Түркістан облысы: Ордабасы ауданында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы, жастарды жеңілдетілген несиелендірумен қамту мәселелері қаралды

Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақовтың төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Күн тәртібінде ауданда «Ауыл аманаты» пилоттық жобасының іске асырылуы, жастарды жеңілдетілген несиелендірумен қамту және сыртқы көрнекі ақпарат құралдарының жай-күйінің мәселелері қаралды.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыруға бағытталған “Ауыл аманаты” жобасына қатысуға Шұбар және Бадам ауылдық округтері бойынша тиісті қаржылық институтына (“Ырыс” МҚҰ) 70-тен астам құжат өткізілген. Оның 18-і мақұлданған. Аудан әкімі қатысушылардың аз екенін айтып, жауапты мамандарға, ауылдық округтердің әкімдеріне аталған жобаны кеңінен насихаттауды, ниет танытқандарға жан-жақты қолдау көрсетуді тапсырды. Сондай-ақ қосымша енгізілген Қараспан және Бөржар ауылдық округтерінде тиісті жұмыстарды жандандыруды міндеттеді.

Жастарды жеңілдетілген несиелеу (2,5%) бойынша 24 адамнан өтініш түскен болса, оның 8-і мақұлданған. Алайда, бұл бағыттағы жұмыстың тиісті деңгейде жүргізілмей жатқандығын сынға алған аудан басшысы ауыл округтердің, оның ішінде Бадам, Жеңіс, Бөген және Шұбар ауылдық округ әкімдеріне әр кемінде 10 жасты қатыстыруға бір апта мерзім беріп, нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ, ерекше жобалары бар жастарға көп көңіл бөлу керектігін айтты.

Атап өтерлігі, Президенттің жарлығымен елімізде «Ауыл аманаты» жобасы қабылданған болатын. Дәлірек айтсақ, «Ауыл аманаты» жобасы мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың өткен жылдың 26 қарашасында бекіткен №1 «ҚР ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлығы негізінде бастау алды. Биыл «Ауыл аманаты» жобасына 100 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ. Осы жобаны Үкімет мүшелері өңір әкімдерімен бірлесіп, оның мүмкіндіктері мен ережелерін халыққа жеткізіп жатыр. Ол 2,5 пайызбен беріліп жатыр. Нәтижесінде ауылдағы 18 мың тұрғын жұмыспен қамтылып қана қоймай, жеке кәсібін ашуға мүмкіндік алады. Бағдарлама аясында 320 мың адамды қамту көзделіп отыр.

Сала мамандарының пікіріне сүйенсек, бағдарламаны жүзеге асыруға биыл республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінген. Қосымша 14 миллиард теңге бөлу жөнінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтінім беріліпті. Түркістан облыссына бөлінген 11 миллиард теңге қаражатты орташа есеппен 4 миллион теңге деп есептегенде, несие алуға 2750 адамның мүмкіндігі бар екен. «Ауыл аманаты» жобасына оңтүстік өңірдегі 16 аудан мен оның ішінде 32 ауыл округінің тұрғындары қатыса алады.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатыр. Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамыз. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ.

Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

«Несие алушы ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады», — дейді Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасының жауаптылары.

Көршілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме? Бұл жоба AMANAT партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Ал несиенің шарттары мынадай:

Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %.

Мерзімі – 5-7 жыл.

Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге.

Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. «Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдалануы керек», — дейді сала мамандары.

Пилоттық жоба ретінде Жамбылда басталып, Ақтөбеде осы күзден бері жалғасып келе жатқан бұл жобаға әзірге ауыл халқы қатты қызығушылық таныта қоймапты. Өйткені ақпарат жетіспейді.

Мал өсірем деген шаруа үшін жақсы мүмкіндік. Десе де, ауыл тұрғындарының басты мәселесіне айналған жайылымдық жер тапшылығы қалай шешіледі? Малмен айналысу үшін ауыл тұрғынына мал жаятын жайылым, шөп шабатын шабындық керек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, 2022 жылы сәуірде «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» бекітілген еді. Ауыл тұрғындары жылдық 2,5% жеңілдікпен қарыз алу, кооператив құру және техниканы лизингке ресімдеу кезінде көмек ала алады.

