Түркістан облысы: Ордабасы ауданындағы әлеуметтік нысандардың құрылысы қадағалауда тұр

Түркістан өңірінде медицина және білім нысандарының құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Ол жұмыстар жіті қадағалауға алынған. Облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен барып, құрылысы жүріп жатқан әлеуметтік нысандарды аралады.

Атап айтар болсақ, Қарабастау, Бөген және Еңбекші елді мекендеріндегі фельдшерлік акушерлік пунктің құрылысын, сондай-ақ Көлтоған ауылындағы мектептің күрделі жөндеу жұмыстарын бақылап көрді.

«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жоба аясында Ордабасы ауданында 1 дәрігерлік амбулатория (Бөген ауылдық округі, Бөген ауылындағы дәрігерлік амбулатория құрылысы), 2 фельдшерлік-акушерлік пункт құрылысы (Бадам ауылдық округі, Қарабастау ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт, Төрткөл ауылдық округі, Еңбекші ауылындағы фельдшерлік-акушерлік пункт) жүруде. Бүгінгі таңда аталған 3 жоба бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсының нәтижесіне сәйкес жеңімпаз мекеме анықталып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын атқаруда.

Облыс әкімінің орынбасары мердігер мекемелерге ғимараттардың құрылысын сапалы жүргізу, жұмыс кестесіне сай аяқтау, жұмысқа жергілікті тұрғындарды тарту туралы тапсырмалар берді.

Айта кетейік, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында өңірде 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда, 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады деп көзделген.

2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 60 грант бөлініп, 40 үміткер өтінім білдірген. Қазіргі таңда 37 үміткер медицина саласы бойынша білімін жетілдіруде. Ал биылға жергілікті бюджет қаражаты есебінен резидентурада медициналық кадрларды даярлауға 139 грант бөлініп отыр. Осы қадам арқылы акушерлер, гинекологтар, аллергологтар, иммунологтар, анестезиологтар мен реаниматологтар, нейрохирургтар, балалар хирургтары, гастроэнтерологтар және өзге де мамандар даярланады.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin