
Бүгін Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов ауданның инвестициясы мен экономикасын ілгерілету бағытында, сондай-ақ мәселелерін тыңдау мақсатында бірнеше инвесторлармен кездесті. Олардың барлығы — отандық бизнес өкілдері.
Атап өтерлігі, аудан басшысының төрағалығымен өткен жиынға ағымдағы және 2024 жылы іске қосылатын “Fattah International company” ЖШС (стерильденіп оралып жеуге арналған дайын тағам), “ADS agro” ЖШС (ірі қара мал мен қой бордақылау алаңы), “Русагро” ӨК (қызанақ пастасын өндіру), “Arlan stroy” ЖШС (қыш зауыты), “Батсу Водоканал” ЖШС (қыш зауытын модернизациялау) басшылары және тағы басқа инвесторлар келді.
Мысалы, «RZN» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өз қаражаты есебінен Бадам ауылдық округінде автоклавты газ блоктарын шығаратын зауыт салып жатыр. Жобаның құны: 1,6 миллиард теңге. Аталған өндіріс орны ағымдағы жылдың қыркүйек айында іске қосылады деп жоспарланып отыр. Нәтижесінде жергілікті 50-ге жуық адам жұмыспен қамтылатын болады.
Сонымен қатар кездесуге «Gold Aluminium» ЖШС-ның өкілі де қатысып, алюминий бұйымдарын өндіретін зауыттың тамыз айында іске қосылатынын айтты. Бұл жобаның құны 3 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 100-ге тарта адам жұмыспен қамтылады.
Жалпы, өз кезегінде аудан әкімі өз қаражаттарына өндіріс орнын және басқа да ірі жобаларды ауданда жүзеге асыруға ниет білдірген инвесторларға жан-жақты қолдаулардың көрсетілетіндігін айтып, бірінші кезекте халықты жұмыспен қамтуды, ауданның салықтық түсімін көтеруге бет алған бизнес өкілдері тарапынан көтерілген мәселелерді заң аясында шешуге тапсырма берді.
Назар аударарлық жайт, Ордабасы ауданында биылғы алғашқы тоқсанда ауыл шаруашылығы саласында 7,7 млрд теңгенің көлемінде өнім өндірілді. Сондай-ақ, осы жылы 70,4 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланып, бүгінгі күнге жоспар 100 пайызға орындалды.
«Қазіргі таңда жерден мол әрі сапалы өнім алу үшін түрлі органикалық, минералды тыңайтқыштар қолданысқа енгізіліп жатыр. Уақытты, адами ресурстарды көп қажет етпейтін, жердің ылғалдылығын ұзақ сақтауға мүмкіндік беретін көптеген техникалар пайда болып жатыр. Өңіріміздегі бірқатар агроқұрылымдар аталған заманауи дүниелерді іс жүзінде пайдаланып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мысалы, көрмеде Еуропада шығарылған дән себетін аппаратты көрдік. Бір өзі бес түрлі қызметті атқарады. Бір күнде 50 гектар жерге дән себуге қауқарлы. Құрылғының бір бөлігі мемлекет тарапынан субсидияланады. Сонымен қатар, егістік алқапты дәрілейтін дрон 6-7 минутта 1 гектар алқапты дәрілеп үлгереді. Жалпы, осындай технологияларға бейімделу — бүгінгі күннің талабы. Одан бөлек, қазір әлем дайын тағамдарды тұтынуға көшіп жатыр. Бізде дайын тағам әзірлеуге қажетті өнімдерді дайындау үшін мүмкіндігіміз бар», — дейді аудан әкімі.
Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша жалпы ауыл шаруашылығы жерлері – 218 234 гектарды құрайды. Оның ішінде егістік жерлер – 87 348 гектар.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.