Жалпы, алдағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл қадам ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. «Ауыл аманаты» жобасы ауылдың тұрақты экономикалық өсімін қамтамасыз ету және азаматтардың табысын арттыру мақсатында қолға алынды.

Микрокредиттерді жергілікті атқарушы органдар сенім білдірілген агент арқылы, яғни әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жылына 2,5%-дан аспайтын сыйақы мөлшерлемесімен 5 жылға дейінгі мерзімге (мал шаруашылығы саласында 7 жылға дейін) береді. Жеке қосалқы шаруашылықтар үшін – 2,5 мың АЕК немесе 8,6 миллион теңгеге, ал ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін – 8 мың АЕК немесе 27,6 миллион теңгеге дейін микрокредит ұсынылады. Бүгінде еліміз бойынша жалпы сомасы 49,97 миллиард теңгеге 8846 өтінім қабылданды. Оның ішінде 8,3 миллиард теңгеге 1679 өтінім мақұлданыпты.

Сарапшылар мал өсіретін шаруашылықтарға несие бермес бұрын төрт түліктің азығы мен жайылымның жеткілікті болуы мәселесін шешу қажет екенін айтады. Мәселен,  «Түркістан облысындағы Ленгер қаласында 2 мыңнан астам жеке кәсіпкер жұмыс істейді. Тұрғындар бал, сүт және ет өндіреді. Алайда лицензия мен өзге де құжаттардың болмауына байланысты олардың тауары дүкенге қабылданбайды. Амалы құрыған кәсіпкерлер өнімін  базарда саудалайды. Тұрғындар азық-түлік қана емес, сапасы жоғары тоқыма және т.б. тауар түрлерін өндіруді үйренді. Ауыл тұрғындарының өнімін сертификаттау жұмысын оңайландыру керек», – дейді жауаптылар.

Осы орайда Ордабасы ауданында грант алып, кәсіп ашқан азамат жайлы да айта өтсек. Ордабасы ауданы, Қажымұқан ауылдық округіне қарасты Ынталы ауылының тұрғыны Жібек Әмірбекова — бес баланың анасы. Ол биыл 400 АЕК құрайтын грантқа ие болып, наубайхананы іске қосқан.

Грант және өзінің қосымша қаражатына нан жабуға қажетті құрал-жабдықтарды сатып алған жас кәсіпкер қосымша үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ал, нанды дайындауға жергілікті ұн өндірушінің өнімін пайдаланады.

Ордабасы ауданында жаңа бизнес идеяларға арналған мемлекеттік грантқа 2022 жылы 183 азамат қол жеткізген. 2023 жылға 90 азаматқа грант үйлестіру жоспарланса, сәуір айында 19 азамат грант алған.

Жиында сөз болған тағы бір мәселе. Ауданда көрнекі ақпарат құралдарының біразы тозған. Бірқатары баннер ілінбей бос тұр. Аудан әкімі аталған мәселе бойынша ішкі саясат бөлімі, тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі мен ауыл әкімдеріне кемшіліктерді ретке келтіруді тапсырды.

Сонымен қатар бүгін тағы бір маңызды жиын – Ордабасы аудандық мәслихатының кезектен тыс ІІ сессиясы да өтті. Сессияға аудан әкімі Нұрбек Бадырақов, аудан әкімінің орынбасарлары мен бөлім басшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде:

— Ордабасы аудандық мәслихатының 2022 жылғы 23 желтоқсандағы N33/4 «2023-2025 жылдарға арналган аудандық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы;

— Ордабасы ауданының «Ауылдық елді мекендеріне жұмыс істеуге және тұруға келген денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне 2023 жылы» көтерме жәрдемақы және тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін бюджеттік кредит беру туралы;

— Ордабасы аудандық жер бөлу жөніндегі комиссиясының құрамын бекіту туралы;

— Мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер учаскесін немесе жер учаскесін жалдау құқығын сату және жалға беру жөніндегі сауда-саттық (конкурстарды) дайындау және өткізу мақсатында конкурстық комиссиясын құру туралы;

— Аудан әкімдігінің құрамын қайта бекіту туралы мәселелер толығымен талқыланды. Сондай-ақ депутаттар тарапынан сұрақтар қойылып, өзгерістер енгізілді және шешімдер қабылданды.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован.