Расында да, Ордабасы ауданында қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып, экономикадағы өнеркәсіп саласын одан әрі дамытуға толық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, мұнай-химиялық кластерді дамыту, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінде, өңдеуді терең пайдалану, арнайы индустриальды аймақтарды ұлғайту, жаңа технологияларды ендіру және дамыту үшін өңдеуші өнеркәсіпке шетел компанияларын тартуға басымдық беріледі.
Аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауданның 2030 жылдарға дейінгі «Экономикалық өсуді қамтамасыз ету бойынша» стратегиялық бастамаларды жүзеге асыратын жол картасының негізгі бағыттары мен көрсеткіштері және резервтер туралы баяндамасына көз салсақ, ауданды дамыту үшін негізінен кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бағытында жұмыс атқарылмақ. Ол үшін инвестиция тарту, жаңа технологияларды ендіре отырып, өнімділікті арттыру, жұмыссыздық деңгейін төмендетуді басым бағыт ретінде таңдалып отыр. Даму жоспарында аймақтың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылым, ауыл шаруашылығы, туризм және кәсіпкерлік сынды салалар қамтылған. Стратегиялық құжат аясында барлық салаларды дамытуға бағытталған шаралар ұсынылған.
Облыс әкімі Дархан Сатыбалды жергілікті билік өкілдеріне: «Мемлекет басшысының алдымызға қойған міндеті – өмір сүру сапасын жақсарту. Әкімдердің жұмысы халықтың әл-ауқатына байланысты бағаланады. Осы бағытта жан-жақты мүмкіндіктерді пайдаланып, жұмысты жандандыру керек. Өндіріс орындарын көбейту үшін, қайта өңдеуді дамыту үшін. Ауданда жаңа зауыт, фабрикаларды көптеп ашып, тұралап қалған кәсіпорындарды қайта аяғынан тұрғызуға күш салу керек. Өнім көлемін арттырып, жергілікті өнімді экспортқа шығаруды жолға қою керек. Жылыжайлардың аумағын арттыру қажет. Сауықтыру туризмін дамыту маңызды. Әзірге жұмыс әлсіз. Бұл бағытта зерттеу жұмыстарын жүргізу қажет. Жүйелі жұмыс, бағыт керек. Іздену керек», – деп талап қойған. Соның нәтижесінде биылғы 7 айдың өзінде Ордабасы ауданының жалпы өнім көлемі 64,3 миллиард теңгені құрап, жыл қорытындысына орай 160,7 миллиард теңгеге орындалатын болды. Өңірлік өнімнің құрылымы ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, құрылыс салаларына тиесілі. Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы 2030 жылға 2 есеге арттыру жоспарлануда.
– 2024-2030 жылдары жалпы инвестициялық құны 214,6 миллиард теңгені құрайтын өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, туризм салалары бойынша 79 ірі жобаларды іске асыру жоспарланды, одан түсетін болжамды салық 5 миллиард 733 миллион теңгені құрайды. Нәтижесінде 4 226 жұмыс орны ашылады. Өнеркәсіп өнім көлемі биылғы 7 айдың қорытындысына сәйкес 8,2 пайызға артып, 21,4 миллиард теңгені құрады. Жыл қорытындысында 37,5 миллиард теңгеге жеткізіп, өсім 11,6% артады деп күтілуде. 2025 жылға 40,6 миллиард теңгеге, 2030 жылға 78,1 миллиард теңгеге жеткізу межеленді. 2024-2030 жылдар аралығында құны 168,8 миллиард теңгені құрайтын, 2 749 жұмыс орнымен қамтитын 24 жоба жүзеге асырылады,- дейді аудан әкімі.
Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 52 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған Бадам индустриялды аймағы құрылған. Аймақтың жалпы жер көлемі — 102,5 гектар. Индустриялды аймақта 15,9 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жоба іске асырылған. Гипсокартон бұйымдарын өндіру, арматура шығару, қорғасын өндіру, тоқыма фабрикасын құру секілді 6 жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Шұбар аумағынан 70 гектар өндірістік парк салу, Шұбарсу ауылынан жаңадан кіші қуатты жобаларды шоғырландыру бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы саласын өсімдік шаруашылығын дамыту, мал, құс, балық шаруашылығын дамыту бойынша 4 бағытта дамыту жоспарланған. 2024 жылдың 7 айында 23,6 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, жыл қорытындысымен 83,2 миллиард теңгенің өнімін өндіру жоспарланған. Келер жылға өнім көлемі 94,6 миллиард теңгеге жеткізу жоспарланды. Ауданда 71 мың 600 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылып, 413 мың тонна өнім жинау межеленген.
