Түркістан облысы: Ордабасы ауданының әкімі халықты өз бизнесін дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасына белсене қатысуға шақырды

Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы негізінде әкімдердің халықпен есепті кездесу кестесіне сәйкес аудан әкімі Азат Оралбаев Шұбар ауыл округі тұрғындарымен кездесіп, есеп берді.

«Биыл жаз айында өздеріңізбен кездесуде көтерілген ұсыныстар мен өзекті мәселелерді саралап, іске асыру бағытында іс-шара жоспарын жасадық. Жалпы, осы есепті жиындардан көше жарықтандыруы, электр жүйесі, жер, интернет, мәдениет, ауыз су саласын қамтыған 16 ұсыныс-пікір түскен болатын. Қазіргі таңда аталған мәселелердың орындалуы бақылауға алынып, оңды шешімін табуда», — деді аудан әкімі халықпен кездесуде.

Сондай-ақ, аудан басшысы шұбарлықтармен кездесуде шаруаларды 2,5 пайыздық несие алып, өз бизнесін дамытуға арналған «Ауыл аманаты» жобасына белсене қатысуға шақырды.

«Бүгінгі таңда ауданымыздың Шұбар ауылы осы жобаға еніп отыр. Мемлекеттен берілетін жеңілдетілген несие арқылы шаруаларымыз кәсібін дамытуға, кооператив құрамында жеңілдетілген несие ала алуға, сондай-ақ техниканы лизингке рәсімдеуге болады. Сондықтан бүгінгі кездесуді пайдаланып, ауылдастарды аталған бағдарламаға қатысуға үгіттер едім», — деді аудан басшысы өз сөзінде.

Халықпен кездесуде аудан әкімі тұрғындар көтерген мәселе негізінде Шұбар елдімекеніндегі О.Жандосов, Қазақстан көшелеріндегі олқылықтар орнына келгендігін, инфрақұрылым, ортақ жайылым, ойын алаңшаларын салу секілді бірқатар мәселелерді шешу үшін бюджеттен қаржы қарастыру кезінде қосымша уақыт талап ететіндігін жеткізіп, халық талап еткен мәселелер кезең-кезеңімен жүзеге асатындығын жеткізді.

Есепті кездесуден соң Азат әбдіғалиұлы ауылдағы ескірген электр желілері, апатты жағдайдағы көпір, жөндеуді талап ететін көше жолдары, аяқжолдарды аралап, аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі басшысы мен ауыл әкіміне бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Әрі округ әкіміне Құрманғазы Сағырбайұлы, Жандосов көшелерінің бойын ретке келтіріп, жасылдандыруды тапсырды.

Мұнан соң аудан әкімі Азат Оралбаевтың ауылдық округтердегі халықпен есепті кездесуі Шұбарсуда жалғасын тапты.

Шұбарсу ауылдық Мәдениет үйінде өткен кездесуге аудан әкімдігінің құрылымдық бөлімдері, сала жауаптылары және ауыл тұрғындары қатысты. Кездесуде аудан басшысы осыдан бұрынғы кездесулерде көтерілген мәселелерге тоқталып, ішкі орамдық көшелер, жер, қоғамдық көлік бойынша айтылған 8 сын-ескертпенің орындалу барысын баяндап өтті.

Тарқатып айтар болсақ, ауыл тұрғындарының талабы бойынша Ә.Омаров көшесі мен Сұлтан Бейбарыс көшелері аралығын қосатын Парасат көшесінің қиылысына қазан айында тас төселіп, кеңейтілсе, «Шымкент-Шұбарсу-Шымкент» аралығындағы қоғамдық көліктің бағыты 42-ші қиылыстан 50-ші қиылысқа дейін ұзартылған. Д.Қонаев көшесінің бойындағы М.Исламқұлов мектебінің алдындағы жаяу жүргіншілер өткеліне учаскелік полиция инспекторлары тарапынан тұрақты кезекшілік ұйымдастырылған.

Өздеріңізге мәлім, соңғы жылдары ауылдың инженерлік-инфрақұрылым жүйелерін жаңарту бойынша қарқынды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Ауылдық округ аумағының кеңеюіне байланысты құрылыс жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.

Аудан әкімдігі тарапынан шұбарсулықтарды толғандырған өзекті мәселелер бойынша бірқатар жұмыстар қолға алынды. Мәселен, ауылдың ішкі көшелеріне тас төсеу бағытында биыл ауыл округі бюджетінен 15 шақырымға әлеуметтік маңыздылығы бар көшелерге тас төселді. Асфальт жабындысы төселген Қ.Қалметов көшесінің енін кеңейту бойынша сметалық құжаттама әзірленіп, құрылыс жұмыстары келесі жылы аяқталмақ.

Бірнеше жылдан бері ауыл тұрғындары Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу туралы айтып келген. Қазіргі таңда Мәдениет үйі ғимаратының 1-ші қабатындағы 130 ш.м. орын бекітілген. Алда облыстық халыққа қызмет көрсету орталығынан штат мәселесін шешу бойынша оңды шешім келсе ХҚКО іске қосылмақ.

М.Исламкулов ЖОМ-нің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізу, «Атамекен» алабы мен «Медикал Центр» медициналық орталығын жалғайтын Қызылжар көшесінен қоғамдық көлікті жүргізу бойынша жұмыстар келесі жылға өтпелі.

Айта кетерлігі, округ аумағын сапалы электр энергиясымен қамтамасыз ету, автомобиль жолдарын салу, таза ауыз сумен қамтужұмыстары 5 кезең бойынша жүзеге асырылса, табиғи газбен қамтуды 4 кезеңмен іске асыру жоспарланған.

Сонымен қатар аудан басшысы округтегі «Ауыл аманаты» бағдарламасының орындалу барысына тоқталып, 21-35 жас аралығындағы жастарды несиелендіру бағыты аясында бүгінгі күнге дейін 11 адам өтінім бергенін тілге тиек етіп, ауыл әкіміне осы бағыттағы жұмыстарды жандандыруды жүктеді.

Есепті кездесуден соң Азат Әбдіғалиұлы аулдық округ аумағын аралап, қордаланған мәселелерді тұрғындармен кеңесіп, шешу жолдарын талқылады. Әрі ауылда инженерлік-инфрақұрылым жүргізу бойынша құрылыс алаңдарын аралап, жұмыс барысын тексеріп шықты.

«ANYQ.KZ»-ақпарат.

Ad Widget

Recommended For You

About the Author: admin