
Елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кең көлемде аталып өтіп жатыр. Осы орайда, Ордабасы ауданында да әкімдік тарапынан мерекелік шараларға арнайы бағдарлама бекітіліп, оған аудандағы барлық сала өкілдері мен барша аудан жұрты атсалысып, елдік пен батырлықтың мейрамы кеңінен мерекеленуде.
Осы ретте, бүгін ауданның Бадам ауыл округіне қарасты Дербес ауылындағы “Сәбит Мұқанов” атындағы жалпы білім беретін мектепте «Ер есімі — ел есінде» атты салтанатты іс-шара өтті. Аталған шараға аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, ауыл ардагерлері, ұстаздар, оқушылар және тұрғындар қатысты. Шара аясында Ұлы Отан соғысына қатысқан жерлестердің құрметіне орнатылған ескерткіштің ашылу рәсімі ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынның ашылуында аудан әкімі Азат Оралбаев сөз сөйлеп, «Бұл күн — жерлес майдангерлеріміздің жауынгерлік рухын дәріптейтін, майданда Отан үшін от кешкен ерлерімізге тағзым ететін ерекше күн, бұл ескерткіш — тек тасқа қашалған есімдер емес, болашақ ұрпаққа қалдыратын аманат, жүрегімізде сақталатын тарихи мұра», — деп ескерткіштің маңыздылығына тоқталып, жиылған жұртты мерейлі мерекемен құттықтап, ескерткіштің салтанатты түрде ашылуы рәсімін жасады.
Мерекелік жиынның патриоттық рухы мектеп мұғалімдерінен құралған хордың әсерлі әндерімен, Жеңіс тақырыбындағы театрландырылған көріністермен арта түсті. Бүгінгі мерекелік шара ел үшін жанын пида еткен батырларға деген шынайы тағзымның, ұрпақтар сабақтастығының, елдік пен бірліктің, тарихи тағылымның рухани көрінісі болды.
Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің, ел тарихына деген құрметтің үлгісі іспетті бұл ескерткіш Дербес ауылынан майданға аттанып, елге аман оралмаған 29 жауынгердің, сондай-ақ соғыстан оралып, ел игілігі үшін еңбек еткен 42 ардагердің есімін мәңгі есте сақтау мақсатында орнатылды.
«ANYQ.KZ»-ақпарат.