Түркістан облысы: Ордабасы ауданында аппарат жиынында маңызды мәселелер талқыланды

Бүгін аудан әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Кезекті мәжіліске аудан әкімінің орынбасарлары мен аудан әкімі аппаратының қызметкерлері, дербес бөлім басшылары, ауыл округтерінің әкімдері және тиісті сала басшылары қатысты.

Күн тәртібіндегі мәселелер бойынша алғашқы сөз кезегінде аудан әкімі аппаратының басшысы Жұманәлі Кадиев аудан басшысының хаттамалық тапсырмаларының орындалу жағдайын баяндады. Аппарат басшысы түзілген, орындалған және орындалу сатысындағы хаттамалардың нақты есебін көрсетіп, тапсырмалардың орындалу барысында бірқатар кемшіліктер бар екенін атап өтті.

Аудан әкімі жауапты басшыларға берілген тапсырмалардың орындалуын сапалы әрі нақты атқаруға тапсырма жүктеді.

«Берілген тапсырмаларды созбалаңға салмай, дер кезінде орындау керек. Біздің әрбір ісіміз барлық салаларға әсер ететінін ұмытпаңыздар. Мәселені жан-жақты ойластырып, әрі үйлестіріп отыруға міндеттіміз» — деді аудан басшысы.

Келесі кезекте тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Арман Искаков аудан көлеміндегі электр жүйесімен қамту мәселелері жөнінде мәлімдеді. Аудандағы әрбір ауыл округтеріндегі электр желілерінің ауыстырылуы қажет бөлігінің нақты көлемін көрсетіп, тиісті мердігер «Оңтүстік Жарық» ЖШС тарапынан жүргізіліп жатқан жұмыс жоспарының жағдайын баяндады.

Өз кезегінде Ішкі саясат бөлімінің басшысы Әділ Ысқақ алдағы Жеңістің 80 жылдық мерекесінде өткізілетін іс-шаралардың бекітілген жоспарлары мен ұйымдастырылу деңгейін айтып өтіп, әріптестеріне «сұрапыл соғыста аянбай шайқасқан майдангерлер ерлігін дәріптеу мақсатындағы мерейлі мереке шараларының жоғары деңгейде өтуіне атсалысайық» деген ұсынысын жеткізді.

Ал көктемгі дала жұмыстары мен ауыл шаруашылығы саласындағы инвестиция, зиянкес шегірткеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары туралы жауапты бөлім қызметкері мен ауыл округтерінің әкімдері хабарлады.

Мәжілісте сонымен қатар, аудан көлеміндегі көше аншлагтарының жай-күйі талданып, барлық ауыл округтерінің әкімдеріне белгілі уақыт аясында өз аумақтарындағы аншлаг мәселесінің шешімін табу міндеті тапсырылды.

Күн тәртібінен түспейтін қоғамдық-саяси ахуал, «Таза Қазақстан» акциясы, абоненттерді табиғи газ бен ауыз су жүйесіне қосу, азаматтарды әскеге шақыру жөнінде кеңінінен талқыланып тиісті сала басшыларына тапсырмалар берілді.

Жиын соңында аудан әкімі қаралған мәселелер жөнінде аппарат қызметкерлері мен ауыл округінің әкімдері және тиісті бөлім басшыларының жұмыстарына біршама ескерту жасап, алдағы жұмыс жоспарына бірқатар міндеттер жүктеп, орындалу барысын жіті бақылауда ұстайтындығын айтты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin