Түркістан облысы: Ордабасы ауданында ауыл шаруашылығына ден қойған жастарға кәсіп бастау үшін жан-жақты қолдау көрсетілетін болады

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық мәжілісте елді мекендерді газдандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар мен орын алған кемшіліктерді түзету, сондай-ақ жастарды жеңілдетілген несиелендіру мәселелері қаралды.

Бірінші мәселе бойынша баяндама жасаған аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы Ермұхаммед Құралбеков осы жылы 18 елді мекеннің табиғи газбен қамтылатындығын, одан бөлек 13 елді мекенге жобалық-сметалық құжат әзірленетіндігін жеткізді. Сондай-ақ, газ тарту жұмыстарында орын алған кемшіліктердің (траншеялардың, құбырлардың өлшемдері, бетондау жұмыстарының сапасыздығы және т.б.) мердігерлер тарапынан ретке келтіріліп жатқандығын тілге тиек етті.

Өз кезегінде аудан басшысы барлық кемшіліктерді мерзімінде аяқтап, тамыз айының соңына дейін дайын болған елді мекендерге газ беру керектігін, тұрғындармен келісімшартқа тұру жұмыстарына кірісуді тапсырды.

Екінші мәселе бойынша аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Қарлыға Абитаева баяндама жасап, жастарды шағын несиелеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Орталық жетекшісінің айтуынша, биыл 27 жасты несиелендіру жоспарланған (микрокредит мерзімі — 5 жыл, мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін мерзімі — 7 жыл, несие сомасы — 5 миллион теңге, пайызы — 2,5%, кепілмен). Алайда, әзірге 8 адамнан ғана өтініш келіп түскен екен.

Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жастар кәсіпкерлігін дамыту мақсатында жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тетігін іске қосуды тапсырған болатын. Бағдарлама өте қысқа мерзімде әзір болып, қабылданды. Биыл бұл бағдарлама аясында 5,8 мың жас 5 миллион теңге сомасында шағын несие ала алады. Сөйтіп наурыз айында жаңадан кәсіп бастағысы келетін немесе бар кәсібін кеңейтуге ниетті жастарға 2,5 пайызбен несие беріле бастады. Оның негізгі шарттары мынадай: шағын несие мерзімі – 5 жылға дейін (мал шаруашылығы саласындағы жобалар үшін – 7 жылға дейін). Ең жоғары сомасы – 5 миллион теңгеге дейін, ал сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайды. Жұмыссыз жүрген жастар үшін бұл — мемлекет тарапынан жасалатын үлкен қолдау. Қазір аймақтарда жастар осындай жеңілдетілген шағын несиеге қол жеткізу үшін өздерінің бизнес-идеясын ұсынуда. Мәселен, Түркістан облысында жаңа бизнес-идея ұсынған 1688 азаматқа грант беру жоспарланса, олардың ішінде 594 жасқа 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие беріледі. «Еңбек» бағыты бойынша жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін грант берудің бірінші легі 20 ақпан — 3 наурыз аралығында жүргізілген болатын. Үміткерлердің өтінімдері Business.enbek.kz кәсіпкерлік бастамаларды қолдаудың бірыңғай онлайн терезесі арқылы қабылданып келеді. Алғашқы ағымда 385 азаматқа грант қарастыру көзделіп, 5199 адам өз жобаларын аталған платформаға жолдаған. Соның нәтижесінде 381 қатысушыға грант беріліп, олар сол қолдаудың игілігін көріп жатыр. Мемлекеттік қолдауға қол жеткізгендердің қатарында атаулы әлеуметтік көмек алушылар, көпбалалы отбасы мүшелері, мүгедектігі бар азаматтар мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған тұлғалар, асыраушысынан айрылған жағдайда төленетін жәрдемақыларды алушы санаттарындағы азаматтар бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу үшін аудан, қалаларда грант беру жөніндегі комиссия отырыстарының барысы жергілікті Халықты жұмыспен қамту орталықтарының әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілімі жүргізілетінін байқап жүрміз. Грант берудің екінші легі 15 мамырда басталып, 26 мамырға дейін өтінімдер қабылданады деп күтіліп отыр. Жастарға арналған жеңілдетілген несие беру шараларын баяулатпай, сапалы әрі жедел орындау керектігі жергілікті биліктің ұдайы назарында тұрғанын да айта өтейік. Бұл жөнінде облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы: «Бұл мәселе — облыс басшысы Дархан Амангелдіұлының тікелей бақылауында. Халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бағдарламаларды жүргізуге селқос қарамай, басты назарда ұстаңыздар. Халық оның иигілігін көруі тиіс. Жастар арасында бағдарлама жөнінде толық ақпарат жетпейтіні байқалады. Өйткені басым бөлігі мал шаруашылығы бойынша жобаларын ұсынуда. Бізге басқа да кәсіп түрлерін өндіріп, қызмет көрсету саласын дамыту қажет. Жан-жақты ізденулері үшін жастарға бағыт-бағдар мен кеңес беріп көмектесіңіздер. Сенім білдірілген агент ретінде айқындалған «Аграрлық несие корпорациясы» өздеріне жүктелген міндетті дұрыс атқаруын жеке қадағалауыма аламын. Сондай-ақ грант алған азаматтар жобаларды мақсатына сай пайдалануына талдау жасау керек. Былтыр мұндай жағдайлар орын алып, тосқауыл қоя білдік. 2022 жылы кәсіпкер ретінде тіркелмеген 93 азаматтың қаржысы Заң аясында кері қайтарылды. Осы жұмыстар жалғасын табады» — деген болатын.

Биыл Түркістан облысының жастарына 2,5 пайыздық жеңілдетілген несие үлестіру үшін мемлекеттен 2,9 миллиард теңге бөлінген. Соңғы мәліметке сәйкес, бүгінге дейін 256 жас кеңес алуға келіп, оның 130-ы бизнес-жобасын ұсынған. Комиссия қарауына 105 жастың құжаты өткізіліп, 25-26 мамыр күндеріне жоспарланған комиссия отырысында олар өз жобаларын қорғайды.

Осы тұста ауыл жастарына арналған 2,5%-дық кредитті кімдер, қашан және қалай алатындығын тәптіштеп түсіндіре кетейік.

Бағдарлама 21-35 жас аралығындағы жастарға арналған.

№1. Микрокредит шарттары қандай? 

Несие бағдарламасына тіркелгеніне әлі 5 жыл толмаған жеке кәсібі бар, 35 жасқа толмаған жастар қатыса алады. Үміткердің жасы құжат тапсыру сәтінде ескеріледі.

Несиенің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге (кепіл қою міндетті).

Сыйақы мөлшерлемесі – жылдық 2,5%-дан аспайды.

Кредиттеу мерзімі мал шаруашылығына – 7 жыл, өзге кез келген мақсат үшін – 5 жыл.

№2. Өтінімдер қашан қабылданады? 

Құжаттарды 2023 жылғы наурыз айынан бастап қабылдау басталды. Микрокредитке құжаттарды тапсыру, оны қарастыру, комиссия қарауына шығару мерзімдері арнайы бұйрықпен реттелген.

№3. Кредитті қандай мақсатта алуға болады?

2,5%-дық микрокредит жастардың кәсіпкерлік бастамаларына жәрдемдесу мақсатында беріледі.

Сала бойынша шектеу қойылмаған, яғни басым бағыттар бекітілмеген.

Конкурстық комиссияның шешімімен үздік деп танылған жас кәсіпкерлердің бизнес-жобалары микрокредит ала алады.

№4. Кұжаттарды қайда өткізеді және ол қалай қаралады?

Микрокредит алуға ниетті адам құжат қабылдау науқаны басталған соң «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның жергілікті филиалдарының біріне жүгінуі керек. Үміткер оған қажет құжаттарды ұсынады.

Аграрлық несие корпорациясы құжаттарды өтініш тіркелген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде тексереді. Құжаттар мен ондағы мәліметтер микрокредиттеу шарттарына сай келмесе, себебін көрсете отырып құжаттарды иесіне қайтарады.

Өтініш тіркелген күннен бастап 15 жұмыс күні ішінде құжаттар мен бизнес жобаға бағалау жүргізіледі.

Бизнес жобаны бағалаудан кейін 3 жұмыс күні ішінде нәтижесін конкурс комиссиясына ұсыну үшін халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органға жібереді.

Бизнес жобаларды іріктеу жөніндегі конкурстық комиссияның отырысы айына ең кемі бір рет өткізіледі.

Үздік бизнес жоба иелері халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа және кепіл шартына қол қояды.

Кепіл шартын уәкілетті орган тіркегеннен кейін Аграрлық несие корпорациясы 5 жұмыс күні ішінде үміткердің шотына микрокредит сомасын аударады.

№5. Қандай құжаттар талап етіледі? 

Микрокредит алуға үміткер келесі құжаттарды Аграрлық несие корпорациясына ұсынады:

Микрокредит алуға сауалнама-өтініш;

Жеке басты куәландыратын құжат;

Кредиттік тарих субъектісінің ол туралы ақпаратты кредиттік бюроға беруге, сондай-ақ кредиттік есепті алушыға кредиттік есепті беруге келісімі;

Субъектінің мемлекеттік (оның ішінде құқық қорғау)/мемлекеттік емес органдарға, БАҚ-қа берілген микрокредит туралы ақпаратты, мәліметтерді және кредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалу-орындалмауы туралы барлық мәліметті беруге және алуға келісімі;

Бизнес-жоспар;

Қарыз алушының микрокредит алу, мүлікті кепілге беру жөніндегі мәмілені мақұлдау туралы шешімі;

Агенттің ішкі құжаттарына сәйкес ресімделген мүлікті кепілге беру жөніндегі кепіл берушілердің келісімі;

Қызмет көрсететін банктен шоттың бар екені туралы анықтама;

Несиелік берешектің, оның ішінде қаржы ұйымдарынан мерзімі өткен берешектің болуы туралы анықтама (кредиттер болса); 

Қарыз алушының жалақысын, өзге де кірістерін растайтын құжат (жинақтаушы зейнетақы қорының үзінді көшірмесі);

Бағалау туралы есеп;

Кепіл беруші және кепілмен қамтамасыз ету жөніндегі құжаттар.

1, 3 және 4-нөмірдегі құжаттар кредитордың қатысуымен толтырылады.

№6. Бизнес жобалар қалай бағаланады? 

Бизнес жобаларды іріктеу критерийлері:

өзектілік;

аргументтілік;

экономикалық негіздемелік;

қоғамдық маңыздылық;

бұрын атқарылған жұмыстардың, іс-қимыл жоспарының болуы;

бизнес-жобаның өміршеңдігі.

№7. Несиеге каникул беріле ме? 

Бекітілген қағидаларға сәйкес, негізгі борыш пен сыйақыны өтеу бойынша жеңілдікті кезең микрокредит беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайды. Кредит 5 жылға, яғни 60 айға берілсе, жеңілдікті кезең 20 айды құрайды.

Каникул алу үшін микрокредит алған адам агент атына өтініш жазуы керек. 2,5% мөлшерлеме жеңілдікті кезеңге есептеледі, бірақ оны өтеу мерзімі кейінге шегерілуі мүмкін.

№8. Кепілдік қою міндетті ме және оның сомасы қандай? 

Кепілдік қою – басты талаптардың бірі. Үміткерлерде кепіл болмаса, үшінші тарап кепілгер бола алады. Кепілге жылжымайтын мүліктен басқа меншіктегі жер немесе арнаулы техника қабылданады. 

Үміткер үйленген не тұрмыста болса, жұбайының нотариалды рұқсаты керек. 

Қамтамасыз ету нысанының өтімділік коэффициенттері тапсырма шартында бекітіледі. Мысалы, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда және тапсырма шартының №2 кестесінде көрсетілген елді мекендерде орналасқан жылжымайтын мүліктің бағалау сомасынан 80%-нан артық емес сомасы несиеге беріледі.

№9. Кредиттің қайда жұмсалғаны тексеріле ме? 

Микрокредит алушы халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органмен және Аграрлық несие корпорациясымен микрокредит беру туралы шартқа, кепіл шартына қол қояды. Бұл келісімшарттарда тараптардың жауапкершілігі, құқықтары мен міндеттері айқындалады.

Микрокредит беру шартында қарыз берушіге және Аграрлық несие корпорациясына кез-келген уақытта қарыздың мақсатты және уақытылы пайдаланылуын, кепіл мүлкіне тексеру жүргізуіне кедергі жасамауға, алынған қарызды, кепіл мүлкін пайдалануға қатысты барлық қажетті құжатты ұсынуға қатысты тармақ бар.

№10. Несиені қайтарылмаса не ақша мақсатсыз жұмсаса, қандай шара қолданылады?

Жасалған келісімшарттарға сәйкес, микрокредит алушы өзіне жүктелген міндеттерін орындамаса ҚР заңнамасына сәйкес жауапкершілікке тартылады, яғни кепілге қойылған мүлікпен жауап береді.

Жергілікті органдар мен «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ филиалдары 2023 жылғы ақпан айының соңына дейін микрокредиттер беру тәртібі, микрокредитті қамтамасыз етудің негізгі шарттары, тәсілдерін тапсырма шартында белгілейді.

Тапсырма шартының үлгісінде қарыз алушы қарызды өтеу бойынша міндеттемелерді орындамаған немесе тиісінше орындамаған жағдайда, агент ұсынған сенімхат негізінде сот тәртібімен қарыз алушыдан және/немесе кепілгерден берешекті өндіріп алуға агент міндеттенеді.

№11. Бюджеттен қанша қаржы бөлінеді және қанша адамға несие беріледі? 

2023-2025 жылдары 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың микрокредит беру жоспарланған. Оның ішінде:

2023 жылы – 28,9 миллиард теңге сомасына 5,8 мың микрокредит;

2024 жылы – 30,3 миллиард теңге сомасына 6,1 мың микрокредит;

2025 жылы – 31,3 миллиард теңге сомасына 6,3 мың микрокредит.

№12. Ауыл жастарына басымдық беріле ме? 

Жоқ. Бағдарламада ауыл жастарына басымдық беру көзделмеген. Микрокредит комиссия іріктеуінен өткен үздік бизнес жобаларға ғана беріледі.

Ауылды дамыту үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан берілетін басқа несие бағдарламалары да жұмыс жасайды.

№13. Бағдарлама қай уақытқа дейін жалғасады? 

Қазақстан президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарында 2029 жылға дейін жастарға микрокредит беріледі деп көрсетілген.

№14. Өтінім беруге арналған онлайн платформа әзірлене ме? 

Қазіргі уақытта онлайн өтінім қабылдайтын платформа жасау мәселесін «Аграрлық несиелік корпорация» АҚ мен Еңбек ресурстарын дамыту орталығының әзірлеушілері қарастырып жатыр.

Сөз соңына атап өтер жайт, аудан әкімі Нұрбек Бадырақов жастарға кәсіп бастау үшін жан-жақты қолдау көрсетілетіндігін айтып, кәсіпкерлік бөліміне, ауыл әкімдеріне, ішкі саясат бөлімі (Жастар орталығына) және жұмыспен қамту орталығына бірлесіп жұмысты жандандыруды, аталған басғдарламаға әр ауыл округтен кемінде 5 жастың қатысуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ комиссияның қорғауына баратын жобалардың сапалы болуын тапсырды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.