Жалпы, Түркістан облысында инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында жұмыстар жанданып келеді. Осы бағытта Ордабасы ауданы «Бадам» индустриалды аймағында жаңа инвестициялық жобалардың құрылысы басталған болатын. Таяуда Облыс әкімі Дархан Сатыбалды Ордабасы ауданына арнайы іссапармен барып, алюминий профиль бұйымдарын шығаратын ««Central Asia Aluminum Company» ЖШС-ін аралап, жұмыс барысын бақылады. Зауыттың құрылысымен танысқан өңір басшысы кәсіпкерлермен пікірлесті.
– Біздің өңірде жұмыс орындарын ашу маңызды. Сол себепті өңірде іске қосылған әрбір зауыт өңір экономикасының дамуына үлес қосады. Сондықтан инвестициялық жобаларға тұрақты қолдау көрсетіледі. Осы зауыттарда біздің тұрғындар жұмыс істейді, – деді Дархан Сатыбалды.
Бадам индустриялды аймағында «Сentral Аsia Аluminum company» компаниясының алюминий профиль бұйымдарын өндіру зауытының құрылысы жүргізілуде. Жобаның инвестициялық құны — 4 миллиард 400 миллион теңге. Жобаның бірінші кезеңі 2025 жылдың наурыз айында іске қосылып, 200 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтиды. Жылдық қуаттылығы – 10 мың тонна. Ал екінші кезеңі іске қосылғанда 150 жұмыс орны ашылмақ.
Іссапар аясында Бадам ауылындағы «RZN» ЖШС-нің автоклабталған газоблок шығаратын зауытының жұмысымен танысты. Жобаның инвестициялық құны 1 миллиард 500 миллион теңгені. құрайды, ал қуатылығы жылына 85 мың текше метр. Жоба толықтай іске асқан кезде 25 адам жұмыспен қамтылады. Жер аумағы – 3 гектар.
Өңір басшысына балалар ойын алаңшаларын шығаратын зауыт пен инновациялық темірбетон шығару зауытының, металл өнімдерін өндіру жобасының құрылыс барысы таныстырылды. Бұл кәсіпорындарда 100-ге жуық жұмыс орны құрылмақ.
Аудандағы зауыттарды аралап көрген облыс әкімі мемлекет тарапынан ұсынылған жер уақтылы игеріліп, кәсіпорындар өз мерзімінде ашылуы керек екенін жеткізді. Сонымен бірге индустриалды аймақты абаттандырып, көгектарлдандыру қажеттігін, жергілікті тұрғындарды үйретіп, жұмысқа тарту керектігін ескертті.
Облыс әкімдігінің қолдауымен аудан, қала әкімдері мен кәсіпкерлер көршілес елдердің кәсіпорындарын аралап, инвесторлармен келіссөздер жүргізіп, ол кездесулер жемісін беруде. Ордабасы ауданында бой көтеретін зауытта Қытай елінің тәжірибесі мен жоғары технологиясы қолданылады. Облыс әкімі жобаны уақтылы жүзеге асыру керектігін айтты.
– Шетелдің озық технологияларын меңгеріп, батыл шешімдер қабылдау керек. Бұл зауыттың жоспарланған мерзімде ашылуы қадағаланады. Жұмыс істеймін, халықты жұмыспен қамтимын дейтін инвесторлар мен кәсіпкерлерімізге қолдау көрсетіледі, – деген Дархан Сатыбалды жаңа зауыттың уақыт капсуласын салу рәсіміне қатысты.
«Altyn land» ЖШС-нің директоры Береке Дүйсебеков жобаға қолдау көрсеткен облыс, аудан басшылығына алғысын білдірді. Оның айтуынша, қыш зауытында заманауи технологиялр қолданылады. Жобаның жалпы құны – 5 миллиард теңге, кәсіпкердің жеке қаржысы және несие арқылы жүзеге асырылады. Аталған зауытта жылына 90 миллион дана кірпіш, күніне 250 мың дана кірпіш шығарылады деп жоспарланып отыр. Осы арқылы жергілікті нарықта импортты азайтып, отандық өнім көлемін арттыру көзделген. Қазақстанда теңдесі жоқ зауытта жергілікті 70 тұрғын жұмыспен қамтылады. Бүгінде жобаның ЖСҚ-сы әзірленуде, Қытай Халық Республикасынан құрал-жабдықты жеткізу туралы келісімшартқа қол қойылып, жер тегістеу, іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр.
Ордабасы ауданында инфрақұрылым мәселесі де өз шешімін тауып келеді. Мәселен, бүгін Бөген ауылдық округі Бөген ауылына табиғи газ берілді. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісіп, газ жүргізу жүйесінің іске қосылғандығымен құттықтады.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде ауыл, елді мекендерді газдандыру жұмыстары әліде жалғасын тауып, облысқа қарасты елді мекендер көгілдір отынның қызығын көретіндігін жеткізді.
Бөген ауылын табиғи газбен қамту құрылысына жауапты мердігер «Компания ГазСтрой» ЖШС 22,3 шақырымды құрайтын газ құбырының құрылысын биыл аяқтап пайдалануға берді.
Алдағы уақытта жеке тұрғын үй секторларына газ кіргізу жұмыстарының нәтижесінде Бөгендегі 712 абонент толықтай газға қосылмақ.
Бұдан бөлек бүгін Ордабасы ауданының Шұбар елді мекеніне де газ құбырын жүргізу құрылысы аяқталып, іске қосылды. Мердігер «Компания ГазСтрой» ЖШС мекемесі 2021 жылы бастаған жоба биыл желтоқсан айында аяқталып, жалпы ұзындығы 38,336 шақырымды құрайтын құбыр арқылы 621-ге жуық абонетке газ жеткізілді. Тұрғындардың қуанышын бөлісуге Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы келіп, шұбарлықтарды құттықтады.
– Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында ауылдарымызда да қаладағыдай жағдай жасалуда. Алда ауылдағы тұрғындар қатты отын тұтынудан арылып, таза, табиғи газ тұтынады. Осы орайда баршаңызды газ құрылысының іске қосылуымен құттықтаймын, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары өз сөзінде.
Салтанатты шарада облыс әкімінің бірінші орынбасары, аудан басшысы, ауыл ақсақалдары, халық қалаулылары көгілдір отынның алауын жағып ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісті.
Айта кетейік, аудан бойынша 57 елді мекеннің табиғи газбен қамту деңгейі 61,4 % табиғи газбен қамтылып отыр (жалпы 35 елді мекен қамтылды). Сонымен қатар, Шұбарсу елді мекенін табиғи газбен қамту құрылысы 4 кезеңмен іске асырылуда. 4-нысан 2025 жылы аяқталмақ.
Сонымен қатар бүгін Ордабасы ауданында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға арналып салынған жаңа баспаналардың құрылысы аяқталып, ел игілігіне пайдалануға тапсырылды. Бүгін ордабасылық 12 отбасы жаңа үйлердің кілттерін алды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышын бөлісті.
– Биыл облыс көлемінде әлеуметтік жағынан осал топтағы азаматтардың өмір сапасын жақсарту үшін бірқатар маңызды шаралар атқарылды. Жеке инвесторлармен бірлесіп, тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Осылайша, тұрғын үй кезегінде тұрған түрлі санаттағы азаматтар баспаналы болды, – деген облыс әкімінің бірінші орынбасары тұрғындардың сапалы әрі жайлы өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған жаңа баспаналар өңірдің әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғыртуға қосылған үлкен үлес екенін атап өтті.
Жаңа заманауи баспаналар хай-тек стильде салынған, аулалар темір қоршаумен қоршалған. Су және жылу жүйелері толық орнатылған. Тұрғын үйлерде тұрғындардың жайлы өмір сүруіне барлық жағдай жасалған. Әр пәтер 3 бөлмелі, жалпы алаңы 62,5 шаршы метрді құрайды.
Ордабасы ауданы, Темірлан ауылында заманауи спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Нысанның ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов, аудан әкімі Азат Оралбаев қатысып, тұрғындарды құттықтады.
– Өңірімізде ауылды елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары жүріп жатыр. Білім, медицина, спорт, мәдениет нысандары салынуда. Бүгін спорт кешенін ашқалы тұрмыз. Бұның бәрі сіздер үшін, жастар үшін үлкен қолдау деп ойлаймын. Осында жаттыққан спортшы жастарымыз әлемдік деңгейде Қазақстанның атын таныта берсін! – деген Зұлпыхар Жолдасов спорт кешенін аралап көріп, спортшылармен, жаттықтырушылармен жүздесті.
Жобаның құны – 1 078 000 мың теңге. Жер телімінің ауданы – 1,5 гектар болса, құрылыстың ауданы – 4 216,95 шаршы метр. Нысанның құрылысын «ST Service KZ» ЖШС жүргізген.
Заманауи спорттық-сауықтыру кешенінде қазақ күресі, грек-рим күресі, самбо, дзюдо және бокспен шұғылдануға жағдай жасалған. Сонымен қатар футбол, баскетбол, волейбол, гандбол секілді командалық спорт түрлерімен де айналысуға болады. Залға 250 көрермен сияды.
Ауыл ақсақалдары мен тұрғындары спорт кешенінің салынғанына ризашылықтарын білдіріп, өңір облыс әкімінің орынбасарымен пікір алмасты. Аталған спорт кешенінде «Темірлан» спорт клубы мекемесі орналасады. Бұл спорт мектебінде 1000-ға жуық бала жаттығып жүр.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.