алматы, Шымкент қалаларында және 27 сәуірде барлық өңірде көшет егу күндері өтті. Акция кезінде сенбіліктер өткізіліп, ағаш отырғызылды. Шараға 255 мыңнан астам адам қатысқан. Акция қорытындысы бойынша республикамызда 100 мыңға жуық ағаш отырғызылды», — деді Д. Тұрғамбаев Орталық коммуникациялар қызметінде.

Ағаш егу акциялары биыл күзде де жалғасады.

«Жергілікті атқарушы органдар қалалар мен елді мекендер аумағында қолайлы орта құрудың маңыздылығын ескере отырып, Президент тапсырмасын орындау аясында елді мекендер аумағында 15 млн ағаш отырғызу жұмысын жүргізуде. Облыстардың және Астана, Алматы, Шымкент қалаларының елді мекендерін көгалдандыру мен жасыл аймақ құрудың өңірлік жоспары бекітілді», — дейді комитет төрағасы.

Еске сала кетсек, 2021-2025 жылдары жыл сайын 3 миллион ағаш отырғызу жоспарланған. Жалпы өткен үш жылда 10,3 миллион ағаш егілген.

Ал Түркістан облысында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында 6 сәуір мен 11 мамыр аралығында тазалық шаралары жүргізілді. «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарында 1 408 ауқымды іс-шара өтіп, оған жалпы 67 мыңнан астам адам қатысты. Бұл туралы брифингте Түркістан облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Жанәділ Айтбеков мәлімдеді.

«Таза Қазақстан» республикалық экоакциясының 5 апталығының қорытындысы бойынша облыс аумағында 150 мың түп ағаш отырғызылып, 175 мыңға жуық ағаш әктелді. Сондай-ақ, 40 024 шаршы метр аяқжолдар тазаланып, 346 саябақ және скверлер ретке келтірілді. Бұдан бөлек, 302 мыңнан астам жеке үйлердің және 1 767 әлеуметтік нысанның айналасы тазаланып, барлық аудан-қалалардағы су, өзен бойларында сенбіліктер өтті. Нәтижесінде 3 981 тонна қоқыс шығарылды. Айта кетерлігі, тазалық және абаттандыру жұмыстары жыл соңына дейін жалғасатын болады», — дейді Жанәділ Нұрғалиұлы.

Өз кезегінде Мемлекет басшысы: «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру – үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл – жалпыұлттық мәселе. Қазақстанымыз таза болуы қажет. Лас елге қонақ ретінде, инвестор ретінде ешкім келмейді. Бірақ, ең алдымен, Қазақстанның таза, көрікті болғаны біз үшін, яғни халық үшін керек. Бұл күнделікті өмір салтына айналуы қажет. Сондай-ақ бұл жұмыс елорда және ірі қалаларда ғана емес, шағын қалаларда, аудандар мен ауылдарда да ұдайы ұйымдастырылады. Бүкіл Қазақстанды таза ұстау өзімізге, жастарға байланысты. Мен жастарға сенемін. Сондықтан жастарға зор үмітпен қараймын. Біз өз елімізді мақтан тұтуға тиіспіз. Мейлі ол көше, аула немесе үйлердің кіреберісі болсын, бәріне ұқыпты қарауымыз қажет. Вандалдармен табанды түрде күресу керек. Сондай-ақ олардың заң жүзінде қатаң жазаланатынын айттым. Әр нәрсенің шегі бар. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп алып, кейіннен кешірім сұрайды. Елімізде тәртіп болуы керек. Заңды сақтау қажет, – деп атап өтті.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin