Түркістан облысы: Ордабасы ауданында республикалық акцияларға орай орталық саябақта ауқымды сенбілік өтті

1 мамыр – Қазақстан халықтарының бірлігі күні мерекесіне орай орталық саябақта «Таза Қазақстан» акциясы және «Береке — бірлікте» жалпы республикалық акциясы аясында сенбілік өтті.

Аталған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудан прокуроры Абзал Қыдырбай, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков пен аудан әкімінің орынбасары Мейрамбек Ақмұратов, аудандық полиция бөлімінің басшысы Ғалымжан Қуашбаев пен аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кәдиев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Бостандық Жәкей, ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілері, зиялы қауым өкілдері, аудан әкімі аппаратының, салалық бөлімдердің, мекемелердің қызметкерлері, жастар қатысты.

Елге ырыс пен берекені, тазалық пен тәртіпті насихаттайтын «Таза Қазақстан» акциясы аясында өткізіліп отырған сенбілікте аудан әкімі сөз сөйлеп, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтады. Сонымен қатар, аудан жұртшылығын Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған республикалық экологгиялық акцияға үлес қосуға шақырды.

Шара барысында саябақтағы арнайы бекітіліп берілген аумақтарға ағаш көшеттері егілді, гүлдер отырғызылды, шөптер орылды, санитарлық-тазалық жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ саябақтың алдынан үлкендердің батасымен су тасқынынан зардап шеккен өңірлерге құрылыс материалдарын, ауыл шаруашылық маңызы бар тауарлар мен көшеттерді, азық түлік және т.б қажетті тауарларды жеткізіп беретін “Қайырымдылық керуені” жолға шықты. Аталған акцияға ауданымызды көптеген азаматтары өз үлестерін қосқанын ерекше атап өткен жөн.

Сенбіліктен соң аудан әкімі сала мамандарымен шағын құрамда жиын өткізіп, абаттандыру, көгалдандыру, санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізу бойынша алдағы шаруаларлы талқылады.

Ал ауданның ерікті жастары “Өнегелі ұрпақ” апталығы аясында жалғызбасты қарттардың үйіне барып көмек беруде. Атап айтар болсақ, жастар жалғызілікті қарт ана Гүлзейнет Қыдырәліқызының үйіне арнайы барып, есік алдын шөптен тазартып, су келетін арығын толық тазалап берді. Одан бөлек жер аудару жұмыстарын да атқарды.

Өз кезегінде қария жастарға ризашылығын білдіріп, алғысын жеткізді.

Осындай игі шара аудандағы барлық елді мекенде жалғасын табады деп жоспарлануда.

Сонымен қатар “Таза Қазақстан” республикалық экологиялық акциясы аясында орталық саябақта ардагерлер мен жастардың қатысуымен де сенбілік өтті. Аталған шараға аудан әкімі Азат Оралбаев пен аудандық мәслихаттың төрағасы Бақдәулет Жұмабеков арнайы қатысып, аудан орталығының жасыл желекке айналуына үлестерін қосты.

Жастар саябақтағы Ардагерлер аллеясында тазалық жұмыстарын жүргізіп, “Даңқ мемориалының”, “Желтоқсаншылар” мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің айналасын ретке келтірді.

Өз кезегінде ардагерлер ағаштарды әктеп, жас көшеттердің түбін аударды.

Сенбілікке сондай-ақ мемлекеттік қызметкерлер де қатысып, саябақ ішіндегі каналдың айналасында санитарлық-тазалық жұмыстарын жүргізді.

Шара барысында аудан әкімі сөз алып, бұл бір күндік немесе бір айлық емес, жыл бойына жалғасатын тірлік екенін тілге тиек етті. Сондай-ақ аудан көлемінде жүргізіліп жатқан сенбіліктерге тұрғындарды да белсене қатысуға шақырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin